Рысбек СӘРСЕНБАЙ: БИЛІКТІҢ ТАҒДЫРЫН ХАЛЫҚ ШЕШЕДІ

Украина астанасында «Қазақстан оппозиция өкілдері» деп бастамашыл топ құрған бір топ азаматтың қабылдаған Үндеуін, олардың құрылтай шақыратындары жөнінде мәлімдегенін газетіміздің өткен санында жариялаған едік.

Осы жиынға қатысып келген журналист, қоғам қайраткері Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫН «ДАТ» айдарына сұхбатқа тартып, Киевтегі кеңесте не айтылғаны, қандай тұжырым жасалғаны, сонымен қатар елдегі сайлау тақырыбына қатысты сұрақтар төңірегінде өрбіген әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

ШЕТЕЛ АСҚАНДАРМЕН ШЕП ҚҰРЫП…

– Рысбек аға, айдың басында қазақстандық оппозиция өкілдері Украина астанасы – Киевте бас қосып қайттыңыздар. Кенеттен болған осы жиынның мән-жайы қоғамға беймағлұм болып тұр: басты сұрақтардың бірі – бұл кімнің, қандай ұйымның бастамасымен өткізілген шара?

– Газеттеріңіздің бұл жайтқа назар аударғанына және құрылтай өткізу жөніндегі ынталы топтың халыққа арнаған үндеуін жариялағанына ризалықпен алғысымызды білдіреміз. Елдегі қоғамдық ахуалға бейжай қарамайтын шынайы жанашыр азаматтар қатары көбейіп барады. Бізге, Алматыға аймақтардан арнайы келіп, шетелде жүргендері телефонмен хабарласып, құрылтай өткізу немесе қозғалыс құрып, әрекет ету туралы нақтылы ұсыныстар жасады. Билік басындағыларды өткір сынағаны, әділетсіздіктерге қарсы тұрғаны үшін қудаланып, Италияға кетуге мәжбүр болған Ержан Тұрғынбаевты біраз жұрт таниды. Міне, сол азаматтың, «Еркін қазақ» қозғалысы жетекшісінің бастамасымен біз тоғыз адам Киев қаласына барып, құрылтай мәселесін талқыладық. Мұны кенеттен болған жиын дегеннен де, көптен күтілген кеңесу десек, қисынға келіп қалар.

– Ал халықтық құрылтайдың қажеттілігін көтерген осы жиын Қазақстан аумағынан тыс жерде өткенінің себебі неде?

– Егер елде өтсе, оған Ержан Тұрғынбаев та, «Бәсе» арқылы шындықты көрсетіп, авторитарлық, тоталитарлық жүйені жүндей түткен Айдос Садықов пен Наталья Садықова, еркін ойлары үшін талай рет сотталып, Украинаға ауған Ермек Нарынбаев та қатыса алмас еді. Іштегі және сырттағы мақсаттары бірдей демократиялық күштер, оппозициялық бағыттағы белсенділер біріксе, жеңісті жақындатады. Күрес тәсілдерін үйлестірудің, өзара түсіністікте болудың мәні айрықша.

– Киевтегі кездесудің ең басты күн тақырыбы не болды? Осы сұраққа орай қысқаша мәлімет бере кетсеңіз.

– Күн тақырыбы: Халық құрылтайында қаралатын мәселелер және президент сайлауына белсенді бойкот жасау. Президенттік билік жүйесі біздің еліміз үшін қажет пе? Адамдардың әлеуметтік жағдайы, күнкөрісі неліктен қиындады? Тәуелсіздікке, мемлекеттікке төнген қауіптен, жемқорлық дерттен қалай құтыламыз? Қытайдың сол жақтағы қандастарымызға жасап жатқан қиянатына, елімізге ентелеген экономикалық экспансиясына қарсы тұратын күш қайда? Қарау сайлаулардан құтылудың, әділеттілікті орнықтырудың жолы қайсы? Міне, осындай сұрақтардың жауабын қарастыруды, азаматтардың талабын билікке жеткізуді және халықпен санасуға мәжбүр етуді көздедік.

– Киевке барғандар: Б.Тұрсымбаев, С.Әлібаев, У.Қайсаров, Қ.Мұқтай – елге танымал тұлғалар. Алайда елдің ішінде жүрген қоғамның белсенді өкілдері, әсіресе жастар жағы неге қамтылмай қалған деген пікірге не дейсіз?

– Астаналық қоғам белсенділері – М.Орысбай, А.Қапар, Т.Түбекова, І.Тиыштыбаева «қамтылмай қалған» деген пікірді жоққа шығарады. Халықтың өз ішінде жүріп, әсіресе жерді қорғау кезінде танылған, ой-санасы қоғаммен біте қайнасқан осындай інілеріміз бен қарындастарымыздың бары қандай жақсы! Әрине, қаражат мүмкіндігіміз болса, саясатқа жаңадан араласқан тым жас буынды да ертер едік. Олар елдегі құрылтайда көбірек көрінеді деген ойдамыз.

– Азаматтық қоғамды біріктірем деп, барлық күш-жігерін, моральдық-материалдық ресурстарын төккен азаматтар болды, бірі – атылды, екіншілері – қуғынға түсті, үшіншілері – қылмыскер атанып, сырттай сотталды. Осы жағдайларды ескере отырып, алдағы уақытта қоғамды топтастыруға қатысты шаруаны құрылтайдың іліп әкете қоюы қалай болар екен?

– Иә, небір асыл азаматтарынан айырылған, соларға зәру болған бүгінгі қоғамда олардың мемлекетшіл, қоғамшыл ісін, саяси күресін жалғастыру тіпті қиындады. Бірақ қол қусырып қарап отыруға еш болмайды. Құрылтай уақыт талабынан, қажеттіліктен туындады. Бұл – қоғамды топтастырудың бірден-бір тиімді жолы. Қандай партияда, бірлестікте болса да, ешқандай ұйымға кірмесе де, халық жиынына қатысып, елдік мұратты қорғауға атсалысатындардың баршасын шақырамыз. Қордаланған мәселені, биліктің қандай болмағын, оның тағдырын халықтың өзі шешсін!

– Нарық жағдайындағы Қазақстанда азаматтық қоғамның басын біріктіру үшін құрылтай жасақтауға қаржылық қолдау керек екені белгілі. Осы мәселені шешу мүмкіндігі қандай?

– Біздің алды-артымызда тұрған олигархтар, саяси топтар жоқ. Өздеріне икемдегісі келетін биліктен де аулақпыз. Отанына, мемлекетіне, ұрпағына жаны ашитын кәсіпкерлерге, шағын бизнестегі патриоттарға, қол ұшын созған қарапайым жандарға үміт артамыз.

– Халықтың қалауынан тыс, президент Назарбаевтың ырқымен құрылған саяси жүйені тазарту оңай шаруа емес. Осыған орай қоғам өкілдері проблеманың себебімен емес, салдарымен күресіп жатыр деген тәуелсіз сарапшылардың пікіріне не айтасыз?

– Рас, бүгінде баспанасыз, мардымсыз жәрдемақыға қараған аналар, алданған ипотекашылар, несие алып борышқа батқандар өз талабын қойып, көшеге шықты. Стихиялы түрде пайда болған әлеуметтік топтардың белсенді өкілдері билікті жағадан мықтап алды. Тәуелсіз сарапшылар соларға қарап пікір түйген болар. Ал мәселе мәнісін өзгермейтін саяси басқару жүйесінен – сыбайласқан, отбасылық биліктің өзінен іздейтін құрылтайшылардың, бойкотшылардың жөні басқа. Балықты басынан, былыққан билікті жоғарыдан бастап тазалау қажеттігін біз сарапшыларсыз да білеміз.

– Жуырда ЖСДП партиясы – «Ақиқат» аталып, төрағалыққа тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи сайланды. Жаңа төраға қоғамдағы күштерді біріктіру жөнінде ұсыныс жасады. Ермұрат Бапидың бірігу жөніндегі ұсынысы – сіздер құрғалы жатқан құрылтайдың мақсатына сай ма, әлде алшақ па?

– Біздің мақсатымыз – елде түбегейлі өзгеріс жасау, бейбіт жолмен, күрес жүргізу арқылы қылмыстық басқару жүйесін аластау, адамдарды кедейшіліктен, елді шетелдік тонаушылықтан құтқару, азаматтардың құқығы қорғалатын, еркін өмір сүретін әділетті қоғам орнату! Монархияға, жемқорлыққа, сатқындыққа орын жоқ! Конституцияны және конституциялық заңдарды жалпы халықтық мүддеге қызмет етуге бағыттау! Демократияны, сөз бостандығын төрге шығару! Осы тұрғыдан қарағанда алшақтық болмауы тиіс.

БОЙКОТ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

– Сайлауға үміткер ретінде түскен азаматтық қоғам өкілі Әміржан Қосановты қоғамның қолдауы күшті болып тұрған жағдайда бойкоттың мәселесі қалай болады?

– Бойкот сіз атаған үміткерге қарсылық тұрғысында жасалып жатқандай көретін, оның мәнін дұрыс түсінбеген адамдар бар. Қасақана теріс пікір туғызуға, жік салуға әуестенгіштер де жоқ емес. Сондықтан өте көкейтесті және маңызды мәселеге – белсенді бойкот тақырыбына кеңірек тоқталайық, сіздің мархабат етуіңізбен.

«Ұлы комбинатор» – «елбасы әрі президенттердің тұңғышы» атанған Пенде (есімі де елді жалықтырған кісі) Қазақстан Республикасында отыз жылдай билік құрды. Және әлі де одан айырылмастың айла-шарғысын жасап, кезектен тыс президент сайлауын өткізуге кірісті. Ол, өзі айтқандай, тақ мұрагерін алмастыру ойынын бұдан үш жыл бұрын ойластырған. Аңғал халық демократ шапанын жамылған диктатордың кезекті қулығын толық түсініп жатқан жоқ. Назарбаев сайлауға түспейді, сол мүмкіндікті пайдаланып, өз өкілімізді додаға салайық, бәлкім, жеңіп кететін шығар деген дәмемен жүр. Жарлықпен тағайындалған, кембағалдау болып көрінген Қ.Тоқаевты толыққанды президент жасаудың қитұрқы жоспары екенін ұғынып үлгермеді. Тоқаевты «жалпы халық сайлаған президент» етудің соңы Дариға Назарбаеваны сол орынға қонжитумен аяқталарын сезсе де, шайтанның арбауына шырмалды.

Біздер, белсенді бойкот жариялауды жақтайтындар, ең алдымен мұндай монархиялық мемлекет құруға қарсы екенімізді мәлімдейміз! Қазіргі президент сайлауы – Н.Назарбаев кеткеннен кейін де өзінің отбасылық билігін сақтап қалудың және оны біржолата орнықтырудың оңтайлы амалы. Демократияны, халықты пайдаланып, талай рет осындай сайлаулар өткізіп, мемлекет басқару тізгінін уысынан шығармаған әккі адамның әрекетіне біз қарсымыз!

– Жарлықпен тағайындалған президент Тоқаев сайлау әділ, таза, ашық болады деді…

– Оның қожасы да барлық сайлаулардың алдында дәл осылай уәде еткен. Халық сенген, сенбесе де көнген. Сондай сайлаулардың қараулықпен, дауыс ұрлаумен, ұятсыздықпен, бұрмалаумен өткені жалпы қауымға мәлім. Президенттік қызметінде «ұстазының» жолын жалғастыратынын ашық айтқан екінші пенде – Қасым-Жомарт та соны қайталайды. Сайлауды бұлар басқаша өткізе алмайды.

– Сіз бұрынғы және қазіргі президенттерді неліктен Пенде деп атайсыз? Бәлкім, жаңа басшы сайлауды басқаша өткізетін шығар?

– Биік лауазымда жүргендерді көтермелеп көкке шығарудың, көсем санап, табынудың зардабын тартқан елдерге қараңыз. Бұрынғы Кеңестер Одағы кезіндегі күйімізді, қазіргі Түркіменстан, Тәжікстан қатарындағы Қазақстанды мысалға алыңыз. Қолдан Вашингтон, Ататүрік жасау, өзге жұрттың алдында күлкіге қалу қазақтан басқаның қолынан келмейді. Ал біздің «Вашингтонымыз» халқын немен жарылқады? Әнуар Әлімжанов пен Шерхан Мұртаза айтқандай, «ұлылар елін ұрылар еліне», «алтын сандық үстінде отырған тақыр кедейлер еліне» айналдырды. Оны өздеріңіз шығаратын «ДАТ»-тағы қалың оқырманның ашулы наразылығы, өкінішті өксігі айғақтайды. Тұтас бір мемлекеттің тағдырына жауапты басшы қызметтегілердің де, басқалар секілді, Пенде екендігін есіне салу, елдің басына шығартып есіртпеу керек!

Тоқаев бұл сайлауды басқаша өткізе алмайды. Әділ, таза, ашық сайлауда олар, сөзсіз, жеңіліске ұшырайды. Ондай тәуекелге баратын, өздеріне-өздері көр қазатын ақымақ емес шығар. Сондықтан сайлау бұрыннан бар, әбден жетілдірілген айла-тәсілдерді қолданған биліктің жеңісімен аяқталады.

– Бойкот жариялаудың, соны іске асырудың басқа қандай қажеттілігі бар деп есептейсіз?

– Біріншіден, халық назарбаевтық отбасылық, олигархтық жүйенің өздері үшін пайдалы, ал республика азаматтары үшін залалды билік құруына дәл қазіргі сәттен бастап келіспейтіндігін ашық танытады. Екіншіден, мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екендігін және бұл халықтың ат төбеліндей азғана топтың манипуляция жасауына, алдауына жол бермейтіндігін ұқтырады. Үшіншіден, президенттік басқару Қазақстан үшін өзін ақтамаған, шын мәніндегі демократиялық, құқықтық мемлекет құруға, әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға, азаматтардың еркін, алаңсыз өмір сүруіне кедергі келтірген, жеке басқа табынуға, құлдық сананы қалыптастыруға жұмыс істеген жүйе болды. Сондықтан оны алдағы мерзімде керексіз деп табу, парламенттік-үкіметтік жүйеге ауысу мәселесі күн тәртібіне қойылған бүгінгі жағдайда президент сайлауын өткізудің мәні жоқ!

– Демек, кең тұрғыдан алғанда, билік жүйесін өзгерту, саяси реформа жасау бағытындағы халық талабы осындай мақсаттардан туындағаны ғой.

– Иә. Белсенді бойкоттың қоғамдағы қажеттіліктен туғандығын, оған жоғарыдағы жағдайлардың себеп болғандығын қайталап айтсам, артықтық етпес. 9 маусымдағы президент сайлауы босқа әбігершілік, қыруар қаржыны шашу. Адамдарды алдаудың кезекті қойылымы. Биліктің ойын ережесімен жүруді қоятын мезгіл баяғыда жеткен. Кезінде соны өзі де айтқан Әміржанның, үміткерлікке ұмтылып, назарбаевшылардың құрған торына түскені қынжылтады. Біз оның белсеніп шыққанын қызғанбаймыз. Саяси қателік жібергенін көріп тұрып, айтпай болмайды. Биліктің қалауына қарай қимылдағаннан да, оған батыл қарсылық танытқан жөн еді.

– Сайлауды биліктің өз қалауымен өткізуіне үзілді-кесілді келіспейтіндікті білдіруден, ондай сайлауды мансұқтаудан, ашық түрде азаматтық қарсылық білдіруден басқа не істейсіздер?

– Белсенді бойкот кезінде бүгінгі билік алдына шығаратын нақтылы талаптарымыз бар. Олар мыналар:

1. Сайлау туралы заңдағы азаматтардың Конституцияның 33-бабында көрсетілген құқығын – Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға қатысу құқығын – шектейтін баптарды алдырып тастау. Сайлау туралы заңның 54-бабындағы «президент болып сайлану үшін… мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға» деген талап бар. Ол мыңдаған, миллиондаған мемлекеттік қызметте болмаған азаматтардың өз құқығын пайдалануға тосқауыл жасайды. Президенттікке сайлану үшін шенеунік болуың керек дейтін талап кәсіпкерліктегі, саясаттағы, білім мен ғылымдағы, шығармашылықтағы және басқа да салалардағы адамдарды қорлаумен тең.

2. Конституцияның 42-бабында «Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қойылмайды» деп көрсетілген. Жеке бір тұлғаға айрықша артықшылық беретін «шектеу қойылмайтыны» жөніндегі соңғы тіркесті алдырып тастау қажет. Күні ертең-ақ Тоқаев президенттік қызметті атқара алмады деген сияқты сылтау тауып, тағы да кезектен тыс сайлау өткізіп, тұңғыш президенттің өзі үміткерлікке түссе, не болады. Қартайған, қалжыраған шағында президенттік сайлауға түспек болған Алжирдегі Бутефлика шалдың мысалы соған дәлел. Күні кеше Н.Назарбаев экономикалық форумға қатысқан шетелдіктер алдында: «Сайлауға түссем, халық болып тағы да мені таңдайтын еді», – деді. Дәмесінің зорын көрдіңіз бе! Иә, ол сайлауға түсуді қаласа, сол бір адамның мүддесіне ойластырылып жасалған заң кедергі келтірмейді. «Заңның алдында азаматтардың бәрі бірдей». Бірақ бұл қағиданы іске асыртпай тастаған бұрынғы президенттің өзі. Сондықтан кері кеткен заңды өзімен бірге әкетсін. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге енді көнбейміз!

3. Бейбіт заманда кезектен тыс президент сайлауын өткізуге мүлде тыйым салуды талап етеміз. Сайланған президенттер денсаулық жағдайына байланысты немесе қызметін атқаруға қабілетсіздік жағдайында импичмент жарияланып, ол қабылданған соң ғана кезектен тыс сайлау жариялануы тиіс. Сонда ғана билік басындағы президент өз қулығын іске асыру мүмкіндігінен айырылады, өзге үміткерлердің баршаға белгілі мерзімде болатын сайлауға дайындықпен қатысуына, шынайы бәсекелестікке жол ашылады.

4. Сайлаушылардың кемінде тең жартысынан астамы қатысқан жағдайда ғана сайлау өтті деп саналатын талапты Сайлау туралы заңның 41-бабына қосу керек. Әділетсіз, бұрмалаумен, дауыс ұрлаумен өткізілген сайлаулар халықтың мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға деген ынтасын жоғалтты. Халық мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі саналатын өз құзыретінен ажырап қалды. Мұның бәрі ең жоғарғы лауазымды иеленген адамның жеке-дара билеп-төстеуін, өзін басқа тұлғалардың ауыстыруына мүмкіндік бермеуін қалыптастырды.

5. Сайлау комиссиялары тұтастай жаңартылсын. Оның басшылығына биліктегілермен туыстық, жекжаттық жақындығы бар адамдарды жолатпасын. Назарбаевтардың құдасы Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінен босатылсын.

6. Қазір Қазақстан Республикасында қос билік қабаттасты. Қауіпсіздік кеңесін басқару арқылы Қарулы күштерді, Ішкі істерді, ҰҚК-ны уысында ұстаған Н.Назарбаев тағайындалған президентке ықпал еткені секілді, сайланатын президентке де өктемдігін жүргізеді. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымына оны халық сайлаған жоқ. Кезінде өзінің қызмет бабын пайдаланып, елбасы, тұңғыш президент мәртебесін ойлап тауып, қуыршақ депутаттарға заң шығарту арқылы бекітіп алған. Сондықтан оған ешбір мемлекетте жоқ жөнсіз артықшылықтарды сыйлаған заңсымақтарының күші жойылсын.

7. Д.Назарбаеваны сенат төрағасы еткен Қ.Тоқаев таяу жылдарда президент орынтағын да оған қалдырары даусыз. Қазіргі сайлау сол жобаның екінші кезеңі. Ал солай боларын халық сезіп отырған жағдайда түпкі мақсаты белгілі, қитұрқы, кезектен тыс сайлауды қолдау – монархиялық билікті орнықтыруға жәрдемдесу. Біз бұған келіспейміз!

Белсенді бойкоттағы талаптарымыз, міне, осындай.

– Талаптарыңыз таспен ұрғандай екен!

– «Таспен ұрғандай» демекші, саясаттанушы болса керек, таяуда біреу былай депті: «Билікке тас атамыз деп мемлекетті құлатып алуымыз мүмкін. Қазір жақсылыққа жетеміз, демократияға жетеміз деп, керемет сайлау өткіземіз, бүгінгі саяси таққа таласамыз деп, екі-үш облыстан айырылып қалсақ, келешек ұрпақ кешіре ме, кешірмей ме?!». Не деген сақтық! Жақсылыққа, демократияға ұмтылсақ, екі-үш облыстан айырылып қалуымыз мүмкін екен! Мұндай жоқ жерден үрей туғызуға тыраштанудың астарында не жатыр? Билікке қарсы келме, дегеніне көне бер. Сайлау сайын осындай сасыған саясаттың иісін шығарып қояды. Қазіргі жемқор, сатқын билік екі-үш облыс тұрмақ, тұтас Қазақстанның өзін де, тәуелсіздігін де саудаға салып болды емес пе! Сіздің теңеуіңіздегідей «талапты таспен ұрғандай» етіп қоймаса, мына билік былқ етпейді.

– Бойкотты белсенді жүргізесіздер ме, әлде сайлауға бармау, дауыс бермеумен ғана шектелесіздер ме?

– Бойкот – бұл ең алдымен саяси талап. Ол талаптарды жоғарыда айттық. Тәуелсіздік жылдарында Пенде бірде-бір таза, әділ, ашық сайлау өткізбеді. Пендешілікке салынған сайлаушылар қаншама рет алданды. Енді тағы да алданғысы келіп отыр. Қашанғы алданасың, қойсаңшы! Бұл жолы президент әкімшілігіндегі ақылды бастар өлі сайлауды тірілту, жұртты қызықтыру, учаскелерге келтіру үшін тәуекелге барды. Оппозицияның өздері үшін оңды, танымалдығы бар, шеңберден шығып кетпейтін бір өкілін додаға кіргізді. Демократияға жаны ашығандықтан емес. Өздері қой санайтын қауымды қораға қаумалаудың тәсілін осылай тапты. Қулықтарын әзірше іске асырып жатыр.

Көпшілікке арнап қояр сұрағымыз бар. Ау, халқым! Үміткеріңді өткізбейтінін қалайша білмейсің?! Оның өзі де соншалықты жұлқынып тұрмаса, ертең жиған дауысы ұрланғанда, оны табандылықпен дауламаса, жақтаушыларын соңынан ертіп атой салмаса, несіне оған дауыс беремін деп даурығасың? Шындықтың бетіне тура қарайықшы. Мұның не қылған сайлау екендігін алдымен ұғынып барып, өз таңдауыңды жасамайсың ба? Мұндай қарау сайлаусымаққа дәл осы жолы бармасаң, ашық түрде бас тартсаң, бұл шара жаппай жасалса, билік не істейді? Зорлай ма? Қаңырап тұрған бос учаскелерде қолдан түзген көрсеткіштеріне кім сенеді? Масқарасы шыққан соң ғана келесі сайлауды дұрыстауға мәжбүр болады емес пе? Бойкоттың нәтижесі дегеніміз сол: алдауға көнбейтін өр мінезін халық табады. Билікті өзгертемін десең, алдымен өзіңді осылай өзгертпейсің бе?

Дәл дауыс беретін күні сайлау учаскесіне барып, үміткерлер тізімі көрсетілген парақшаға үйден апарған қаламмен бадырайтып тұрып «Бойкот» сөзін жазып, оны суретке түсіріп алған соң урнаға салса, кім қой дейді? Немесе учаскеге өзге наразы адамдармен бір мезгілде жиналып, есігінен арыға аттамай, дауыс беруден бас тартатынын бақылаушыларға жария етіп, мәлімдесе болмай ма? Үйде жатып алмай, әлгіндей қарекет жасаймыз дегендердің пікірі осындай. Әркім өз таңдауын жасайды. Өз жақтастарын молайтуға жұмыстанады. Халық – ұлы күш. Біріксе, билікті жөнге салады. Көнбесе, кетіре де алады!

– Рахмет, Рысбек аға, сол күнге тезірек жетейік!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн