Қосшы қаласындағы науқастанып қалған әрбір жан №1 қалалық емханаға келген сайын жылы жүзбен жымия қарсы алатын бұл әйелді жақсы таниды. Өйткені олардың сұраған дәрі-дәрмегін дереу тауып беріп, ілтипат білдіріп тұратын жанды кім ұмытсын?.. Сол шуақты көңілдің, мейірімге толы орта мен шынайы қызметтің артында тұрған жан – дәріхана меңгерушісі Людмила Анатольевна Горская.
Сабырлы, көпшіл, әр пациентіне жылы сөзін аямайтын Людмила Анатольевна өз ісін жай ғана жұмыс емес, өмірлік борыш деп біледі.
Ол 1967 жылдың 17 қарашасында бұрынғы Целиноград облысы Шортанды ауданының Дамса ауылында дүниеге келген. Оның өмір жолы ХХ ғасырдағы тарихи көші-қонның бір көрінісі іспетті.
«Атам мен әжем, сондай-ақ әкем 1936 жылы Украинадағы Хмельницкий облысынан Қазақстанға жер аударылған. Ал анам 1956 жылы Белоруссиядан тың көтеруге келіпті», – дейді ол өткенді еске алып.
Осылайша, әр ұлттың өкілдері қазақ жерінде тоғысып, ортақ тағдырмен біте қайнасып, жаңа өмір бастаған. Ал олардың балалары мен немерелері – бүгінгі егемен елдің азаматтары, дәрігер, ұстаз, дәріханашы…
1984 жылы Дамса орта мектебін бітірген соң, Людмила Анатольевна Шымкент қаласындағы Алматы фармацевтика институтының филиалына оқуға түседі. Сол кездің өзінде ол өмірін медицинамен байланыстыруды мақсат еткен.
«Фармацевт болу – тек дәрі беру емес, адамның жанын түсіну, оған қолдау көрсету. Кейде жылы сөздің өзі ем болады», – дейді кейіпкеріміз күлімсіреп.
Институтты тәмамдаған соң жас маман туған жеріне оралып, Шортанды аудандық ауруханасында провизор, яғни дәріхана меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан. 35 жыл бойы бір салада, бір мақсатта, бір жүрекпен қызмет ету үлкен еңбек пен адалдықтың айғағы болса керек.
Ол жылдар бойы дәрі-дәрмек тапшылығы, денсаулық сақтау саласындағы реформалар, жаңа технологиялар мен пандемия сияқты талай өзгерістерді көрді. Бірақ барлығында ол өз мамандығына деген сүйіспеншілікті жоғалтпады.
2024 жылы Людмила Анатольевна отбасымен бірге Астанаға қоныс аударып, кейін Қосшы қаласына келіп, №1 қалалық емханада дәріхана меңгерушісі қызметін атқара бастады.
«Қосшы – ерекше қала. Мұнда адамдар мейірімді, жылы жүзді. Қала күннен күнге көркейіп келеді. Болашағы зор деп сенемін», – дейді ол.
Людмила Анатольевна – өз ісінің маманы ғана емес, өмірге құштар, көпшіл жан. Қазақ тілі курстарына қатысып, мемлекеттік тілді үйренуге ерекше ықыласпен кіріскен.
«Қазақ тілі сабағы өте қызықты өтеді. Мұғалімдеріме ризамын. Тілді меңгеріп, жерлестеріммен қазақша сөйлескім келеді», – дейді ол.
Бұған қоса, Людмила Анатольевна шығармашылықты да ұнатады. Ән айту – оның сүйікті ісі. Биыл 26 қыркүйекте Қосшы қалалық мәдениет үйінде өткен «Star Duet» байқауында ол Мәдениет үйінің әншісі Азат Тұранелмен бірге сахнаға шықты.
«Екі апта бойы дайындалдық. Бір әнді қазақ тілінде, екіншісін орысша орындадық. Көңілді, думанды болсын деп қазақша әнді өзім ұсындым. Әріптестерімнің қолдауы ерекше күш берді. Сол сәтті ұмытпаймын», – дейді ол.
Бұл кейіпкеріміздің еңбекқорлығын ғана емес, рухани байлығын да көрсетеді. Өмірдің қандай кезеңінде де өзіне шабыт таба білу – нағыз мықтылық.
Людмила Анатольевнаның өмірінің өзегі – отбасы. Жолдасы Владимир Иванович Горский – Астана қаласындағы №3 автобус паркінде жүргізуші. Екі ұлы да білімді, еңбекқор азамат болып ержеткен. Үлкен ұлы Антон Астана қаласының Аграрлық университетін бітіріп, қазір Мәскеуде энергетик мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Кіші ұлы Данил – Омбы политехникалық институтының түлегі, Астанада тұрады және инженер болып қызмет етеді.
«Отбасым – менің тірегім. Ерім мен балаларым әрдайым қолдау көрсетеді. Осы бақыттың бәріне шүкіршілік етемін», – дейді ол шынайы ризашылықпен.
Көпті көрген, өмірдің ыстығы мен суығын басынан өткерген Людмила Анатольевна қазір де сол балауса көңілмен, таза жүрекпен өмір сүріп келеді.
«Мен жұмысымды жақсы көремін. Өйткені бұл – адамдарға көмектесу, олардың жағдайын түсіну. Барша жұртқа тілегім – елімізде бейбітшілік болсын, ешқандай қасірет болмасын», – дейді ол.
Осы бір қарапайым, бірақ жүректен шыққан тілекте оның бүкіл болмысы көрініп тұрғандай.
Мейірім мен еңбектің, адамгершілік пен рухтың үлгісі болған Людмила Горская сияқты жандар – қоғамның ең үлкен байлығы, көпұлтты елдің шынайы бейнесі іспетті. Ол – поляк ұлтынан шыққанмен, қазақ топырағында тамыр жайып, осы елдің тілін, дәстүрін құрметтеп, рухына жақындаған жан. Қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысы, халық әнін сахнада шырқай алуы – тек тілге деген қызығушылық емес, елге деген құрметтің көрінісі болса керек.
Кейіпкеріміздің өмір жолы – қарапайым еңбектің қадірі мен адамдық жылылықтың үлгісі. Оның өмірінен байқалатын сабыр, еңбекқорлық, өмірге сүйіспеншілік – бүгінгі қоғамға жетпей жүрген ең қымбат қасиеттер.
Қорыта айтқанда, Қосшының тыныс-тіршілігіне етене араласқан Людмила Анатольевна сияқты жандар – уақыттың шынайы қаһармандары. Олар күнделікті еңбегімен өмірдің мәнін ұқтырып, қоғамның ең жарқын беттерін жазып жүр.
Қосшы сияқты жас қала дәл осындай адамдармен өсіп келеді. Мейірімді де еңбекқор жандардың еңбегімен қаланың іргесі бекиді, рухы қалыптасады.
Ғани АТЫМТАЙ