Абайды мүсіркеу – АДАСҚАНДЫҚ!

(Соңы. Басы газеттің өткен санында)

Абай 1897–1898 жылдың қысқы айларын әдеттегідей кітап оқумен, таусыла ізденумен өткізді. «Сократ хакімнің сөзі» деген пәлсапалық еңбегі (қазіргіше 27-сөз) және Лермонтовтан аударған жеті өлеңі осының дәлелі. Осылайша сәтті басталған жылдың орта тұсында алдан оқыс оқиға күткенін кім білген? Көршілес Мұқыр еліндегі сайлауға барған Абайды содырлар соққыға жықты. Сорақы оқиға мәнісін Тұрағұл былай деп жеткізеді: «Ақылы көзінде, елдігі де, жаулығы да қас пен көздің арасында тұратұғын сорлы қазақ менің әкемді көрген соң, әкемнің досы жаққа қарай ауыса бастаса керек. Бастығы Оразбай, жолдастарымен осының өзіне қол тигізіп, бір таңба салмасақ, ел ескі әдетімен ауа береді десіп, уезнойдың қасында әңгімелесіп отырған Абайға қолдарыңды тигізіп жанжал шығарыңдар деп жіберген. …Таяқ тиді не, тимеді не, әйтеуір «Абайды ұрдық!» деген атын көтеріп, мұратына жетті».

Абайдың кемеліне келіп, даңқы асқан, исі қазаққа мәшһүр болған шағында «сабалды» деген құлаққа түрпідей тиетін дақпырт сайын даланы шарлап кете барады. Бақсақ, Абайда жүрек дерті осы айтылған Көшбике жайлауындағы оқиғадан пайда болған. Бұлай топшылауға осы жылдың күзінде жазылған өлеңі айқын дәлел. Оны ақын:

Ауру жүрек ақырын соғады жай,

Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.

Кейде ыстық қан басып кетеді оны,

Дөңбекшіген түндерде тынши алмай, деп бастаған. Шумақтың архив құжатынан еш кемдігі жоқ. Неге десеңіз, ақын өзінің жүрек дертіне дәл диагноз қойған. Медицина тілінде оны «жоғары қан қысымы» (гипертония) дейді. Өлеңдерінде Мұқыр оқиғасына дейін «ауру жүрек» тіркесі кездеспейді. Демек, 1898 жылдың соңында ұлы жүректің алғаш сыр бергенін аңғаруға болады.

Аталмыш дерттің төркіні қайдан? Ақын екінші шумақта: «Қараңғы, саңырау қайғы ойды жеңген» деп бастап, әрі қарай: «Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп… Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп», «Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын… Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап» деп сыр ашады.

Сөйтіп, қайран жүрек дертті. Бірақ Абай оны жасырған, ешбір жанға сездірмеген. Өзгелер тұрмақ, балалары да, тіпті қолындағы келіні Кәмәлия (немересі Әубәкірдің әйелі) да бейхабар болған.

Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады» (Абай Құнанбайұлы. Алматы, 1995. – 85-бет).

Көрдіңіз бе, Абай: «Мен биыл өледі екем» деп сыр ашқан. Мағаш қазасынан бұрын айтқан сыр бұл. Демек, ойшыл жүрегі дерттілігін бақылап, күтінумен жүрген (соңғы екі жылда қолға қалам алмағаны осының жанама дәлелі). Кәмештің «ауырмай тұрып» дегенінен – Абай сырқатын іште тығып ұстағанын білдік. Инсульт алған сияқты. Неге? Мұны ақынның өзі: «Кейде онысын (дертін) жасырар жұрттан ұрлап, Кетірер деп мазақтап беттің арын» деп түсіндіреді («Ауру жүрек ақырын соғады жай» өлеңі).

Сонымен, қиқар дертпен Абай алты жыл алысқан. Сақтанып-ақ баққан. Бірақ баласы Мағауияның өлімі кезінде бақылау мүмкіндігі болмаған. Үш-төрт күн ұдайы «ой, бауырымдап» ағылған жүздеген адамды қабылдап, көрісуден қан қысымы қатты көтерілгені сөзсіз. Соның нәтижесінде мидағы тамырдың бірі зақымданған (мидағы қан айналымы бұзылуын медицинада «инсульт» дейді). Кенеттен инсульт алғанда, адамның есі кіресілі-шығасылы болмақ. Мағаш мәйіті салынған арбаның алдына түсіп, жолды тастан тазартыпты-мыс деген әңгіменің төркіні, жиылған ел-жұрттың: «Абай да ет пен сүйектен жаралған, бала адамның бауыр еті, қайтсін енді» десіп мүсіркегені сол.

Сөйтіп, Абай бір түрлі түсініксіз күйге тап болғаны – Мағашты жерлеген күндері. Өстіп, «Абай науқас» деген сыбыр алғаш рет шықты. Тұрағұл өзінің естелігінде: «Әкемнің өлеріндегі науқасы басталды» дейді (шешесі Әйгерім мен бір жасар ұлы Жебешті ертіп, Аралтөбеден Жидебайға келгенде айтқаны). Абай, әрине, тек тыныштықты қалаған. Кәкітай былай деп жазады: «Өзі бір түрлі, сынып, жүдеп, елдің әне-міне деп уатамын деген сөзінен де аулақ жерде отырғысы келіп, ешнәрсеге араласпады».

Көріп отырсыздар, қалың бұқара тұрмақ, туысы да Абай алты жыл қан қысымы дертімен (гипертония) алысқанынан хабарсыз болған. Сол сияқты енді ми инфаркті – инсультке шалдыққаны да бүркеулі қалған. Инсульт симптомдары: әлсіздіктің пайда болуы, қол-аяқтың ұюы, сөйлеудің бұзылуы мен тәбетсіздік десек, көзі көргендер осының бәрі Абайдың басында болғанын жыр ғып жеткізеді. Бірақ дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету ешкімнің ойына да келмеген. «Сырты дүрдей» Абайды айналасы науқас деуге қия алмаған сыңайлы.

Тән саулығы сыр бергенінің жанама дәлелі – 1898 жылдың соңынан Абайда жүріс-тұрыс, жалпы қозғалыс азайған (денесі тез тола бастағаны сол). Абайдың денесі ауырлағанын Шәугімбай, Өмірбек, Қатпа, Жарқынбай, Қорамжан сынды жалшы-малшы, көрші-қолаң «еріншектік иектеді», «семіздік басты» деп ұғады. Тұраштың өзі де: «Көбінесе үйде отырғандықтан ба, …еріншектік ертерек иектеп, көп атқа мінуді азайтып, шау тартты» дейді.

Жүрек соғуы әлсірегендігі мен қан қысымы тұрақсыздығы мазалап жүргенін ел қайдан білсін? Ауруы асқынбауына қарсы қолданған Абайдың екі айласы: бірі – әкесі Құнанбай құсап, ел жұмысынан іргесін аулақ салу, екіншісі – бар күшін шығармашылыққа сарп ету. Әсіресе соңғы еңбегі – «Тасдиқты» жазу жанына рахат беріп, зор ләззат сыйлаған.

Тоғыз жыл бұрын Әбіші қайтқанда, ақын «Шыдам бер, сабыр қылайын» деп өзін-өзі тоқтатқан, жұбатқан-дүр. Мағауия қазасы онан ауырлау тиді ме? Бұлай деуге негіз жоқ. Өйткені Мағаш – елге танылып үлгерген, балалы-шағалы, екі әйелін екі ауыл қылып қондырған азамат. Көп жылғы ауруы жеңіп, төсекке таңылғанда, қасында Абай айлап отырған. Халқымыз: «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дейді. Қайғы келсе, қарсы тұру, өлім-жітімді Алла бұйрығы деп қабылдау – мұсылмандық шарты екені де аян. Сондықтан Абай өліміне тікелей себепкер – тек қана ми тамырының бұзылуы, яғни инсульт деп қабылдау көкейге қонымды қисын.

Сөйтіп, тексеріс нәтижесінде Абай қазасына нақты себепкер дерт екеу екендігі анықталып отыр: біріншісі – гипертония (1898 жылдан), екіншісі – инсульт (соңғы қырық күн мазалаған).

Неліктен Абай бейнесі жаңаша сомдалуы керек? Осы мәселеге тағы бір оралайық. Ұлы ақын өлерінде айтқан алты жол өлең бар:

Күнәйім көп Иллаһи,

Кешіре гөр мұнымды.

Барар басқа жерім жоқ,

Ұсындым Хаққа мойнымды.

Ата-анам едің қара жер,

Аша гөр енді қойныңды.

Өмір соңында тәубеге келу – жүрек тазалығы. Бір Алла алдында өзін күнәлі санап, махаббат қыла алмадым деп өкіну, сол үшін Хақтан кешірім сұрау – бұлжымас сопылық қағида. Абайдың оны ұстануы заңдылық.

Қысқасы, ұлы Абай кемелдігін саты-сатылап анықтау – өмірі мен шығармашылығын дұрыс танып-білудің шарты. Иә, Абай жалғызсырап қайғырды, түңілді, қажыды. Бұл – әуелгі басқыштар. Бірақ кейінгі хакімдік деңгейдегі Абай Аллаға жақындап, өзін бақытты сезінген жан болғаны хақ.

Қорыта айтқанда, кешегі кеңестік цензура, идеология мен солақай саясат жағдайында қалыптасқан Абай бейнесі жаңғырғаны жөн. Енді ойшылдың кемелдік сатыларын ескеру, оның әр сатысында жаңаша көзқарасты ұстану маңызды. Хакім Абай – әлемдік ақыл-ойдың алыбы. Тек қазақтың ғана ұстазы емес. Таңғажайып тұлғамыз кім болғанын танып-біле алмай жүрген өзімізді мүсіркейік, ағайын.

Асан ОМАРОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн