«АЙҚЫН ЖЕҢІСТІҢ» стратегиялық ҰТЫЛЫСТАРЫ

  • Қазақстандағы сайлауды бақылаған қазақстандық және шетелдік сарапшылар «сайлау процесінің имитациясы» арқылы жағдай тұрақты деген сыңай танытудың зор қаупі барын айтады. Олар қалыптасқан жағдайды сипаттайтын сайлау нәтижесі биліктің тактикалық жеңісін көрсеткенімен, стратегиялық ұтылысқа ұрындырады деп ескертеді.

Қазақстанда кезекті парламент сайлауының нәтижесі бойынша мәжіліске сол баяғы үш партия: «Нұр Отан», «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясы (сайлау қарсаңында партия атауындағы «коммунистік» деген сөзді алып тастады) өтті. Бұл партиялар елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында 2012 және 2016 жылдары да парламентке өткен. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, осы «үшем» парламентке тағы өтті.

Назарбаев отставкаға кеткеннен кейін президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси бәсекенің дамуына ықпал жасауға уәде берген. Бірақ Қазақстанның екінші президенті тұсында өткен бірінші парламент сайлауында саяси бәсеке байқалған жоқ. Ел тарихында бірінші рет сайлау бюллетенінде бірде-бір оппозициялық партия болмады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары дауыс беру процесін «сайлаушы таңдау жасайтындай шынайы саяси балама болмады» деп сипаттады.

СЦЕНАРИЙ АВТОРЫ «КІТАПХАНАДА» ОТЫР

10 қаңтарда өткен сайлауда «Нұр Отанмен» «бәсекеге» түскен төрт партияның бірде-бірі не билеуші партияның бағытын, не оның төрағасы Назарбаевты (Қазақстанның бұрынғы президенті былтыр отставкаға кеткенімен, әлі де Қауіпсіздік кеңесін басқарып, мемлекеттік билікке ықпал етіп отыр. Өзін «мемлекет негізін қалаушы» санайтын Назарбаевқа оны кез келген қудалау түрінен қорғайтын «елбасы» мәртебесі берілген) сынамайды.

«Қазақстандағы парламент сайлауы өте жаман әсер қалдырды… Сайлауды қоғамдық пікірден барынша оқшаулап, «өз бетімен» өтіп жатқандай қылып ұйымдастырды. Мүмкін, бұл [сайлау] саяси ойындарға ыңғайлы шығар, бірақ мемлекет пен қоғам арасында орнатуға уәде етілген өзара сенімді қалыптастыра алмайды», – дейді Гарвард университетіндегі Дэвис атындағы ресейлік және еуразиялық зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Нарғыз Қасенова.

Саясаттанушылардың кейбірі Ақорда елде көппартиялық жүйені нығайтуға «септесетіні» жайлы уәде еткендіктен, осы жолы парламентке үштен көп партия өтеді деген болжам жасаған еді.

– Шын мәнінде жүйе қатты өзгерер еді, өйткені әр партияның артында ықпалды саяси топ тұр. Мәжіліске үш емес, төрт партияның өтуі парламенттің элита ішіндегі тепе-теңдік пен ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған алаңға айналу мүмкіндігін арттырады, – дейді қазақстандық саясаттанушы Максим Казначеев.

«Тәуекелді бағалау тобының» директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, билік «тәуекелге бармауды» ұйғарып, «сайлау процесінің имитациясын» ұйымдастырған.

– Бірінші рет Назарбаевсыз сайлау өткенімен, ол Тоқаевтың көлеңкесінде отырып, саяси науқанға белсенді араласты. Маған әу бастан сайлаудың сценарийі «кітапханада» жазылғандай көрінеді, – дейді бірінші президент кітапханасында орналасқан Назарбаев кеңсесін меңзеген Досым Сәтпаев.

  • Полиция қызметкерлері парламент пен мәслихат сайлауы күні үкіметке наразылар жиналған Республика алаңынан ұстаған жігітті көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.

ҮРЕЙ МЕН ӘРЕКЕТ

Қазақстандағы сайлау постсоветтік елдердегі сайлаудан кейінгі толқуларға тұспа-тұс келді. Беларусьте былтыр тамызда өткен президент сайлауынан кейін жаппай наразылық басталған: мыңдаған адам елді жиырма бес жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенконы жеңімпаз қылуды көздеген биліктің сайлауда заң бұзуға жол бергенін, оппозициялық кандидат Светлана Тихановскаяны жақтаған сайлаушылар даусы ұрланғанын мәлімдеді. Лукашенконың билігіне наразылық акциялары жаздағыдай ауқымда болмаса да, әлі де жалғасып жатыр.

Қазақстанмен көрші Қырғызстанда былтыр қазанда өткен даулы парламент сайлауынан кейін наразылар үкімет ғимаратын басып алған. Ақыры сайлау қорытындысының күші жойылып, президент Сооронбай Жээнбеков қызметінен кетуге мәжбүр болған.

– Беларусь пен Қырғызстандағы соңғы оқиғалар біздің билікті қатты шошытты. Билік Беларусь сияқты авторитарлық жүйенің өзінде халық арасында күтпеген жерден наразылық лап ете түсуі мүмкін екенін көрді, – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстан билігі 2019 жылғы кезектен тыс президент сайлауынан кейін болған жаппай қарсылық акцияларынан да қорқып қалған. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жаппай наразылық төрт мыңға жуық адамның ұсталуымен аяқталған.

10 қаңтар – сайлау күні Қазақстанда бірнеше қалада «сайлау әділетсіз өтті» деп наразылық білдіруге шыққан жүзден астам адамды полиция ұстады. Алматының орталығында ондаған азаматты полиция арнаулы жасағы қоршап алып, аязды күні тоғыз сағатқа жуық ас-сусыз далада ұстап тұрды.

– Адамдар бейбіт шеруге шықты, басбұзарлық әрекетке барған жоқ, ешкімге залал келтірмеді. Бұл еркін жүріп-тұру, бейбіт жиын өткізу және ақпарат алу құқығын бұзу болып саналады. Бәрі Беларусь пен Қырғызстандағы сценарийдің қайталануынан қорқып отырған сияқты, – дейді құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль.

Қазақстанда сайлауға дайындық бірнеше ай бұрын басталған. Елдегі қалыптасқан жағдайды сақтап қалуға мүдделі билік алдын ала қамданып, біраз шара қабылдаған. Бірнеше оппозициялық топқа саяси партия ретінде тіркелуге рұқсат бермеді. Осыған дейін үкіметке наразылық акцияларына белсенді қатысқан кейбір азаматтарды түрмеге жауып, бостандығын шектеу арқылы саяси науқаннан «оқшаулады». Өткен сайлауда өте көп заң бұзу іс-әрекетін әшкерелеп, қолындағы ақпарат пен аумақтық сайлау комиссияларының ресми дерегі арасында алшақтық барын жұртқа жариялаған тәуелсіз бақылаушылар бұл жолы қатты қысымға тап болды.

2021 жылғы сайлауға бақылаушы дайындаған бірнеше ұйымды қараша-желтоқсан айларында салық органдары тексеріп, дауыс беру процесін бақыламақшы болған ондаған адамды карантинге жіберу сияқты бірқатар кедергі жасалды. Полиция сайлауға бір күн қалғанда өңірлерге жіберілген жүздеген бақылаушы куәлігін де тартып алған.

– Басында бізде шамамен 400 адам болды. Олардың 150-ден астамы ғана сайлау учаскелеріне баруға мүмкіндік алды. Бақылаушыларды райынан қайтару үшін студенттерге университет өкілдері мен мемлекеттік қызметте істейтін туыстары хабарласты, үйлестірушілерімізді әкімдікке шақырды. Оларға «әлі осында өмір сүретініңді ойлаңдар» деп айтқан, – дейді «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының негізін қалаушылардың бірі Елена Швецова.

– Мұның бәрін неге жасап отырғаны түсінікті ғой. Бақылаушы – сайлау учаскесінде заң бұзуға жол бермейтін адам. Сайлауға толық бақылау жүргізуге жағдай жасалған жоқ. Алдыңғы сайлаумен салыстырғанда, тәуелсіз бақылаушылардың кәсіби деңгейі өсіп, белсенділігі артқан. Бірақ сонымен қатар оларға көрсетілген қысым мен қудалау да еселене түсті, – дейді «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының Шымкент қаласындағы бақылаушысы Ғалымжан Оразымбет.

ЕСКІ ОЙЫНШЫЛАР МЕН ЖАҢА ҚАТЕРЛЕР

Қазақстандағы сайлауға аз уақыт қалғанда Ұлыбританияда шығатын Economist басылымында «бұл сайлау алдыңғылармен салыстырғанда, демократия ауылынан алыс өтетіндей көрінеді» деген мазмұндағы материал жарияланды. Журнал әлі де саяси ықпал жүргізіп отырған 80 жастағы Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы сайлауда «бәрін қирата жеңеді» деген болжам жасады.

11 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, «Нұр Отан» 71 пайыздан астам, «Ақ жол» 11 пайыз, Қазақстан халық партиясы 9 пайыздан астам дауыс жинаған. Назарбаев экзитпол (оны ОСК сайлау процесіне қатысуға рұқсат еткен ұйымдар жүргізеді) нәтижелері жарияланғаннан кейін сайлау учаскелері жабылған бойда өз партиясының мүшелерін «айқын жеңісімен» құттықтады.

– Иә, олар қазір азаматтық қоғамнан қулығымызды асырдық деп ойлап, жеңісін тойлап жатыр. Бірақ бұл – тактикалық жеңіс болғанмен, стратегиялық жеңіліс. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ерте ме, кеш пе, ішкі немесе сыртқы факторлар құлатады. Сондықтан билік қазіргі жүйеде саяси тиімді емес, өзіне адал институттар қалыптастыруға тырысады. Ал бұл – құрдымға қарай жасалған бірінші қадам, – дейді Досым Сәтпаев.

Америкалық дипломат, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни баламасыз сайлаудан кейін жағдай тұрақты деген сыңай танытудың астарында зор қатер барын ескертеді.

– Қазақстандағы шынайы оппозициялық партиялардың қатысуынсыз, полицияның бейбіт наразыларға күш көрсетуімен өткен сайлау авторитарлық биліктің легитимдігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Плюрализмнің аздығы зор қауіп барын білдіреді, – дейді Вашингтондағы Rand Corp. коммерциялық емес ұйымының аға ғылыми қызметкері Кортни.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн