САЙРАГҮЛДІҢ ТАҒДЫРЫ қазақ-қытай саясатына тіреліп тұр

Отбасына қосылу үшін екі бірдей елдің шекарасын «бұзып өткен» қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облыстық көші-қон қызметі басқармасының жанынан құрылған комиссия үстінен түсірген талап-арызы бойынша сот процесі Талдықорғанда қайта жалғасты. Шағым беруші жақ соттан комиссия шешімін заңсыз деп тануды, Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруді сұрап отыр.

Еске салсақ, 2018 жылы қазан айында Қазақстан билігі Шыңжаңда туған, Қазақстанда «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Сайрагүл Сауытбайдың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағатандырмаған еді. Мәселені қараған комиссия «Сайрагүлдің Қытайда қудаланғаны дәлелденбеді» деген қорытынды жасаған болатын. Сайрагүл Сауытбай мен оның адвокаты Айман Омарова соттың бұл тұжырымымен келіспейді. Сот процесінде негізінен Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесі берілмеуінің негізгі себептері талқыланды. Сотқа Алматы облыстық полиция департаментінің екі маманы және облыстық көші-қон қызметінің бір өкілі қатысып, осы мәселе бойынша жауап берді. (Қазақша өткен сот отырысына қатысқан ұлты қазақ полиция департаментінің өкілдері орыс тілінде, аудармашы арқылы жауап бергендері көрер көзге, естір құлаққа күлкілі болды).

Сотқа шағым берген Сайрагүл Сауытбай өзінің Қытайда 2016 жылдың қараша айынан бастап қудалана бастағанын, барлық құжаттарынан айырылып, Қазақстандағы отбасына жете алмағандықтан «шекараны заңсыз кесуге мәжбүр болғанын» айтты. Талдықорғандағы комиссия жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің комиссия құрамында жоқ белгісіз адамдары араласқанын, олардың өзінен «босқын мәртебесін алмасаң да, шағымданбауды талап еткенін» де айтып, былай деді:

– Маған босқын екеніңді дәлелдейтіндей құжаттар жина деді. Жинап әкеліп едім, енді оның қажеті жоқ деп, ҰҚК өкілі – Жандос деген жігіт алып кетті. Ал «Босқын» мәртебесін неге бермедіңіздер?» – деген сұрағыма: «Екі мемлекеттің қарым-қатынасына әсер етеді», – деген жауап алдым. Менің тағдырым осылай ойыншық болып қалды.

Ал айыптау тарабының өкілі Әсем Егізбаева Сайрагүлдің айтқандарына дәлел талап етіп, «құрғақ сөз, оның бәрін дәлелдеу керек» деді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін, адвокат Айман Омарова айыптау жағынан комиссияның Сайрагүлден сұрақ-жауап алу кезінде түсірілген видеоны талап етті.

Полиция департаментінің өкілдері «босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесі бір күннің ішінде шығарыла салмағанын», «Сайрагүлден сұрақ-жауап алынып, ақпараттың мұқият тексеріліп» барып, шешім шыққанын айтты. Олар бұл тұрғыда Қазақстанның «Босқындар туралы заңында» көрсетілгендей қажетті процедуралардың бәрі сақталғанын айтты.

Айыптау тарабының айтуынша, Сауытбайға «босқын мәртебесін беру» мәселесін қараған талдықорғандық комиссияның құрамында жеті адам: арасында облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларының мамандары, «Нұр Отан» партиясының өкілі болған. Адвокат Айман Омарова «бұл мамандардың босқын мәртебесін беру туралы мәселеге қандай қатысы бар?» деген сауалына «комиссияның әу-бастан осындай құрамда бекітілгені» айтылды.

Сәуірдің 8-іне белгіленген келесі сот отырысы көңілдегі көп күмәнді сейілтеді деген үміттеміз.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн