Пятница , 9 мая 2025

«Еститін үкімет» – САҢЫРАУ

Науры­здың 1‑і күн­гі митин­гі­де менің қамауға алы­нуым – көз үйрен­ген, ет өлген «қалып­ты» мәсе­ле. Соңғы ширек ғасыр­дан бер­гі құқай­дың ста­ти­сти­ка­сы­нан жаңы­лып қалдық.

Қалып­сызы – пре­зи­дент­тік сай­ла­удан кей­ін­гі Тоқа­ев мыр­за­ның «ести­тін үкі­мет» бола­мыз деген сөзіне сая­ды. Оның «ести­міз» дегеніне де жылға тақап қал­ды. Бірақ тас­ке­рең болып қал­ма­са, алаңға шығып жатқан, әлі де шыға беретін халы­қтың нара­зы­лы­ғын есті­мек түгілі, құлағы сасып кететін уақыт болды.

Соған қараған­да, Қасе­кең Тоқа­ев пре­зи­дент­тік пост­пен бір­ге Назар­ба­ев­тың құлағын қоса алған сияқты. Оның қасақа­на қақа құлағы арғы Алтын­бек­тер­дің аты­луын айт­паған­да, бер­гі Қор­дай қырғы­нын үш күн­нен кей­ін ести­тін әдеті еді. Оба­лы нешік, есті­ген күн­нің ертеңін­де шыт жаңа болып: «С кем не быва­ет?» дейтін.

Міне, Тоқа­ев­тың сол «ести­тін үкі­меті» наурыз нара­зы­лы­ғы кезін­де митин­гі­ге бет алған жұрт­тың алдын үйінің есі­гі­нен күтіп алды, артын – алаң­нан алыс көше­лер­дің бой­ын­да қуып жүріп ұста­ды. Сол қамалған­дар­дың ара­сын­да біз де болдық.

Айт­пақ­шы, назар­ба­ев­тық нұсқа­да «ұста­лу» мен «қама­лу­дың» ара­сын­да қан­дай айыр­ма­шы­лық болуы мүм­кін? Бүгін­гі жағ­дай­да «ұстау», «ұста­лу» – мәде­ни­ет­ті мән­де­гі естістік екен: мән-жай­ың аны­қталған соң, жөніңе кету­ге бола­ды. Ал «қамау» мен «қама­лу» – қол­ды қай­ы­рып, бұт­тан алып, бор­бай­ды бажыл­да­тып, алды­мен – «авто­за­кқа», кей­ін­нен – топыр­ла­тып каби­нет­ке тығу. Біз екін­ші кеп­ке тап болған соң, оны қамау демес­ке лаж тап­па­дық. Оның үстіне заң бой­ын­ша ұстау мерзі­мі үш сағат­тан аспа­уы тиіс бол­са, қазір­гі қамау сағат-маға­ты­ң­ды ұрмай­ды: біз поли­ци­я­ның қамауын­да бес сағат тап­жыл­май отырдық.

Әлбет­те, бұл қамау­ларға Қасе­кеңнің қаты­сы жоқ, бар пәле – Назар­ба­ев­та деген­ді естіп жүр­міз. Оған сөз жоқ: біре­удің қолы­мен құзы­рын созған бұры­нғы пре­зи­дент бұты­на бар билік­ті басып алға­ны бесік­те­гі балаға мәлім. Бірақ «ести­міз» деп елді елік­тіріп, артын­ша есер­ге ерік­ті беріп қой­ға­ны – тағы да көпе-көрнеу.

Осы қамауда сол «ести­тін үкі­мет­тің» біраз жаңа­лы­ғы­на қаны­қтық. Бірін­ші­ден, митин­гінің алдын­да поли­ция әлдебір, әлдекім/дерге қаты­сты іс қозғап қоя­тын болған сияқты. Оған тер­ге­уші­мен болған мына диа­лог куә бола ала­ды. Алма­лы аудан­дық поли­ци­я­сы­ның мұр­нын­дағы боғы кеп­пе­ген тер­ге­ушісі Тимур Қартбердиев:

– Нөмір пәлен­бай­ын­шы қыл­мыстық іс қозғал­ды, сіз­ден сол іске куә­гер ретін­де жау­ап алам, – дейді.

– Ол қан­дай бап­пен, кім­ге қаты­сты қозғалған іс?

– Оны сіз­ге айта алмаймын…

– Мен кім­ге неме­се қан­дай іске қаты­сты куә­гер­лік жау­ап бере­рім­ді білуім керек қой!..

– Қозғалған істің жай-жап­са­рын жария етпе­у­ге қақым бар!

– Енде­ше сіздің сұрақта­ры­ңы­зға жау­ап бер­ме­у­ге менің де қақым бар!

Екін­ші­ден, «ішкі сая­сат­шы­лар» елде­гі қар­сы­лық қозға­лы­сы­ның тамы­рын басып көруді мақ­сат еткен болуы керек, митин­гі­де ұсталған­дар ара­сын­да әле­умет­тік зерт­теу жүр­гі­зу әдеті пай­да болып­ты. Бір­не­ше сағат қамауда оты­рған ада­мға оның әле­умет­тік жағ­дайы тура­лы, бан­кілік неси­есінің бар-жоқты­ғы жөнін­де, мем­ле­кет тара­пы­нан әлдебір көмек алған-алмаға­нын сұрап, бір­не­ше парақ қағаз­дан тұра­тын «опрос­ник­ті» тол­ты­рып оты­рған қызды көз алды­ңы­зға еле­стетіп көріңіз: онсыз да қаны қай­нап оты­рған лаж­сыз тұтқын оған жау­ап бере ме, жоқ па?

Қамалған­дар бастан кеш­кен ең қызық жәйт – аза­мат­тық киім­де­гі «кісі­мен» болған әңгі­ме­ге қаты­сты. Кор­ри­дор­да өріп жүр­ген «маңқа» лей­те­нант­тар қамалған­дар­ды бір-бір­леп әлгі «кісі» оты­рған каби­нет­ке ертіп апа­ра­ды. Мені де алып кел­ді. Есік­те­гі жазуы – «Кри­ми­нал­дық істер жөнін­де­гі бөлім­нің басты­ғы». Бірақ, шама­сы, «кон­тор» деген аты бар «КНБ» жақтан болуы керек, аты-жөні мен лау­а­зы­мын айт­паған «кісі» қан­дай себеп­пен митин­гі­ге шыққа­ным­ды сұрады.

– Мен – жур­на­лист­пін, митинг бола ма, жоқ әлде өрт неме­се жер сіл­кініп жата ма – оқиға орта­сын­да болу және ол жөнін­де ақпар тара­ту менің кәсіп­тік парызым!

– Біз «при испол­не­ни­и­де» жүр­ген қыз­мет­кер­міз, жағ­дай­ды аны­қтау біздің де парызымыз.

– Менің пары­зым – қоға­мға және халы­ққа қыз­мет қылу, ал сіздікі – назар­ба­ев­тық режим­ге итар­шы болу!

Бай­қай­мын, мені­мен әңгі­ме­ден әсер алма­сын біл­ді ме:

– Көр­ші бөл­ме­ге барып, бір қағаз жазып кетіңіз… – деді.

Бар­дым. Есік­тің маң­дай­ша­сын­да «Кри­ми­нал­дық істер жөнін­де­гі бөлім басты­ғы­ның орын­ба­са­ры» деген жазуы бар екен. «Қыл­мыс­кер­ді ізде­ушілер митин­гі­мен айна­лыс­са, оңған екен­біз! Бұлар біз­бен айна­лы­сып жатқан­да, ұры-қары­лар да «при испол­не­ни­и­де» жүр­ген шығар…» – деп ойладым.

Бұл каби­нет­те де крес­лоға шалқа­лап оты­рған тағы бір «кісі» бар. Алдын­да қол­мен жазы­лған қобы­раған көп қағаз. Менен бұрын кір­ген­дер жазып кет­кен болуы керек. Шекесіне «мін­дет­те­ме» деп жазы­лған біре­уін менің алды­ма қой­ды да:

– Мынаған ұқса­тып жазы­ңыз… – деді.

Оқып шықтым. «Енді­гәрі митин­гі­ге бар­май­мын, осы жер­ден шыға сала, үйі­ме қай­та­мын…» деген сыңай­дағы «мін­дет­те­ме» екен. Нара­зы жұрт­шы­лы­қтың зәресін алу­дың кәсіп­тік-тех­но­ло­ги­я­лық ама­лы: келесі жолы тағы да митин­гі­ге шық­сам, осы мін­дет­те­ме алдым­нан шығуы мүм­кін деген адам нара­зы­лық ниетін жоғал­тып алуы тиіс.

– Мен мұн­дай мін­дет­те­ме ала алмаймын!

– Неге?

– Керісін­ше, қан­ша митин­гі бола­ды, соның бар­лы­ғы­на барам. Бұл жөнін­де әлдеқа­шан жур­на­ли­стік мін­дет­те­ме қабыл­дап қой­ған едім…

– Енде­ше солай деп жазып беріңіз!

Жазып бер­дім.

Соны­мен не керек, түскі 12 жарым­да қама­лып, кеш­кі 5 жарым­да поли­ци­ядан шықтық. Есік алдын­дағы қамалған­дарға «жан­күй­ер» болып, еркін-режис­сер Еркін Рақы­шев пен азат-бақы­ла­у­шы Ақма­рал Қам­барқы­зы жүр екен. Жамы­рас­ып, жай-күй­ім­ді сұрап жатыр.

– Е‑е, жігіт­тер, Тоқа­ев­тың «ести­тін үкі­меті» түгілі өзінің құлағын­да про­бле­ма бар сияқты!.. – дедім оларға өзім­нің емес, пре­зи­дент­тің қазір­гі жай-күй­і­нен хабар беріп…

Күл­дік. Басқа қылар қай­ла қайсы?

Қамалған­дар ара­сын­да Ақта­удан кел­ген жігіт­тің сөзі есі­ме түсті (жаңыл­ма­сам, аты-жөні Бекзат Доста­нов болуы керек): «Аға, егер алаңға 10 мың адам шық­сақ, мына­лар бұт­та­ры­на ты…ып қояр еді».

Шір­кін-ай, Бекзаттың бұл сөзі «ести­мін» деген Тоқа­евқа емес, есті­мей жатқан 10 мың ада­мға жет­се ғой!..

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн