Адамгершілікке жатпайтын әрекет

2023 жылы жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек Алматыдағы № 1 Балалар үйі мен оның аумағы Әлия Назарбаеваның жақын адамдарына сатылғанын, ал тәрбиеленушілердің қала сыртына көшірілетінін мәлімдеді. 2024 жылы наурызда Балалар үйінің түлектері бұл шешімге қарсы шығып, жаңа ғимараттың түрме маңындағы батпақты жерде салынып жатқанын айтты. Orda.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін Қонаев қаласына барып, құрылыс барысын тексерді.

Қонаев қаласы Алматыдан 65 шақырым жерде орналасқан. Жолға кететін уақыт шамамен бір жарым сағат. Балалар үйінің құрылысы 2024 жылдың үшінші тоқсанында басталып, 2025 жылдың екінші тоқсанында, яғни маусым айында аяқтау жоспарланған.

Құрылыс барысына назар аударсақ, ғимарат үш қабатты, монолитті каркас құрылымымен тұрғызылып, қаптамасы кірпішпен толтырылған. Монолитті жұмыстар аяқталуға жақын, қасбетті жылу жабындылармен жабу басталған, кей жерлерге терезелер орнатылған. Дегенмен, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, сондай-ақ шатыр жұмыстары әлі аяқталмаған. Бұл кем дегенде тағы жарты жылдық жұмысты қажет етеді.

Құрылыс алаңы туралы көбірек ақпарат алу үшін ішке кіруге тырыстық, алайда күзетші басшылықтың рұқсаты жоқ деп, бізді кіргізбеді. Дегенмен, сырттан бақылағанымызда құрылыс материалдары тиелген 4-5 КамАЗдың алаңға кіріп жатқанын көрдік. Бұл жұмыс қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді.

Істелетін жұмыс көлемін ескерсек, ғимаратты маусымға дейін тапсырып үлгере ме, жоқ па – белгісіз. Бұл сұраққа жауап алу үшін жауапты органдарға сауал жолдадық.

 Ғимараттың орналасқан жерін жан-жақты зерттеу үшін дронмен түсірілім жасадық. Интернат тәрбиеленушілерінің айтқан сазды сулардың расымен бар екенін көрдік. Түсірілім кезінде бульдозерлердің бұл жерге құм төгіп жатқанын байқадық.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер Қазақстан Республикасының ережелер жинағына сәйкес, интернаттарды ортақ қолданыстағы жасыл аймақтардың, яғни саябақтардың, бақшалардың, бульварлардың, скверлердің қасына орналастыру ұсынылады. Алайда жаңа ғимараттың маңында батпақтан басқа балаларға қажетті ойын-сауық орталықтары да жоқ.

«Онда ешқандай коммуникация мен инфрақұрылым жоқ, бірақ жақын жерде төрт түзеу мекемесі бар. Балалар мекемесінің түрмемен көрші салынуы қаншалықты дұрыс? Дегенмен біздің шенеуніктер осындай шешім қабылдаған болар. Бірақ суреттерге қарағанда, ол жерге қоныстану әлі ерте сияқты», – дейді заңгер Анна Чернова.

Балалар үйінің батпақты аймаққа салынуы қаншалықты қауіпсіз екенін архитектор Владислав Филатовтан сұрадық. Оның айтуынша, егер су дұрыс құрғатылса, ешқандай қауіп жоқ.

«Осындай учаскелердің шетін талдармен көмкеруге болады. Біріншіден, бұл әдемі көрінеді. Екіншіден, талдар ылғал сүйгіш, олар жағалауды бекітеді. Сонымен қатар талдар арқылы табиғи жолмен суларды құрғатып, құрылыс учаскесіне әсерін азайтуға болады», – дейді Филатов. Оның айтуынша, Қонаев қаласында Қапшағай су қоймасы барын ескеру керек. Үлкен су қоймасы бар аймақта жер асты суларының жоғары көтерілуі – қалыпты құбылыс.

«Бұл сулар уақыт өте келе тартылады, сондықтан бұрын Қапшағай суы жайылған жерде Балалар үйінің салынуы таңғаларлық жағдай емес. Барлық қалалар осындай аймақтарда дамиды, бұл – алғашқы нысандардың бірі ғана», – деп түсіндірді Филатов.

Бірақ бұл пікірмен барлығы келісе бермейді. Архитектор, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) профессоры Павел Савранчук балаларды қаланың сыртына көшіруді геноцидке теңеді.

«Гуманитарлық тұрғыдан бұл мәселе баршаға түсінікті деп ойлаймын. Бұл – ашкөздік. Балалардың тағдырына жауапты адамдардың мұндай шешімі – адамгершілікке жатпайтын әрекет. Ресурстары бар тұлғалар ең әлсіздерге қол сұғып отыр. Балалар үйін осындай жерде салуға бола ма деген сұраққа жауабым – жоқ! Бұл – жұмсартып айтқанның өзінде геноцидке тең. Қазіргі нысанды жаңартып, жақсарту, дамыту қажет, ал балаларды ешқашан қаладан қууға болмайды! Олар мемлекет тарапынан ең жоғары деңгейде қамқорлыққа алынуы тиіс», – деді профессор.

Ал Бағанашылдағы балалар әлі көшірілмесе де, олар өсірген ағаштар кесіліп, аумақтан шығарылған. Балалардың көзінше кесілген шыршалар не үшін және кімнің рұқсатымен оталғаны белгісіз. Белсенділер бұл мәселеге алаңдаулы.

«Ағаштар мемлекеттік меншік болғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріс жүргізуі керек. Осыған байланысты мен № 1 Балалар үйінің аумағында ағаштарды кескен және шыршаларды заңсыз әкеткен адамдарды жауапқа тартуды сұраймын. Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік мәселесін тиісті органдар шешуі тиіс», – деп жазды Анна Чернова.

 Алматыдағы Балалар үйінің тәрбиеленушілері жаңа ғимарат түрменің жанына салынып жатыр деп дабыл қаққан. Orda.kz журналистері бұл ақпаратты тексеру үшін Қонаев қаласындағы түрмелерді іздестірді. Алайда қала аумағында түрме жоқ болып шықты. Барлық колониялар Заречный ауылында орналасқан.

Бұл ақпаратты нақтылау үшін Заречныйға бардық. Ауыл Қонаев қаласынан 20 шақырым жерде, Алматы – Қонаев тас жолының бойында орналасқан. Мұнда төрт колония бар: екеуі қатаң режимде, біреуі жалпы режимде, тағы біреуі – колония-қоныс. Соңғы лагерьдегі тұтқындар демалыс күндері сыртқа шығуға құқылы.

Еске сала кетейік, журналистермен кездескеннен кейін тәрбиеленушілер Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездескен. Оның айтуынша, Алматыда оқып жүрген № 1 Балалар үйінің тәрбиеленушілері сол жерде қалады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласындағы жаңа кешенге жіберіледі.

Айша АЛДИЯР

Республиканский еженедельник онлайн