Воскресенье , 20 апреля 2025

«АЛАТАУҒА» КІМ ЖАУАПТЫ?

Қазақстанның электронды үкіметін ресейлік «Сбер» платформасына ауыстыру үшін 500 миллион доллар қажет дейді. Біреулер бұдан қауіп іздеп жатыр. Біреулер керек дейді. Шибұтов (саясаттанушы – Ред.) сияқтылар мәселенің басқа жағын көтеріп, өзіміздегі электрондық үкімет жобасына миллиардтаған қаражат кеткенін жазды. Сонда да жөнді жетілмеген депті.

Тақырыпқа орай. Алматы маңында «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі деген аты бар да, заты жоқ жоба қолға алынған еді. Өзі Талғардың тұсында, бірақ Алматының Медеу ауданына қарайды. Соңғы жиырма жылда қу далаға қаншама есіл ақшаны көміп тастады. Аздаған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Басқа тас та жоқ. Елордадан келгендерді жалған статистикамен алдап-сулап шығарып салады. Бар жұмыстары сол. Басқарушылары жыл сайын ауысады.

Мұнда 2018 жылы қаржы айналымы 51 млрд теңге деп айтылатын. Қазір білмеймін. Үш-төрт жыл бұрын технопарктің екінші кезеңі үшін деп инфрақұрылымға ақша салды. Яғни жарық, жол және ағаштар екті. Барып репортаж жасап, қирап жатқан дүниені көргенде, ішім ашыған.

Көлік жолы, тротуарлар, веложол, адам аяғы баспайтын далаға ледшамдар және жол белгілерін орнатып тастаған. Бәрінің талқаны шығып жатыр. Ал сол жерден он қадам аттасаң, жолы, жарығы немесе ауыз суы жоқ қаншама елді мекен өркениеттен жұрдай болып отыр. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ

Comments

  • Менің ұлым ІТ университетіне түскенде (сол университет ашылғанда, екінші жылы түскен), осы паркке универлері жақында көшеді деп айтып еді. Айтулары бойынша, осы технопарк болашақ Қазақстанның «Селиконовый долинасы» болады. Ақылы асқанның бәрін осында жинайды-мыс болатын.

Одан бері бәлен жыл өтті. Ұлым оқу бітіріп кеткелі де біраз болды. Көшкен универ де жоқ, технопарк те «Силиконовый долинаға» айналған жоқ. Студент кезінде балам бір шаруамен осындағы біреуді іздеп барып, «Қазақстанның компьютер жасайтын заводын көріп келдім. Бір этажда бір кабинет қана істеп тұр, ішінде төрт адам. Тапсырысты қабылдап, Қытайға жіберіп, Қытайдан «Made in Kazakhstan» деген комп шығарып жатыр екен», – деп күліп келген.

Асқар НАЙМАНТАЕВ

МИНИСТР Мусинге САУАЛДАР

  • E-gov платформасын қайта жасақтауға неге ашық байқау жарияланбады?
  • Мемлекеттік платформаны жасақтау неліктен коммерциялық ұйымға, оның үстіне шетелдік заңды тұлғаға ешқандай конкурссыз беріледі?
  • Неліктен таңдау ресейлік «Сбербанкке» түсті? Бұрын сәтті жүзеге асырған кейсі бар ма?
  • Қазақстандық сайттардың серверлері тек Қазақстан Республикасында орналасуы ақпараттық қауіпсіздік мақсатында заңда қатаң айтылған. Ал мемлекеттік қызмет көрсететін платформаны шетелдіктерге жасату ақпараттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндірмей ме?
  • ҚР үкіметі мен «Сбербанк» арасындағы egov-ты жасақтау туралы меморандум неліктен алдын ала талқыланбады? Туғанынан бастап, өлгеніне дейін барлық жеке деректер қамтылған egov-қа қатысты шешім қабылдауға ҚР азаматтарының құқы жоқ па? Халықтың IT білімі таяз болса, қазақстандық IT қауымдастығымен неліктен талқыланбады?
  • ҚР үкіметі мен «Сбербанк» арасында egov-ты модернизациялау туралы меморандумның мәтіні қайда?
  • Егер «Сбербанк» egov-ты 5 жыл жасайтын болса, ол платформаға көшу қанша уақыт алады? «Сбербанкке» 5 жыл төленетін 500 млн АҚШ доллары қалай есептелді? Техникалық шарттар қайда?

Белла ОРЫНБЕТОВА

«Тымақпен ұрып алды»  ДЕГЕНІМІЗ ОСЫ…

Қазақстан премьер-министрінің сайтында Қазақстанның ақпараттық жүйесін Ресейге беру себебін: «Құжат Қазақстанда GovTech цифрлық платформасын енгізу, деректерді талдау және жасанды зерде бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау бойынша ынтымақтастықты дамытудың негізгі тәсілдерін көздейді. Цифрлық архитектураның платформалық моделі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдамдығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады», – деп түсіндіреді.

Бұл – биліктің халықты алдарқатуға арналған әдеттегі сөздері және бұған илануға болмайды. Бұл аса қауіпті ҒАСЫР ҚЫЛМЫСЫ, жария болмауға, сақталуға тиіс барлық мемлекеттік құпиямызды дұшпанға ашып тастау деген сөз. Мемлекеттігімізді шайқалту. Әлдекімдердің біле тұра мақсатты түрде жүргізіп отырған саясаты, халқымызды өзгеге бодан ету қадамы болмасына кім кепіл? Қазағым айтқан: «Күш қолданбай, еш қарусыз, тымақпен ұрып алды» дегені болды. Қауіпсіздігін ойлаған есі дұрыс бірде-бір мемлекет мұндайға бармайды. 

Біз мынаны да ескеруіміз керек. Ресейлік СБЕР программасын бір реттік сатып алуға 500 млн доллар кетеді екен. Ал жыл сайынғы қызмет көрсету жарнасының құны 60 млн доллар. «Қазақстан үшін 15 жылда 1 млрд 200 млн доллардан асып кетеді» дейді экономист-сарапшылар. Бағаның тұрақсыздығын қайда қоямыз? Ал ертең Ресей оның құнын жыл сайын көтеріп отырар болса, Қазақстанды мұрнынан сүйреп жүріп, шығынға батырарына күмәніңіз болмасын. Бұл Қазақстанды экономикалық жағынан тонау, ноқталап ұстап отыру және түпкілікті тәуелді ету. СБЕР-дің ГОСТЕХ бағдарламасы қабылданар болса, Ресейдің емес, керісінше, қазақстандық 15 мыңдай ІТ мамандары жұмыссыз қалуы әбден мүмкін екен.

Демек әлі құрылып болмаған, қызметінің тиімділігі іс жүзінде дәлелденбеген, әлемдік ақпарат кеңістігінде беймәлім СБЕР компаниясына өтудің қатері өте жоғары. Мамандар сөзіне сүйенсек: «СБЕР компаниясының IT жүйесі өте төменгі деңгейде екенін бүкіл әлем біліп отыр. Егер СБЕР акционерлерінің құрамында танымал саяси фигуралар болса, оған таңғалмаймын. Отандық IT мамандары бұл бағдарламаны жасай алады. Тіпті талқылау да болған. Сырттан біреудің басқарғанынан гөрі, жүйенің отандық болғаны жақсы», – дейді тәжірибелі IT маманы Самат Қазкенов.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 193 елдің ішінде 29-орынды иеленіп, онлайн-қызмет сапасы индексі бойынша 11-орында тұрса, «сенген сиырым» Ресей бұл рейтингте 36-орында тұр. Қазақстанның IT қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы бола отырып, eGov-тың әлемдегі ең үздік 15%-на кіреді екен. Олай болса, біз Ресейге байланбай, бұған дейін де өзімізде бар ақпараттық жүйемізді қалыптасқан дәстүрлі қазақстандық жолмен дамыта бергеніміз дұрыс. 

Қазақстандықтар еліміздің ақпараттық жүйесінің Ресейдің СБЕР цифрлық платформасына берілуіне қарсы! Үнсіз жата бермей, өзекті мәселеге барлық өңірдегі өкілетті билік, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, қоғам белсенділері назар аударғандары дұрыс болады. Біз үшін тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат.

Оян, қазақ! 

Нұрлыбай ҚОШАМАНҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн