ТАРИХИ КЕЗЕҢ ТАҢДАУЫ: авторитаризм шырғалаңы ма, демократиялық жаңғыру ма?

Өткен сайлау науқаны қазақ қауымына бір-екі саяси сабақты ұқтырғандай. Саяси тұлға ретінде Әміржан Қосановтың «саяси үлгісі», меніңше, қазіргі саяси үрдістің астарындағы кейбір, шірік исі шыға бастаған саяси жағдаяттарды ашып көрсеткендей.

Біріншіден, сөздеріне, жазғандарына, жария саяси ұстанымына қарап, ең болмағанда, биліктің озбырлығына келіспейтін, ақылды, білімді, ұлтына адал адамдар саналып келген оппозиция тұлғалары биліктің идеологтарымен шын саяси-идеялық тіресуде өз ұстанымдары жеке түсінік емес, мемлекеттің қажетті, заңдылықты саяси эволюциясы бағытына сай екенін, демократия халықтың терең, өміршең мүдделері тұрғысынан бәрібір жүзеге асатын ақиқат екенін, биліктің идеологиясы мен саяси технологиясы қалың қазаққа, оның мемлекеттігіне жасалып отырған қиянат екенін дәлелді түрде айта алмады. Мүмкін, жекелеген тұлғалар болмаса, қазақ интеллигенциясына тән қоғам мәселелерін жүйелі, терең ұғынудың, ойлау мәдениетінің қажетті деңгейі жетіспеген шығар.

Бұл жерде биліктің идеологиясына қарсы қазақ оппозициясының, бір-екі партияның саяси насихаттан тыс қалғандай бағдарламалары болмаса, қажетті деңгейде жүйеленген идеялар жиынтығының болмағаны, әлі де тапшы екендігі және бар. Меніңше, қазақтың саяси белсенділері ғылыми жүйеленген саяси идеялардың қоғамдық күшін әлі жақсы түсінбеген сияқты. Қосановпен болған «оқиға» – сол оппозиция жетекшілерінің интелллектуалды, рухани-идеялық түсініктері олардың терең өмірлік ұстанымына айнала алмағанының бір айғағы.

Екіншіден, биліктің идеологиясы мен саяси технология тұтқаларын ұстап отырғандар авторитаризмге, оның «құраны» – елбасышылдыққа соншалықты берілгендіктен бе, әлде адамды шыбын құрлы көрмейтін шексіз биліктің тәтті дәміне масайғандықтан ба, бұған дейінгі европаланған бетперделерін лақтырып тастап, 1905 жылы орыс жұмысшыларын оққа алдап апарып, қашып кеткен Гапон молданың «кебін» қазақтың бір баласына кигізгендері, сайлаудың «әділдігін» ашық, өз қолдарымен жасағандай болғаны – соңғы 20 жылда қазақтың саяси тарихында болмаған «ғажайып» іс еді. Меніңше, ел ішіндегі барлық мәселелер кенет «ақтарылып», халық арасында күтпеген саяси-идеялық толқыныстың оянғаны билікке қорқыныш ұялатты, үйреншікті саяси технологияларынан «адастырып», өздері ойлап тапқан демократиямен «ойынның» қызып тұрған «шөбіне» от тастап жібергендей болды.

Үшіншіден, мүмкін, жақын болашаққа үміт беретіндей өзгеріс, қалай десек те, қоғамның басым, жетекші бөлігі қазақ қауымының соңғы 20 жыл көлеміндегі интеллектуалды-рухани жаңғыруы саяси белсенділіктің келесі сатысына көтеріле бастағанын білдіретін сияқты. Әсіресе ғаламтордағы жастардың ойлары мен батылдығы осындай ойға жетелейді. Осы 20 жыл барысында авторитарлық биліктің «дұғасына» айналған «түбіміз бір қазақпыз, біздің де мақсатымыз – елімізге, ұлтымызға игілік жасау, оны біз «кейінірек», «басқа жолмен» орнатамыз» деген «әдемі» болашақ туралы «жақсы» сөздеріне көніп, билік аса ұнататын «біз қазақпыз, ерекшеміз, өзіндік жол табамыз» деген ақымақтығына бәрібір бас шұлғып, өз өмірін өзі байлаған саяси-идеялық дәрменсіздіктен енді арыла бастағандай. Мүмкін, «Қосанов оқиғасы» кезінде «Байменов феноменімен» басталған кезеңнің соңғы беті болатын шығар.

Назарбаев президенттіктен кетерінің алдында саяси бәсекелестік туралы бірдеңені міңгірлеген болатын. Белгілі мақалда айтылғандай, «бүкірді тек қабір ғана түзейді». Кейінгі саяси оқиғаларды, сайлау науқанын, «қуыршақ» партиялардың «клоун» кандидаттарының қойылымдарын шын саяси бәсекелестіктің деңгейіне көтермек болған саяси «ойындар» – сол «бүкірдің» нүкістігінен аспады. Бірақ ұлт – авторитарлық билік арсыздықпен «өзімізсініп» алған тобыр емес. Әр білімді, ойы адал, отансүйгіш азаматтың қандай болмасын билікке сын айтып, оған түрлі дәрежеде оппозицияда болуы – өзін тұлға ретінде сыйлаудың бастамасы. Ал біздегі сияқты іріп-шіріген жемқор билікті моральдық тұрғыда қабылдамау, одан жирену – жаны таза адамға тән қасиет, ал оның ұлт өмірінен тезірек кетуіне атсалысу –азаматтық парыз. Сондықтан авторитарлық, «елбасышыл» билікке қарсы биік адами қасиеттерден айнымаған қазақ арасындағы түрлі деңгейдегі оппозиция біртіндеп, кең қанат жаяды деп ойлауымыз керек.

Ендеше авторитарлық билік түрмеге тоғытып, ерен жетекшілері «белгісіз» жағдайда өлген, енді біреулерін «қырдан асырған», биліктің тоқтаусыз «қамқорлығынан» әлсіз, басы бірікпейтін жағдайға келген, бірақ оған қарамай, саяси үрдісте қайтадан «жаңаша» жандана бастаған «оппозиция» туралы бір-екі ой айтайын.

«Оппозиция» сөзінің мағынасы – «басқа ұстанымдағылар», билік саясатына «келіспеушілер». Еліміздегі жағдайға тиісті айтсақ, авторитарлық билік өз саясатымен қалың қазақты 20 жылдай көлемде «наразылар» мен «келіспеушілер» тобына өзі итермелеп келді. Ақыры сол саясат момын қазақтан «экстремист», «террорист» те жасады. Яғни, биліктің жемқор, ақылсыз саясатының негізінде елімізде біртіндеп әлеуметтік оппозиция қалыптасып, ол ары қарай президент сайлауы тек түрткі болған саяси, идеялық оппозицияға ұласты.

Кезінде биліктің жетекші бір саясат технологы: «Оппозиция … билікті былай қойғанда, қоғамдық пікірге, жалпы саяси жағдайға ықпал ете алмайды,.. қазіргі «оппозиция ескеретін де күш емес… және бұл биліктің емес, оппозицияның өз мәселесі» деп, сол кездегі оппозиция туралы ақылгөйсіген еді. Шынын айтсақ, бұл – дертті «ауру бастан – сау басқа аударудың» амалы еді. Бір ғажабы –оппозицияны тар, ауасыз, тамақсыз қапаста ұстап, оның үстіне биліктің «жендеттері» мен жандайшаптары оны нұқып немесе теуіп кетіп (оппозиция да қазақтың бір баласы емес сияқты), «міне, айттық қой, мына жерде отыра беріңдер» дегендей, мазақ қылатын еді. Биліктің «мырзалары» оппозицияға жылы қабақ танытпағаны былай тұрсын, қоғамның саяси өмірінде оның өзіне тиесілі орын ала алмауы – оппозицияның емес, биліктің мәселесі және бірінші кезекте олар басқарып отырған мемлекеттің кемшілігі екенін мойындағысы келмеді.

Ал мемлекеттің кез келген сыртқы қауіпке беріктігі тұрғысынан айтсақ, биліктің саяси-психологиялық жаншуына авторитаризмге «ыңғайлы» қазақ қауымының мінезсіздігі, саяси мәдениетінің төмендігі, дәлірек айтсақ, оның билік қолымен «соғылғандығынан» туатын саяси немқұрайлылығы – қауіпті қоғамдық құбылыс екенін түсінгісі келмеді. Олар қазірдің өзінде билік пен оппозиция белсенділері тең құқылы саясат субъектілері болғанда ғана ұлттың креативті потенциалы дамып, мемлекеттің нағыз дамуына жол ашылатынын ойламайды. Демек, қазіргі билік саясатындағы алаяқтықтың, жауапсыздықтың, қоғамды шіріте бастаған жемқорлықтың саяси-құқықтық тамырын билеуші адамдарының қателесуінен гөрі, қылмыстық өңі бар деуге келетін ұлт мүдделеріне жасалған, әлі де жалғасып жатқан опасыздықтан іздеу керек сияқты.

Бұл жағдайдың екінші жағын ежелгі грек философы Фалес айтқан: «Бәрінен кемеңгер – уақыт, ол бәрін ашып көрсетеді»! Сондықтан 1989 жылдан биліктің «шыңында» болған Назарбаевтың өткен кезеңдегі әр мемлекеттік оқиға мен шарадағы орны мен рөлін, қалыптасқан авторитаризмге, қазақ менталитетіне «үйлесімді» деп табылған «елбасшылыққа», елдің «жаңаша» тарихына – бәріне «көзін ашып» көрсететін кемеңгер уақыт. Тек бір нәрсені ұмытпаған жөн: тарих бетіне жазылып қалған істері мен сөздері үшін әр «үлкенді-кішілі» адам ұрпақ алдында да, өзінің адами ары алдында да жауап береді. Сол уақыт пен ренішті ұрпақ «соты» таяп келе жатқандай.

Европа саяси мәдениетінен қалған бір сөз бар: «Олар ешнәрсе түсінбеді, олар ешнәрсеге үйренбеді!» деген. Өткендегі «Кемеңгерлікке – 30 жыл» саяси шарасын еске алыңыз: залдағы – өткен кезеңді «қолдарымен жасағандар», ешқандай сезімді білдірмейтін бетпақ беттер, кептеп киіп алған «бетперделер», жансыз сияқты тоқтап қалған жанарлар… сол «түсінбеу» мен «үйренбеудің» айқын белгісі. Міне, демократияны ауызға да алмай, қандай болмасын «…измнің» негізінде қоғам өмірінің өзгеруіне, жаңаруына қарсы сірескен «мұз» осы. Европа елдерінен қазақи айырмашылығымыз сол болар – әр «бетперде» кезінде түрлі дәрежедегі «таққа» отырғанда, «атқа қонған» қырық бауырлары, енді бала-немерелері де «сіресіп», «аға, ата жолы» өздерінің қазіргі жағдайларының бірден-бір кепілі екенін жақсы біледі. Ұлт өмірін демократия, өркениет жолымен жаңғыртамыз деген әр азамат қазақтың бүгіні мен болашағындағы осы «мұздың» керітартпа орны мен ролін жақсы түсінуі керек. Бірақ қалың беттерімен халыққа қанша сұс көрсеткенімен, өздерінен бәрібір жоғары тұрған ұлттың құдіреті алдында олар дәрменсіз, бәрібір Европа көрсеткен саяси үлгі орнайды – әділ сайлау заңы, әділ, ашық сайлау, түбегейлі саяси-құқықтық өзгерістер болмай қоймайды.

Оппозиция туралы ойды аяқтасақ, биліктің саяси технологтары кезінде болған және қазір де орын алып отырған саяси-құқықтық жағдайды білмейтіндей, ол кездегі оппозицияның әлсіздігі – қызмет жасап жатқан, тармақтанған «төменгі ұйымдардың, белсенділердің күшті жиынтығы болмауы» салдарынан деп, екіжүзділікпен көкіді. Оған қоса, оппозицияның мықты ақпараттық-үгіттеу жұмысын жүргізуге ресурстары болмауын да бетке басты (қарны тоқ «Нұр Отанмен» салыстырғаны ғой!). Әрине, жергілікті билік құрылымдары тарапынан «үнсіз террор» әдістері тоқтаусыз қолданылса, қандай «қызмет жасайтын ұйым», қандай «ресурс» шығуы мүмкін?

Бірақ қазір қалай айтсақ та, қоғам өзгерді, қазақ қауымы да басқа. Сондықтан, меніңше, елдің авторитарлық бұғаудан босап, демократиялық жаңғыруды бастауы шын мәнінде тарихи уақыттың еншісіне тигендей. Демек, көбіне саяси арандату әрекеттерімен ұлт «керуенін» қалай да тежегісі келетін «саяси пигмейлердің» тырбаңына қарамастан, ол кезең қоғам заңдылығы ретінде орнайды. Отанымыз қазақ мемлекеттілігімен 30 жылдай бірге болған өтірік, залымдық, жауапкершіліксіздікке негізделген, сатқын «саяси ойындар» кезеңін аяқтап, ақиқат пен жоғары жауапкершілікке бас иген, ұлтының ақылды, білімді, ізгі ниетті, адал ұл-қыздарының жігерімен нағыз қазақ мемлекеттігінің негізін қайтадан қалау қажеттігі алдында тұр.

Осы тұрғыда, халық өмірінің күнделікті тауқыметінен, драмаларынан өз сәнді орталарында жабық жүріп жатқан барлық қазақ эстрадасы «өрендеріне» сабақ болар мысал бар. Өткендегі жер мәселесінің митингтері кезінде белгілі әнші қызымыз бен оның продюсер күйеуі концертіне жұмсалған қаржыларын құтқару үшін «тоқал» пиарын қолданыпты. Қызымыздың сол пиарын түсіндіруі былай болды: «Шығармашылық кешіміздің алдында ел-жұрттың митингілеп жатқанын (таза еріккендіктен деп ойлаған болуы керек) қаладық па? Ол кімге керек? («Кімі» – «Жер» деп зар илеген халқы!). Мұндайды шетелде жүз пайызға қолданады», – деді. Сөйтсек, оның ойы «алаңға шығайық» деп желпініп (?!) тұрған халықтың көңілін «тоқал» мәселесіне аудару екен.

Сөз болған соң айтайын: қазіргі сырт пішіні мен мазмұны европалыққа еліктейтін қазақ мәдениеті мен қоғамына да «тоқал» мәселесін қоздыру – өркениетті көзқарасқа жат, кереғар пиғыл екенін түсіну керек. Олай дейтінім, «тоқал» – қазақ санасында қалған феодалдық психологияның жарқыншағы. Мазмұны – әйел баласының қоғамдағы саяси, әлеуметтік, рухани орнын төмендетіп, ерікті, тең құқылы әйелді ермекке, ойыншыққа теңеу. «Мен нағыз қазақпын!» деп кеудесін керетіндерге келсек, өзінің өрісі тар, пасық, интеллектуалды және мәдени мешеулігін еркексымақ көкірегімен жасыруға ұмтылудың амалы.

Сол қызымыз ары қарай: «Сөзге қалатынымызды білдік, оны қасқайып тұрып қарсы алдық», – дейді. (Қандай «жанкештік», қандай «ерлік». Шіркін, осы қасиетті халықты жақтап, билікке көрсетсеші! Бірақ ол үшін ұлтына берілген үлкен саяси сезім мен жүрек қажет-ау!). Қарап отырсақ, халқынан жабық, «тәтті» өмір, тойшыл «өнер» адами қасиеттері дұрыс сияқты «жұлдыздарды» қандай виртуалды болмысқа алып кетті?! Мемлекет әнін шырқайтын олар мына мемлекеттің негізі, өміршеңдігі төменнен шыңына дейін «жарқыраған», дүние жүзі «сүйсінетін-мыс» билік иелері емес, сол «Жерім!» деп көтерілген, қарапайым, даланың исі аңқыған қалың қазағы екенін сезінеді ме, ойлады ма екен?

«Ұлы кең дала», «байтақ ел, бақытты, батыр халық», «ел бағына жаралған кемеңгер елбасы», «қасқайған мүсіндер сияқты ұлдар мен қыздар» қазіргі қазақ эстрадасының жаттанды, поэзиялық мәні жоғала бастаған, маңыздысы – қазіргі қазақтың нақты жағдайында азаматтық сезімді оятудың орнына, арамза саясаттың алдамшы трендтеріне айналған. Ал қазақтың жұмыссыз, кедей, пара берумен күнкөріс көзін тапқан, құқығы тапталуына көнбіс бөлігін айтпағанда, қызметтері бар, жағдайлары тәуірлеу, бірақ бастықтардың «өзім білеміне» тәуелді, жалтақ рухани-психологиялық бейшаралықтан азаматтық қасиеттерден айырыла бастаған халықты қайтеміз?!

Бірақ сөз басқада. Қызымыз бен оның күйеуінің митингілер кезінде жасағандары, оны жалпақ қауымға ашық сұхбатта айтуы, өздерінің адами ұстанымдарын қазаққа үлгі ретінде көрсетуі – қоғамдық құбылыс. Ол тиісті бағасын алуы керек және маңыздысы – сол адамдардың жеке қасиеттерінен, сіңірген еңбектерінен тыс, әділ бағалануы – ұлттың рухани айығуына қажет нәрсе. Сондықтан әнші қызымыздың ойсыз, ақылсыз, ұлтына мейірімсіздігін өзі түсінбейтін балаң сезімдей өзімшілдігін, халқына жасаған опасыздығын айтпасқа болмайды. Осыдан бірер жыл бұрын осы қызымыз туған өлкесіне барып, ауылының жағдайына жаны күйзелгендей сөз айтқан сияқты еді. Бірақ ол көңіл ұмытылды ма?!

Саяси жүйе елге қызмет етудің орнына, өз ішінде лауазым мен байлыққа таласып әлек. Ал халықтың өмірлік жағдайы күннен-күнге ауырлап бара жатқан біз сияқты елде саясатқа араласпау, ұлтыңның болашағы бұлыңғыр өміріне жүрегіңнің ауырмауы, қазағыңның өз елі мен жеріне толыққанды егемендігін ойламау – опасыздық!

Байтақ елімізге қарағанда, біз – қазақ тым азбыз. Сондықтан әрбір жібі түзу, ұлтына жүрегі жылы адам отанының дамыған елдер қарыштап кетіп бара жатқан демократия мен өркениет жолына бұрылуына атсалысуы керек. Сондықтан ақылды, білімді, көкірегі ояу, ұлтын ойлайтын ұл-қыздарымыз бар дейтін ақ жүрек, адамгершілік пен кең пейілден айнымаған қазағымызды ар-ұжданымыздың санасынан өшірмеу – перзенттік парыз. Аз ғана қарын тойғаннан – ақымақтық па, өзімшіл, пасық пендешілік пе, жоғарыда айтылған ойсыз, санасыз, опасыздық па – барлығымыз ұрпағымыздың болашағы үшін ес жиып, тарихи таңдау жасауымыз керек…

Әлімхан НҰРЕКЕЕВ,

тарихшы

Республиканский еженедельник онлайн