«НЕ ЕЛІМ, НЕ ӨЛІМ!»

дейтін әскерің болсын десең…

  • Кез келген ұлттың ең биік жетістігі – оның тәуелсіз мемлекет құра алуы. Әрбір саналы азаматтың ең ұлы бақыты – оның өзі және ұрпағы өсіп-өнетін, өмір сүретін Азат Отаны аяулы ертеңі болуы.

Мағыналы өмір сүру – ҰЛТ БОЛЫП ӨМІР СҮРУ, ұлтымен бірге жасау, ұлтының әр адамына жақын болу, ұлттық мемлекетіңде өмір сүру.

Өмір сүрудің өзі – еңбек. Яғни, сен өз мемлекетіңде өмір сүре отырып, оған еңбек етесің, тұқымыңды сіңіресің, тамыр тартасың. Бұл ұғымды әрбір қазақ баласының санасында тұратын мәйегі дейік. 

Біз осы ұғымды қаймана қазақтың түйсігіне қалай жеткіземіз? Оны айтпағанда, осы құндылықты темірдей тәртіптің сапында тұрған әскердің санасына сіңіре аламыз ба?

Бізде әскер жатқа айтатын сөз, әскер оқитын кітап, әскер айтатын әндердің міндеттелген тізімі бар ма? Әйтпесе әскерге рухани сүйеніш болатын не бар?

«Ауруыңды жасырсаң – өлімің әшкерелейді».

Біздің әскеріміз жөнінде бұл мақалды тура мағнасында айтуға болады. Әскер тәртібінің жағдайын ондағы өлім әшкерелеп жатыр. Жылына 20-ға жуық сарбазымыз өзін-өзі өлтіреді екен. 

Біріне-бірі өштесу, бұрын келгені кейін келгенін басыну, қорлау, алдыңғыға кеткен есесін кейінгіден алу – жауынгерлік емес, бұзақылық әрекет. Оның үстіне офицерлердің де жағымсыз қылықтары бары айтылады. Ондай әскермен Отанды қалай қорғаймыз? 

Біздің қарулы күшіміздің жауынгерлік рухы немен бағаланады? Ұлттық сүйіспеншілігі ше? Қару қолдану қабілетімен бе? Жаттығумен бе?

Жаттығуда бүкіл әлемге сес көрсететін армияның соғыста қандай күйге түскенін көзіміз көрді. Жаттығу – бір басқа, шынайы жауынгерлік сыйпат – бір басқа екен. 

Ал біз көрген бір елдің президенті иығына «Не елім, не өлім!» деп жазып, жапсырып алған. Сол елдің әскері де «не елім, не өлім» деп, жалғыз Отанын жанын тігіп қорғайтынын көрдік. Таң қалдық! Тамсандық! Жыр жаздық:

«Не елім, – деп, – не өлім!» аттанса,

Өртке кіріп, өлім құшар шақ қанша?!

Сан мың боздақ қыршынынан қиылды,

Бодандықтың соңғы күні батқанша?!

Қанша ұрпақ толарсақтан қан кештік,

Азаттықтың алтын таңы атқанша?

Әскери тәрбиенің өзегі – жүректен-жүрекке жетер жан тебірентер СӨЗ және әскерді сол сөзге иландыра алатын ІС осы екі түйіннен құралса керек. Іс шынайы болып, сөздің сенімділігін білдіре алса игі. Қатаң тәртіп пен ширақ жаттығуды жүргізумен қоса, «Әр сарбаз – менің жалғыз ұлым» дейтін нұсқаушы болуы керек. 

Осы түйінді таратыңқырап айтқанда, мынадай 6 тармақты ұсыныс жасар едік: 

1. Патриоттық тәрбиеде шынайы қамқорлық сезіліп тұратын іс-әрекет түрлері анықталуы керек. Ол – әскердегі әлімжеттіктің орнын басып, жас сарбаздардың өзара құрметі мен сенімін тудыруы тиіс.

2. Әсері терең отансүйгіш мәтіндер тізбесін топтаған оқу құралын дайындау қажет. Қазақ әдебиеті мен бай фольклоры, ондағы батырлық жырлары осындай кітап құрастыруға мүмкіндік береді. 

Ол оқу құралы әр сарбазды отансүйгіш рухқа кенелтіп, өз іс-қимылына ұлт алдындағы жауапкершілік биігінен мән беруге, мақсатының асылдығына деген сенімге тәрбиелейді. Сонымен қатар әскери оқуға арналған кітап, әскер жаттайтын өлең, әскер айтатын әндер тізбесі анықталып, міндеттелуі керек.

3. Мәтіндер қазақ тілінде болуы, қысқа мәтіндер үнді дыбыстарға құрылуы маңызды.

4. Отансүйгіш тақырыпта сабақ оқитын, еркін, әсерлі сөйлейтін нұсқаушылар іріктелуі, олардың ораторлық машығы болуы маңызды. Сонымен бірге офицерлерге отаншылдық тәрбие жүргізудің тәсілдерін өз бетімен, ұтымды, алуан түрлі етіп ұйымдастыруға шабыттандыру қажет. 

5. Әскери бөлімдер арасында патриотизмді насихаттайтын ІС пен СӨЗДІҢ шығармашылық жарыстарын жиі ұйымдастыру қажет. 

6. Отансүйгіш тақырыпта тартымды жазатын және тебіреніп сөйлей алатын тарихшылар, ақын-жазушылар және машықты өнер адамдарымен жасампаз форматта кездесулерді жиі ұйымдастыру қажет.

Мен «Көк тудың желбірегені» қатарлы рухты өлеңдер жазып жүрген ақынмын. Аталған өлең хит болғанына да 20 жыл өтті. Терең тебіреніп сөйлей аламын. Бірақ бірде-бір әскери мекеме патриоттық тақырыптағы кездесуге шақырған емес. Жазушылар одағына да ондай ұсыныс түспегенін білемін. Әскер рухын көтеретін шығармалар үшін конкурс жарияланыпты дегенді де естімедім. 

Бұл нені түсіндіреді? Әскери отансүйгіш тақырыптағы тәрбиені ұйыдастыру мен ұйымдастырушы жоқ деген сөз. 

Бұл дегеніңіз әскеріміздің санасына ОТАН ұғымын, ҰЛТ және ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ұғымын дұрыс жүктеудің жолдарын таппағанымызды, ізденбейтінімізді білдіреді. Отан қорғаудың қасиеті қандай биік борыш екенін жас жауынгердің қанына сіңіру әдістерін жан-жақты жетілдіре алмағанымызды көрсетеді. Әскери мекемелерде туындаған жағдайлардың қоғам наразылығын тудырып отырғаны да содан. 

Әскербасы – сардарларымыз біз айтқан 6 мазмұнға жинақтаған өтінішімізге жіті назар аударып, практика ретінде оны жетілдіріп, жүзеге асыру жолдарын қарастыруын сұраймыз! 

ОТАН – БІЗДІ ЖАРАТУШЫ, САҚТАУШЫ, бәрінен биік, бәрінен ұлы құбылыс! Ол – жаннан да, қаннан да қымбат. Әскер – оның сенім артар қайратты қорғаушысы. Ендеше әскеріміздің сағын сындырмай, қажет кезде тайсалмай шабатын және қиып түсетін сергек, әбжіл әрі білімді қосын етіп құрайық!

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн