Четверг , 10 апреля 2025

Айман ОМАРОВА: СЕРІКЖАН – САТҚЫН ЕМЕС!

Бес айдан астам үйқамақта отырған, тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш бостандыққа шықты. Алматыдағы Әуезов аудандық сотының үкімімен Серікжан Біләш ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі (көпшілікке жария түрде және БАҚ-ты пайдалана отырып, ұлтаралық алауыздықты қоздыру) бойынша айыпты деп танылғаны және прокурормен процестік келісімге келуіне байланысты оған бас бостандығынан айыру жазасы кесілмеді.

Сот ғимаратынан шыққан Серікжан Біләш өз ісінің «президент кеңесшісінің араласуымен ерекше жағдайда шешілгенін» және сот үкімімен өзіне 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) айыппұл салынғанын айтқан болатын. Оған дейін Біләштің адвокаты Айман Омарова прокурордың Біләшқа таққан айыбын мойындап, процестік келісім жасасуды ұсынғанын, алайда қорғаушының өзі мұндай келісімге қарсы болғанын мәлімдеген еді.

Дегенмен осындай «ерекше жағдай» әлеуметтік желілерде әртүрлі әңгіме туғызды. Істің заң мен адамгершілік тұрғысындағы ара-жігін ажырату үшін және мән-жайды оқырман қауымға ақ-қарасыз жеткізу мақсатында адвокат Айман ОМАРОВАНЫ «ДАТ!» айдарындағы ашық сұхбатқа шақырған едік.


Қазақстандық сот елдің абыройын Қытайдың табанына салып берді.

– Айман ханым, сонымен Серікжанның соты қандай нәтижемен аяқталды: әлеуметтік желі тағы да екіге жарылып тұр – бірі Серікжан биліктің дегеніне көнді, «сатылып кетті» десе, екіншілері – бостандыққа шыққаны дұрыс болды дейді. Осы екі текетірестің қақ ортасы қандай?

– Екі түрлі пікірдің артында тұрған шындықтың байыбына бармағандар қашан да елдің ішін алатайдай бүлдіреді. Бұл арада Серікжанның қалай сотты болғандығын емес, сот пен прокуратураның азаматқа жасаған қысастығын сөз етуіміз керек. Мәселен, өзім қорғаушылары болып жүрген, зорлыққа тап болған қыздардың ісінде жәбір көргендерді кінәлап, зорлық жасаған қылмыскер тасада қалады. Сол сияқты зардап шеккен Серікжанға жала жауып, заңды белінен басып отырғандар туралы ешкім сөз қозғап отырған жоқ.

Қоғамда елді екіге бөлетін мәселе туындамауы керек, сол себептен де дұрыс қойылмаған екі түрлі сұраққа дұрыс жауап беруге мүмкіндік жоқ. Алдымен Қазақстанда осындай сотқа неге жол берілгені жөнінде мәселе көтерілуі керек деп ойлаймын.

Серікжан – адвокат емес, оның қорғаушысы – мен! Ол – заңсыз, әділетсіз зардап шеккен азамат. Қоғамда заңдылық нормаларының дұрыс жұмыс істемеуінің кесірінен осындай сот болды.

– Алматыда өткен Серікжан Бәліштің сотын сіз заңсыз деп атап, «келісімге келетіндей негіз жоқ еді» деуіңіздің себебі де сол ма? Осы жағдайды таратып айтып берсеңіз…

– Оның себебін таратар болсам, біріншіден, астаналық Алматы ауданындағы шілденің 29-ындағы сотта судья бұл істі Алматы қаласында қаралатыны туралы шешім шығарды. Сол шешім бойынша, үйқамақта отырған Серікжанның тұрақтайтын орны ғана ауысты. Екіншіден, біз астанадан оны алып кетуіміз үшін, заң бойынша он бес күннің ішінде енетін шешімді күттік.

Сөйтіп, тамыздың 15-і күні полиция қызметкерлерімен бірге астанаға барып, Серікжанды Алматыға алып келдім. Іс сотқа сол он төрт күннен кейін түсуі керек еді, бірақ ертеңінде сот болатыны туралы хабарламаны келген күні кешкісін алдым. Бір күннің ішінде сот болуы – таңданатын жағдай. Таңертең сотқа барсам, Серікжан жоқ, оны сотқа алып келмеген. Сотты кешкі 19.30-ға, яғни жұмыс уақытынан тыс мезгілге белгілепті. Сотқа алып келу үшін, кешкі 5-те Серікжанға бардым. Бірге шығайық деп жатқанымызда, полиция қызметкері Ерлік деген жігіт келді. Бірден таныдым, Владимир Козловқа қорғаушы болған кезімде оны сол абақтыда көргенім бар еді. Демек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері. Сол жігіт Серікжанды алып кетуге келіп, екеумізді бір көлікке отырғызбай қойды.

Сотқа келсек, Серікжан жоқ, күзетшілер мені сот ғимаратының артқы жағындағы қақпадан кіргізіп, есігін тарс жауып, құлыптап қойды. Мен болсам, Серікжанды іздеп, таба алмаймын: қайда кіргізгендері белгісіз. Бір жарым сағат күттім, мені ешқайда жібермейді. «Есікті ашпасаңыздар, сотқа жиналған жұртты шулатамын», – дедім. Содан кейін ғана сот ғимаратының ішіне кіргізді, қайдан келгені белгісіз – Серікжан да келді.

Түрі өзгеріп, сұрланып кеткен, екі сағат бұрын хабарласқанымдағы көңіл-күйі басқа еді, мына жерде мүлде өзгерген. Оңашада қысым көрсеткеніне күмәнім болмады. «Айман Мұратовна, жабық сот болады, мені 7 жылға соттайтын болды», – дейді. Мен заң бойынша алдын ала сот болатынын, оның қаулысы шыққан соң, он бес күннен кейін істің қаралатынын, әрі жабық өтпейтінін айттым.

Сотқа кірдік, судья басын көтермейді, прокурор түк болмағандай отыр. Судья алдын ала сот процесі болатынын хабарлады. Прокурор орнынан тұрып, куәгерлерге қысым көрсетілмеуі үшін, сотты жабық өткізу туралы өтініш жасады. «Кім қысым көрсетеді, Серікжанның үстінен арыз жазған куәгерлер келуі керек қой», – десем: «Бізге сондай бір ақпарат келіп түсті», – дейді. «Жалған сөйлемеңіздер, дәлелдеріңіз жоқ», – дедім. Прокурор болса: «Серікжан келісімге қол қойғысы келсе де, адвокаты қарсы болып отыр», – деп, өсек айтқандай, сот процесін сахналық қойылымға айналдырды.

Өздері жан-жақтан қаумалап, көнбесіне қоймағандарын жасырып, Серікжан келісімге өзі келісіп отыр дегендері – жалған сөз. Алдын ала бәрін дайындап, басқа адвокатты да тауып қойған. «Егер өзі келісімге келсе, мен қарсы емеспін, бірақ сот сондай келісім бойынша басқа шешім шығаруы керек. Заңсыз келісімге қандай шешім шығаруға болады? Бұл істе қылмыстық құрам жоқ, демек Серікжанды сот залынан ақтап шығарулары тиіс еді. Мен мұндай заңсыз әрекеттерді көре тұрып, қол қойғанымның өзі заңсыз болатынын ескерттім. Серікжанға Тоқаевтың көмекшісі арнайы келіп, келісімге қол қоймаса, жеті жылға сотталатынын айтқан.

«Қол қойма, ол заңсыз», – деп Серікжанға ескерттім.

«Алдымызда өмір жалғасып жатыр, тарихта осы соттың заңсыздығы жазылып қалады. Прокурор да, сот та өздерін мәжбүрлегендерін, бұйрық берілгендерін айтып, ақталуға тырысады. Ал мен не деп ақталамын? Сондықтан қол қоймаймын, заңсыз әрекеттеріңізге мені қатыстырмай, өздеріңіз өткізе беріңіздер», – дедім. Мені сот залынан шығарғылары жоқ, оның үстіне Серікжанды менімен сөйлестіргілері келмейді. «Сау бол!» деп айтайын дегеніме әрең рұқсат берді. «Өзің шештің бе, мен ескертіп айттым. Сені келісімге қол қоймасаң да шығаратын еді. Мені түсінсең болды, өкініп қалма!» – дедім де, шығып кеттім. Көзім жасқа толды, жылап алдым.

Серікжан – сатқын емес. Ол болмаса, Қытайдағы қазақ мәселесін ешкім көтермес еді, ешкім білмес еді. Ештеңеден хабарсыз қалатын едік. Өзім қол қоймағаныма өкінбеймін!

– Сіз соттан шыға сала, Серікжан өз құқын заңды түрде қорғай алмағанын мәлімдедіңіз. Қазақстандық сот арқылы өз құқын заңды түрде қорғай алуы мүмкін бе еді?

– Дәл бүгінгі жағдайда мүмкін емес! Тіпті соттағы судья Шардарбекованың сотты жүргізгенінің өзі заңға қайшы. Президенттің бұйрығымен ол 2016 жылы судьялық қызметінен босатылған. Осы мәліметті әлеуметтік желіні қолданушылар да жария етті. Жоғарғы соттан жазбаша сұрағанымда, сот жүйесі туралы жаңа заң бойынша, сотқа судья жетіспей жатқан кезде қызметінен кеткен судьяларды алты айдан кейін қайтадан шақыратындары жөніндегі өзгерістер енгізілгенін айтты. Бұл Конституцияның қай нормасында жазылғанын сұрап, әрі Конституцияға қайшы келетінін де жаздым. Сондай-ақ кері шақырылған судьялардың жұмыс тәртібі қандай? Қызметте жүргендер бизнеспен, адвокаттық қызметпен айналыса алмайды. Демалысқа кеткендері бизнесін, жеке кәсібін жүргізіп жүріп, сот процесіне қатыса бере ме? Жауап берген ешкім жоқ.

Сот процесінен кейін ғаламтордан қарасам, Біләштің соты өрескел бұрмаланған екен. Алматыдағы сотқа іс 9 тамызда түскен, он бес күннен кейін қаралатын іске алдын ала тыңдауды 16 тамызға қоя салған. Бір күнде істің бес рет қаралғаны тайға таңба басқандай, соттың күн тәртібіне жазылып қойған. Бұл іс алдын ала тыңдалып барып, он бес күннен кейін қаралуы керек еді. Ешкімді хабардар етпестен, өздері қарап, өздері шешімін шығарып қойған. Осындай сотқа сенуге бола ма? Бұл сот емес – пародия болды!

– «Фейсбукта» тараған соңғы видеомәлімдемеңізде сіз Серікжанды Қытайға қарсы шыққаны үшін соттады дедіңіз. Серікжанға қарсылар біле жүрсін: осы пікіріңізді тарқатып берсеңіз…

Соттың мақсаты – Серікжанды Қытайға қарсы аузын аштырмау еді, сол мақсаттарына жетті. Айыптау актісінде қылмыстық құрам жоқ. Серікжан Қытай билігінің қазақтар, қырғыздар, ұйғырлар, т.б. ұлттарға қарсы жасап отырған қылмысына қарсы шықты. Ол сол үшін сотталды!

– Сіз тағы да ҚР президенті Тоқаев пен ҚР ЖС-ның төрағасы Асанов мырзаларға сұрақ жолдаған екенсіз: оның толық мән-жайы қалай?

– Сұрақты жолдағаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Бірақ тікелей эфирде қойылған сұрақтарға нақты жауап берілетіндігіне сенімім жоқ. Серікжанның өзінің келісімі бойынша, бұл заңды түрде шешілген іс деген ақпарат таратылуы мүмкін. Менің сұрағыма берілетін жауап маған емес, елге, қоғамға керек. Маған бәрі де түсінікті. Президент Тоқаев шынымен де өзінің штаттан тыс кеңесшісін осы сотқа жібергені рас па? «Кеңесшілер» соттың ісіне араласу құқы заңдылық нормасында көрсетілген бе? Бұл сұраққа да жауап берілмесі белгілі.

– Бұл іске «президент өкілі» араласқанын ел-жұрт естіп-білді. Тіпті Серікжанның өзінің айтқаны әлеуметтік желіде жария болды. Сол өкіл Біләштің адвокаты ретінде сізбен жолықты ма?

– Жоқ, менімен кездескенде, жағдай басқаша болар ма еді?! Мен адвокатпын, менімен кездесіп, сөйлескендері өздері үшін ұтымды болар еді. Тіл табыса қоймаспыз, бірақ заңдылық шеңберінде сөз болатын еді. Өйткені олар заң нормасын толық білмейтін менің қорғауымдағы азаматты «қысқаннан» гөрі, заңгер-адвокаттың кеңесін тыңдағандары дұрыс еді.

– Сонымен, алты айға созылған Серікжанның соты аяқталды: «100 жылға соттаса да өз ісімнен бас тартпаймын» деген азамат соңғы сәтте билікпен келісімге неге барды деп ойлайсыз? Оған қатты қысым болды деген пікірді қолдай аласыз ба?

Басын бәйгеге тіккен азаматты келісімге келтіру үшін, қандай қысым жасалатыны айтпаса да түсінікті. Енді Серікжан жеті-сегіз жылға дейін «қысым болған жоқ» деп айтудан танбайды.Жазықсыз түрмеге қамалу – Серікжан үшін, кез келген адал азамат үшін азап. Екіншіден, биліктің ойында небір қитұрқы амалдар бар, ол жағы бізге беймәлім. Сондай-ақ жеке басына, отбасына қауіп-қатер төндірудің алдын алу үшін де осы келісімге барған шығар.

– Біләш алдағы уақытта Қытайдағы қазақ мәселесімен жеті жылға дейін айналыса алмайтынын айтты. Билікке де керегі Серікжанның аузын жабу еді, сол миссия орындалды. Қытайдағы қазақтардың мәселесі – Қазақстан билігі үшін «артық» шаруа еді, соңы не болар екен деп ойлайсыз?

– Қытайдағы қазақтың мәселесімен тікелей араласқан Серікжанға тосқауыл қойылды. «Атажұрт еріктілерін» де заңды тіркеуден өткізе қоймас деген күдік басым. Сотқа бердік, соттың қандай шешім шығаратыны да белгілі. Егер осы істің саяси астары болмаса, бұл ұйым баяғыда тіркелер еді.

Егер Қазақстан билігі шетте жүрген, әсіресе Қытайдағы қазақтардың қамын жейтін болса, құқын қорғауға дипломатиялық жолдар арқылы ықпал ететін болса, Серікжан атқа мінбес еді, «Атажұрт еріктілері» белсеніп шықпас еді. Бұл мәселеге әлемдік қауымдастық араласып, «Қытай геноциді» деген атпен дүние жүзіне әшкере болды. Өз қазағына араша түсу – биліктің қолынан келмеді. Ал халқына араша түскен өзгеге де жол бермегенін қалай түсінуге болады?

– Әлеуметтік желідегі жазбаларда өзіңізге қатысты да әңгіме қозғалып жатыр. Жеке басыңызға жасалып жатқан қастандық әрекеттер, одан кейін адвокаттық лицензияңызды тартып алу қаупіне қатысты да айтылуда. Осы төңірегіндегі ойыңызды білсек…

– Алдымен адвокаттық лицензияға қатысты айтарым – қолымдағы құжатымды тартып ала ма – ол жағы белгісіз. Өзімнің заңгер ретіндегі жасаған қызметім үшін өкінбеймін. Заңсыз құжатқа қол қойып, елдің алдында қарабет болғанша, жұмыс істемей-ақ қояйын! Сондықтан Серікжанды сөкпеңіздер, ол заңгер емес, біліп тұрып, қол қоятын. Мен заңды білгендіктен, осы қадамға бардым.

Ал маған жасалған қысым, қастандық туралы ешкімге жария еткен жоқпын. Серікжанның соты болатын күні көлігімнің тежегішін кесіп тастапты. Құдай сақтағанда, бұл оқиға үйге келген кезімде болды. Сол күні көлікке отырмаған едім, ертеңінде қарасақ, көліктің астынан тежегіштің майы ағып жатыр екен. Полицияға барып, арызданбадым, тексеріп, тергей қоятындарына сенімім жоқ, бекерге уақытым кетеді. Итімді де өлтірді, бұл жағдай дәл Сайрагүл шетелге кететін күні болған оқиға. Серікжан мен Сайрагүлге қатысты мәселеде осы жағдай кездейсоқ болған оқиға емесі анық. Одан басқа да ірілі-ұсақты қастандықтарды, қоқан-лоққыны тізе бергім жоқ…

– Сізден Қытайдағы туысын іздеп, заңдылық шеңберінде қорғауды өтінгендер бар ма?

– Олардың саны өте көп. «Уатсабымда» «Тірі жесірлер» деген топ бар, 17–18 жылға сотталған қазақтардың әйелдері шындық іздеп шырылдап жүр. Баласы – осында, ата-анасы – Қытайда немесе керісінше, бір-бірін іздеп, сабылған қазақ қаншама? Осы мәселені өтірік деп кім айта алады?

Сұхбат соңында айтарым, Серікжанның өмірі – өзінің өмірі. Егер оның ісінде қылмыстық құрам болса, өзім-ақ қол қоюға келісім берер едім. Ақталып шығатын жерден жаза арқалап шығу қай қисынға сыяды? Кінәсіз адамды айыптап, көз алдыңда заңсыз әрекеттер болып жатқан сәтте мен заңсыз келісім-шартқа қол қоймадым. Оны қатты сынамаңыздар.

Мені лақтырған – Серікжан емес, судья мен прокурор! Әлемік қауымдастық алдында Қазақстанның беделіне нұқсан келді. Қазақстандық сот елдің абыройын Қытайдың табанына салып берді.

– Қазаққа еткен еңбегіңіз жана берсін, ашық айтылған әңгімеңізге рахмет, Айман ханым!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн