Шалқар НҰРСЕЙІТОВ: САЯСАТТАҒЫ КӨЗ АЛДАУ

метрикаларынан қалай құтылуға болады?

  • Кейінгі 4-5 жылда айналамдағы адамдар маған екі сұрақты жиі қояды. Біріншісі – қашан үйленесің, екіншісі – осы сені неге полиция қамап қоймайды? Кейде әңгімені көп созбай, екі сұраққа да бұйыртқан күні деп жауап бергім келеді.

Бірінші сұрақты көбіне туыстарым мен достарым қояды. Ал екінші сұрақты мені саясаттанушы ретінде танитын, бостандықта жүргенімді көре алмайтын адамдар қояды (әзіл).

Менің ойымша, осы екі сұраққа өлшем немесе көрсеткіш ретінде қарауға болады. Біздің қоғамда адамның отбасылы болуына не болмауына қарап, оны бақытты не бақытсыз деп бағалайтындар бар. Ал Қазақстан секілді авторитаризм орнаған мемлекетте билікке қатысты ойын ашық айтатын адамның бостандықта жүруі – кейбіреулер үшін таңқалатын нәрсе.

Менің негізгі мамандығым саясаттанушы болғанымен, табыс көзім – стратегиялық коммуникация бойынша консультация беру. Мен коммерциялық компанияларға және үкіметтік емес ұйымдарға қызмет көрсетемін. Ол ұйымдардың барлығы дерлік пиардағы жетістікті елге танымал, сайтқа шыққан мақалалар санымен, әлеуметтік желіде жазылушылар санымен, мобильді қосымшаны жүктеп алған адамдардың санымен, одан қалса, лайк пен стористағы қаралым санымен есептейді.

Шын мәнісінде, олардың жұмысына бұл көрсеткіштердің маңызы шамалы. Өйткені бұл көрсеткіштер – бар болғаны көзге әдемі көрінетін, құлаққа майдай жағатын, бірақ бизнестің табысын арттыруға, ұйымның миссиясын жүзеге асыруға айтарлықтай әсер етпейтін статистика. Коммуникация мен маркетингте мұндай көрсеткіштерді ағылшынша vanity metrics, қазақшаға аударған кезде «көз алдау» немесе өз-өзін алдау метрикалары деп атауға болады. Өз басым бұл терминмен 2015 жылы АҚШ-та магистратурада стратегиялық коммуникацияны оқып жүрген кезде таныс болдым. 2017 жылдан бері Қазақстанда өз жұмыс барысымда жиі кездесем.

Кейде мен бұл көрсеткіштерді эгоны қанағаттандыру метрикалары деп атаймын. Былтыр мен консультация беретін компанияның бірінің бас директоры Қазақстандағы ютуб-арнаға сұхбат бергісі келді. Сол интервью арқылы билікке бизнестегі проблеманы жеткізгім келеді деді.

Мен дереу ол арнаның статистикасын, контентін, аудиториясын қарап шықтым. Одан кейін ол кісіге барып, бұл арнадан сіздің бизнесіңізге келіп-кетер пайда жоқ екенін айттым. Ол маған: бұл ютуб-каналды менің достарым көреді деп жауап берді. Айтқаны рас екен. Интервью шыққаннан кейін, оның комментарий бөлімінде оншақты пікір болды. Ол пікірдің барлығын сол кісінің достары қалдырған екен.

Арада бірнеше күн өтті, бас директор орынбасары арқылы компанияның қызметкерлері интервьюді қарасын, төменде позитив комментарий қалдырсын деп тапсырма беріпті. Ол кісі менің санамдағы мемлекеттік органдар ғана адамботтарды жалдап, интернетте өз-өзін мақтайды деген іс-әрекетті бұзды. Осылайша мен оның vanity metrics эгоны қанағаттандыру қызметін атқаратынына көзім жетті.

Жалпы, қазақстандық қоғам үшін көз алдау метрикалары салыстырмалы түрде – жаңа ұғым. Алайда өмірімізде бұрыннан бар дүние. Бұл термин шамаман 2010 жылдары АҚШ-та IT-startup компаниялары көптеп пайда болған кезде шыққан. Сол компаниялар инвесторға өзін тартымды етіп көрсету үшін, ауыз толтырып айтатын көрсеткіштерге жиі жүгінген. Оны байқаған американдық кәсіпкер Lean startup – ұқыпты стартап деген қозғалыстың негізін қалаушы Эрик Рис өзінің Lean startup деген кітабында «табыс театры» деген тіркесті қолданады. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл компаниялар инвесторларға өзін сату үшін ауыз толтырып айтатын, көз алдайтын көрсеткіштерге жиі жүгінеді, яғни сол арқылы клиенттер мен инвесторларға табысты компания қойылымын қояды. Түбінде табысты қойылыммен қатты әуестеніп кеткен компаниялар банкротқа ұшырайды, жүздеген адам жұмыссыз қалады, инвесторлар шығынға батады.

Егер Қазақстан қазіргі саяси жолмен жүре беретін болса, бір күні сол банкрот болған компаниялардың күйін кеше ме деп қорқамын. Қазіргі саяси режим ел басқарған кезде көз алдайтын метрикаларға арқа сүйей беретін болса, бейуақыттағы Қазақстан өлара кезеңде тұзаққа түсе ме деп ойлаймын. Өйткені қазір Қазақстанда 19 млн адам «табыс театрында» өмір сүріп жатыр. Биліктің айтуынша, саяси жүйе реформаланып, Екінші Республика құрылып жатыр, халықтың 70 пайызы Қазақстан дұрыс жолда дегенге сенеді.

  • «…Кезінде көп адамдар менен «Назарбаев болмаса, Қазақстанда президент болатын кім бар?» деп жиі сұрайтын. Кейінгі жылдары «Тоқаевтан басқа лайықты кім бар?» деп сұрайтындар баршылық.

Биліктің осындай көз алдау метрикаларынан – манипуляциясынан өз басым екі қауіпті көремін. Біріншісі – көз алдау метрикалары авторитар режимге билікті ұзартуға көмектескенімен, ел үшін қате әрі тиімсіз шешімдер қабылдауға итермелейді. ХХІ ғасырда автократтар ХХ ғасырдағы диктаторлар секілді күшке жиі сүйенбейді, бірақ манипуляцияны өте жиі қолданады. Билікте мейлінше ұзақ қалғысы келетін авторитарлық режим ел азаматтарына олардан басқа елді басқаратын лайық адам жоқ деп көрсеткісі келеді. Бұл ойға белгілі ғалымдар Сергей Гуреев пен Майкл Трейсман «Spin Dictators» деген еңбегінде көбірек тоқталады.

Кезінде экс-президент Назарбаев ішкі жалпы өнімнің қазіргі деңгейін 90-жылдардағы деңгеймен салыстырғанды ұнататын. Мәселен, соңғы интервьюінде Қазақстанның биылғы жалпы ішкі өнімін 1993 жылғымен салыстырып, оның тәуелсіздік жылдарында 32 есе өскенін айтады. Бірақ әдеттегідей, осы аралықта мұнай мен газдың, металдың бағасы тұрақты өскенін, халқымыздың саны аз екенін ұмыт қалдырады.

Рас, жалпы өнім саны жағынан өскенімен, елімізде әлі күнге дейін үш ауысымда оқитын, апатты жағдайдағы мектептер баршылық. Таза ауыз су жетпеген елді мекендер қаншама?! Кейбір экономистердің зерттеуі бойынша, Қазақстанда 19 млн халықтың 15 млн-ы кедейлер қатарында.Кейбір зерттеулер бойынша, халқымыздың байлығының 55 пайызы бар болғаны 162 адамның қолында.

Қаңтар қырғынынан кейін билік «жаңа Қазақстан» құрамыз деп мәлімдеді. Алайда ескі билік секілді көз алдау метрикаларынан бас тартқан жоқ, қайта, керісінше, олардың осы амалдары популизмге ұласып кетті. Мәселен, 2019 жылы кредит-амнистия жариялай отырып, Тоқаев жарты миллион адамның проблемасын шешеміз деді. Осы жарты миллион адамның кредиті кешірілгенімен, ол адамдар автоматты түрде кедейлер қатарынан шығып кеткен жоқ. Яғни, бұл кезекті көз алдау метрикасы.

Сондай-ақ қарызы кешірілген адамдар, кейбір зерттеулер бойынша, банктен қайтадан кредит алуға бейім келеді. Одан қалса, биылғы Жолдауында Президент алдағы уақытта Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына түсіп тұрады деді. Егер қазіргі инфляцияның деңгейін ескерсек, 18 жылдан кейін ол ақша сол 18 жасар баланың Ұлттық университеттегі оқуының бір жылдық оқу ақшасын төлеуге де жетпейді.

Оған қоса, билік биыл тағы да кредиттік амнистия жасауы мүмкін екеніне ыңғай танытты. Осыдан не көреміз? Осыдан көретініміз – Президенттің кедейлікпен күрес бойынша стратегиясы жоқ, есесіне жаңа көз алдайтын метрикалары бар.

Биліктің осындай саясатының зардабын ел экономикасы, қазір онсыз да бюджеттің жыртығын жамауға жұмсалып жатқан Ұлттық қор ұзақ жылдар тартатын секілді. Өкінішке қарай, биліктің көз алдау метрикалары Қазақстанда әлі күнге дейін тиімді жұмыс істейді.

Саясаттанушы болғаннан кейін, кезінде көп адамдар «Назарбаев болмаса, Қазақстанда президент болатын кім бар?» деп менен жиі сұрайтын. Кейінгі жылдары «Тоқаевтан басқа лайықты кім бар?» деп сұрайтындар баршылық.

Дегенмен, көз алдау метрикалары қысқа уақытта билікті ұзартуға мүмкіндік бергенімен, ұзақ мерзімге билікте қалуға кепіл бола алмайды. Мысалы, алысқа шаппай-ақ қояйық, 2015 жылы президент сайлауында экс-президент, ресми мәлімет бойынша, 97,75 пайыз дауыс жинаған. Яғни, халықтың 100 пайызына жақын қолдауы болған. Арада бар болғаны 7 жыл өтті, Қаңтар қырғыны кезінде өзінің туған Алматы облысында оның ескерткішін бейбіт шерушілер құлатты. Артынша Конституциядан есімі алынып тасталды, астананың аты қайтадан «Астана» болып өзгерді.

Көз алдау метрикаларынан төнетін екінші қауіп бар. Көз алдау көрсеткіштері арқылы ел басқару – азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін өлтіреді. Саясатқа деген қызығушылығын азайтады. Осылайша Қазақстан өз азаматтарының потенциалын толық пайдалана алмайды.

Елімізде бай мен кедейдің арасы жер мен көктей болуының нақты себебі бар, ол – саясатқа араласудағы теңсіздік. Қазір Парламентте отырған үш партияның мүшелерінің жалпы саны шамамен 1,2 млн. Елімізде дауыс беру құқығы бар электораттың саны 12 млн. Демек, Парламентте заң қабылдаған кезде электораттың 90 пайызының мүддесі ескерілмейді. Яғни, Конституцияның 30-бабындағы мемлекетті басқаруға тікелей немесе өкілдері арқылы жанама қатысу құқығын 11 млн адам пайдалана алмайды.

Еске сала кетсем, Қаңтар қырғыны кезінде бейбіт шерушілер «Шал, кет!» деп ұрандатты. Осы ұран арқылы олар тек қана экс-президенттің биліктен кеткенін қалаған жоқ, олар мына саяси жүйе біздің де үнімізді естісін деген жанайқайды жеткізгісі келді. Ол жанайқайды қазіргі билік естігендей сыңай танытты. Президент әкімшілігінің мәліметінше, 3 жылда 30 жылда болмаған саяси реформалардың 4 пакеті, 13 заң қабылданды. Конституцияның 33 бабы немесе 3/1-і өзгерді.

Алайда бұл көз алдау метрикалары саяси реформаның имитациясын жасауға тиімді болғанымен, азаматтарға саясатқа еркін араласуға мүмкіндік бермейді. Себебі Конституция бір жылда екі рет өзгергенімен, Парламент бұрынғыша және сот билігі бұрынғыша Президент институтына тәуелді болып қала береді. Осы уақытқа дейін бірде-бір тәуелсіз медиа, бірде-бір тәуелсіз саяси партия Қазақстанда тіркелген жоқ. Азаматтар бейбіт митингіге шығу үшін, әлі күнге дейін әкімшіліктен рұқсат алуы керек.

Осы орайда көз алдайтын метрикалардан құтылудың жолы бар ма деген заңды сұрақ туады. Коммуникация мамандары ұтымды көрсеткіштерге жүгіну керек дейді. Яғни, компанияның табысын арттыратын, ұйымыңыздың миссиясын жүзеге асыруға көмектесетін өлшемдерді түрлі эксперимент арқылы тауып, іріктеуіміз керек, кейін оған арқа сүйеуіміз қажет. Осы кеңесті Қазақстанның саяси жағдайына қолдануға болады.

Бағымызға қарай, бізге эксперимент жасап, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Бізге дейін қаншама мемлекет автократиядан демократияға өтті, сәтті де сәтсіз мысалдар бар. Сәтті мысалдарды саясатта ұтымды метрикаларды қолданған елдерден табуға болады. Яғни, заң үстемдігі орнаған, Конституциясы биліктің үш тармағы арасында баланс сақтайтын азаматтар ешқандай кедергісіз, саясатқа еркін араласатын, сөз және баспасөз бостандығы іс жүзінде сақталған мемлекеттерді де табуға болады. Қазақстан осы елдердің қатарына қалай кірсе болады деген сұрақ туады. Ол үшін қазіргі саясатта қоғам өмірін бақылаушы болып отырған азаматтар белсенді қатысушы болуы керек.

Азаматтық өмірге қатысудың бірнеше офлайн жолдары бар. Біріншісі – волонтер болу, ерікті болу үшін, президент арнайы бір жылды еріктілер жылы деп бекітудің қажеті жоқ. Ерікті болу арқылы сіз өзіңіздің, өзгелердің күшіне сенесіз. Проблемаларды шешу арқылы тәуелсіз азаматтық институттардың қалыптасуына көмектесесіз.

Екінші – қызығушылықтар бойынша клубтарға мүше болу. Сіз өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысып қана қоймайсыз, сол клубқа кіру арқылы қауымдастықтың мүшесі боласыз. Яғни, сізден басқа ортақ қызығушылығы бар азаматтардың бар екенін көресіз. Және ол азаматтарды сіз секілді жеке бастан бөлек, қоғамдағы коррупция, непотизм, экология, заңсыздық секілді мәселелер алаңдататынын көресіз. Бір күні сол азаматтармен бірге сол мәселелерді шешуге кірісіп кету мүмкіндігі өте жоғары.

Үшінші – мектептер мен университеттерде азаматтық білім пән ретінде оқытылғаны дұрыс болар еді. Бізде балаларға бата берген кезде әулеттің баласы болма, халықтың баласы бол деп жиі айтамыз. Бірақ балаларға халықтың баласы болуды, елдің азаматы болуды ешкім үйретпейді. Сондықтан мектеп жасынан бастап, балаларға Конституциядағы өзінің құқықтары мен міндеттерін үйретсек, өскен кезде ол азаматтар сайлаушы болғанда, саясатта көз алдау метрикаларына алданбайтын болады.

Түйіндей айтқанда, азаматтар қоғам өміріне белсенді араласқан кезде саясатта көз алдау метрикалары манипуляцияның тиімсіз құралы саналып, азаматтық қоғам есейіп, бойдақтарға қашан үйленесің, қашан тұрмысқа шығасың деген сұрақ автоматты түрде орынсыз сұраққа айналады.

Ал саясаттағы жетістікті ұтымды көрсеткіштермен өлшеу үшін, билік не істеуі керек деген сұрақ туады. Ол үшін қазіргі саяси режим өзінің эгосын қанағаттандыру, билігін ұзарту үшін пайдаланып отырған көз алдау метрикаларынан бас тарту керек. Және ең бастысы – саяси имитацияны тоқтататындай саяси ерік-жігер керек.

…Өз басым сені қашан полиция қамайды деген сұрақ қойылмаған кезден бастап, сол ерік-жігер қазіргі саяси режимде пайда болды деп қабылдайтын боламын. Сол сәттен бастап, қазақ саясатында бейуақытты таңсәрі алмастырған сәт туды деп қабылдайтын боламын.

  • «TEDxAstana» ютуб-арнасындағы видеомонологтың газеттік нұсқасын дайындаған –

Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ – «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн