ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ШЫРМАЛҒАН ЕЛДЕ ешқандай толыққанды саяси реформа жасалмайды

 «Біздегі билік әлі де сындарлы сынды көтере алмайтын, халқы наразылық білдірсе, өкпесі қара қазанға айналатын ерке бала тәрізді. Сол үшін бесіктен белі енді шығып келе жатқан демократиялық қозғалыстарды басып-жаншумен айналысуда.

Біздің анықтама.

Ханетова Аякөз Бекзатқызы – Түркістан облысы, Кентау қаласының тумасы. Білімі жоғары. Халықаралық қатынастар маманы. Жеке бизнес және телевизия саласында жұмыс істеген. Алматы қаласында «Макроэкономика және болжамдау» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. 2019 жылдың жазында құрылған «Халыққа Адал Қызмет (ХАҚ)» қозғалысының бастамашыл тобының өкілі. Демократиялық және либералдық көзқарас ұстанымының жақтасы.

Аягөз Ханетова:

  • Сонымен, қазақстандық билік аттың жалында, түйенің қомында едел-жедел ұйымдастырған ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өтті. Сарапшылар «сырт көз» үшін өткізілген фикциялық сайлау деп атаған, қайнаған жаздың ортасында асығыс өткізілген бұл науқанның нәтижесі не болды? Қазақстан билігінен демократиялық даму процесстерін талап еткен шетелдік әріптестерін алдамсыратудың амалы болған бұл сайлау Қазақстан халқына не берді?

Осы және басқа да сұрақтардың мән-жайын білу үшін біз «ХАҚ» азаматтық бірлестігінің белсенді мүшесі Аягөз Ханетовамен сұхбаттасқан едік.

– Аягөз бике, ауыл әкімдерінің ылдым-жылдым өткен сайлауына «ХАҚ» қоғамдық бірлестігі бақылаушы ретінде қатысты. Әсіресе ауылды жерлерде тұратын халық қорытынды нәтижесіне тікелей мүдделі болуы тиіс сайлаудың белсенділігі қалай болды?

– Иә, жаз ортасына тағайындалған, Қазақстанның 14 өңірінде өткен, «Ауыл әкімдерін тікелей сайлау» деген аты бар асығыс-үсігіс науқанға «ХАҚ» қоғамдық қорының бір топ белсендісі бақылаушы ретінде қатысқаны рас. Бұл орайда біздің жинақтаған біраз тәжірибеміз бар еді: бұған дейін де 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына да бақылаушы болып қатысқанбыз.

– Ендеше, көзбен көріп, қолмен ұстаған қандай жағдаяттарды бөле-жара айтар едіңіз?

– Турасын айтсам, бұл сайлау әдеттегі болбыр және жасанды науқанның бірі болды. Жеке өзімнің тәжірибемді айтар болсам, биылғы 25 шілдеде өткен сайлауда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Ташкенсаз ауылдық округінің №208 сайлау учаскесінде өткен сайлаудың тікелей куәсі болдым. Бұл – тәуелсіз бақылаушылар кеңінен қамти алған елдегі жалғыз өңір. Яғни, тәуелсіз бақылаушылардың қатысу факторы сайлаудың нәтижесіне қатты әсер етті деп топшылауға болады.

Мұндағы сайлаудың белсенділігі жоғары деп айту қиын, алайда бұрындары болған сайлаулармен салыстырғанда бірқатар ерекшеліктері болды. Сонымен бірге тәуелсіз бақылаушылар болған учаскелерде белсенділікті арттыру үшін «арнайы» шаралар жасалғаны анық. Солай бола тұрса да, республиканың 14 өңірінің арасында сайлауға қатысу көрсеткіші бойынша Алматы облысы ең төменгі нәтиже көрсетті.

– Жергілікті халыққа тікелей қатысы бар бұл сайлау қаншалықты әділ өтті деп ойлайсыз? Мәселен, ауыл тұрғындары тарапынан бұл сайлаудың таза және ашық өтуіне бақылаушылық жасалды ма?

– Несін айтасыз, біздің елімізде сайлау қағаз жүзінде әрдайым әділ өтеді. Әрине шындығында олай емес. Көзбен көріп, қолмен ұстап тұрған әділетсіздікті, фальсификацияны жоқ деп айту – қылмыс жасағанмен тең. Ауыл тұрғындарының сайлауға аса қызығушылығы жоқ екені де байқалды. Көпшілігі амалсыздан «телефонмен шақыртылған соң» келгендерін жасырмады. Сайлау учаскесіне кіре сала «келуіміз міндетті ме еді, бұрыңғыдай істеуге болмас па еді?» және «кімге дауыс беру керек?» деген сөздерді жиі естідім. Жалпы, дауыс берушілердің сайлауға құлықсыз екені көрініп тұрды. Ауыл тұрғындарынан ешкім бақылаудың таза өтуіне атсалысқысы келгені байқалмады. Тіпті, менің аңғаруым бойынша, жергілікті халық округ әкімінің сайлауы өтіп жатқанынан хабарсыз болған сияқты. Яғни, халықты ақпараттандыру ісі мардымсыз болған.

– Бұның себебін қалай түсіндіруге болады?

– Түсіндіретін түгі жоқ! Билік бұл сайлауды, орысшалап айтқанда, «галочка» үшін өткізді. Қазақстанда демократиялық процесстер жүріп жатыр деудің орашолақ амалы жасалды.

– Ал шынтуайтын айтқанда, ауыл әкімдерінің бұл сайлауы елдегі саяси модернизация мен саяси реформаның бір маңызды саласы болды деп тұжырым жасай аласыз ба?

– Саяси модернизация және саяси реформа іске қосылуы үшін, ең алдымен бұл бастаманың әділ өтуі шарт еді. Әділ сайлаудан жеңіп шыққан әкім жергілікті басқаруды тиімді түрде жүргізсе, міне осы жағдай мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болар еді. Себебі тағайындалған әкімге қарағанда, сайланған әкім өз халқының қажеттіліктері мен талаптарына жедел кері реакция беру арқылы сол өңірде оңды өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік жасап, дамуға жол ашар еді. Алайда өткен сайлауды реформаның маңызды саласы ретінде қарастыруға ешқандай негіз болмады деп санаймын. 

– Расында «сайланған» ауыл әкімі тағайындалған аудан әкіміне бағынышты болса, бұл саяси спектакльдің қандай маңызы болуы мүмкін?

– Әкімді халық сайлады, енді ауылдың проблемасы түбегейлі шешіледі деп ойлау – меніңше қате түсінік. Біз биыл билік ұсынған «2030 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» тұжырымдамасы өзін-өзі басқарудың дұрыс ұйымдастырылуын қарастырмағанын атап көрсеттік және осы туралы ел президентіне, әкім болуға үміткер азаматтарға, халыққа өз үндеуімізді жолдадық.

Сіз айтқандай, сайланған әкімнің үстінен тағайындалған аудан әкімі бақылап отырған мұндай белгісіздік жағдайында сайланған әкімдердің өкілеттігі мен қаржылық ресурстары шектеулі болады, ал үкімет пен мемлекеттің іс-әрекеті үшін жауапкершілік толығымен олардың мойнында болады. Демек, бұл жерде жауапкершілікті біреудің мойнына арту ғана орын алады. Ертеңгі күні жоғарғы жақтағы билік: «Ауыл әкімін өздерің сайлап алдыңдар, бізге не қыл дейсіңдер?!» деп, жергілікті жердегі барлық кінаратты ауылдың «байғұс әкімінің» жауапкершілігіне арта салмақ. Мұндай алдамсыратумен саяси модернизация жасалмайды! 

– Дегенмен, осы сайлаудан кейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасуы мүмкін бе?

– Сіздің бұл сұрағыңызға жауап беру үшін мынадай деректерге жүгінейік: Аймақтық сайлау комиссияларының ақпараты бойынша, сайлауға 2 297 үміткер қатысты. Оның 1 419-ы немесе 61,8 пайызы өз-өзін ұсынған азаматтар болды. Ал сайланған 730 әкімнің 624-і «Нұр отан» партиясының мүшесі екен. Журналист С.Мәулетбайдың сайлау қорыртындысы бойынша жасаған зерттеуіне сүйенсек, «Adal», «Ақ жол», «Ауыл» және КХП партияларының мүшесі жеңген ауылдарда «Нұр отан» партиясынан үміткерлер сайлауға қатыспаған да екен. Осы орайда бұл сайлау тек билік партиясының ықпалын кеңейту үшін жасалған шара болып көрінеді және жаңа бір жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға «іргетас» бола алмайды деп ойлаймын. Бұның барлығы – баяғы көзбояушылық.

– Ал осы ауыл әкімдерінің сайлауына азаматтық қоғам мен тәуелсіз ұйымдар неге селқос қарады деп ойлайсыз?

– Соншалықты «селқос қарады» деп айта алмаймын. Азаматтық қоғамның бір бөлшегі ретінде бірқатар сарапшылар және «ХАҚ» қоғамдық қорының өкілдері осы әкім сайлауына қатысты және Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына байланысты өзіміздің сыни ой-пікірлерімізді білдірдік, Ақорда билігіне үндеу жолдадық. «ХАҚ» және «Тәуелсіз бақылаушылар» қауымдастығы, Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі және тағы бірнеше ұйым, оларға қоса әлеуметтік желідегі бірқатар белсенді азаматтар жеке-жеке қолынан келгенше науқанға араласуға, сайлауды бақылауға, сол жерлерден тікелей ақпарат таратуға атсалысты. Бірақ бұл науқан, өкінішке қарай, бүкіл Қазақстанды қамти алған жоқ. 

Жалпы, біздің қоғамда әділ сайлауға деген сенімсіздіктен туған қамсыздық бар. Бірақ азаматтық қоғам «ұлудың қадамымен» болса да алға жылжып, дамып келеді. Ең бастысы, белсенді азаматтар мен ұйымдардың қатарын көбейту үшін, халқымыздың кеудесіндегі демократияға деген үміт отын сөндіріп алмауымыз керек.

– Ал біздің елде толық мәнді модернизация жасалып, саяси реформа өзінің тиісті мазмұнында өтуі үшін, бірінші кезекте қандай шаралар жүзеге асуы тиіс еді?

– Ең алдымен саяси жігердің болуы шарт. Тек сыртын ғана әрлеп қоятын декорациялық «бірінші, екінші, үшінші пакет» саяси реформалардан ешқандай ауыз толтырып айтар нәтиже шықпағанын мойындау керек. Келесі қадам – елде тәуелсіз және мықты саяси институттарды дамыту. Демократиялық қоғамды мақсат етсек, онда билік пен халықтың арасындағы көпірді нығайту, яғни азаматтық қоғамның дамуына атсалыса алмаса да, ең болмаса, кедергі келтірмеу. Бұларға қоса кез-келген реформаның қас жауы сыбайлас жемқорлықпен жүйелі және тиімді түрде күрес жүргізілу керек. Себебі – реформа қаншалықты идеал болса да, түбінде жемқорлықпен шырмалса, онда одан ешқандай оң нәтиже шықпайды. 

– Бүгінгі елде қалыптасқан саяси жағдайға қандай баға бере аласыз?

– Елдегі саяси ахуалды үкіметтің бір жылдан аса уақыттан бері халықты вакцина алуға үгіттей алмағандығынан байқауға болады. «DM Technology» компаниясының сарапшылары жасаған талдау бойынша, желідегі вакцинаға қатысты негатив ақпарат және басылым бірінші кезекте вакцинаға қарсы болғандықтан емес, халықтың үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне және аймақтық шенеуніктерге деген сыны мен сенімсіздігінен туындап отыр екен. Елде билікке жаппай сенімсіздік факторы орын алған.

Біздегі билік әлі де сындарлы сынды көтере алмайтын, халқы наразылық білдірсе, өкпесі қара қазанға айналатын ерке бала тәрізді. Сол үшін бесіктен белі енді шығып келе жатқан демократиялық қозғалыстарды басып-жаншумен айналысуда. Демократиялық талпыныс жергөгінде тұншықтырылуда. Бұндай жағдайда елдегі саяси ахуал жақсарады деп айту қиын. 

– Ал бір отбасының ас-суын дайындап отырған әйел адам ретінде қымбатшылық қысып бара жатқан жағдайдағы ел экономикасы туралы не айтар едіңіз?

– Қымбатшылық, өкінішке қарай, бүкіл әлемде белең алып отырған құбылыс. Әрине оның елімізге беретін кері әсері тереңірек және зардабы да ауырлау. Себебі экономикасы шикізат экспорттауға ғана тәуелді ел ретінде, бізде мұнайдың орнын баса алатын басқа кіріс көзі болмағандықтан, біз әлемдік шикізат нарығына қатты байланғанбыз. Экономикамыздағы толқулардың бәсеңдеп, бір қалыпқа келуі үшін, үкімет іскерлік белсенділікті арттыруы керек. Ал еліміздегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуіне әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығы жол бермей отыр. Коронавирус өзімен қоса «кедейлік вирусын» да алып келді. Сондықтан қымбатшылық ең алдымен қарапайым халықтың өмір сүру деңгейін төмендетуде. 

Танымал әлеуметтанушы Ковязинаның зерттеуіне қарағанда, «әрбір оныншы қазақстандық пандемияға дейін-ақ кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан, олардың саны 1,8 млн адамға жуық» болған екен. Бұл өте нашар көрсеткіш. Біз небәрі 19 миллион халықпыз және елімізде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған бірқатар мүмкіндіктер бар, тек оларды дер кезінде және дұрыс қолдануымыз керек. Бұл үкіметіміздің басты миссиясы болуы тиіс. 

– Айтпақшы, «Ковид кризисі» демекші, сіз коронавирусқа қарсы вакцина алдыңыз ба?

– Иә, мен екпе алдым және осы вакцина алу-алмаудың мәселесі туралы айтқым келіп отыр. Таратылған ресми ақпаратқа қарағанда, еліміздегі эпидемиологиялық жағдай күн санап нашарлап барады, күнде әлеуметтік желі арқылы, таныстарымыз арқылы қаншама отандастырымыздың көз жұмып жатқанын естіп отырмыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, халықтың басым бөлігі вакцинаға емес, билікке қарсы және оған сенбегендіктен екпе алудан бас тартып отыр немесе жалған құжат жасатуда. Бұл өте өкінішті жағдай. Менің де нағашы әжем былтыр осы науқастан көз жұмды. Отбасымызбен қатты қайғырдық. Қазіргі уақытта бұл кеселден бізді арылта алатын тек бір ғана құрал бар. Ол – вакцина. «ДАТ»-тың оқырмандарына айтарым: дұрыс және дәлелденген, ғалымдар тарапынан ұсынылған ақпараттарға ғана сеніңіздер! Біреудің Уатсаб желісі арқылы тарата салған видеоролигіне сеніп, өзіңіз бен жақындарыңыздың басын қауіпке тікпеңіздер. Өзіңіздің және еліңіздің амандығы үшін екпе алыңыздар.

– Сұхбатыңызға рақмет, Аягөз бике! Аман болайық! Ел аман болсын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн