Ермұрат БАПИ: «АҚИҚАТ» ПАРТИЯСЫН парламентке өткізе алмасам, ОТСТАВКАҒА ӨЗІМ КЕТЕМ!

Мен «ДАТ»-тың шығарушы редакторы ретінде «Ақиқат» партиясының төрағасы болып сайланған, редакцияның жолашар ағасы Ермұрат Бапидан өзі 20 жылдан бері газет бетінен түсірмей келе жатқан «ДАТ!» айдарына сұхбат беруін сұраған едім.

Бірақ ол өз газетіне сұхбат беруді кәсіби әрі саяси әбестік санап, өткен аптада «The Qazaq Times» қоғамдық-саяси порталына берген сұхбатын көшіріп басуды ұсынды. Әріптес ағамыздың: «Сол сұхбатта бәрі айтылды, қайталап жатудың, артық ділмәрсудің қажеті жоқ шығар…» деген сөзін құп көріп, порталдың жетекшісі, журналист Қойшыбек Мүбәрәк мырза алған сол видеосұхбаттың мәтінін отырмыз.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

Ермұрат Бапи

– Бұрын сізді «Ереке» деп, қазақи қалыпқа салып, інілік ізетпен аға тұтып атайтын едік, енді партия жетекшісі болған соң, «Ермұрат Сейтқазыұлы» деп, бюрократиялық байыппен атаймыз ба, Ереке?

(Күліп алды) Мен кезінде әкімшілік аппаратта қызмет еткен жұмыс өтілім барына қарамастан, бұрын да бюрократ болып қарық қылмаған едім. Одан кейінгі 20 жылдан бері тәуелсіз басылымды шығарып келемін. Сондықтан бюрократтық қасиет бойыма сіңген жоқ – өзіңіз білетін «Ерекемін».

– Ендеше, Ереке, сіздің осы партияға, оның саяси кеңесіне мүше екеніңізді осы сайлау науқаны кезінде ғана білдік. Бұрындары сіздің ЖСДП-ның жыртысын жыртып жүргеніңіз қалай аңғарылмады?

– Мен саяси партиялардың жұмысына 1998 жылдан бері араластым. Алғаш рет экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің «РНПК» партиясы құрылған кезде оның атқару комитетінің, кейіннен Қазақстандағы Демократиялық күштер форумының белсенді мүшесі болдым. 2000 жылдардың басындағы атышулы «ҚДТ–ДВК» қозғалысында, кейіннен «Нағыз Ақ жол» партиясының басқару органы қатарында болдым, одан кейін ақыры билік тіркемей қойған «ЖСДП-Азат» партиясында, одан соң ЖСДП-да төралқа мүшесі, саяси кеңестің мүшесі болдым.

Дұрыс байқағансыз, партиялық тұрғыда белсенді, арынды қызмет көрсеткен жоқпын. Көрсеткім келмегендіктен емес, себебі азаматтық мақсатым – журналистік қызмет арқылы қоғамға ағартушылық қызмет етуді көбірек қаладым. Халықтың көзін саяси насихат арқылы баспасөздің күшімен ашу мақсатын алдыңғы орынға қойдым. Партиялық ұйымдардың жұмысында белгілі бір істің саласында жүргенім болмаса, жетекшілік рөлде болған жоқпын. Сондықтан менің партиялық жетекшілік тәжірибем тасып тұрған жоқ…

– Ең алдымен мынаны айтыңызшы: «Қоғамда Ермұрат Бапи президенттік сайлаудан неге жалтарды?» деген сауал бар. Ең қызығы, сізді ЖСДП-ның саяси кеңесі президенттік сайлауға үміткер ретінде ұсынды, ал партия съезі бұл бастаманы неге қолдамады?

– Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын, алғашқы сөзімнің соңын тұйықтайын. Өзімнің осы партиялық жұмысқа, аты өзгерген «Ақиқат» партиясына жетекшілікке келуіме соңғы 10–15 жыл көлеміндегі Қазақстандағы партиялық, қоғамдық қарсылық қозғалыстардың тәжірибесі түрткі болды. Қоғамда оңшылдармен де, солшылдармен де, ұлт патриоттарымен де, басқа да саяси күштер жетекшілерімен де мейлінше тіл табысуға тырыстым. Мен конфликтіге, ретсіз дау-дамайға баруға құштар адам емеспін. Менің ерегесім – тек билікпен ғана арада. Ал елдегі әркім өзінше, өз ой-пайымымен елді, қоғамды өзгертсек деп жүрген азаматтардың ұстанымына алабөтен қарсылығым жоқ. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдайды пайдаланып, осы партияға жетекшілік етуге келістім.

Бұл тұрғыда Жармахан Айтбайұлы партияның төрағасы болу жөніндегі ұсынысты өткен жылы көктемде айтқан: «Партияны жасартсам, құрамын жаңғыртсам, соған бір табанды, ұстанымына мықты, инерциясы күшті азаматқа, мәселен, өзіңе партияны басқаруды берер едім», – деген еді. Ол кезде мен бірден келісе қоймадым. Қазақстанның жағдайында саяси партияны алып жүру – баланың ойыны емес, қиындығы мен міндеті ауыр.

Одан кейін де, өткен жылы күзге салым Жәкең тағы да «партияға жетекшілікке кел» деген ұсынысын айтты. Тағы да келісім бермедім. Енді, міне, кезектен тыс президенттік сайлау жарияланғаннан кейін, қоғамдағы күштердің ара салмағы белгілі болып жатыр ғой: сайлауға ұмтылып жатқан ұйымдардың, жеке азаматтардың қатысуы, сайлауға түсу арқылы қоғамның туын көтеріп жатқандар, оған қатыса алмай қалғандары да бар. Өйткені былтырғы жылы қабылданған сайлау заңдылығы негізінде жеке азаматтардың сайлауға түсу құқығы шектелді. Соған байланысты қоғамды біріктіретін, алдағы парламенттік сайлауға дайындалатын мүмкіндіктердің жағдайы осы президенттік сайлау науқанында пайда болды. Сондықтан келісімімді бердім. «Партиялық саяси амбиция қайдан пайда болды?» деген сұрағыңызға берер жауабым осы.

Ал сұрағыңыздың екінші бөлігіне келейін. «Ақиқат» деген атау алмай тұрып, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай және партияның саяси кеңесі маған ұйымның атынан президенттікке үміткер ретінде қатысу жөнінде ұсыныс жасады. Мен өз тарапымнан басқа да азаматтардың атын атап, соларды ұсыну жөнінде өз ойымды айттым. Бірақ Жармахан Айтбайұлы: «Сайлауға түсетініңді съездің талқысына ұсынайық, съезд қандай шешім шығарса, сол шешімге бағынайық», – деді. Мен келісімімді бердім, бірақ съезд барысында еліміздің әр аумағынан келген делегаттардың басым бөлігі «сайлауға қатыспаймыз, сайлау әділетсіз өтетіні белгілі» деген пікірлерін айтты.

– Ал бойкот жариялауға қарсылар болды ма?

– Иә, болды. Бірақ бойкот жариялауға қарсылардан гөрі, қолдағандардың қатары көп болды. Съездің күн тәртібіндегі бірінші мәселесі ретінде «Сайлауға қатысамыз ба, қатыспаймыз ба?» деген сұрақ қаралды. Соңына таман бірнеше делегат қатысуымыз керек деп, қоғамда саяси күштердің, ұсынатын үміткердің барын алға тартқандар болды.

Ондай ұсынысты мен де іштей қолдадым. Бірақ бұл сайлау биліктің жасаған ойыны болғандықтан, осы саяси науқанның қалай өтетініне әбден қанықпын. Бірнеше сайлауларға көрермен ретінде емес, ұйымдастырушылар тарапынан қатысып, бірнешеуін бастан өткіздік. Былтырғы жылы Сайлау туралы заңдылықтарға енгізілген өзгерістерден кейін, съезде айтылған пікірлерді назарға ала отырып, делегаттар шешімінің тоқтамына бағынуға тура келді. Өз тарапымнан «мен қайтсем де қатысамын» деп, телняшкамды жыртатындай ойым болған жоқ.

– Ал партия мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Әміржан Қосанов мырза өзінің президенттік сайлауға түсуге ынтасы бар екенін күнібұрын айтып жүрді, бұл орайда әлеуметтік желілерде оның бірнеше мәлімдемесі болды. «Партия Қосановты қолдамағаны қалай?» деген сұраққа не деп жауап берер едіңіз?

Бұл (Қосановты қолдамау туралы) – жаңсақ жеткен ақпарат. Осы сайлау жарияланғаннан кейін, біздің газетке және «Жас Алаш» газетіне сұхбат берген партия төрағасы Жармахан Тұяқбай: «Азаматтық қоғам тарапынан үміткерлер талқыланып, біздің партияға ұсыныс түсетін болса, оны қарауға дайынбыз», – деген еді. Екі басылым арқылы қоғамға партия ұстанымын айтты. Бірақ «жылт етіп» көрініп, кандидат болуды армандап жүргендерді қолдай алмаймыз, нақты ұсынысымен, артында әлеуметтік, қоғамдық-саяси күші бар азаматтарды съезге ұсынып, /кандидатурасын/ қарауға дайынбыз», – деді.

Съездің үстінде сөйлеген сөзінде /Жармахан Тұяқбай/: «Қоғамға ұсыныс жасадым, бірақ ешқандай қоғамдық бірлестік өз үміткерлеріне қатысты ұсыныс айтып келген жоқ», – деді. Өзі ешкімді қолынан жетектеп әкелмейтінін де айтты.

Ал Әміржан Қосановқа қатысты айтарым, сонау 90-жылдардың соңынан оппозициялық алаңда, өмірде қатар жүрген, бір жағынан туыстығымызда бар, жақсы жолдас жігіттерміз. Бірақ партияның бойкот жариялайтыны съездің күн тәртібінде бірінші мәселе ретінде қаралды. Шешім қабылданып қойғаннан кейін ғана мен өз тарапымнан үміткерліктен бас тартып, Әміржанды ұсынсам, бұл жәйт ыңғайсыз болар еді. Сондықтан қосымша үміткерлерді талқылау жөнінде съезде ұсыныс болған жоқ.

– Енді «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымы атынан сайлауға түскен кезінде Әміржан мырзаға партия тарапынан қолдау бола ма?

– Осы мәселе төңірегінде мен үшін қиналатын тұстары көп. Біріншіден, мен партия съезінің шешіміне бағынуым керек: съезд сайлауға бойкот жариялау жөнінде шешім шығарды. Мен өзімнің кандидатурамды алдым. Ал өзіміз бойкот жариялап алып, соңынан сайлауға түсіп жатқан үміткерлерді қолдаймыз десек, съезд шешіміне қайшы келмей ме? Сондықтан партияның саяси кеңесі мүшелеріне өз ойымды айттым: «Егер Әміржанмен ежелгі жолдастық қарым-қатынас негізінде қолдаймыз десеңіздер, қарсылығым жоқ. Оппозициядан сайлауға түсіп жатқан азаматты қолдаңыздар, бірақ оған партияның атрибутын пайдалансақ, съезд шешімін бұзғанымыз. Сөзіміз бен ісіміз сәйкеспей жатса, қоғамда күдік туады», – дедім. Ал /партия төрағасы емес/ жеке азамат ретінде, бұрыннан бірге жүрген әріптес, жолдас ретінде Әміржанды жан-жақты қолдаймын. Газет редакциясы алқасының шешімі бойынша, сайлау науқаны кезінде белгіленген тәртіппен, заң шеңберінде Әміржанға қолдау көрсетеміз.

– Сұхбатымыздың екінші бөлігі сіздің «Ақиқат» социал-демократиялық партиясының төрағасы болып сайлануыңызға қатысты болмақ: бірінші кезекте айтыңызшы – бұл аласапыранға сіз қалай тап болдыңыз? «Ермұрат Бапи» деген атыңыз елге бұрыннан да танымал еді ғой…

Жақсы сұрақ екен. Сұрақтың бір бөлігіне жауапты жоғарыда айтып өттім. Осы сайлаумен өмір бітпейді, қоғамдық тірлік, саяси күрес жалғаса береді. Бұл сайлауда тәуелсіз кандидат жеңіске жете ме, жетпей ме – оның бәрі биліктің шешіміне байланысты. Заңның бәрін билік өз ыңғайына қарай реттеп алғаны – белгілі жәйт…

Сондықтан партияға төрағалыққа келісудегі басты мақсатым – қоғамды парламенттік сайлау алдында топтастыруға күш біріктіру. Біздің алдымызда негізгі сайлау – парламенттік сайлау күтіп тұр. Егер сол сайлауда үнімізді шығара алмай, қоғамды жұмылдырып, үлкен бір саяси күшке айналдырып, /парламенттік/ сайлауға бара алмасақ, елімізде абсолютті монархия түбегейлі орнығады. Оған дәлел – сайлау барысында Тоқаевты биліктің ресурстары «жеңімпаз» ретінде алып шығатынын, ол «сайланған» президент болатынын, сонан кейін бірер жылдың айналасында денсаулығына байланысты отставкаға кететін болса, сенат төрағасы Дариға Назарбаева президент болатынын саясаттанушылар мен саясаткерлер күнібұрын болжап қойды. Қазіргі өзгертілген заңға сәйкес, президенттің орнына келген сенат төрағасы президенттің өкілетті уақыты аяқталғанға дейін президент болып отыра береді. Сондықтан Назарбаев негізін қалаған биліктің жалғасы нағыз монархияның ми батпағына батады деген сөз.

Менің мақсатым – соңғы жылдарда қалыптасқан қоғамдық күштер арасын жақындастыру, қоғамның ортасынан бір ортақ өзекті тауып, бір күшке жұмылайық, /билікке қарсы/ бірге болайық деген сияқты ниетімді қолдайтын азаматтардың басын қосу. Өзіңіз айтып отырған «партия төрағасы» деген лауазымға келісуге мәжбүр болған себебім де осы. Түпкі мақсатымыз – алда тұрған парламенттік сайлауға дайындалу. Қазіргі заң бойынша, бір жылда екі сайлау болмайтыны белігілі, бірақ біздің елде сайлау заңына өзгеріс енгізу – /заң деген/ «шпаргалканы» жаңарту түкке тұрмайды. Жылдың аяғында /билік/ аяқ астынан форс-мажорлық жағдай тауып, кезектен тыс сайлау жариялануы әбден мүмкін. Сондықтан осы сайлау кезінен бастап әлеуметтік топтарды: саяси күштерді, ұлтшылдарды, діни топтарды, жастарды бір ортаға топтастырып, парламенттік сайлауға әзірлік шаруаларына кірісеміз. Алдағы парламенттік сайлауға ешқандай қоғамдық ұйымдар қатыса алмайды, қазіргі заң бойынша, тек саяси партиялардың ғана қатысу құқы бар. Елдегі мүмкіндігі, саяси алаңда заңды тіркеуі бар жалғыз партия – «Ақиқат». Осы партияның маңына елді, қоғамды өзгертем деген азаматтар тұтас «фронт» құрып, топтасқаны дұрыс!

– Сізге дейін азаматтық қоғамды біріктірем деп, барлық күш-жігерін, моральдық-материалдық ресурстарын төккен азаматтар болды ғой: Әкежан Қажыгелдиннен бастасақ, одан беріде – Нұрболат Масанов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы марқұмдар, Болат Әбілов, Ғалымжан Жақиянов, Асылбек Қожахметов, кейіннен тіпті қылмыскер атанып, сырттай сотты болған Мұхтар Әбілязов – бәрі-бәрі қоғамның басын біріктіре алмады. Енді осы қиын іс сіздің қолыңыздан келеді деп ойлайсыз ба?

Иә, ауыр сұрақ екен… Съезден кейінгі саяси кеңестің отырысында кеңес мүшелеріне: «Мен партияға төрағалыққа бір ғана мерзімге келдім, ол мерзім шартты жылдармен есептелмейді, ол мерзім – алдағы келе жатқан парламенттік сайлаумен есептеледі. Егер парламенттік сайлауға қоғамды біріктіріп өтетін болсақ («фронт» деп отырғаным сол), өзіміздің парламентке кіру мүмкіндігімізді дәлелдеп жатсақ, онда мен миссиямды орындағаным. Екіншіден, егер азаматтық ойым жүзеге аспай, тағы да опық жеп, парламенттік сайлаудан жеңілуге мәжбүр болып, биліктің «қуыршақтарына» қоғам болып, қарсы тұра алмай, «Ақиқат» партиясы парламенттік сайлаудан өте алмай жатса, өзім отставкаға кетемін! Бұл – бірер жылдың арғы-бергісіндегі мерзім шығар», – деп, өзімнің ойымды ашық айттым.

Сіз атап отырған азаматтар қоғамды біріктіре алмады деген сауалыңыз – ауыр, қиын сұрақ. Ол маған ғана байланысты сұрақ емес, мен ғана қоғамды біріктіруге мүдделі болмауым керек. Қоғамның бірігіп, бір жұдырыққа жұмылып, қоғамдағы саналы азаматтардың сайлауға түсуіне бәрі мүдделі болуы тиіс. Жеке бастың амбициясына қарамай, саяси ұйымдардың, ұлттық-патриоттық бірлестіктердің жетекшілері қоғамды өзгертуге мүдделі болса, «Ақиқат» партиясының алаңын пайдаланып, бір ортаға топтасқанын қалар едім! Үлкен күш болып, материалдық-қаржылық, идеялық, рухани топтаса алсақ, саясат, өнер, білім, ғылым, мәдениет саласындағы тұлғаларды, өзінің ойы, айтатын пікірі, тұлғалық қасиеті бар азаматтардан сайлауға 100 кандидат шығаратын болсақ, дүлей күшке айналар едік. «Ақиқаттан» кімдер /елге етене танымал 100 кандидат/ сайлауға түсіп жатқанын білетін ел болса, бұл азаматтардың /саяси/ палитрасы жүздеген мың халықтың ерік-жігерін білдіретін парламентті жеңіп /басып/ алары сөзсіз!

– Ал нарық жағдайындағы Қазақстанда парламенттік сайлауға азаматтық қоғамның басын біріктіруге, сіз айтқандай, «бірегей фронт» құруға, ортақ тізім ұсынуға партияның қаржылық мүмкіндігі жете ме? Сіздің жеке басыңыз бір «ДАТ» газетін қаржылық қиындықтармен шығарып жатқанда, қоғамды топтастыру сияқты орасан зор іс оңай бола ма?

– Газеттің қаржылық мәселесіне орай айтарым: соңғы бір бес-алты жылдың көлемінде /газеттің/ үлкен қиындықтармен, редакциялық ұжымның ерік-жігерімен ғана шығып жатқаны рас. Оған біреудің беріп жатқан, бөліп жатқан ештеңесі жоқ: кез келген тексеруші органның адында құжаттарымызды жайып тастап, даладан ағып келіп жатқан қаржы көзі жоқ екенін дәлелдей аламын. Нарық жағдайында сатылған газеттің ақшасынан бес-алты адамға жалақы береміз, сол ақшаға газет шығарамыз, қаржылық қиындықтың салдарынан 36 бетті 24 бетке түсірдік, одан кейін 16 бетке қысқарттық. Ең басты міндет – газетті президенттік сайлауға, транзиттік кезеңге, парламенттік сайлауға жеткізу еді.

Ал қоғамдық күштерді біріктіре алатын қаржылық мүмкіндіктерге байланысты айтарым: елде /биліктен/ жапа шегіп жүрген шағын және орта бизнес өкілдері бар, олигархиялық топтардың ішінде кландық қақтығыстар пайда болды, билікке етене жақын топтар ғана мемлекеттік тендердің науасынан «жем жеп» жүрсе, қалғаны /ол мүмкіндіктен/ қағылуда. Сондықтан биліктің жүгенсіз саясаты салдарынан баз кешіп жүрген бизнес өкілдерінен, партиялық демейін, жаңадан құрылатын қоғамдық үлкен күшті қолдауға көмек сұраймыз. Ашығын айтамын: «Кеш болмай тұрған кезде қоғамда жұдырықтай күш жасауға сіздер көмек беріңіздер. Ертең кеш болады. Сайлау жақын қалған кезде депуттаттыққа үміткерлердің партиялық тізімін жасауға /праймериз/ басталады. Оны мен жалғыз шешпеймін, қара күзде съезд шақырып, жан-жақтан жиналған қоғамдық ұйым өкілдерін делегаттардың дауысына салу арқылы тізім түзіледі. Жүз адамның ішіне бизнес өкілдері енбесе, өздеріне сын болады».

Сұрағыңыз өте орынды болды, /бизнес өкілдері/ кеш қалмай, жүргелі тұрған пойыздың соңғы вагонына билет алып қалсын!

– Мақсат-мұратыңызға жетіңіз, Ереке! Рахмет!


Қойшыбек МҮБӘРӘК

  • «The Qazaq Times» порталының видеосұхбатын мәтіндеген – Бақытгүл Мәкімбай
Республиканский еженедельник онлайн