Воскресенье , 20 апреля 2025

АЖЫРАСУ НЕГЕ КӨП?

Цитата орынына:

  • Биылғы жылдың бес айында Қазақстанда 81 мың неке тіркеліп, 47 ажырасу фактісі құжатталған. Бұл – елде отау құрған жас отбасының тең жартысынан астамы (51%) ажырасып кететінін көрсететін дерек.
  • «Фейсбук» желісіндегі «Online Qazaqstan» тобында Қазақстандағы ажырасу мәселесіне байланысты сауалнама жүргізген болатынмын. Көпшілік азамат атсалысқан зерттеуім зая кетпесін деген ниетпен сол әлеуметтік сауалнаманың негізінде мақала жазып, жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдім.

Ұлт болашағына ықпал ететін ажырасу мәселесіне қатысты келеңсіздікке елдік мүддеге алаңкөңіл әрбір азамат салғырт қарамау керек деп ойлаймын. Себебі соңғы жылдары елімізде некеден ажырасу көбейіп барады. Біріккен Ұлттар Ұйымы жүргізген «Демографиялық есеп» статистикалық деректері бойынша, Қазақстан ажырасу мәселесі ушығып тұрған әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді екен.

Әлбетте, бұл алаңдауға тұрарлық жағдай, себебі мемлекет әрбір отбасынан құралатын болса, еліміздің болашағы шаңырағымыздың бүтін әрі берекелі болуына тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы елімізде 139 504 неке қиылып, 59 796 неке бұзылған. Бұл деректен ажырасудың 40%-ға өскенін байқауға болады. 2020 жылғы көрсеткіш бойынша неке қию да, ажырасу да азайған. Ол әлемдік пандемияның ықпалынан болса керек. 

Ажырасудың түпкі себебін анықтау мақсатында әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргіздік. Онда жарты миллионға жуық оқырманы бар «Фейсбуктегі» «Online Qazaqstan»тобына, қазақ тілді контенттің арасына сауал тастадық. Ажырасудың басты себептері ретінде ЖЕТІ негізгі себепті көрсеттік, олар:

1. Маскүнемдік немесе нашақорлық, құмар ойын (карта, казино, букмекер және т.б.);

2. Зинақорлық, яғни «жеңіл жүріс», еркектердің өзге әйелге баруы немесе әйелдердің бөтен еркекпен кездесуі;

3. Ата-ененің, туған-туыстың (қайын апа, сіңлі, қайын іні, балдыз, т.б.) екі жастың ортасына түсуі;

4. Мемлекеттік жәрдемақы: атаулы әлеуметтік көмек (АСП) және алимент алу үшін;

5. Жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы; 

6. Мінездің жараспауы, арада салқындықтың пайда болуы;

7. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, балағаттау, намысқа тию фактілері.

Осы айтылғандарды жұрт болып талқыладық. Пікір жазған мыңнан астам адамның жауаптарын саралау арқылы мынадай нәтиже алдық:

  1. Маскүнемдік немесе нашақорлық, құмар ойыны – 29%
  2. Жұмыссыздық, баспананың жоқтығы – 23%
  3. Зинақорлық, яғни «теріс жүріс» – 6%
  4. Туған-тусқандардың араласуы – 9%
  5. Жәрдемақы немесе алимент алу үшін ажырасу – 4%
  6.  Мінездің жараспауы – 7%

7. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, қорлау фактілері – 16%.

Сауалнамаға қатысушылардың 4%-ы «жауаптың бәрі сай келеді» десе, 2%-ы ажырасудың бұдан да басқа себептері бар екенін алға тартқан.

Жоғарыдағы пайыздық көрсеткіштерді саралай келе, еліміздегі ажырасудың ең басты себептері – букмекерлік компаниялардың кесірі мен ішімдікке салынудың салдары және баспананың жоқтығы мен жұмыссыздық деген тұжырым жасадық.

Ажырасуды азайту үшін қандай қадамдар жасалуы қажет?

1. Ұлттық идеологияны, соның ішінде ұлттық тәрбие мәселесін жедел қолға алу, осы ретте Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің атауын – Қазақстан Республикасының Білім, ғылым және ТӘРБИЕ министрлігі етіп өзгертіп, оның құрамында Тәрбие комитетін ашуды ұсынамыз;

2. Қазақстан Республикасының «Отбасы және неке туралы» Заңын қайта қарау, толықтырулар мен өзгертулер енгізу (ажырасу талаптарын қиындату, ерлі-зайыптылардың міндеттерін айқындау, бала алдындағы жауапкершіліктерін күшейту сынды бағыттарды енгізу);

3. Сот органдарына ажырасуға талап арыз берген адамның өтінішін қарау барысында екінші тараптың уәжін тыңдамайынша, шешім шығармау және үш рет сотқа шақырғанда келмеген тарапты сот отырысына күштеп (мәжбүрлеп) әкелу шараларын қарастыру; сондай-ақ әйелдердің жүкті кезеңінде жүрген және үш жасқа дейінгі баласы бар отбасылардың ажырасу туралы арыздарын мүлдем қабылдамау сияқты шараларды сот тарапынан енгізу;

4. Жас отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуді жеделдету, үйлі болудың жолдарын барынша жеңілдету (республикалық/жергілікті бюджеттің көмегімен алғашқы жарнасыз, жылдық пайызы төмен, қолжетімді баспанамен қамтудың тетіктерін қарастыру; одан бөлек еріктілер құрған қайырымдылық қорларының жұмыстарын ілгерілету арқылы баспана мәселелерін шешу);

5. Букмекерлік құмар ойындар компанияларын жаппай жабу, олардың жұмысына тыйым салу (оқшауланған, қызметі күмән тудыратын түнгі клубтарға жиі рейд жүргізу).

«Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Дегенмен, осы аталы сөздің құндылығына терең бойламаймыз. Отбасын сақтау – ұлтты сақтау, ұрпақты сақтау екенін жете түсініп, ұлттық тәрбиені қолға алған кезде ғана ажырасудың азаятынына кепілдік беруге болады.

Кенжегүл ТЕРГЕМБАЙ, журналист 

«Тоқалдыққа алатын ЕРКЕК ІЗДЕП ЖҮРМІН»

Шымкенттік Айша есімді оқырман өзінің тоқал болуға дайын екенін айтып, «Замана» газетінің редакциясына қоңырау шалды. Жасы қырыққа жақындаған Айша лайықты азамат табылып, көңіл білдіріп жатса, өзінің екінші әйелдікке қарсы болмайтынын жеткізген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Ел ішінде қазір жасы 30-дан асқан қыздар көп. Ал менің жасым 30-дан әлдеқашан асып кеткен, қазір 40-тамын.Тұрмыс құрмағанмын. Екі жоғары оқу орнын бітіргенмін, заңгер, психолог мамандықтарының иегерімін. Бүгінде осы мамандықтарым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Кәсіппен айналысып, қыруар табыс таппасам да, айлық жалақым өз жағдайымды жасауға жетеді. Құдай берекесін берген сол табыстың арқасында өзіме қажеттінің бәрін адал еңбекпен таптым деп ұялмай айта аламын. Адал еңбекпен тапқанымды қысылып-қымтырылмай жаратамын, біреуге кіріптар емеспін, тәуелсізбін. Үйім, көлігім бар», – дейді Айша.

Екінші әйел болғысы келетін Айша неліктен қырық жасқа дейін тұрмыс құрмағанын да түсіндірді. «Оқуды үздік бітірдім, жұмысқа да бірден тұрып кеттім. Ал жұмысқа тұрған соң, тұрмыс ағымымен уақыт өте беріпті. Жалпы, менде алдымен білім жетілдіріп, мансапқа қол жеткізіп алайын, тұрмыс құруға әлі ерте дегендей ойлар болған емес. Жұрттан қалмай, әйтеуір күйеуге тие салу керек деген де ой болмады. Ондай ойым болса, шынымды айтайын, мен әлдеқашан, тіпті мектепті бітіре салысымен-ақ тұрмыс құрып кеткен болар едім. Төңірегімдегі құрбыларым, әріптестерім отау құрып жатқанда, сондай күн бір кездері өзімнің де басымнан өтеріне сенім болды. Мен де өз теңімді табармын деп ойладым, теңімді тапсам, тұрмыс құруға дайын едім. Бірақ ондай жігіт кезікпеді. Нәсіп болмаған шығар», – дейді кейіпкер.

Ол өзін тоқал болуға қандай жайттар итермелейтінін де жасырған жоқ. «Мен бұл жөнінде жасым 30-дан асқан соң ойлана бастадым. Ажырасқан болса да, лайықты жігіт кезіксе, тұрмысқа шығу ойда болды. Кейін лайық жан кездессе, екі жақтың да жағдайын жасай алатын, шын мәнінде екі әйелге иелік ете алатын, оларды тең әрі тату ұстай алатын жан жолықса, ойын білдірсе, неге тоқал болмасқа деген де ой келді. Өйткені өмірде барлық жағдайы, қасиеті, қауқары бар, түрлі себеппен отбасында бір-екі баламен шектеліп қалған, ұрпағын көбейткісі келетін ерлер де жоқ емес. Бірақ олардың көбі «екінші әйел алуға болмайды» деген қасаң қағидаға мойынсұнып қалған. Сондай еркек кездессе, неге оған тоқал болмасқа деген ой келді. Әйтеуір тиіп алсам болды, күйеусіз қалып кетпейін деген емес, саналы түрде сондай ой болды. Өйткені ана болып, сәби сүю де керек. Ал сәби сүю некелі жарың арқылы келеді. Арада бала болса – болар, болмаса, ол да бір Құдайдың ісі ғой.

Негізі біреуге тоқал боламын десем, үйдегілер де маған қарсы тұра алмас еді. Өйткені бұл менің өз өмірім ғой. Қазір немере сүйер жастамын, енді маған 25-тегі жігіт келмейтіні белгілі ғой», – дейді Айша.

Сондай-ақ кейіпкер қандай азаматқа жар болғысы келетінін де айтты. «Ер-азамат деген атқа лайық, тұрмысы түзу, отбасына, әйелдеріне, балаларына дұрыс қарай алатын адам жолықса, оған екінші әйел болуға қарсы емеспін. Әрине, материалдық жағдайы сай болуы тиіс. Жасы ары кетсе 50-55-тен аспағаны дұрыс шығар. Шаршап қалмаған, өмірге құштар, белсенді өмір салтын ұстанатын, жұртпен жиі араласатын, табиғат аясына шығып тұрудан да қашпайтын, әңгіме-сұхбатқа өресі сай, парасат-пайымы жоғары жан кезіксе, оған екінші жар болуға көнер едім. Жұртқа көрсетіп, жариялы түрде үйленсе, мен ол үшін арланбас едім», – дейді Айша.

Kaznur.kz

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн