ҚАЗАҚ ЖЕРІ – жамап алатын ЕТІК ЕМЕС

Кеше – сәуірдің 14-інде шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салуды қарастыратын заң жобасын мәжіліс екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Ресми ақпаратта заң жобасын жер пайдаланушыларға, шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық компанияларға, сонымен бірге қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншікке алып, жер иелену құқығын беруге тыйым салатыны айтылуда.

Жер комиссиясының құрамында «арпа ішінде бір бидай» болған, қоғам өкілдерінің бірі, маңғыстаулық ұлт жанашыры Жәнібек ҚОЖЫҚ мырзаны «ДАТ!» айдарындағы ашық әңгімеге тартып, заң жобасының қалтарыс тұстарына қатысты пікірін білген едік.

Жәнібек ҚОЖЫҚ:

– Ресми БАҚ пен биліктің жалдамалы басылымдары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы парламент мәжілісінде бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды, «жер сатылмайтын болды» деп жатыр. Елде наразылық туғызған жер мәселесінің тақырыбы осымен жабыла ма? Жер комиссиясының мүшесі ретінде қарапайым халыққа осы жағдайды түсіндіріп беріңізші.

– Қазақ халқының билікке қойған басты талабы орындалды. «Жер шетелге сатылмайды, шетел азаматына жалға берілмейді» деген ұсынысты президент Тоқаев мырза парламентке жіберді. Жақында бұл заң күшіне толық енеді. Бұл қуанышты жағдай, бірақ жер мәселесі толық шешілді деп айта алмаймыз. Бұл халықтың назарын уақытша болса да басқа жаққа аудару ғана. Ауыл шаруашылық жерлері Қазақстан Республикасының азаматтарына сатылатын болса, халық бірінші – жерден, екінші – билік сенімнен, үшінші – ел Тәуелсіздіктен толық айырылады. Жер – жыл сайын төлдейтін мал емес, жамап алатын етік емес, өсіп орнын толтыратын шөп емес. Жеке меншікке сатылып кеткен жерді ешкім қайтып ала алмайды.

Қазір біз жерді жеке меншікке берсек, оны тек қазақтар ғана емес, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған өзге ұлт өкілдері де алуға құқылы болады. Мысалы, 30 жылдың ішінде қаншама мың қытайлық Қазақстан азаматтығын алды. Ата заң бойынша олар да бізбен тең құқылы, олар да қазақтың 218 миллион гектар ауыл шаруашылық жерінен сыбаға сатып алады. Себебі олардың артында қуатты алып мемлекет тұр. Олардың қандай мақсатпен Қазақстан азаматтығын алғанын біз білмейміз. Жер комиссиясындағы Алмасбек Садырбай сияқты азаматтар «жер қазаққа сатылсын» деп, халықтың назарын басқа жаққа аударуда. Заң бойынша Қазақстан азаматтары тең құқылы. Менің ұсынысым – жерді ешкімге сатуға болмайды.

Құнарлы жерді бір қазақ сатып алса, сатылған жер оның 70 ұрпағына мәңгі мұраға қалады. Менің ұрпағым өмір бойына жерсіз, бір байдың жерін жыртумен, соған қызмет етумен өтеді. Бұл әділетсіздік деп санаймын. Жерді 49 жылға жалға беруге де қарсымын. Жерді игеруге 25 жыл толық жетеді. Бұрынғы заңсыз сатылып кеткен жерлерді сот арқылы қайтып алу қажет. Жердің пайдасын халық ортақ көруі керек. Бұл туралы комииссияда толық баяндадым.

– Заң жобасы парламенттің талқысына түскен соң, Жер комиссиясының жұмысы сонымен біткені ме, жоқ әлде билік бұл комиссия арқылы тағы бір қитұрқылықты жүзеге асырайын деп отыр ма?

– Жер коммисиясының жұмысы – заң жобасын талқылау, парламентке ұсыну. Сонымен тоқтайды. Жер туралы заңда 170 бап бар. Соның ішінде маңызды дегендері талқыға түсетін болады. Бірақ ең маңыздысы, ең бастысы – ауыл шаруашылық жерлері жеке меншікке сатылмасын. Комиссия бұл мәселені шеше алмайды, сондықтан да халықтың қолдауы қажет. Егер де халықтың 1 пайызының саяси сауаты көтеріліп, «жер сатылмасын!» деп көшеге шықса, билік халықтың барлық талабын орындауға мәжбүр болады. 19 миллион адамның 1 пайызы 190 мың халық. Мәселен, Алматыда – 20 мың, Астанада – 10 мың, Шымкентте – 10 мың, басқа қалаларда да солай 1 пайызы алаңға шықса, жер тағдыры толық шешіледі.

– Иә, ауыл шаруашылығына қатысты жер шетелдіктерге ғана емес, жалпы қазақстандықтарға да сатылмасын деген талап қойған Жер комиссиясының бір топ мүшесінің қатарында сіз де барсыз. Осы талап енді сенатта қолдау табады деп ойлайсыз ба?

– Комиссияда осындай талап қойған біз – аз адамбыз, егер де дауысқа салса жеңілеміз. Біздің мақсатымыз – халықтың сөзін билікке жеткізу. Комиссияда не болып жатқанын халыққа хабарлап отыру.

– Ал жер кадастрының ашықтығы туралы мәселе не болды? Жерді нақты кімдер иеленіп отырғанын ашық ақпарат арқылы жариялауға билік неге қарсы болып отыр?

– Жерді сатып алғандар мен жалдап алғандарының көбі заңсыз деп санаймын. Құпиялары халыққа жария болудан қорқады. Олардың көбі ауылда емес, қалада тұратын, билікке жұмыс жасаған байлар. Жер – мемлекеттің меншігі, сондықтан да олардың аттарын атау заңға қайшы емес деп санаймын. Сатылып кеткен жерлерді тексеру қажет, заңсыздары мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Жер иелеріне қатысты мәліметтер жария болуы үшін де, бұл әдісті қолдану нәтижесін беруі тиіс. Дегенмен, кадастрға қатысты мәселе ашық емес. Мәселен, Ресейде ашық ақпарат көздерінен жер иесі мен оның пайдаланып отырған жерінің аумағына қатысты мәліметті кез келген адам ғаламтордан тауып алуына болады. Сондай ақпарат алу біздің елде мүмкін болмай тұр Жердің кадастры жасалса, жер кімнің қолында, кім пайдаланып отырғаны жөніндегі ақпарат та жария болар еді.

– Игерілмей жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекетке қайтару мәселесін космомониторинг шешеді деген мәселе неге сөзбұйдаға салынып кетті деп ойлайсыз?

– Жерге ғарыштан бақылау жасау жүйесін енгізу – Мұхтар Тайжан мырзаның бастамасы еді. Былтыр сол ғарыштық бақылаудың арқасында жеке қожалықтардағы игерілмей жатқан 8 миллион гектар жер анықталып, оның 4 миллион гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Мысалы, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Сенек шаруашылығының 2 миллион жері мемлекетке қайтарылды. Бұл заңды да толықтырып жатырмыз. Оны да Ауыл шаруашылық министрілігі қайта-қайта жауып тастап отыр. Бұл жөнінде Мұхтар Тайжанның еңбегі ерекше деп айтуға болады.

Бишікештер латифундистерге тиімді жағын көздеп отыр деген күдіктен басқа айтарым жоқ. Өйткені космомониоринг жайылым жерді көрмесе, ол жерде қанша малдың бар екенін білмесе, онда ол жерді босата алмаймыз. Бұл – латифундистерге тиімді жайт. Ал қарапайым шаруаға тиетін залалы көп. Космомониторингке малдың санына қатысты ақпарат та ашық түрде берілуі тиіс.

– «Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!» деген халық талабын билік неге бұлталаңға салып отыр? Жерді мемлекет меншігі деп жариялаудың қандай қиыншылығы бар?

– Жер комиссиясынң басым көпшілігі ірі жер иеленушілері, билік солардың сөзін сөйлеп отыр. Бірақ бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, қазіргі сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев комиссияда халықтың сөзін сөйлеп, әділдігін айтып отыр.

– Қазақстан территориясының 37 пайызын (100 миллион гектардан астам) ауыл шаруашылық жерлері құрайды. Билік жердің бос жатпау қажеттігін, оған инвестиция тарту керектігін жиі айтады. Сол инвестицияны сырттан – шетелдерден емес, Қазақстанның ішкі қаржы институттарынан тарту арқылы жерді игеруге болмай ма?

– Қазақстан Республикасының 80 пайызы ауыл шаруашылық жерлері. Бұл жерлерді игеруге қазақ халқының күші толық жетеді. Қазаққа мал бағу мен егін егуді ешкім үйретпесе де, қазақтың қолынан толық келеді. Әзірге ғарышты меңгере алмасақ та, қой бағу мен жер жыртуды ұмыта қойған жоқпыз.

– Жер мәселесіне сәйкес заңдылықтар мен қатынастарды қоғамның талабына сай шешу үшін жалпыхалықтық референдум өткізу керек деген ұсынысқа сіз қалай қарайсыз?

– Мен қазақтың 272 миллион гектар жерінің тағдырын Жер комиссиясындағы 80 адамның шешкенін қаламаймын. Жер – халықтың қазынасы, оның мәселесі референдум арқылы шешілуі керек. Бірақ мен сол референдумға, сайлауға сенбеймін. Дәл қазір сайлауға салуға да қарсымын. Оның бір ғана жолы бар – халықтың 1 пайызы бейбіт түрде алаңға шығып, билікке талап қоюы қажет. Болмаса, жер жеке меншікке де сатылмасын деп заңды түрде бекіту қажет.

– Жер комиссиясының отырысында жерді жеке меншікке сатуға 80 пайыз мүшесі қарсы шығыпты, оның ішінде өзіңіз де барсыз. Комиссия мүшелерінің қалған 20 пайызы қандай мақсатты көксеп отырғанын біле алдыңыз ба?

 – Жер комиссиясында жерді сату, сатпау туралы дауысқа салған жоқ. Егер де дауысқа салса, біз 20-да 60 болып жеңіліп қаламыз. Себебі комиссия мүшелерінің басым көпшілігі – ірі жер иеленушілері мен облыс әкімінің орынбасарлары.

– Бұл сөзіңіздің жаны бар, Жер кодексі талаптарының орындалуын жергілікті жерде әкімдер бақылайды. Ал жергілікті әкім-қараның әрқайсысы өз алдарына бір-бір мини-президент екенін ескерсек, қасқырға қой бақтырғанның кебін киіп қалмаймыз ба? Жергілікті жердегі бұл мәселемен тәуелсіз қоғамдық комиссияның айналысу мүмкіндігін сіз қалай бағалайсыз?

– Жерді адамдар емес, ғарыштан бақылаған жөн. Жерді басқару тетігін әкімдердің қолынан алу керек. Әкім өзі берген жерін өзі қалай бақылайды?! Тәуелсіз комиссияның қолында болғаны жөн деп санаймын.

– Осы сұхбатқа өзіңіздің қосар қандай ойыңыз бар?

– Қазақ жерінің бір уыс топырағында аталарымыздың қаны, әр төбесінде батырларымыздың сүйегі жатыр. Аталарымыз қазақтың ұлан-байтақ даласын қанын төгіп, жанын беріп қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. Сол аманатты келер ұрпаққа қалдыру – аталар аруағы алдындағы біздің қасиетті парызымыз бен болашақ алдындағы қарызымыз болмақ. Аманатқа қиянат жасасақ, жердің киесі, аталардың аруағы ататын болады! Бізде жерді қорғаудан басқа жол жоқ. Сұхбат барысында Жер комиссиясына жасаған ұсыныстарымды да айта кеткенді жөн көрдім:

1. Жер шетелдіктерге сатылмайды, жер шетелдіктерге жалға берілмейді. Бұл талапты мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев мырза парламентке тапсырды. Жақында бұл заң нақты күшіне енеді. Сондықтан да бұл мәселе Жер комиссиясында талқыланбайды. Бұл халықтың басты талабы болатын.

2. Ауыл шаруашылық жерлері ҚР азаматтарына да сатылмасын!

Жер комиссиясының мүшесі Алмасбек Сабырбай «ауыл шаруашылық жерлері қазаққа сатылсын» деп ұсыныс қойды. Бұл халықты уақытша алдау. Себебі заңда «қазаққа сатылсын, басқа ұлтқа сатылмасын» деген заң болмайды. Заңда «Қазақстан Республикасының азаматы» деп жазылады. Ал қазірдің өзінде қаншама мың Қытай азаматтары ҚР азаматтығын алды?!

Егер де жер сатылса, олар да мыңдаған, тіпті миллиондаған гектар ауыл шаруашылық жерлерін сатып алады. Олардың көбінде қос азаматтығы да болуы мүмкін. Олардың артында ақшасы мол, қаруы мықты, алып империялық мемлекеттер тұр. Бұл Тәуелсіздігімізге қатер деген сөз. Ауыл шаруашылық жері сатылатын болса, кейінгі ұрпақтарымыз мәңгілік жерсіз қалады. Жер санаулы байлардың меншігі емес, халыққа ортақ қазына. Жер мемлекеттің меншігі болуы қажет. Жерді сатуға мүлдем жол беруге болмайды.

3. Қазірге дейін шетел азаматтарына және ҚР азаматтарына заңсыз сатылған жерлерді сот бойынша мемлекет меншігіне қайтарып алу керек. Қажет болса, ҚР азаматтары жерді келісім-шарт арқылы жалдап алсын.

4. ҚР азаматтарына жерді 49 жылға емес, 25 жылға жалға беру керек.

 Ауыл шаруашылық жерлерін бір адамға 49 жылға жалға беріп қою өте көп. Бір адамға 25 жылға жалға беру де жеткілікті деп санаймын. Бір адам жерді 25 жыл пайдалансын, жағдайын жасасын, байысын – бұл аз уақыт емес. Содан соң жер кезегінде тұрған басқа да азаматтарға берілсін. Жер халыққа ортақ қазына болуы шарт. Менің үйімнің қасындағы жерді алу үшін 49 жыл күтуге өмірім жетпейді. Жерді күтіп баптамаса, егін екпесе, мал бақпаса, ол жерді қайтып алу қажет.

5. Әр ауылдың жерлері мүмкіндігіне қарай кеңейтілсін.

 Қазір әр ауылда 100–1000 асатын үйлер тұрады. Оларда мыңдаған қой, жылқы, түйе, сиыр малдары бар. Ауылдың айналасындағы жерлер өте тар. Қазірдің өзінде топырақ тозды, жердің құнары азайды. Мысалы, Маңғыстау облысындағы ауылдың айналасында шөп түгелі шөңге де қалмай барады. Сәл жел тұрса, шаң борап, ауылдарды құм басып барады. Сондықтан да ауылдың айналасындағы жерлерді мүмкіндікке қарай кеңейту қажет. Мәселен, Маңғыстауда ауылдың жайылымдық жерлерін 20 шақырымға дейін кеңейтуге болады. Жеке шаруа қожалықтарына ауылдың іргесінен жер беруге болмайды.

Мен 54 жылдан бері ауылда тұрамын. Ауылдың жағдайын жақсы білемін. Ал жер мәселесімен 2003 жылдан бері айналысып келемін. Алғаш жер сатылатын заңға қол қойылған 2003 жылы өз қарсылығымды білдіріп, талай рет мәселе көтердім. Мақалаларым сол кездегі тәуелсіз газеттерде жарияланды. 2016 жылы 25 сәуірде Шетпеде ауыл ақсақалдарын бастап, «Қазақтың жері сатылмасын»! деп наразылық митингісін де өткіздім. Бірнеше рет алқалы жиындарда өз ұсыныстарымды жеткіздім. Сондықтан да Жер комиссиясында болуға толық моральдық құқым бар деп санаймын.

– Ендеше ел мен жерді қорғау жолындағы талабыңыз орындалсын! Жүйелі сұхбатыңызға рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн