«ЕҢБЕК ЕРІ» атағы БЕРІЛСІН!

Осыдан біраз күн бұрын бір жаңалық оқыдым: Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына QazVac вакцинасын ойлап тапқан қазақ ғалымының «құрметіне» баннер ілінген екен (фото). 

Биліктің рұқсатынсыз ештеңе ілінбейтіні баяғыдан белгілі ғой. Бірақ осы жолы әлемде миллиондарды сорғалатқан COVID-19 дертіне қарсы екпе ойлап тапқан отандық ғалымдарымызға арнап, бір жапырақ баннермен құтылғысы келген биліктің бұл әрекеті ұят екен. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарып» тұр.

Әлемдік додада біреудің тұмсығын бұзудан айласын асырған спортшыларды бағалы сыйлықтар мен марапатпен қарсы аламыз. Біз сөзі мен ісі ұштаспайтын қоғамға айналдық. Қазақ «білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» дейді, бірақ білімнің күшімен елімізді әлемге танытқан ғалымдарымызға мың есе тұрмақ, бір жарым есе артық құрмет те көрсетпейміз.

Мен бас редакторы болып отырған Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқасының биылғы мамыр айында жарық көрген санында қызық мақала жарияланды. «Күніне бір миллиардер» деген материалда коронавирус инфекциясына қарсы күресте вакцина ойлап табу немесе нарыққа жеке қорғаныс құралдарын шығару нәтижесінде әлемде бір жыл ішінде жаңа 40 миллиардер пайда болғаны айтылады. Шетелдік ғалымдар екпе ойлап тапқанының арқасында миллиардер болмаса да миллионер атанып жатыр. Өйткені бұл қоғамдарда олардың еңбегі жоғары бағаланады.

Вакцина ұсынған компаниялардың акциялары ағымдағы жылы күрт өсіп, мәселен, 170 жылға жуық тарихы бар Pfizer компаниясы дәл осы пандемияда өз капитализациясы бойынша рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бұл компаниялардың тарихы ертеден бастау алады, бюджеттері қомақты, технологиялары озық. Ал дәл осы алыптардың тізбегіне қаймықпай еріп, бір мезетте, біздің ғалымдар шетелдік басылымдар жарыса жазатын деңгейде QazVac вакцинасын ойлап тапты. Қазір отандық өнімді халыққа егіп жатыр (неше адамның өмірін сақтап қалды). Ғалымының қалтасына «әйтеуір өліп қалмасын» деген көлемде ғана қаржы салатын мемлекетте, ішкі-сыртқы қолдаусыз, біздің ғалымдар шетелдік вакцинамен терезесі тең деңгейде екпе ойлап тапқаны – нағыз ерлік!

Ғалымын төбесіне шығара алмай, алақанында ұстай алмай жүрген үкімет – сорлы үкімет. Бұл жерде «баннер тартып, құтылам» деу – бейшараның тірлігі. Дайын нәрсені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен өткізіп, елге қомақты кіріс кіргізуге болатын сәтте саусақ сорып отырған үкіметке не дейсің?

Бұл ғалымдар АҚШ-та не Германияда өмір сүріп, қызмет еткенде, қазір ашқан жаңалығының жемісін жеп, кемінде миллион доллар табыс табушы еді.

Ғалымдарымызға менің жаным ашиды. Мемлекет басшылығына аналитика дайындап, ғылыми ортада бірнеше жыл қатарынан еңбек еткен адам ретінде айтайын: ел ғылымы аса ауыр жағдайда. Жас ғалым болғанда, күндіз – ғылыммен, кеште «таксовкамен» айналыстық. Кейбір ғылыми институттарда биылдың басынан бері айлық алмай отырғандар да барын білемін.

Енді мен жазбамды (дұрысырағы – жанайқайымды) Үкіметке ұсыныспен аяқтағым келіп отыр. Ғалымдарды қаржылай қолдай алмасаңдар да, оларға ештеңеге алаңдаусыз қызмет етуді қамтамасыз ететін жағдай жасай білмесеңдер де, моральдық тұрғыдан қолдау көрсете алатын шығарсыздар? Биыл да әдеттегідей «Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды» деп, көп жағдайда бітіргені шамалы, бірақ жүйеге адал болғаны үшін мыңдаған шенеуніктің кеудесіне төсбелгі мен орден тағылады. Соларды қоя тұрып (бір жыл медаль алмаса, өліп қалмас), назарды екпе ойлап тапқан ғалымдарымызға бұрайық. Соңғы отыз жылдың ең маңызды ғылыми жаңалығын тапшылық пен қолдаудың жоқтығы жағдайында жасаған ғалымдар – міне, заманымыздың нағыз батырлары осы кісілер.

Биыл Күнсұлу Закарья ханымды (танысым да, туысым да емес) және екпені ойлап табуға араласқан басқа да ғалымдарды еліміздің ең жоғарғы марапаты – «Еңбек Ері» орденімен наградтауды ұсынамын! 

Бақытжан БҰҚАРБАЙ

Қазағым деген адамға ӨМІР СҮРУ – АЗАП

«Қартайдық, қайғы ойладық…».

Қайран Абайдың сол күні басымызға келді. Ұйқы қашты. Түннің ортасы ауған кезде оянамын. Қанша кеш жатсам да, солай. Содан соң көзім бақырайып, кірпігімді іліндіре алмай мазам қашады. Амал жоқ қолға телефонды аламын. 

Міне, бүгінгі түнде де дәл солай болды.

Әдеттегідей әлеуметтік желіге үңілдім. Құрмет Талапқазы баламыз күңіреніп сөйлеп жатыр екен. Семейге келіпті. Жанында ілескен көп жігіттері бар.

«Әй, әкімдер, оянсаңдаршы. Уақыттарың болды ғой…» – дейді.

«Қайран Құрмет! – деймін, – Сенің шыр-шыр еткеніңе үш айдың жүзі ауды. «Еститін үкімет» естімейді. Кітапханаға тығылып, көрінбей, дегенін жасап отырғандар тағы естімейді».

Бізде қос өкімет. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деп айтып кеткен аталарымыз. Біздің билігіміздің сиқы осындай, ол – құрдымға жіберетін билік.

Маңғыстауда мал қырылғалы екі-үш ай болды. Қызылордада қылаң берген. Құрмет билікті осы қасіреттің бетін алуға жұмылдырғысы келіп еді, маңдайы тасқа тиді…

Айна Бәкеева қарындасымыз тәжтажалдан халқымды қайтсем құтқарамын деп, ұйқы, күлкіден қалғалы жыл жарым уақыт өтті. Билік енді оның өзімен күресуде…

Біздің елде халқым деген, қазағым деген кім-кімге де өмір сүру – азап.

Ей, қазақтар, біз осыны күтіп пе едік?

Өткен ғасырдың басында халқымыз қынадай қырылғанда зиялылар қайтіп еді? Әрине, бәрі емес. Бүгінгі күні солардың бірі де бой көрсетпей тұр-ау…

Біздің зиялылардың қолынан келетіні – бір-бірін күндеу, күстаналау, қала берді өткен ғасырда билікте болған, аштықтың бетін қайтару үшін күрескен әруақтармен алысу…

Қазір ел үшін де, жер үшін де, қазақ үшін де жекелеген адамдар ғана көшеге шығатын болды. Қалғандары «диван батырлар». Сөздерін тыңдасаң, бәрі керемет…

Әй, кереметтер, халқымызды өстіп қырғызып қоямыз ба? Батыста өліп жатқан малдар бізге ескерту емес пе? «Келесі кезек – адамдарда» дейді. Қымбатшылық, жоқшылық пен тапшылық, жұмыссыздық қазірдің өзінде қай жерде болмасын, біз болмасақ, басқаларды алқымнан алып жатыр. Ол қысқа қарата күшейеді, келер көктемде тәжтажалдан топалаң асқанымыз сияқты күй кешпейік…

Құрмет таусылып сөйледі. Арасында шыдай алмай көз жасына ерік берді. Бес-алты облысты басып өтіп, басқарып отырған әкімдерге қаратып сөз сөйледі. Тіпті пәлен вагоннан шөп дайындап жіберіңдер деп міндеттеді. Поезбен кетіп бара жатып, жүріп өткен жолдарындағы жайқалған шөпті көрді. Соны да айтты-ау азамат… Енді қайтсін-ай!..

Кешегі Димекеңнің заманы болса, партияны да, үкіметті де шөп дайындауға, құрғақшылық қысып тұрған аймақтардағы малдың қыстық азығын молайтуға жұмылдырар еді. Оны кезінде көргенбіз. Мен өзім 1976 жылы мектепте мұғалім болып жүріп, қолыма шалғы алып, таудың шөбін орып едім.

Бүгінде ол кездегідей мал жоқ. Енді аз ғана малдың өзіне жем-шөп дайындай алмай, ит болып отырмыз…

Бұл қос өкімет тұрса, көресіміз көп сияқты. Бірі халыққа деп әдемі сөз сөйлеп, әрекет бастағысы келсе, екіншісі соның бастамасын тұншықтырып, аяғынан шалуда. 

Ей, қазақтарым менің, қара бастарын күйттеген «диван батырларым», халықтың адамы дейтін ақын-жазушылар, не істейміз?

«Газет – өмір айнасы» деуші едік. «Егеменнен» бастап, аудандық газеттерге дейін өмір айнасы болудан қалды. Халықтың қасіретін жазбайды, қалың елдің сөзін айтпайды. Газеттер әкімдерді ғана мақтауды мұрат тұтқан…

Кеудемізде жанымыз болса, бүгінгі халыққа қызмет етпейтін, мұңын мұңдамайтын, билікті бас пайдасына айналдырған жоғарыдағыларды алқымға алып, талап етейік. Онсыз батпаққа бата береміз. Құрмет пен оның айналасындағы азаматтарды қолдамасақ, күні ертең жылап-еңірейтін кезге тап боламыз.

Шындық – осы!

Талғат АЙТБАЙ

«DAT». 26.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн