Қазақ билігі президент бастамасымен қолға алған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұстанымын қалай түсінесіз? Бұл сұраққа жауап беру – еліміздің әр тұрғыны үшін оп-оңай. Өйткені күрделендірген түгі де жоқ, өте қарапайым ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда осы мәселеге толыққанды тоқталып өткен болатын. Сол сәтте ол да сөзін тым әсерлеп, әсірелемей, адал азаматтар қоғамын қалыптастыру мақсатын ұйып тыңдағандарға ұғынықты етіп, рет-ретімен жеңіл баяндап шықты.
«Қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», — деді сонда президент.
Көрдіңіз бе? Демек, бас әріппен жазылатын «Адал азамат» дегеніміз – сіз бен біз «бар жағдайымызды жасап берсін», «елі үшін еңбек етсін» деп міндетсініп отыратын шенеуніктер ғана емес, өзіміз! Масылдық пиғылдан арылып, өз саламызда жарытып жұмыс істей алсақ, адал табысты еселеуге көзбояушылықсыз еңбек ете білсек, соның өзі – зор жетістік. Ал билік басындағылар ондай жандарды назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше марапаттап, ел іргесінің бекуіне бір кірпіш болып қаланғанын елеп-ескереміз деп отыр. Бұл ретте жасымыздан да, жасамысымыздан да тек еңбек, тәртіп-тәрбие, ұлттық құндылықтарды қастерлеу талап етіледі. Бір айтқанға оңай ма? Ал шын мәнінде көбіміз осы аталғандардың өзін орындап жүрген жоқпыз. Көше, табиғат лас, отырған, жүрген жерімізге қоқысты қалай болса солай лақтырып кете саламыз. Ішімдік пен есірткіге есірген қазақ бір-бірінің жағасын жыртып, басын жарып, қылмыскер екенін үлкен дәреже көріп жүр. Оны президент те жақсы біледі. Сенбесеңіз, өзі де тілге тиек етті.
«Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адам, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды. Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады.
Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлде қажеті жоқ ақпарат деуге болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал соларды билік өкілдері ауыздықтасын деп қойып, отбасы – ошақ қасында «саясат» соғып, өзіңнен басқаның бәрін жаман көріп, сынап-мінеп отыра беру керек пе? Жалпы, сол көшеге қақырынып-түкірініп, момынды бопсалап, табиғат аясын қоқысқа толтырып, ішіп, шегіп жүрген тәртіпсіз құқықбұзушы сіздің бауырыңыз, балаңыз болмасына кім кепіл?
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың ұрпағымыз. Баланың айтқанды емес, көргенін істейтінін де жақсы білеміз. Сондықтан алдымен оларға өзіміз үйде үлгі болуымыз керек. Одан кейін ше? Тағы да президент сөзіне жүгініп көрейік.
Жүгініп қана қоймай, жиып-теріп, бірнеше мысал келтірсек, ол былай дейді:
1. «Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет».
2. «Біз – аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек».
3. «Балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек».
4. «Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек».
5. «Мен алдыңғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек».
6. «Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшесі, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді».
Бұл айтылғандарды адал азамат ретінде адал ұрпақ қалыптастыруға қатысты негізгі 6 өсиет деуге де болады. Әрине, одан «Тоқаев президент болмағанда, еліміз кері кеткен, жұртымыз құрдымға құлдырағандай екен ғой» деген түсінік қалыптаспаса керек. Мақтан тұтар маман, қалаулымызға айналған қызметкер, өркениетке ұмтылған өрендеріміз де аз емес. Ал президенттің бар талабы – қайдағы бір басбұзар, эктремистерді емес, сол адал жандарды үлгі тұтып, «жаңа Қазақстанды» арам пиғылдан ада, таза ниетті, білім-білігі мол қоғаммен құрайық деу.
«Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді», — деді мемлекет басшысы.
Ол үшін қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажеттігін еске салды. Сондай-ақ қазіргі қоғамның өзгерісті бұрынғыдай біреуден мадақ есту үшін емес, алдымен өзі үшін жасауға тиіс екенін баса айтты.
«Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте «Еңбек адамын дәріптейтін ел, сол елі үшін еңіреген ер керек-ау, ал осы құндылықтарды көтеріп тұрған жер не болды?» деген орынды сұрақтың туындауы да заңдылық. Ол – орнында. Келімсекті кенеше қаптатқан жоқпыз.
«Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз», — дегенді батыл мәлімдеді президент.
Екінші байлық – мемлекеттік тіліміз туралы да турасын тіліп айта білді. Қараңыз…
«Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс», — дегенді уәде етті.
Жоғарыда «Адал азамат» дегеніміз – сіз бен біз «бар жағдайымызды жасап берсін», «елі үшін еңбек етсін» деп міндетсініп отыратын шенеуніктер ғана емес, өзіміз!» дедік қой. Онымен «шенеуніктердің басынан бар жауапкершілікті алып қашып, өзімізге жүктей салмақ» деген асығыс қорытынды жасалмауы керек. Олар да аспаннан салбырап түспеген, өз арамыздан шыққан азаматтар. Сондықтан адалдық бәрімізден тең дережеде талап етіледі. Лауазым, мамандыққа бөліп, шенеунік сүйтсін, мұғалім бүйтсін деп қойып, өзімізге қол қусырып отыра берген жарамас.
«Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында, не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, алдымен халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан шығатын қарапайым қорытынды – «мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет» дегені ғой. Бастысы, өзгеріске деген құлшыныс адалдықтан бастау алсын деген ниет түзу.
«Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», — деп түйіндеді сөзін президент.
Біз де сенеміз. «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген ұлы Абайдан асырып ештеңе айта алмаспыз. Президенттің ұстанымы да сол, «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұрса екен деп тілейді. Президенттік өкілеттігі аяқталғанша перзенттік борышын өтеп, «Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз?», «Ұлтымыз нені армандайды?», «Қазақстан азаматы қандай болуы керек?», «Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтардың игілікті жауабын тауып, соны өмірімізге берік ендіріп кеткісі келеді екен. Ендеше, қолдау көрсетейік. «Ойбай, президент жаман, Үкімет жаман, мен ғана жақсымын» деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра беретін заман келмеске кетті. Енді көп сөзді қойып, диваннан бөксемізді көтеріп, білек түріп, бел буып, бір мүдде жолына тоғысалық, ағайын! Ерік ЕЛЕУСІЗ