Саясатты биліктің қолына БАСЫБАЙЛЫ беріп қоюға болмайды!

«Ерсін Еркін бауырымызға көмек көрсетіп, бар күшін, білімін салған тіркелмеген “Atajurt guman right” жетекшісі Серікжан Біләшқа, қаражаттық қолдау көрсеткен азаматтар – Серікжан Есенғосұлы мен Марғұлан Сейсенбайға алғыс айтамыз!

  • «Дөңгелек үстел» Азаматтық қоғам коалициясының үйлестірушісі Ботагөз ИСА қазақ жігітіне қатысты Украинадағы сот, қазақ ұлтшылдығы, Ақорда билігінің дәрменсіздігі және Ресейдің әпербақан әрекеттері туралы.

Былтыр “Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін” деген айыппен Украинада ұсталып, кейін уақытша босатылған Шыңжан (Қытай) қазағы Ерсін Еркінұлына қатысты сот өтті. Еске салсақ, Киевтен саяси баспана сұраған Ерсін бауырымыз өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұраған болатын. “Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші” деген еді сол кезде Еркінұлы. «ДАТ» газеті Қытайдан қашқан азаматтың тағдырына Қазақстан билігінің араша түсуін сұрап, бірнеше мақала жариялаған болатын.

Өткен аптаның соңында Украинада Ерсін Еркінге қатысты сот шешімі шықты. «Бауырымызды Қытайға қайтармайтын болды!

Dongelek Ystel Азаматтық қоғам коалициясының (АҚК) атынан Ерсін Еркін бауырымызға көмек көрсетіп, бар күшін, білімін салған тіркелмеген “Atajurt guman right ” жетекшісі Серікжан Біләшқа, қаражаттық қолдау көрсеткен азаматтар Серікжан Есенғосұлына (Мәмбеталин) мен Марғұлан Сейсенбайға, тегін аудармашы болып, жеке уақытын бөліп, шет қалаға сотқа келген Украина елінің азаматы, бір жыл бойы әкелік қамқор білдіріп жүрген Дәулет Бейсембаевқа шын жүректен алғыс айтамыз!» – деп жазды осы орайда коалиция үйлестірушісі Ботагөз ИСАЕВА.

Украинада өткен соттың мән-жайы және АҚК қызметіне байланысты басқа да сұрақтар төңірегінде Бөтагөз ханымды бүгінгі сұхбаттасуға шақырдық.

– Бота ханым, ең алдымен Ерсін бауырымыз Киевке қалай тап болғанын газет оқырмандарының қаперіне сала кетейік: өзінің қазақ елі тұрғанда, алыс Украинаға неге барды екен, себебін біле алдыңыз ба?

– Әлбетте! Азаматтық қоғам коалициясының үйлестірушісі ретінде, әсіресе шет елдерге кетуге мәжбүр болған қазақ азаматарының өміріне қауіп төніп тұрса, мен олар турасындағы ақпаратты жинастырып, қолымнан келгенше көмектесемін. Осы ретте ең алдымен Серікжан Біләштің кәсіби құқыққорғаушылық деңгейіне және қазаққа адалдығына сенемін, сол азамат арқылы осы күнге дейін Ерсін Еркінмен байланыстамын.
Иә, еске салайын, Ерсін бауырымыз басында Қытайдан Қазақстанға келді, бірақ ол атажұртында жеке басын қорғау мен азаматтық алу мүмкін еместігін әбден түсінді. Содан Қазақстанға біршама жақын ел Украинаға кетуге мәжбүр болған. Әрине, ол елінен қорған таппаған Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасын біледі…

– Сонымен қатар Қытайдан қашқан Қастер Мұсаханұлы, Мұрагер Әлімұлы және Қайша Ақанға қатысты қазақ билігі оларға босқын мәртебесінің мерзімі аяқталғаннан кейін, Қазақстан азаматтығын беруден бас тартқаны да оған мәлім шығар?

– Әрине, Ерсін өз елінің билігінен опа таппайтынын білді. Ол Украинаға 2020 жылдың 16 қазанында кіріп, бес күннен кейін Қытай төлқұжатын жоғалтып алған соң, 3-қарашада Львов қаласына келеді. Сол жерден Польшаға өтіп кетуге тырысады. Одан кейін саяси баспана алу үшін Германияға жетуді жоспарлады. Бірақ оны украиналық шекарашылар ұстап, сот арқылы «дереу депортациялауға» үкім шығарды. Үш күннен кейін, сот шешімі бойынша оны босқындар орталығына жіберді.
Телефон шалуға мүмкіндік берілген сәтте, Ерсін бірден тіркелмеген ATAJURT HUMAN RIGHTS құқық қорғау ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа байланысқа шыққан.

– Айтпақшы, дәл сол кезде Ерсін біздің редакцияға да хабарласты. «ДАТ» жас жігіт тап болған жағдайға қатысты ақпарат жариялап, Қазақстан билігінен оған көмек көрсетуді сұраған еді…

– Хабардармын. Дегенмен өзінің көлеңкесінен қорыққан қазақ билігіне қарағанда, Ерсінге жедел жәрдем берген Серікжан Біләш болды.
Ерсін Серікжанға тергеу изоляторының қызметкерлері оны кері қайтару үшін билет сатып алғанын айтады. Сол кезде Серікжан шұғыл түрде украин шенеуніктерімен байланысқа шығып, егер Ерсінді Қытайға қайтарып жіберсеңдер, Украина халықаралық қауымдастықтың айыптауына ұшырайтынын, сонымен қатар жас жігіттің өміріне қауіп төнетінін түсіндірді. Серікжанның беделінің, білімі мен таныстарының арқасында АҚШ пен Еуропалық Одақ елдері бұл іске шұғыл араласып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар Ісі жөніндегі жоғары комиссарының (БҰҰ БІЖК) офицерлерін бірден Украинаға, Ерсінге араша түсуге жібереді.

– Құдай қолдағыр Серікжан Біләштің бұл көмегі мен шұғыл әрекетінен қазақ елі хабарсыз болса керек: оны қаралаушылар легі әлі де басылмай тұр ғой…

– Сіз айтқандай, Серікжанды қаралаушылар – Қытайға қызмет қылатын «жұмсақ күштің» астыртын өкілдері ғой. Қазақшалап айтқанда, Серікжан оларды ұрмайды! (Күлді). Осы оқиға бағытында Серікжан әлемге әйгілі және Украинадағы көптеген танымал БАҚ-пен байланыста болды. Соның арқасында халықаралық медиалар үлкен қоғамдық және халықаралық резонанс тудырды. Сонымен бірге Серікжан Украинадағы ең қуатты көші-қон саласының мамандандырылған адвокаты мен тәуелсіз аудармашыны көмекке шақырып, олардың қызмет ақысын төлей алатын қалталы азамат іздеді.

Айтпақшы, алғашқы сотқа Украинадағы ҚХР елшілігінен қытайлық аудармашы тартылған екен, ол Ерсіннің сөзін Қытайға қайтару үшін бұрмалап жеткізген… Қуанышымызға орай, Қазақстанға белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай адвокат пен аудармашының атқарған қызметін, бірнеше күн бойғы пәтерақысы мен тамақтануына ақы төлеуді өз мойнына алды. Сот болған күндері мен адвокатпен байланыста болдым және барлық ақпаратты Серікжанға жеткізіп отырдым. Ол қытай тілінде сөйлеген аудармашымен байланысып отырды.
Әлбетте, құқыққорғаушы Серікжан Біләштің сауатты әрекеттері арқасында, аппеляциялық сот депортациядан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ерсін босатылды! Украинаның Көші-қон қызметіне және ең бастысы БҰҰ БІЖК оны босқын ретінде тіркеуге алды. Сонымен Ерсіннің үшінші қауіпсіз елге кету үшін шешім күтуге жол ашылды.

– Бұған дейін болған сотта Ерсін халықарлық деңгейде қабылданған Конвенция талаптарын бұзған жоқ деп, оны жауапкершіліктен босатқан еді қой. Енді босқын жігіттің ісін қайтадан сотқа тартуға не себеп болды?

– Осы жылы шілде айында белгісіз себептермен Ерсінмен арадағы байланысымыз үзілді. Сонымен қатар Facebook желісінде Ерсін Еркінді ұрлап, Қытайға күшпен алып кетті деген ақпарат пайда болды. Бұл туралы маған Серікжан Біләш хабарлады. Киевтегі қазақ таныстарымыз арқылы біз оны таптық. Жігіт қатты күйзеліске түсіп, үрейде жүргенін білдік. Өйткені оған бірнеше күн бұрын азиат келбетті белгісіз адамдар келіп, қытай тілінде «егер Қытайға өз еркіңмен оралмасаң, аман қалмайсың» деп ескерткен екен. Сол себептен ол телефонын өшіріп, әлеуметтік желілердегі аккаунттарын жауып тастапты.

Айта кету керек, әлеуметтік желілерде үнемі Ерсін Қытайдағы фашистік концлагерьлердегі репрессия туралы ашық айтып жүрді. Сонымен қатар ҚХР-нан тарихи отанына қорған іздеп келген қандастарға қысым жасаған, азаматтық бермеген үшін Қазақстан билігін сынға алды. Қытай үшін мұсылмандарға жасалып жатқан геноцидтің куәгерлері Батыс елдеріне жетпеуі өте маңызды. Өйткені олар көп кұнды ақпарат бере алады. Әсіресе, соңғы кезде Қытайдың ірі шенеуніктері мен компаниялары санкцияға ұшырап, олардың «Бір жол, бір белдеу» жаһандық жобасы АҚШ Конгресінің санкциялық резолюциясына тап болған кезде, Ерсінді Батыс елдеріне өткізбеу – Қытай үшін маңызды еді.

Ерсін үрей үстінде жүріп, тағы да осы 8 тамызда Германияға жету үшін, қайтадан Украина мен Словакия шекарасынан өтуге әрекет жасайды. Словак шекарашылары оны ұстап, Украинаның шекара қызметіне тапсырады. Содан ол телефон оның қолына түсе салысымен Серікжан Біләшпен маған Ужгород қаласының маңындағы түрмеде екенін хабарлады. Мен Украина шекарашылар кеңседегі офицерлермен, түрме бастығымен сөйлестім және Ерсін ісінің ықтимал нәтижесі туралы жағдайды сұрап алып, бұл қазақтың баласы – жай бала емес, халықаралық құқыққорғаушылардың және де БҰҰ БІЖК назарындағы азамат деп жеткіздім.

– Тәңір жарылқасын! Өте бір сауапты іс істеген екенсіз, Бота ханым!

– Рақмет, ел мен қоғамға ортақ іс қой… Содан Украина шекарашылары маған Қытай елшілігі дереу хабарласқанын және олар жігітті Қытайға депортациялау шығындарын төлеуге дайын екендігін айтты. Ресми түрде сот болады және мұндай істер тек депортациямен аяқталатынын айтты, себебі шетелдіктің шекараны заңсыз кесуі Украинада ауыр қылмыс болып табылады деді.

Серікжан тағы да барлық халықаралық БАҚ-тарға, құқыққорғау ұйымдарына, АҚШ Мемлекеттік департаментіне, ЕО елшіліктеріне, Женевадағы БҰҰ БІЖК пен олардың Қытайдағы филиалына хабарласады да, дабыл қағады.

Бұл оқиғаға бір апта қалғанда, Қытайдың Шыңжаң аймағындағы адам құқықтарының ахуалын бақылау жөніндегі БҰҰ құжатына енген 40 мемлекеттің арасында Украина да болған. Ол Шыңжаңға тәуелсіз бақылаушыларды тез арада кіргізуге Қытайдың рұқсат беруі туралы құжат болып табылады. Алайда коронавирусқа қарсы вакцина бермейміз деп, Украина билігіне құжатқа қойған қолдан бас тартуға мәжбүрледі, оған Украина билігі көнді де, қойған қолынан бас тартты. Бұл туралы Associated Press Батыстың екі дипломатына сілтеме жасап хабарлаған. Агенттіктің мәліметінше, Украина Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Канада ұсынған 40-тан астам елдің мәлімдемесіне Украина қосылған.

– Ойбу-у! Қазақ елі хабарсыз осындай да жағдай бар екен-ау?!

– Иә, осы жағдай мәселені одан әрі қиындатты. Яғни, Украина біздің жігітті Қытайға экстрадициялауы мүмкін деген үлкен қауіп бар еді.
Серікжан Біләш кәсіби көші-қон ісімен араласатын адвокат және оның еңбек ақысы мен іс-сапар шығындарына қаражат тапты. Қазақ баласына соңғы алты жылда әкелік қамқорын көрсетіп жүрген Киевте тұратын жерлесіміз Дәулет Бейсембаев шекарадағы алыс қалаға келіп, сот процесінде аудармашы қызметін абыроймен атқарды. Ал Қазақ еліндегі танымал қоғам қайраткері, нағыз ұлтшыл азамат Серікжан Мәмбеталин Дәулет мырзаның жол қаражатын сөзсіз көтерді.

Сонымен, сот шешемі тағы да оң болды. Жігітті депортация рәсімінен құтқардық, тек Украина елінде қауіп болғаннан кейін, қандасымыз алты ай қамақта болуы керек деген шешім шықты. Келесі айда аппеляциялық сот болады. Алайда, Ерсінге әлі қауіп бар және осы қамақта жатқан алты ай ішінде БҰҰ БІЖК атынан үшінші бір Батыс елге жолдама берілмесе, оның Қытайға депортациялануы әбден мүмкін.

16 тамыз күні Ерсін Еркін маған байланысқа шығып, аштық жариялағанын айтты. Оның талабы БҰҰ БІЖК-ке арналған. Яғни, Ерсін аталмыш халықаралық ұйымнан үшінші бір елге өтуге жолдама беруін талап етуде.

– Соттан кейін украиналық көші-қон органының қызметкерлері Ерсінге қатысты өткен сот шешіміне жергілікті және халықаралық қоғам үлкен қызығушылық танытқанына таң қалыпты деген сөз бар…

– Иә, көптеген халықаралық медианың журналистері, БҰҰ БІЖК-нің ресми өкілі, ЕО елдерінің елшілері, құқық қорғаушылар өздерінің шағын қалашығына топырлап келгеніне шекара қызметі мен көші-қон соты қатты таң қалды. Олар жас қазақ жігітінің тағдырына көптеген лауазымды азаматтардың мұндай назар аударуына қызықты, өйткені бұған дейін мемлекеттік шекараны бұзған шетелдіктерді отанына депортациялау олар үшін даусыз шешім болып табылатын. Мен оларға Украина елі демократиялану, ЕО -ға кіру жолына түскенін және де қазақ белсенділері мен құқыққорғаушылары қандастарын ешқашан қиын жағдайда қалдырмайтынын жеткіздім.

– Құқыққорғаушы демекші, Қазақстанда үш бірдей ұлтшыл патриотқа қатысты сот жүріп жатыр (Марғұлан, Данат, Мейрам). Ресеймен арадағы ұлтшылдық мәселесінің өршіп кеткенін болжайтын болсақ, Қазақстандағы ұлтшылдарды қудалау жағдайы қаншалықты қауіпті деп ойлайсыз?

– Бұл ойдан шығарылған қылмыстық істер, Қазақстан билігі үшін масқара жәйт! Кез келген демократиялық елде мемлекеттің ұлттық мүддесі бірінші орында шегедей қағылады. Бізде Қытайдың экономикалық экспансиясына және Ресейдің ақпараттық оккупациясына жол берген – Қазақстан билігінде отырған ұлт мүддесінің сатқындары. Азаматтық белсенділер ұлттық мүддені өздері қолға алса, оларды мемлекет қудалайды. Мұндай қылмыстық істер мен қолдан жасалған жала маған – Ресейдің тапсырмасымен, Серікжан Біләшқа – Қытайдың тапсырмасымен жабылған. Нәтижесінде, екеуіміз де тұған елімізге сыймай кеттік.
Әрине, ұлтшыл азаматтарды жазалайтын судьялар адам құқықтарын бұзғаны үшін санкциялар, біздің коалиция жасап жатқан «Қарабеттер тізіміне» енгізіледі.

Соңғы күндері Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары орыс тілін және Қазақстандағы этникалық орыстардың құқықтарын қорғау атын жамылып, «Тіл Майданы» азаматтардың істерін белсенді және агрессивті түрде айыптауда. Орыстардың өздері Ресейде заңсыз репрессияға жаппай ұшырап жатса да, олардың өмір сүру деңгейі күрт төмендесе де, халықтың наразылығы артса да, Кремльге Қазақстанда туратын орыс диаспора өкілдерінің құқылары аяқ астынан маңызды болды. Бұл 19 қыркүйекте РФ Мемлекеттік Думасына сайлау алдындағы арзан және таза популистік риторика.

– Сіз айтқандай, бұл «популистік риториканы» әлдебіреу емес, ҚР президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қолдап отыр ғой…

– Масқара! Тіпті бұл аз болса, мұндай риторика Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосуға алғысөз болуы да әбден мүмкін. Бұл болжамның шынайылығына сенудің бір себебі – мысалы, президент Тоқаевтың аппаратында тағы бір сатқын чиновник бар екені белгілі болды. Өкінішке орай, мен оның атын білмеймін, тек Омбының қазақ қызы екенін естідім. Ол арнайы командасымен бірге әлеуметтік желінің қазақстандық сегментін сараптайды да, Қазақстан азаматтарының Ресей, Путин, Кремль немесе орыс тілі туралы жазылған пікірлерін орысшаға аударып, тікелей Путиннің әкімшілік басшысы Эдуард Вайноға жеткізетіні маған мәлім. Бұл өте қорқынышты жағдай!

– Иә, бұл жөнінде интернет пен әлеуметтік желіде мәлімет тарағанынан хабардармыз…
– Осы ретте Украиналық сценарийді еске түсірейік. Сол кездегі Украина билігі Қырымды Ресейге соғыссыз тапсырды және Украинаның шығысына ресейлік жалдамалы әскер қарсылық көрмей-ақ шекараға кірді. Ал ресми себеп – орыс тілі мен этникалық орыстардың құқықтарын қорғау болды. Қазақтар ешқашан өздерін басқа халықтардан жоғары қойған емес, өздерін басқалардан кем деп те санамайды.
Біз Украина тәжірибесіне сүйенуіміз керек, елдің қорғаныс қабілетін нығайту, ұлттық сананың өсуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Себебі оның негізінде азаматтық сана пайда болады. Ол дамыған демократиялық қоғам құрудың негізгі шарты.

– Дегенмен елдегі ұлтшыл азаматтардың елдік мүддені қорғау жолындағы белсенділігі билікті мойынсұндыруы мүмкін ғой?

– Сөз жоқ, елдегі ұлттық сана артып келе жатыр. Постколониалды мемлекет үшін бұл қалыпты жағдай. Бірақ ол баяу жүріп жатыр, себебі мемлекеттік деңгейде қолдау жоқ. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді қолдамаса, бұл – парадокс!

Тағы бір себеп – Ресей Федерациясының сыртқы саясаты Қазақстанда белсенді болуы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Ресейде сәл уақыт постимпериялық синдром болды. Ал Владимир Путин Кремльге келгеннен кейін, Ресей неоимпериализмнің тайғанақ және қайғылы жолына түсті. Қазақстан олармен экономикалық одаққа, әскери одаққа кірді, ол ақыры іс жүзінде саяси одаққа айналды. Сондықтан Қазақстандағы диктатураның аяқталуы Ресей ыдырағанда ғана мүмкін болады деген болжамның жөні бар.

Осы орайда мен швед жазушы Астрид Лингреннің сөзін айтқым келеді: «Саясаттың құны соншама қымбат болғаннан, оны саясаткерлердің қолына беріп қоюға болмайды» деген еді ол. Ал біздің Қазақстанның жағдайында саясатты биліктің қолына басыбайлы беріп қоюға тіпті де болмайды! Жоғарыда айтылған қазақ баласы Ерсін Еркін, Серікжан Біләш, Арон Атабек, Марғұлан Боранбай, Мейрам Қанапия, Данат Намазбай, тағы басқа ұлтшылдардың тағдыры соған нақты дәлел. Тек азаматтық белсенділер мен құқыққорғаушылар билікте отырғандарды түзетіп, оларды қатаң бақыласа ғана билік халықпен санасады. Дамыған демократиялық мемлекеттерде билік тек солай қызмет атқарады. Ал диктаторлық елдерде азаматтық қоғам әлсіз болса, құқыққорғаушылар тек көзбояушылықпен айналысса, ешқандай даму болмайды.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін сізге көп рақмет, Ботагөз бике! Ел мүддесі жолындағы ісіңізге табыс тілейміз!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ, «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн