ЖАҢАӨЗЕН – жаңа өмірге ЖОЛДАМА!
Жаңаөзенім, жаршысындай жалғанның,
Жаңаөзенім, ар құсындай арманның.
Намысым боп басын қайта көтерді,
Алашымнан мұра болып қалған мұң.
Тапталса да, қынадайын қырылып,
Кеудесінде бір өкініш, бір үміт.
Сансыз жылдар шала-жансар күй кешкен,
Рухыма күш құйылды, тіріліп.
Тағдырының мойнына ілген азабын,
Қайран елім!
Қайда көшкен базарың?
… Жем іздеген жез қарғылы төбеттер,
Торуда әлі, қазағымның қазанын.
Жүрегімді шабақтайды қайталай,
«Ұлып-ұлып, сосын жұртқа қайтады ой».
Несиеге нан ап жүрген халқымның,
Маңдайынан кім сипайды, айта ғой?!
Өзегінен от көрсем де өткеннің,
Жігерімді жарға жанып, көктермін.
…Оқ атылса, қалың елім – қазаққа,
Қателігі «ақылы асқан» бектердің.
Оу, байеке, бастайтұғын күліп той,
Басыңызда бар ма, сірә, күдікті ой?!
Қазағыма қарсы атылған әрбір оқ –
Рухыма атылған оқ.
Біліп қой!..
– Қуыс кеуде құныстардан қол құрап,
Алданыппыз.
Алыс қашты ол мұрат.
– Осы бізде бәрі қымбат, неліктен?
– Ар ғана арзан.
Кімге керек ол бірақ!..
Оғыңа да кеуде тосқан, қорғана,
Бауырыма жыр жазамын толғана.
Жаным бірге өздеріңмен, Жаңаөзен,
Жаңа өмірге сұрап жүрген жолдама!..
Алма ТҮСІПБЕКОВА
ЖАҢАӨЗЕН – АСТАНАСЫ НАМЫСТЫҢ!
Жаңаөзенім, жұбатпаймын мен сені,
Батырларға қорлық еді мүсіркеу.
Меңіреу күш езгілеген еңсені
Сені оятты – тыңдамау мен түсінбеу!
Тағы тұрдың – қорқыныш жоқ өткенге,
Құрсау мұзды ерітеді өрт-демің!
Шиыр-шиыр шыдам шекке жеткенде,
Шамырқана шешілетін серт пе едің?!
Сен жылайсың әрбір күннен зәр ішіп,
Жұрттың жәйі сендік жастың себебі.
Ел тағдырын қолына алған қарысып,
Билік неге қателесе береді?!
Жаңаөзенім, Батыр да өзің, бай да өзің,
Талайлардың дорбасына нан салған.
Мұңлық та сен – гүл жайнап ед қай кезің,
Ішіңде өлді бүрін жармай қанша арман?!
Қара алтынмен өлшенбейді дәрежең,
Биыл емес, сен бұрыннан Барыссың!
Мен білетін батыстағы Жаңаөзен –
Астанасы әділдіктің, намыстың!
Гүлай ДӘУІТБАЙ
ОПЫҚ ЖЕП, оппаға түсіп ҚАЛМАЙЫҚ
- Жыл басталған тұста Маңғыстау өлкесінің тынышы тағы кетті. Газ бағасының жойдасыз қымбаттауына байланысты өлкеміздің тұрғындары дүрк көтеріліп, көшеге шығуда.
Әрине, жанар-жағар май қымбаттаса, басқа мұқтаждардың бәс-бағасы да күрт көтеріліп кетері сөзсіз. Онсыз да әлеуметтік теңсіздік, үстін-үстін үстеле беретін қымбатшылық, ұзақ жылдарға созылған кенесуіз жемқорлықтан туындаған әділетсіздіктер мен індеттен, жұттан титықтаған халықтың: «Өз байлығымыз өзімізге неге әділ бөлінбейді?!» деген талап-тілектерін заңсыздық санауға әсте болмайды. Ата-Қазақ: «Бетегесі күймесе – бел шырайы бұзылмас; етенеге тимесе – ел шырайы бұзылмас!» – деп осындайда айтқан. Сондықтан үкімет, құзырлы министрліктер мен әкімшілік, арнайы мекемелер етенеге тимей тұрып, мәселені әділ шешуге тиіс. Әртүрлі алып-қашпа сөздерге арқау болып жатқан, жоғарыдағы әлдекімдердің құрсақ қамы үшін ғана жасалған көлденең бөгеттері болса, орнына тез келтіріліп, заң бұзғандар жауапқа тартылуға тиіс!
Дана бабамыз тағы да: «Аяулы көзге шөп тиер» деп тәмсілдеген. Ал біздің аяулы көзіміз – Тәуелсіздік! Осындай алақаудан дүбілістер кезінде ел-жұрттың көңіл ауанын өздерінің зымиян мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысатын, сол арқылы елді де, мемлекетті де аранға жығуға ұмтылатын дұшпандар болатынын ескермесе болмайды! Оны осыдан он-ақ жыл бұрын көзіміз көрді ғой… Ал уақыт та, тарих та бізге ондай қанды қателіктерді қайта-қайта жасатып қойып, қарап отырмайды. Құдай содан сақтасын деңіз!..
Тағы да опық жеп, оппаға түсіп қалмау үшін, ел басындағы азаматтардан тез арада әділ шешім қабылдап, халықтың аблыққан жүрегін орнына түсіргендері жөн екенін ескертеміз. Мұндайда «көзімнен «бір жерім» таса» деп бұғып қалуға әсте болмайды…
Светқали НҰРЖАН
(Айт-Ман)
03.01.21 ж.