Жармахан ТҰЯҚБАЙ, ЖСДП партиясының төрағасы: МЕН КЕТТІМ! Кемшіліктерім болса, кешірім сұраймын!

Ендігі ел-жұртқа белгілі болғандай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 26 сәуір күні өткен кезектен тыс ХІV құрылтайында Жармахан Тұяқбай партия төрағалығынан кететінін мәлімдеген еді. Қалай болғанда да, соңғы 13 жылдам астам уақытта елдегі жалғыз оппозициялық партияны осы бүгінгі күнге дейін «сүйреп» әкелген азаматтың съезде сөйлеген сөзін қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Құрметті әріптестер!

Бүгін біз биліктің айтуымен өткелі жатқан кезекті саяси науқанға байланысты жиналып отырмыз. Көпшілігіміз бүгінгі «президенттік сайлау» атты сайқымазақ қойылымға деген көзқарасымызды басты мақсат етсек те, оған мән беріп, ойлануды қажет ететін – партиямыздың болашағына қатысты көкейкесті мәселеге назар аударғанымыз жөн. Партияны тек қана сақтап қалу тұрғысынан ойласақ, саяси өрісіміз тарылады.

Сондықтан партияның саяси алаңдағы алдағы уақыттағы қызметін өркендету арқылы биліктің өтпелі кезеңіндегі шынайы күреске қалай дайын болуымыз керек? Елімізді дамыту жолындағы өз идеяларымызды халыққа қалай жеткізе аламыз? Бүгінгі биліктің кесірінен елімізде орныққан күрделі жағдайда партияның абыройын сақтап, оның жұмысын қалай тиімді етуге болады? Елге оң өзгерістер әкелуге шамасы келетін заманауи саяси партиялар деңгейіне қалай көтеріле аламыз? Міне, біз үшін басты сұрақтар осы. Мені осы мәселелер соңғы жылдары көп ойландырды.

Ойлана келе түйгенім: ЖСДП-ның белсенділігін арттырып, жұмыс істеу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, оның саяси мақсат-мұраттарына жету жолында ең алдыңғы қатарлы жаңа әдіс-тәсілдерді қолданбаса, партияның ел ішіндегі танымалдылығын, саяси бәсекеде жеңіп шығу қабілетін биіктете алмаймыз. Осы мақсатқа жету үшін және партияның келешегін ойласақ, оның басқару тетіктерін заманауи талаптарға сай жастарға беруіміз керек.

Партияның уақыт талабына жауап бере алатын өзгерістер қадамын өзімнен бастауым керек деп шештім. Қорыта айтқанда, партияның төрағалығын босатуға шешім қабылдадым.

 Бұл шешім біздің партияға жаңа екпін беріп, оны жаңғырту бағытындағы жаңа ой-ұсыныстар туындатып, партияның өркендеуіне жол ашатынына мен кәміл сенемін! Саяси алаңдағы жалғыз оппозициялық партия ретінде ЖСДП өткен кезеңде елдегі авторитарлық жүйеге қарсы, демократиялық балама идеяны ұсыну жолында қандай күрделі жағдайлар мен қауіптерді басынан өткізгендігін сіздер менен де жақсы білесіздер. Соған қарамастан, біз партияны сақтап қалдық. Бүгін біздің партиямыз – Қазақстандағы демократиялық күштерге тірек болып тұрған жалғыз саяси күш.

Біз халық мүддесіне сай бағдарламамыздың бірде-бір құндылықтарынан бас тартқан емеспіз, алдағы уақытта да бас тартпаймыз! Бізге үміт артқан ел азаматтарының сенімін ақтау жолынан тайған емеспіз. Оны іске асыру үшін, Қазақстанда еркіндік пен әділеттікті орнату үшін, билікке келуге ұмтылысымызды тоқтатқан емеспіз.

Қорыта келе айтарым, мен партияның болашағына нық сенемін және оның күрес жолында күш-жігерін аямай тер төгіп келе жатқан партияның белсенділері мен жақтастарына, демократиялық көзқарастағы барша қазақстандықтарға деген ыстық ілтипатымды білдіргім келеді. ЖСДП-ның аймақтық филиалдарының жетекшілері мен мүшелеріне алғысым шексіз. Олар біздің партияның арқа сүйер тіреуі және сенімді серігі!

Олардың қатарында марқұм болып кеткен: Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Рахымберлин, Ақтөбе облысында филиал басшысы болған Климонов, қостанайлық партия белсендісі болған Собольев, партиялық Жарғы авторларының бірі, ғылым докторы Корзун, белсенділер – Маматраимов пен Шакебаев, тағы басқа да аты аталмаған бақилық болған әріптестерімізді еске алып, бір минуттық үнсіздік жариялайық.

Рахмет!

Бүгін біздің қатарымызда партияның құрылуына атсалысқандар – Жұмабай Доспанов, Нұрлан Сейітжаппаров, Қадиша Мұқанова, Иван Булгаков, Григорий Тен, Әділ Жұмалыұлы, Майра Әбенова. Уақыттың сынынан өткен сенімді әрітестеріміз – Владимир Андриевский, Әбдікамал Әшімбеков, Сергей Богатырьев, Валерий Смоквин, Нұртай Қожаханов, Марина Сабитова.

Партияның жаңа толқыны, белсенді жастар – Мирамбек Камалов, Ләззат Бақтыбаева, Асхат Рахымжанов, Тазабек Самбетбай, Макиля Тоқсамбаева, Нұрым Нұрлыбеков, Ажар Сағындықова, Қуат Күнболатов бар.

Әрине, партияның барлық белсенді мүшелерінің атын атап өту мүмкін емес. Олардың партияға деген сенімінің арқасында ғана біздің алға жылжып, саяси толысуымызға мүмкіндік туды. Сонымен қатар мен партияның қоғамдық қабылдау орындарында қызмет көрсеткен ерікті көмекшілерге, тәуелсіз журналистерге шын көңіліммен алғысымды жеткізгім келеді!

Көп жыл жанымда болып, партияның ұйымдастыру жұмысымен шұғылданған Ұлан Хандуллаевты, партияның идеологиясы мен интеллектуалды негізін қалауға көп үлес қосқан Максим Андрюшинді айтпай кетуге болмайды.

Қымбатты серіктестер, достар! Өткен 13 жылдың ішінде партияның жетістіктері мен кемшіліктері менің өміріммен, сіздермен тікелей байланысты болды. Идеализмге жол беріп, қателіктер жіберген кездерім де аз емес. Мүмкіншіліктерімізді асыра бағалаған, негізсіз ғайбат сөздер және қаралаудан құлазыған кездерім де болды.

Кезінде айтқан ұсыныстарыңыз бен сұраныстарыңызды дұрыс бағалай алмаған кездерім болса, сіздерден кешірім сұраймын!

Ең бастысы – менің сөзім мен атқарған ісімнің барлығы партияның өркендеуіне, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, еркін өмірге жетуіне бағытталғандығы үшін мен ешбір өкінбеймін. Тек осы шынайы сезім мен сенім және сіздердің қолдауларыңыз маған жігер беріп, алға жетеледі. Сол үшін де сіздерге көп рахмет!

Ал партияның төрағалығына мен өзім сенім білдірген, елге белгілі саясаткер, тәуелсіз журналист, «ДАТ» газеттер жобасын 20 жылдан бері шығарып келе жатқан Ермұрат Бапиды ұсынамын. Сіздер менің ұсынысымды қабыл алады деп сенемін! 

Республиканский еженедельник онлайн