АҒӘДІЛДІҢ АЖАЛЫ… Назарбаевтан болды!

Бұрындары Дулатты жақсы білмеген екенмін. Ағәділдің абақтыдан қашып шыққан «жұмбақ жағдайы» турасында газетке жазғанымыз бар. Одан соң одан көз жазып қалдық. Бірақ ол ел ішінде буырқанған оқиғалардың ортасында жүріпті: үш айда жеті рет қамауға алынған екен! Яғни, әділетке араша түсіп, қиянатқа қарсы отқа түсуден тайынбайтын қайсар жігіт болғаны. Қытайдан жансауғалаған «қос қашқын» – Қастер мен Мұрагердің Зайсандағы сотына дейін барыпты.

Қайсарлығы мен қайтпастығы сол – «жемқор жүйеге қызмет еткенше, екі сиыр сатып алып, сауыншы бол» деп, соттың бір судьясына өңменінен өтер сөз айтыпты. Бірақ еті өлген өгіздіктің өңменінен қайдан өтсін: ол судья «құрмет көрсетпеді, сотты қорлады» деп, Ағәділді айыптаған қылмыстық іске түрткі болыпты. Бүгінгі соттың – сот емес, мот екенін (сот-мот) қарыны тоқ, көйлегі көк ол саяси сорлы қайдан білсін?!

Енді, міне, қазақ қайсар жігітінен айырылды. Абақтыда өлді… Бәлкім, өлтірді… Үйінде емес, көшеде емес, абақтыда! Қалай болғанда да, Дулаттың қазасына назарбаевтық жүйе жазықты. Ағәділ абақтыға өлейін деп өз аяғымен барған жоқ, назарбаевтық авторитаризмнің «абыройын» қорғаған парықсыз полицайлар алып барды. Бұдан соң, көпе-көрнеу өлімнің өңін айналдыратын өзге уәж жоқ.

Айтпақшы, Ажал айтады екен: «Алып кетем – жаламды біреуге жауып кетем!» деп. Міне сол тәмсілдің кебі – Ағәділдің ажалы Назарбаевтан болды. Оның отыз жылдық озбыр жүйесі екі аяқты адамға емес, «төрт аяқты» жандайшаптар жанұшыра қорғаған Назарбаевтың нақ өзіне қызмет қылды. Елдегі екінің бірі білетін бұл жалмауыз жағдайды тәптіштеп айтудың өзі артық: аңыраған ауылға бар, қаңырап қалған қырға бар, қала-далада өріп жүрген жұмыссыз жанкештіні көр, күнкөрістен кісі өлтіру… тонау… ұрлық… зорлық… имансыздық… тозу… тоқырау… не қалды… – барлығына жөліктік жүйе жауапты!

Осыдан кейін кімді кінәлі қыламыз? Патшасының пайдасына қызмет қылып, пұшайман болған полицай пақырды ма? Оны «барып кел, шауып келдің» шолақ шоқпар шабарманы қылған кім еді? Зауалы зарықтырған заң-зәкүн кімге қызмет қылушы еді?

Еңіреген елдің етегін жасқа толтырар мұндай сұрақтар сарқылып бітпес… Ал Дулаттың дауылпаз рухы дауыл алдындағы альбатрос құс сияқты: «Қазақстан» деген тулаған теңіз толқынында қалт-құлт етіп, қалтыраңдап бара жатқан бізге тажалдан тартқан тауқыметімізді тағы бір еске салып кете барды…

Қош, қайсарлықтың құрбаны!

Бақұл бол, бауыр!

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн