Демпартияның ТАЛАПТАРЫ

1. Жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау туралы заң қабылдансын! 

2. Коллекторлық компанияларға өтіп кеткен несиелер кешірілсін! 

3. Біз тапсырған 100 мың арыздың әрқайсысы жеке-жеке қарастырылып, оңтайлы шешім қабылдансын! 

3. Шағын несиелік компаниялардың кредиттік өсім пайыз санауы, өсімпұл қосуы мемлекет тарапынан реттеліп, қадағалансын! 

4. Коллекторлық компаниялар мен жеке сот орындаушылардың жауапкершілігін арттыратын, яғни коллекторлық компания қызметкерлері немесе сот орындаушылар қызметтерін асыра пайдаланғаны үшін қатаң жазаға тартылатын заң қабылдансын!

5. Шағын несиелік ұйымдарға видеотексерусіз онлайн-несие беруге тыйым салынсын!

Айгерім Тілеужан:

ТОҚАЕВ НАҒЫЗ назарбаевшыл адам

  • Елге ендігі белгілі болғандай, тіркеуден өтпеген Демократиялық партия өкілдері ел астанасында орналасқан ҚР Ұлттық банкі алдында бірқатар талаптармен наразылық шараларын өткізуде. Әлеуметтік желілер мен жекелеген интернет-ресурстардан басқа БАҚ демпартиялық белсенді азаматтардың бұл акциясы жөнінде жақ ашпады. Сол себепті біз партия құрушы топтың белсенді өкілі, жас саяси қайраткер Айгерім Тілеужанның газет тілшісіне берген сұхбатын жариялап отырмыз.

– Айгерім бике, астанадағы Ұлттық банк алдында Демпартия ұйымдастырған шара қандай нақты мақсатты көздеді?

– Ең алдымен айта кетейін, бұл партиялық мүдденің акциясы емес. Халықтың ел ішінде қалыптасқан ауыр әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы күрт өзгерісті талап етеді. Сондықтан біз бірінші кезекте жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау туралы заңның қабылдануын талап етудеміз. Бұл өте маңызды заң. Несие алып, оны өтеу қабілетінен айырылған халықты банкілер қылқындырған тұзақтан құтқарудың басқа амалы жоқ.

Одан бөлек, коллекторлық компанияларға өтіп кеткен қайтарылмаған несиелердің кешірілуін біз бұған дейін де талап етіп келген едік. Енді бұл талапты табандылықпен жалғастыру керек және бұған қиындық шырмауына қамалған қоғамның өзі араласуы қажет.

Сол сиқты шағын несиелік компаниялардың үстеме пайызды санауы мен өсімпұл қосуы мемлекет тарапынан реттеліп, қадағалануы және коллекторлық компаниялар мен жеке сот орындаушылардың жауапкершілігін арттыратын заңның қабылдануын қажет деп санаймыз. Сонымен қатар шағын несиелік ұйымдарға видеотексерусіз онлайн-несие беруге тыйым салынуы керек.

– Ал бұл акцияның соңы аштық жариялауға ұласқаны мәлім болды. Мұндай үзілді-кесілді әрекет қандай қажеттіліктен туды?

– Иә, біз Ұлттық банк ғимараты алдында аштық жариялаған едік. Бірақ бірінші күні полиция бірер адамымызды Астана қаласының Есіл аудандық ішкі істер басқармасына алып кетті. Сол күні сот төрт адамға айыппұл салды. Ал шарамыздың екінші күні әкімшілік жаза ретінде Аружан Дүйсебаева 5 тәулікке, ал мен 2 тәулікке қамалдым. Сондықтан аштық жариялау акциясын соңына дейін жалғастыра алмадық. Бірақ біздің наразылық талабымыз мұнымен тоқтамайды.

– Ал халық мүддесіне сай келетін осындай акцияға басқа саяси ұйымдардың салғырт қарауын қалай түсіндірер едіңіз?

– Біріншіден, өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, елде біздің партия мен «ДВК»-дан басқа іс-әрекетімен танылып жүрген саяси ұйым жоқтың қасы. Екіншіден, біз басқалардың қолдауына зар емеспіз, біздің партия бүгінде үлкен саяси күшке айналып келеді. Әрине, жалпы қоғам тарапынан қолдаудың болғаны біздің талабымызға биліктің мойынсұнуына ықпал етер еді. Біз өзіміздің осы акциямыз арқылы банктен тұтынушылық несие алуға қатысты заңның жоқ екенін және несие алған азаматтардың құқықтарының қорғалмай жатқанын көрсеткіміз келді. Билік халық өкілдерінің наразы үнін естіп, халықтың мойнындағы несие қамытына бір реттік амнистия жариялап, елдегі қозып тұрған әлеуметтік жағдайды жақсартуға септігін тигізуі тиіс деп ойлаймыз.

Айтпақшы, осыдан бір жарым жыл бұрын несиелік амнистия жариялау туралы бізге келіп түскен жүз мыңға жуық арызды ҚР президенті әкімшілігіне тапсырған едік. Сол кезде билік тарапынан өтініштеріңіз қарастырылды, несиелер қайта құрылымдалады және екінші деңгейлік банктер мен коллекторлық компанияларға тиісті нұсқаулар беріледі деген сыңай танытылған болатын. Алайда сол уақыттан бері президент әкімшілігіне өткізілген арыздардың біреуі де қарастырылған жоқ. Мәселе сол күйі шешімін таппады. Сол себепті халықтың аманатын арқалап, Алматыдан астанаға келдік.

– Сонымен, Демпартия ұйымдастырған осы наразылық акциясының барысы қалай өтуде?

– 12 қазан күні белгіленген уақытта Ұлттық банк ғимаратының алдына келіп, банк басшысы Ерболат Досаев пен Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Абылқасымова кешкі 6-ға дейін бізбен кездесуге келмесе, аштық жариялайтынымызды жеткіздік. Бізге тек қатардағы мамандар шығып, Алматыдағы агенттікке баруды өтінді. Біз болсақ, астанаға шығардан бір апта бұрын Алматыдағы Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерімен кездесіп, Ұлттық банкке өз талаптарымызды қоюға астанаға бара жатқанымызды айтып, ескерткен едік. Олар біздің мақсаттарымызды, астанаға жол тартқанымызды біле тұра, арыз-талабымызды тыңдауға, бізді тоқтатуға талпынған жоқ.

Ал астанаға келген соң, қайтадан Алматыға барыңдар дейді. Кешкі 18:00 сағат шамасында ғимараттан шығуымызды бізден талап етті. Жарты сағаттан соң Есіл аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Марат Дубаев бастаған полиция арнайы жасағы жиналып тұрған Демпартия белсенділерін күштеп автозакқа қамап, аудандық бөлімшеге жеткізді. Сол жерде Майра Губайдуллина, Ләйлә Маметова, Мариям Тайғұлова, Гүлзира Төлеева және Гауһар Ибрашеваға айыппұл салды. Аружан Дүйсебаева екеумізді алып қалып, таң атқанға дейін ұстады. Себебі астанада Алматыдағыдай түн ішінде сот отырыстары болмайды екен. Ертесіне, кешкі сағат 18:00-де сот отырысы өтіп, жоғарыда айтқанымдай, маған 2 тәулік, ал Аружан Дүйсебаеваға 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасын берді.

– Дегенмен, Айгерім бике, несиелік амнистия мәселесін Ұлттық банк емес, мемлекеттік билік пен үкімет қана шеше алатын қазіргі жағдайда бас банкке талап қоюдың қисыны қандай?

– Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық банктен бұрын, Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігіне жүгінген едік. Ал Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің жұмысын қадағалайды. Ұлттық банкке барған себебіміз де осы. Ұлттық банктің өзі мемлекеттік мекеме. Екіншіден, айтып өткенімдей, осыдан бір жарым жыл бұрын ҚР президенті әкімшілігіне барған едік. Бірақ одан да мардымды жауап алмадық.

Ұлттық банк өкілдері алдымыздан шығып, қажетті мамандарды шақырып, сол жерде кездесу жасап, мәселені талқылағанда, конструктивті диалог болды деп айтуға болар еді. Өкінішке орай, бәрі керісінше болды. Мәселе біздің қай мекемеге барғанымызда емес. Мәселе – жоғарыдан рұқсат бере ме, бермей ме, соған байланысты. Ұлттық банкее бардың не, президент әкімшілігіне бардың не – еш айырмашылық жоқ.

Екі тәулік қамаудан шыққан соң, жұма күні таңертең Ұлттық банкке келіп, ғимараттың ішіне кіре алмадық. Есіктерін тарс жауып алғандықтан, кешке дейін далада жаттық. Кешкі 18:00-де сол баяғы полиция жасағы тағы да алып кетіп, Есіл аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Марат Дубаев президент әкімшілігінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырайық деп ұсынды. Президент әкімшілігі деп айтқаны алдарқату екен, өйткені біз барған жер Министрлер үйіндегі президентке кіріс хаттарды қабылдау бөлімі болды.

Бұл жерде біз бұрын болғанбыз. Бөлім бастығы Данияр Қадыржанов – шешім қабылдаушы адам емес, құзыры жоқ қатардағы чиновник. Біз барғанымызда, ол біздің талап-арыздарымыз туралы білмейтінін айтты. Тіпті осыдан бір жарым жыл бұрын бізбен кезкені де есінен шығып кеткен. Әйтпесе арыздарды сол жерде бірге санап, табыстаған едік. Соған қарамастан, ол чиновник бізден арызды қайта жазуымызды сұрады және оны Алматыдағы агенттікке жолдайтынын айтты.

– Дегенмен, елдегі қазіргі қоғадық-саяси жағдайға ден қойсақ, Демпартия өзінің саяси парызын өтеу үшін, елдегі режимді өзгерту талабын күн тәртібіне қойғаны ұтымды болар еді ғой?..

– Бұл жөнінде біз өзіміз өткізген әрбір митингіде айтып жүрміз. Әрине, біз үшін алдымен партияны құрып, оны тіркеуден өткізу – басты мақсат. Ол ойымыздан қайтқанымыз жоқ. Партия құрумен қатар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты мәселелерді де көтеруге тиіспіз. Өйткені саясат тек қана бірлі-жарым адамның айналысатын ермегі емес. Біздің өміріміздің өзі, халықтың бүгінгі аянышты жағдайы – бәрі саясат. Астанаға келуіміздің себебі де осы. Не десек те, біздің осы жолғы акциямыздан хабарсыз қалған адам кемде-кем.

– Митинг демекші, оған шығатын адамдардың қатарын көбейту үшін не істеліп жатыр?

– Митингіге шығатын адамдар санын өсіреміз десек, бірінші кезекте ағартушылық жұмыс атқару керек. Оны шама-шарқымызға сай жасап та жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, «Ютуб» арнасында Демпартияның каналы бар. Сол арнада Жанболат Мамай, Абзал Достияров, Ырысбек Тоқтасын, Аружан Дүйсебаева, Дәурен Достияров және өзге де белсенділеріміздің видеолары үздіксіз шығып жатыр. Халықты барынша ақпараттандырып, елдегі процестер жайлы ойымызбен бөлісіп отырамыз. Одан бөлек, билік басындағы жемқорларды әшкерелеуді қолға алдық. Жанболат Мамай зерттеу фильмдерін түсірумен тікелей айналысады. Халықты ақпараттандыру жұмысын дұрыс жүргізудеміз деген ойдамыз.

– Ал енді партияны мемлекеттік тіркету мәселесінде не жаңалық бар?

– Мемлекеттік тіркеуден өту үшін құжаттарды міндетті түрде тапсырамыз. Бірақ дәл қазір асығыстық жоқ. Бірінші кезекте партияны ішінен нығайту маңыздырақ болып тұр.

– Астана полициясының Демпартияға қатысты асыра сілтеу әрекеттері бойынша сіздер жақтан әлдебір әрекет бола ма?

– Біз кеше президент әкімшілігіне барғаннан кейін, ешқандай шешім шықпайтынын түсінген соң, Ұлттық банк алдында қонып шығуды жөн көрдік. Түні бойы көз ілмедік. Өздеріңіз білесіздер, астананың ызғары қандай екені айтпаса да түсінікті. Соған қарамастан көз ілмей, таң аттырдық.

Билік тарапынан арандату болды, өйткені Аружан Дүйсебаеваны бейтаныс бір адам бас салды. Полиция ол адамды ұстады. Біз де арыз жазатын болдық. Полицияға керегі де сол болды. Өйткені бізге арыз жаздырып, куәгер боласыңдар деп уақытты созды.

Аружаннан түсініктеме аламыз деп үш сағаттан астам кідіртті. Бірге барған куәгер Ләйлә Маметованы да сонша уақыт ұстап отырды. Түсініктеме алу кезінде Аружанның жазғанын қате деп, бірнеше рет қайта жаздырған. Ал Аружан полиция бөлімшесінен шықпақшы болған кезде оны бірнеше полиция жасағының қызметкерлері қоршауға алып, сыртқа жібермей қойған.

Мені де куәгер ретінде алдап шақыртты. Сөйтсем, жәбірленуші Аружаннан әлі түсініктеме алмағандарын көрген соң, өзімнің ол жерде қалмайтынымды айтып, кері кетпекші болдым. Куәгер – айыпталушы емес қой. Соған қарамастан полиция қызметкерлері маған қарсы күш қолданып, қайтадан полиция бөлімшесіне кіргізіп, ұстап отырды. Тек мен шу шығарған соң ғана босатты. Бұл – полицияның барып тұрған озбырлығы, өз өкілеттігін асыра пайдалану деп білемін.

Жалпы, бастан өткен осы жағдай: Ұлттық банктің жауап бермеуі, қақаған суықта біз отырған баспалдаққа су шашу, есіктерін тарс жауып, бізді кіргізбеулері – осының бәрі бүгінгі Қазақстанның шынайы келбеті. Биліктің көзі соқыр, құлағы керең. Назарбаев кетті дегенмен, елде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Тоқаев нағыз назарбаевшыл адам. Ол айтқандай, шынымен де «еститін үкімет» болғанымызда, Ұлттық банк бізді бірінші күні қабылдар еді.

Билік өзгермей, жүйе өзгермей, халықпен санасады, халық жағдайы түзеледі деп үміттенудің қажеті жоқ. Дегенмен, болашақ өз қолымызда. Барлық отандастарымды немқұрайлы болмауға және тынбай күресуге шақырамын.

– Сіздердің халық мүддесі үшін жасап жатқан іс-әрекеттеріңізді Құдай қолдасын! Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ, «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн