Төрт жыл жазықсыз ОТЫРҒАН МАКС түрмеден шыға ма?

  • Кеше – 20 қаңтарда Атыраудағы УГ-157/9 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткен көшпелі сот азаматтық белсенді Макс Боқаев пен оның адвокатының судьяны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Істі судья Гүлжиян Мүтиева жүргізді.

Бұл туралы «Азаттыққа» адвокат Жанар Сүндетқалиева хабарлады. «Сотта Макс процестің ашық екенін, онда мемлекеттік немесе коммерциялық құпиялар талқыланбайтынын айтып, судьяның сотты интернет байланысы қалпына келгенше шегеруіне болатынын, бірақ ол бақылаушыларсыз тез өткізіп жіберуге тырысқандықтан сенімсіздік білдіргенін айтты. Мен оны қолдадым. Прокурор судьяға сенімсіздік білдіретіндей мәселе жоқтығын айтты. Судья да прокурорды қолдап, өтінішті қанағаттандырмады», – дейді Жанар Сүндетқалиева.

Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Макс Боқаевқа бостандыққа шыққаннан кейін үш жылға дейін әкімшілік қадағалау тағайындау туралы ұсынысы қаралатын сот 19 қаңтарда онлайн өтуі тиіс еді. Атырау қалалық №2 сотының судьясы Ержан Әліпқалиев Боқаев жазасын өтеп жатқан УГ-157/9 мекемесімен ортада интернет байланысы болмағандықтан, сотты түрмеде өткізу туралы қаулы қабылдаған.

Бұл сотқа бақылаушы ретінде Қазақстанның әр өңірінен қатысқан құқық қорғаушылардың наразылығын туғызып, «сот бақылауы болмауы үшін әдейі жасап отыр» деп санайтындарын айтқан.

Адвокат Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, сот сәрсенбі күні жіберген хабарламасында «колониядағы интернет жүйесі қалпына келсе, процесс онлайн өтуі мүмкін» екенін хабарлаған. Енді Боқаевқа әкімшілік қадағалау тағайындау туралы сот 22 қаңтар күні Атырау уақытымен сағат 11-де УГ-157\9 мекемесінде өтеді.

Адвокаттың айтуынша, Макс Боқаевқа қатысты Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) сотқа түсірген ұсынысында оның жазасын өтеу мерзімі ішінде «ішкі тәртіпті сақтамады, сегіз мәрте тәртіп бұзушылық жасады, ескерту алды, тәртіптік изоляторға қамалды» деп тізбелеп көрсеткен. Ол ҚАЖД мекемесінің «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» заңның 2-бабы «а» тармағына сілтеме жасап («қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін»), бақылауға тиістілігін көрсеткенін айтады.

«Бірақ мен адвокат ретінде мұнымен келіспеймін. Себебі Боқаев Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінде ешқандай ескерту алмаған, оның мінез-құлқына қатысты ешқандай сын жоқ. Оның үстіне Боқаев өзін «заңсыз сотталдым, кінәсізбін» деп санайды. Ол жазасын өтеу уақыты кезінде мекемеге дезорганизация жасау тәрізді әрекетке бармаған», – дейді адвокат.

Еске салсақ, Макс Боқаевтың жазасын өтеу уақыты 4 ақпанда аяқталады. 48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Ол 2016 жылы Жер митингілерінен кейін ұсталып, «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған.Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн