Авторитаризмге қарсы шыққан ең алғашқы депутат

Әділетті қоғам құруға ұмтылған қазақ қоғамы үлкен қазаға ұшырады. 62 жасқа толар шағында ғасыр басында құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының қозғалысы құрылтайшыларының бірі, екінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Төлен Мұхамедиұлы Тоқтасынов қайтыс болды.

Ол 1962 жылы 9 қазан күні дүниеге келді. Еңбек жолын орта мектепті бітірген соң 1980 жылы Семей жүн өңдеу фабрикасында жүк тасымалдаушы болып бастады. Отан алдындағы әскери қызметін атқарып келген соң 1983 жылдан Семей құрастырмалы темір-бетон комбинатында бетоншы болып істеді. 1989 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын инженер-технолог-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп, тағы осы комбинатта арматуралық цех шебері, жетекші инженер, құрылыстық-декорациялық көркемдеп-қаптаушы тастарды өнеркәсіптік өңдеу белімінің бастығы, комсомол ұйымының хатшысы болып еңбек жолын жалғастырды.

1991 жылдан «Айқас» өндірістік фирмасының директоры, 1995 жылдан «АЛЕЛ» қаржы-инвестициялық алтын өңдейтін компаниясының бас директоры – «Каполиграф» АҚ президенті, 1997 жылдан «Каполиграф» АҚ және «АЛЕЛ» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде болды. 2000 жылдың қыркүйегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып,Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі, «Экология» депутаттық тобының жетекшісі болды. 2004 жылдан Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы қызметін атқарды.

2001 жылы Төлен Тоқтасынов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құруға атсалысты. Бұл ұйым 2004 жылдың ақпан айынан 2005 жылдың қаңтарында жабылғанға дейін партия ретінде жұмыс істеп тұрды. Сол жылы депутат Тоқтасынов елдегі ақпараттық ресурстар Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы «Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Рахат Әлиевке шоғырланған» деп мәлімдеді.

2022 жылдың желтоқсанынан ол ҚДТ-ның саяси кеңесіне жетекшілік етті.

Қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары марқұмның азаматтық ұстанымы, адемгершілік қасиеттері жайында ұнамды пікір білдірді. «Төлен Тоқтасыновты жас ұрпақ көп біле бермес. Бірақ Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру жолындағы елге қызмет еткен мықты қайраткерлердің бірі болды. Парламенттің екінші шақырылымында депутат болды. Қазақстанның парламентаризмі тарихында авторитаризмге, жеке дара билікке ең алғаш рет қарсы тұрған адам. Қазақстан парламентінде еліміздегі ең ықпалды әулеттің қысастығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған алғашқы депутат болды.

Төлен Тоқтасынов секілді 2019 жылға дейін, тіпті 2022 жылға дейін парламентте елдегі авторитаризмді айыптаған тұлға болған жоқ. Рас, баспасөзде айтылды, жазылды. Бірақ билік мінберінен айтылған жоқ.

Иманғали Тасмағамбетовтің үкіметі жер сатуға рұқсат беретін заң жобасын парламентке ұсынған кезде жеті депутат қарсы шықты. Осы жетеудің бірі –Төлен Тоқтасынов еді. 1990-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында «Қазақгейт» деген шырғалаң пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың Швейцариядағы шотында пара ретінде алынған 98 млн доллардың жатқаны туралы мәлімдеме жасаған үш депутаттың бірі де Төлен еді. Осыдан-ақ оның елге шын пейілімен қызмет еткен қайраткер екенін аңғаруға болады. Біз осындай азаматтан айырылып отырмыз», – деді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Ал Мәжілістің тағы бір депутаты Айдос Сарым: «Төлен Тоқтасынов Қазақстанның жаңа тарихында өз орны бар, өр мінезді, жүректі, болмысы ерекше, қайраткер азамат еді. Соңғы кезде басына түскен жағдайлардан денсаулығына сызат түскен шығар.

2001 жылы Үкіметте дағдарыс болған кезде ерекше көзге түсті. Шындықты шырқыратып айтты. Бүгін көп сыналып жатқан «Ескі Қазақстан» туралы жұрттың дені айта алмай отырған кезде ашық айтқан азамат болды. Сондықтан Төлен Тоқтасынов еліміздің жаңа тарихында ойып тұрып орын алғаны анық. Иманды болсын! Туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – деген тілегін жеткізді.

Қанша қайғырсақ та тағдырдың жазуын өзгерте алмаймыз. Осындай асыл азамат, саналы өмірінде Әділетті Қазақстан құру үшін күрескен нағыз қайраткерден айырылып қалдық. Ауыр қазаға байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына, ниеттес достары мен әріптестеріне «Дат» газеті редакциясының ұжымы атынан терең қайғырумен көңіл айтамыз. Жаратқан иеміз сүйген құлына балап, жәннаттан орын бергей!

Республиканский еженедельник онлайн