Жаһанда болмаған «ЖАҢАЛЫҚТАР»

Маған, мен сияқты миллиондарға қарап қалған не бар: «келесі президент Тоқаев болады» дей берелік. Өйткені Нұрекең оның үшін «ҚДТ» (ДВК) қозғалысын бастаған «киндер-сюрприздерді» қыр асырып қуып тастаған «еңбегін» ұмытпасы сөзсіз. Келер сайлауға да иек артпай-ақ қоялық. Бұйырған тәуелсіздігіміздің алғашқы жылынан беріде бізде демократия шіркін тұман басқан әуежайға қона алмай, айнала ұшып жүрген ұшақтың кейпінде.

Ал Қаскеңнің «ұмытылмас еңбегі» сыртқы істер министріміз кезінде де аз болмаған-ды. Бір ғана мысал келтірейін. Тәуелсіз Қазақстанды Араб әлеміне, Араб әлемін Қазақстанға танытқан Болатхан Тайжан «СолДАТ» гәзетіне берген сұхбатында (ақпан, 2003ж.) ұлттың ұлдары туралы пікірінде былай деген: «… Өзімнің төл мекемем – Сыртқы істер министрлігін басқарған, басқарып жүрген адамдар, өкінішке қарай, ұлттық сезімнен жұрдай. Бұрынғы Ыдырысовты алсаңыз да, кейінгі Тоқаевты алсаңыз да, бұларда қазақы ұлттық сезім жоқ. Ол, әрине, олардың жеке бас проблемалары. Бірақ ондай сезімді министрліктің маңына жолатқылары келмейді. Жанға осы батады. Оның үстіне, министрліктің ішінде қазақ тілі кәдімгідей қудалауда жүр. Қазақша ешкім сөйлемейді. Мен осыны айттым да, жаздым да. Тіпті, сырт жерде жүріп, президентке де осындай пікірімді жеткізіп тұрдым. Әрине, менің ол «пысықтығым» ешқайсысына ұнаған жоқ. Содан жұмыссыз қалдым».

Болатханмен аға-інідей сырлас едік. Құдай арнап жаратқандай, ерекше даңғайыр дипломат болды. Ал оның жұмыссыз қалған себебі: тәуелсіз Қазақстанның шет елдердегі елшіліктер қызметтерінде «өзі жақсы мен көзі жақсылар» жүргенін, олардың көбі әрі іске қыры жоқтар, әрі өзінің Ана тілін білмейтіндер екеніне, елшіліктерде іс қағаздары тек орыс тілінде жүргізілетініне күйініп, министр Тоқаевқа ашық айтқан екен, ал ол қолын сілтей салыпты. «Басымды ауыртпа!» дегені. Одан түңілген Болатхан ойын Назарбаевқа айтқан екен, ол «ақылдасып көрейік» депті. «Ақылдасудың» ақыры Болатханды Араб елдеріндегі Елші міндетінен босатып, дипломатиялық қызметтен шеттетумен тынды. Бар жазығы – мемлекеттік тіліміздің беделін сақтауды, құнын түсірмеуді көздегені. Қазақстанның маңдайалды дипломаты, сонымен, маңдайымызға сыймай кетті.

Енді Қ-Ж.Тоқаев мырзаның президенттік қадамын неден бастағанын бүгінде барша жұрт біледі. Астана атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертті, Н.Назарбаевқа «Қазақстанның халық қаһарманы» атағын берді. Облыстардың орталықтарындағы бас көшелерді «Нұрсұлтан Назарбаев көшесі» деп атауды бұйырды. Егер жаңсақ естімесем, «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесі» болуына пәрмен берді. Осы реттегі бір сұрақ: әлбетте, қай елде болсын президент – Елбасы, ал бізде президенттің де, дара Елбасының да болғаны қалай? Яғни: биліктің дізгіні Тоқаевтың, ал шылбыры Назарбаевтың қолында. «Бәрекелді!». Жаһанда болмаған, болмайтын да «жаңалықтар».

Сонда бұл «жаңалық» Н.Назарбаевтың қандай еңбегі үшін жасалды? Тәуелсіздік алып берді ме? КСРО ыдырағанда тегін тәуелсіздікті ең соңғы болып алдық. Назарбаевтың «Комсомольская правда» газетінің тілшісімен сұхбатында: «Тәуелсіздікті бәрі алған соң, біз де алдық», – дегені бар. Егер қателеспесем, Мәскеу мемлекеттік университетінде болған кездесуде: «Құрметті мәскеуліктер, менің Совет Одағын сақтап қалу үшін соңғы патроным қалғанша соғысқанымды өздеріңіз жақсы білесіздер», – дегені және бар.

Әлде, ол қазақтың тұңғыш мемлекетін құрып, шекарасын белгілеп, бекітіп берді ме? Жоқ! Қазақ мемлекетінің негізі – қазақ хандығы, ал хандығымыздың тұңғыш шаңырағы көтерілгеніне 1000 жылдан асқаны тарихымызда жазулы. Күні кеше Совет Одағының құрамында 73 жыл жеке мемлекет болдық, шекарамызды арыстарымыздың айтып, сызып беруі бойынша В.Ленин бекітіп, қол қойған.

«Нұрекеңнің нұрлы жолының» екінші бекеті – ауылды «реформалау». «Жекешелендірудің» желкенін судыраған желсөз керіп, ауылдың малы да, шаруашылық техникасы да қалталылардың бөлісіне түсті. Соның салдарынан, біріншіден, ауылды жұмыссыздық жайлады. Екіншіден, жастары тірлік етудің қамымен «екі қолға – бір жұмыс» іздеп, қалаларды кезіп кетті. Үшіншіден, ұжымшар-кеңшарлардағы 33 миллион қой санын алдағы бес жылда 50 миллионға жеткізу жоспарымыз ғайып болды, ал сол 33 миллион қойдың қаншасы қалды және қайда, кімдердің қорасында? Төртіншіден, ресми ақпараттың айтуынша, қазірде 300 шамалы ауыл-село ауызсуға зар болып отыр. Емхана, аурухана, жылу, телефон байланысы – өз алдына қиын мәселе. Бесіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіміз көктемгі егіс, шөп шабу, егін ору қарсаңында жекеменшіктегі жанар-жағар май атаулыны арзаныраққа алу үшін олардың иелеріне жылда «құда түсіп» әлек.

Қазақтың азық-түлік қоймасы ғана емес, алтын бесігі болған ауыл, міне, осындай халде десек, өнеркәсібіміз де «өркендеп» кетті.

«Нұрекеңнің нұрлы жолының» басқа бекеттерін тізбелемей, кейбіреуіне көз жіберсек: Рахат Әлиевтің «концерттерін», «Қазақгейттің» шаңын, Әкежан Қажыгелдинге, Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әбіләзевке және басқа азаматтарымызға болған сот процестерін көреміз. Заманбек Нұрқаділев пен Алтынбек Сәрсенбайұлының, Асхад Шәріпжановтың… тағдырлары, Шаңырақ «шайқасы», Жаңаөзеннің жан түршіктірген айқайы… сонымен қапталдастыра: «Елбасына» – «Ұлт жетекшісіне» көзі тіріде қойылып жатқан ескерткіштер, аты беріліп жатқан парк, университет, институт, мектеп, даңғыл, көше… Қалаларымыздың көшелерінде, кеңсе атаулыда портреті ілулі. Қадағалаушылардың есебінше, 16 айда бір кітабы шығып, халықаралық тілдерге дереу аударылып жатыр.

«Нұр-Сұлтан» қала алтынмен апталып. Күміспен көмкеріліп, «халықаралық күрделі мәселелердің шешімін табатын», «экономикалық, діни орталыққа айналатын», «сұлулығы бүкіл әлемді таңдантатын» бас қала болар, бізге – қарызға белшесінен батқан, Қытай мен Ресейге жалтақтап қарап отырған қазақстандықтарға «одан артық не керек»?! Біз өзіміздің екі шартырлы парламентіміз сияқты ерекше әдептіміз: президентіміз не айтса да, түп-түгел қол көтеріп, құптай қоямыз.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн