Соңғы сегіз жылдан бері газетіміздің бір пұшпағын арқалап келе жатқан үзеңгілесіміз Азамат Молдасанов бұған дейін апталықтың «ДАТ!» және «ДАТ-Диалог» айдары аясында автор-кейіпкерден сұхбат алатын. Ал «DАТ»-ымыздың 25 жылдығына арналған осы мерекелік нөмірде біз Азаматтың өзінен сұхбат алуды жөн көрдік.
– Азамат, газетіміздің оқырмандары сені біраз жылдан бері «Димаш АЗАМАТОВ» деген журналистік лақап атаумен ғана танитын еді. Осы соңғы Парламент және қалалық мәслихаттар сайлауына үміткер ретінде қатысып, «чекисттердің» тілімен айтқанда, «легализоваться» еттің. Жақын айналаң болмаса, қауым жұртшылық сенің «ДАТ»-қа «контордан» келгеніңді біле бермейді. Сондықтан әңгімемізді осы мән-жайды жария етуден бастасақ?
– Мені «ДАТ»-қа жетелеп келген дүние – бойымдағы әділдікке деген құштарлық. Ел арасында «контора» деп аталатын «КНБ»-дан кетуіме де сол құштарлық әсер етті. Адамның қалыптасуы бала күннен басталмай ма, менің азамат ретінде қалыптасуым алмағайып 90-жылдармен сәйкес келді. Сол заманның басты құндылығы – осы күні мәні майысып бара жатқан – сөз бен істің жауапкершілігі еді.
Дегенмен, өмірімді журналистикамен байланыстырам деген жоспар менде мүлде болмаған. Тіпті мың ұйықтасам да, түсіме кірмеген. Мені журналистикаға, оның ішінде қаламыңды қақпайтын тәуелсіз журналистикаға итермелеген жағдай – «контордан» кетуіммен, анығы «кетірумен» тікелей байланысты. Турасын айтайын: тек қана жүрек қалауымен әділдік үшін шайқасам деп, оппозицияға келдім десем, өтірік болар еді. Менің азаматтық өмірге араласуым «КНБ»-дағы бұрынғы басшылығыммен болған ерегістен басталды.
– «КНБ»-ның өз ішінде де ерегес болушы ма еді?!
– Бұл сұрақтың жауабын қысқа қайырайын. Мен офицер атына кір келтіретін жайттарға табиғатым қарсы болды. Сол қарсылығым үшін жұмыстан кетуге мәжбүр болдым. Дегенмен таңдау алдында тұрдым.
Арымнан аттап, органның қатарында қалу немесе абыройымды сақтап, жұмыстан кету. Қазақта «Атақтан айырсаң да, абыройдан айырма» деген сөз бар. Сондықтан екіншісін таңдадым да, әскери тілмен айтқанда, «гражданкаға» кеттім. Сол кезде кімнің – кім екені белгілі болды. Ешкімнің есімін атамай-ақ қояйын. Осы сұхбатты оқыған, сол кезгі мән-жәйді білетін бұрынғы әріптестерім онсыз да түсінеді. Дегенмен, сыйлап, сеніп жүрген адамдарым ашып кеткен айран екендерін көрсетті. Керісінше, жақсылық күтпеген адамдар қол ұшын беріп, қолдау мен ілтипаттарын білдірді.
Менің «контордан» кеткенімді естіген сол кезгі атауы «ҚР Президент күзеті қызметінің» басшылығы маған жұмысқа кіру жөнінде ұсыныс жасады. Әрине, мен ол ұсынысты қуана қабыл алдым. Бірақ менің жұмыстан кетуіме себеп болған жоғары шенділер бұл жоспарымды біліп қойып, ол қызметке қабылданбауыма әрекет жасаған соң, әскери кительді қайта кию мүмкіндігі мүлдем жойылды. Оған да бойұсындым.
Отбасын асырау үшін, азаматтық мекемеге жұмысқа тұруға мәжбүр болдым. Әскери қызметте жинақтаған тәжірибе және қолға алған іске аса үлкен жауапкершілік таныту қасиетінің арқасында екі жылдан соң басшылық жұмысқа ұсынылдым. Бірақ бұл жолы да «бұрынғы достарым» сол лауазымға тағайындалуға кедергі келтірді. Кезекті аяқтан шалуды бұл жолы кешіре алмадым. Қазақша айтқанда, қаным басыма шапты. Тып-тыныш «гражданкадағы» өмірімді бұзып, өздері ерегестірді. Сол ерегістің салдарынан «Записки бывшего опера КНБ» атты мақаламды жазып, Ерекеге келдім…
– «Ерекеңіз» Ермұрат Бапи ма? Таныстықтарыңыз сол мақаладан басталған екен ғой…
– Жоқ. Ерекені бұрыннан танитынмын. Жалпы, жұмысыңа адал, әскери антыңа берік, ниетің таза болса, ешкімнің алдында қорқыныш дегенді білмейсің. Мен ұлттық қауіпсіздік органдарында жұмыс жасап жүріп, кез келген оппозиция өкілімен ұлттық мүдде, мемлекеттік құндылық турасында ортақ тіл таба білдім. Себебі бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, көздеген мақсатымыз бір – еліміздің дамып, заманымыздың тыныш болуы. Елге төніп тұрған қауіп-қатерді түсіну үшін, арнайы қызметте болу шарт емес.
Сол қауіп-қатердің қатарында радикалды діни ағымдар бар. Бұл қатерге жалғыз ғана арнайы қызмет немесе мемлекеттік органдар жеке-дара қарсы тұра алмайды. Ондай қауіпке тек қоғам, ел болып қана қарсы тұруға болады. Сондықтан өз жұмысымда көптеген БАҚ өкілдері басшыларымен танысып, ол таныстығымды ел мүддесіне пайдаланып, радикалды экстремизмге қарсы ақпараттық жұмысты бірге жасадық. Ел мүддесін күйттеген ең өткір материалдар «ДАТ» газетінің беттерінде жарық көрді. Өйткені оны басып шығаруға кез келген бас редактордың батылы бармайтын. Жаңа айтып өткен «Записки бывшего опера КНБ» атты мақаламды да тек «ДАТ» қана баса алды.
– Сол үшін бұрынғы әріптестердің тарапынан қудалау болмады ма?
– Қудалау бірінші күннен, мақаламды бастырмаудан басталды. Газет типографияға жіберіліп, енді басылайын деп тұрғанда, бұрынғы әріптестерім типографияның жұмысын тоқтатып, заңсыз әрекеттерге барды. Бірақ Ерекенің батылдығы мен журналистік қауымдастық тудырған резонанстың арқасында номер жарыққа шықты. Әлгі мақаламның жарыққа шығуы мен үшін принципиалды маңызды еді. Сөйтіп, есеп ҰҚҚ – Азамат 1:1 болды. Еттің қызуымен артынша тағы бірнеше мақалам жарық көрді.
Тіпті сол кездегі дүркіреп тұрған «Республика» сайтына сұхбатым да шықты. Жасырмаймын, елдің мұңын төте айту өзіме қатты ұнады. Көп толғанбай, «ДАТ»-тың редакциясына келіп, Ерекемен ойымды бөлісіп, журналистикадағы шәкірті болуға ұсыныс жасадым. Ерекең де бетімді қайтармады. Сөйтіп, ұстаз-шәкірт болғанымызға биыл сегіз жыл болды.
– «Бывших чекистов не бывает» деген сөз ше?
– Ол қалыптасып қалған алдамшы стереотип. Дегенмен, турасын айтайын. Офицер құндылықтары сенің үстіңнен сыпырылған кительмен бірге шешіліп қалмайды. Ол құндылық сенің бойыңда. Сенің санаңда. Мен бала күнімнен «Офицеры», «Место встречи изменить нельзя», «Семнадцать мгновений весны» секілді фильмдерді көріп өсіп, офицер осындай болуы керек деген қасиеттерді бойыма сіңіргем. Кез келген офицер заңсыздық пен әділетсіздікпен кездессе, әрекет жасауға міндетті. Айтыңызшы, осы міндеттің газеттегі жұмыстан қандай айырмашылығы бар? Оның үстіне «ДАТ»-ты «СолДАТ» кезінде студент болып жүріп оқитынмын. Не деген батыл басылым деп таңырқайтынмын. Енді сол батыл газеттің шеф-редакторы болып жүрмін. Ол мен үшін үлкен мәртебе.
– Оппозиция тарапына өтуге бұрынғы басшылығыңызбен болған ерегістен басқа өзге себеп бар ма?
– Әрине. Мына нәрсені мойындайық. Ел басына қиын-қыстау күн туса, өзге ұлттардың барар жері бар. Тіпті бай-қуатты қазағың да елден сол күні кетіп қалады. Әйтпесе шетелден вилла мен пәтерлерді не үшін алып жатыр дейсіз?! Елде қалатын сол – баяғы жалаңаяқ қазақ. Сол жалаңаяқ қазақтың бірі менмін. Отбасымды шетелге алып кете алмаймын. Сондықтан балаларым қалатын елімнің ертеңі мен үшін бәрібір емес.
– Бүгінде елге қауіп төндіріп тұрған басты қатер не деп ойлайсың?
– Жемқорлық, жауапсыздық және бүкіл саладағы кәсібиліктің құлдырауы. Мен бір сөзімде: Қазақстанда туылғаннан бастап, өлгенше пара беріп өтуге мәжбүрсің деп айтқанмын. Бұл ащы шындық. Аяғы ауыр әйеліңді дұрыстап қаратам десең – иә танысың болуы керек, иә ақша беру керек. Әрі қарай балабақшаға, жақсы мектепке орналастыру, «ЕНТ» мәселесін шешу, жақсы жұмысқа тұру, жұмыс сатысымен өсу, … ең соңында моргта денені аштырмау немесе Алматының «Кеңсайында» жерлеу үшін де пара бересің.
Мысал үшін, алысқа бармай, білетінімді айтып кетейін. Отбасын асырау үшін, құрылыс саласын да меңгеруге тура келді. Жемқорлық дегеніміз үйдің фундаментін құюдан басталады. Құрылыс нысанына келген бетономешалкалардағы бетон сапасы «Абрамс конусы» деген шелекпен тексеріледі. Бетонды құяр алдында әлгі шелекке бетонды толтырып, жерге төңкереді. Бетонның жайылу биіктігінің өз нормалары бар. Егер ол нормаларға сәйкес келмесе, бетон бракталып, зауытқа кері қайтарылуы тиіс. Ол үлкен шығын, құрылысшылар үшін де «простой» болады. Оның бәрін қадағалап, шешім шығаратын – техникалық бақылау қызметі. Сондықтан технадзордың көзін жабу үшін, прораб пен бетон зауытының өкілінің қалтасында алдын ала дайындап қойған «рақметтері» болады. Сондай бетоннан үй соғып, оны ипотекаға алғанымызға мәзбіз. Ертең жер сілкінсе, не боларын бір Жаратушы мен әлгі «технадзор» ғана біледі.
Осы кешегі мысал. Мәжіліске жаңа жайғасқан «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаевтың ұлдарының ауыл шаруашылық субсидияларын жымқырды деген істі алыңыз. Осындай жағдайда ел боламыз ба?!
Мемлекетіміздің құлдырауының басты себептерінің бірі – кәсібиліктің құлдырауы. Ол құлдырау барлық салаға қатысты. Үкіметіміз – соның айнасы. Мен популистік ұрандардан аулақпын.
Дегенмен, мұнайлы ел бола тұра, тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір жаңа мұнай өңдеу зауытын іске қоспай, енді келіп жанар-жағармай тапшылығын көріп отырмыз. Қазақстанның жағдайын – Крыловтың «Инелік пен құмырсқа» аңызымен салыстыруға әбден лайық. Тек Алматыны алайық. Бұрынғы өндіріс зауыттары мен фабрикалардың орнына ойын-сауық, сауда нысандары мен бір-бірімен жарысқан тойханалар бой көтерді.
Бүкіл отыз жылымыз той-тойлаумен өтті. Енді келіп, бензин мен сәләркінің бағасын қымбаттатпасақ болмай тұр деген әңгіме – былжырақ. Мына цифрланған заманда, өз халқын жанар-жағармайды қол жетімді бағамен қамтамасыз етудің еш қиындығы жоқ. Жанар-жағармай қымбатшылығы бүкіл нәрсенің қымбаттауына әкелетіні сөзсіз. Кезекті қымбаттау – жығылғанға жұдырық болайын деп тұр.
– Соңғы өткен сайлау додасына Ерекемен бірге сен де түсіп, Алматы қаласының маслихатына үміткер болдың. Үмітің ақталмады…
– Жеке өз басыма келер болсақ, бұл сайлаудан жоғалтқанымнан гөрі, тапқаным көбірек болды. Мен кез келген іске максимум және минимум бағдарламасы тұрғысынан қараймын. Максимум бағдарламасы іске аспаса да, минимум бағдарламасы аясында тәжірибе жинақтап, үміткерлерден құралған жақсы адамдар командасының мүшесі бола алдым.
Ал өткен сайлауға халық тұрғысынан қарайтын болсақ, кезекті алдау болды. «Қаңтар оқиғасынан» кейін бұқара халық екіге бөлінген еді. Бірі – президент Тоқаев жария еткен «Жаңа Қазақстанға» сенім артса, екінші бөлігі күдіктен әлі айырылмаған. Шынымды айтсам, мен де сенген едім. Бұрынғы сайлауларда дауыс ұрлау болса, бұл жолы анық тонау болды.
– Ал біздің Ереке ше, Мәжіліске өтті ғой?
– Билік бірбеткей бетінен айнымаған біздің Ерекеңді бұрын да мойындаған. Сондықтан Ермұрат Бапи сияқты бірнеше тәуелсіз кандидатты өткізуге мәжбүр болды. Олай жасамағанда, мүлде масқара болар еді.
– Өзің президент Тоқаевқа сенесің ба?
– Сенгім келеді, әрине, бірақ сенімнен гөрі күдік басым. Бұл жерде мәселе тек Тоқаевта емес. Мәселе – мүдделес және жақтас адамдарда. Егер шынайы өзгерістердің нәтижесі керек болса, командадағы бұрынғы адамдарды ауыстыру керек. Ал ауыстыратын жаңа адамдар билікте жоқтың қасы. Себебі соңғы отыз жыл бойы адамдар кәсіби дейгеймен емес, таныстық, туыстық, жағымпаздық тұрғысынан іріктелді. Нәтижесінде кері селекцияға ұшырадық. Сондықтан Тоқаев қанша тырысса да, ескіден қалған командасымен алысқа шаппайды.
– Елдегі жағдайды түзеу үшін, не қажет деп ойлайсың?
– Ел боламыз десек, бірінші кезекте демократиялы, әділ заңдарды қабылдап, сол заңдардың диктатурасын орнату қажет. Заң алдында етікшінің баласы да, әкімнің баласы да бірдей жауап беруі керек. Әділдік осыдан басталады.
Жағдайды түзеу үшін, барлық салада әділ, таза бәсекелестікке жағдай жасау керек. «Сен – тұр, мен – атайын» деген жақсының-жақсысы топты жарып, өз саласында еңбек атқарса, нәтиже болады. Бірақ авторитарлы жүйенің табиғаты оған жол бермейді. Жақсыны тамырынан қиып отырады. Өзінен ақылдыны, өзінен мықтыны басқару ісіне жолатпайды. Бұл жағдайда болашақ бұлыңғыр болады.
Сонымен қатар бізге қоғамды біріктіретін ортақ идея қажет. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын барлық адамдарды біріктіретін идея – бір тіл, бір ұлт идеясы. Оған көзім талай рет жеткен. Қазақ өзіне құрмет көрсеткенді қашан да төріне шығарған. Қазақстанда тудың ба, қазақ тілін меңгердің бе – болды, сен қазақсың. Ұлтың кім екені маңызды емес.
Менде өзге ұлт өкілдері арасынан достарым көп. Жүрген жерімде айтып жүремін. Қазақ тілін меңгерсеңдер, Қазақстандағы кез келген есікті аяқпен теуіп ашып кіресіңдер, кез келген қазақтың жүрегі сендер үшін ашық болады, қазақ тілі сендерге қорған болады деп.
Бірақ тілді күштеп, мәжбүрлеп үйрете алмайсың. Ол махаббат секілді. Сен бір қызға: «Ешнәрсе білмеймін, бірақ сен мені ертеңнен бастап жақсы көресің» деп айтып көрші, не болар екен? Ал егер сен өзіңе ұнаған қызды өзіңнің бойыңдағы жақсы қасиеттеріңмен қарата алсаң, ол қыз сен үшін барын жасайды. Мемлекет те солай. Әділ заңы бар, өз азаматтары үшін жағдай жасап берген мемлекет үшін азаматтық қайтарым болады. Ондай мемлекеттің тілін білмеу – ерсілік болып қабылданады. Ондай мемлекеттің тілін үйренбек тұрмақ, өміріңді қияюға барасың. Бізге осындай ұлттық идеялар керек. Сонда ел боламыз, сонда балаларымыз бен еліміздің болашағына уайымдамаймыз.
– Сұхбатыңа рақмет, тасың өрге домаласын!
Айсұлу ОСПАН, «D»