Четверг , 10 апреля 2025

Азап пен қорлықтан ҚҰТҚАРЫҢЫЗ!

  • Мен – Әлиасқаров Бауыржан Тоқтарбекұлы Қаңтар оқиғасының жазықсыз құрбаны ретінде танымал құқыққорғаушы Бақытжан Төреғожина ханымға «ДАТ» газеті арқылы арыз жолдаймын. Маған араша түсу үшін, іске араласуы мүмкін тәуелсіз құқыққорғаушыларға жағдайды тәптіштеп жазып отырмын (қаз-қалпында – Ред.).

Қаңтар оқиғасы кезінде мені көшеден ұстап әкеткен «оперлер» документтерін көрсетпеді. Боқтап, ұрып-соғып, машинаға салып алды. Содан Іле ауданына алып келді. Мұндағы тергеушілер маған жоқ жерден іс қозғап, «телесный осмотрдан» өткізді, дәрігер көзге көрінетін ешқандай жарақат тапқан жоқ. Өйткені мені ұстаған «оперлер» басымнан, бүйрегімнен ұрған еді.

Содан мені Талдықорған қаласына апару үшін жолға шықтық. Жол бойы полицейлер мені боқтап, психологиялық қысым көрсетіп келді. Жолда тоқтап, тағы да бүйрегімнен ұрды. Мені Талдықорғанға алып келген соң, бір ғимаратқа кіргізді. РВД болуы әбден мүмкін, постта форма киген бір милиция қызметкері тұрды.

Посттан өткен соң, солға бұрылып, соңғы кабинетке кіргізді. Бізбен бірге тағы екі формасыз, жәй киім киген адам кірді. Сол кабинетте бізбен кірген адамның біреуі мені алып келгендерге кісенді артқа сал деп бұйырды. Олар қолымды артқа қайырып, кісен салды. Әлгі формасыз адам мені басыма, жағыма, бүйрегімнен, ішімнен ұрып, тепті. Мен жерге құладым, ол басымды аяғымен мыжып, тебе бастады, мен есімнен айырылып қалдым.

Бір есімді жинасам, орындықта отыр екем. Менен митинг және қару-жарақ жайлы сұрай бастады. Мен қару алмадым, бірақ бейбіт митингіге қатыстым дедім. Онда показаниені былай бересің деп, менің сөзімді бұрмалап, өзі құрастырып жаза бастады. Мен олай емес деп едім,басыма пластик дорба кигізіп, қабырғамнан ұрды. Мен тағы есімді жоғалттым. Осылай екі-үш мәрте қайталады. «Егер тергеуде біздің айтқанымызды айтпасаң, түрмеде өлтіреміз» деді.

Ақыры қорлық пен азаптауға шыдай алмай, мен көндім. Менің берген показанием жартысы жалған, солардың айт дегендері. Мені азаптау бір жарым сағатқа жалғасты. Кейіннен азаптаушыларға қатысты 146-баппен іс қозғалған еді. Белгісіз себептермен іс тоқтап тұр. Мен оларды танығанмын және қазір де танып бере аламын.

Енді прокуратура қызметкерлері қияли ертегілер құрастырып, маған жалған айып тағуда. Менің 5 қаңтар күні бейбіт митингіге шыққаным рас. Себебі – менде не жер жоқ, не үй жоқ, әйелім, 4 балам бар. Мені азаптаған кезде қабырғамның сынғаны кейін анықталды.

Құрметті Бақытжан ханым! Қаңтар оқиғасына байланысты істерге тікелей араласып жүрген тәуелсіз құқыққорғаушы ретінде менің ісіме (ст. 272-І, ІІ, ІІІ) араласуыңызды сұраймын. Маған адвокат және юридикалық көмек керек.

Мені мынау қорлық пен азаптан құтқарыңыз! Сізден жауап күтемін.

Құрметпен, Бауыржан Әлиасқаров, Талдықорған қаласы, сч/16 мекемесі

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн