Четверг , 25 декабря 2025

АЛДЫҢНАН ЖАРЫЛҚАСЫН, АҢЫЗ АҒА!

Қазақ халқы ауыр қаза­ға душар бол­ды. Ұлт­тық кино және театр өнері үлкен жоғал­туға ұшы­ра­ды. 21 жел­тоқ­сан – әр жылы ең ұзақ түн бола­тын, баба­ла­ра­мыз ежел­ден «қара түн» деп атаған күні әйгілі кино және театр актері, режис­сер, ҚКСР және КСРО-ның халық әртісі, Қаза­қстан­ның Еңбек Ері Асанәлі Әші­мов дүни­е­ден өтті. Туған халқы көзі тірісін­де аты аңы­зға айналған ұлын сал­ты­мы­зға сай ару­лап, жер қой­ны­на тапсырды.

Ауыр қаза­ға орай Мем­ле­кет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқа­ев марқұм­ның отба­сы­на көңіл айту жедел­ха­тын жол­да­ды. Оны 23 жел­тоқ­сан­да Алма­ты­дағы Абай атын­дағы ұлт­тық опе­ра және балет теат­рын­да өткен қара­лы жиы­нға қаты­сқан Мем­ле­кет­тік кеңес­ші Ерлан Карин оқып есіттірді.

– Асанәлі Әші­мов бүкіл сана­лы ғұмы­рын театр және кино сала­сы­на арнап, төл мәде­ни­еті­міздің көк­жи­егін кеңей­ту­ге өлше­усіз үлес қосты. Ол көп­те­ген образ­дар­ды шебер сомдап, көре­рмен қауым­ның ыстық ықы­ла­сы­на бөлен­ді. Cах­на саңлағы әрі кәсі­би кино­гер ретін­де соңы­на өшпес із қал­дыр­ды. Жас өнер­паз­дарға бағыт-бағ­дар беріп, руха­ни сабақ­та­сты­қтың сақта­луы­на зор еңбек сіңір­ді. Өрелі өнер­дің туын биік ұстап, өне­гелі ғұмыр кеш­кен Асанәлі Әші­мо­втің жарқын бей­несі халқы­мы­здың жүре­гін­де сақта­ла­ды, – делін­ген жеделхатта.

Қара­лы жиын­да Жазу­шы­лар одағы­ның төраға­сы Мере­ке Құл­ке­нов, Алма­ты қала­сы­ның әкі­мі Дар­хан Саты­бал­ды басқа да таны­мал тұлға­лар сөз сөй­леп, марқұм­ның отба­сы­на, туған-туы­сқан­да­ры­на, бүкіл халқы­мы­зға көңіл айтты.

Асанәлі Әші­мов 1937 жылы 8 мамыр­да Жам­был облы­сы, Сары­су ауда­ны, Жай­ыл­ма ауы­лын­да дүни­е­ге кел­ген. 1956–1961 жыл­да­ры Құр­манға­зы атын­дағы қазақ ұлт­тық кон­сер­ва­то­ри­я­сы­ның театр факуль­тетін­де жоға­ры білім алып, оны актер маман­ды­ғы бой­ын­ша бітірген.

Ол Мұх­тар Әуе­зов атын­дағы қазақ ұлт­тық дра­ма теат­ры сахна­сын­да М.Әуезовтің «Абай­ын­да» – Керім, «Еңлік-Кебе­гін­де» –Кебек, «Қара қып­шақ Қобы­ландыс­ын­да» – Айшу­ақ, «Таңғы жаңғы­ры­ғын­да» – Жара­с­бай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көр­пеш-Баян сұлуын­да» – Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш. Айт­ма­то­втың «Көк­тө­бе­де­гі кез­де­суін­де» – Иосиф Тата­е­вич, Шекс­пир­дің «Юлий Цеза­рін­де» – Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуан­ның дума­нын­да» – Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терін­де» – Ела­ман, И.Вовнянконың «Апа­тын­да» – бас кей­іп­кер бей­несін сомда­ды. Басқа да көп­те­ген қой­ы­лым­да көр­нек­ті актер­дің айшы­қты өне­гесі мен өрнек­ті ізі жатыр. Ал, қара шаңы­рақ сахна­сын­дағы оның соңғы күр­делі жұмысы Г.Гауптманның «Ымырт­тағы махаб­бат» дра­ма­сын­дағы док­тор Кла­у­зен болды.

Аса­на­лы Әші­мов – театр­мен бір­ге қазақ кино­сын да әлем­дік дең­гей­ге көтер­ген актер­лер­дің бірі. Оның кино­дағы Беке­жан («Қыз Жібек», 1971), Шади­я­ров («Ата­ман­ның ақы­ры», 1971), Мәм­бет («Сарқы­ра­ма», 1973), Қасым­ха­нов («Тран­сібір экс­пресі»), Кемел («Нан дәмі»), Нұрға­зы («Ала­та­удың ай мүй­ізі»), Қара­жал («Жау­шы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар дала­сы­нан ескен жылы жел», 1998) рөл­дері нағыз актер­лік шебер­лік­тің үлгісі іспетті.

Әйгілі актер режис­сёр ретін­де де кең таныл­ды. Ол сахна­лаған Нико­лай Гоголь­дің «Реви­зор», Ғабит Мүсіре­по­втің «Аман­гел­ді», И. Ораз­ба­ев­тің «Мен ішпе­ген у бар ма?!», С. Вану­стың «Сұл­тан бол­сам егер мен» (1988), Жүсі­п­бек Аймауы­то­втың «Ақбілек» (1989) спек­такль­дері талға­мы биік театр­сүй­ер қауым тара­пы­нан жоға­ры баға­лан­ды. Ол түсір­ген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бір­ге) 1982 жылы Тал­лин­де өткен бүкі­ло­дақтық 15-кино­фе­сти­валь­дің дипло­мы­на ие бол­ды. «Шоқан Уәли­ха­нов» (1984, 4 сери­я­лы теле­фильм), «Қозы Көр­пеш-Баян Сұлу» (1995) фильм­дері өшпес өнер иесінің режис­сер­лік шығар­ма­шы­лы­ғы­ның да кең ауқы­мын көрсетеді.

Театр және кино өнерін­де­гі жетістік­тері үшін Асанәлі Әші­мов әр жыл­да­ры Отан, Пара­сат орден­дері, ҚКСР және КСРО Мем­ле­кет­тік сый­лы­ғы, «Аңыз адам» Ұлт­тық сый­лы­ғы, ЮНЕСКО халы­қа­ра­лық ака­де­ми­я­сы­ның «Алтын Қыран» ордені, бір­не­ше мәр­те кино­фе­сти­валь­дер­дің сый­лы­қта­ры­мен мара­пат­талға­нын айта кет­кені­міз дұрыс болар.

Әрине, бұл кісі қазақ кино­сы­ның ата­сы Шәкен Айма­но­втың күй­еу бала­сы еді. Оның туған қызы, опе­ра әншісі, 1993 жылы қай­тыс болған Май­ра Айма­но­ва­мен сту­дент кезін­де қосы­лған-тын. «Ата – балаға сын­шы» демек­ші, оның аңыз тұлғаға айна­луы­на жас дарын­ның бой­ын­дағы қабілет-қарым­ды бай­қай біл­ген өмір­де­гі қай­ын ата­сы, өнер­де­гі жақын ұста­зы ретін­де Шәкен ата­мы­здың да ықпа­лы зор болға­ны күмәнсіз!

Халық әртісі, Қаза­қстан­ның Еңбек Ері Асанәлі Әші­мо­вті ақтық сапарға шыға­рып салуға арналған жиы­нға кел­ген­дер­дің қата­ры өте көп бол­ды. Оған сая­сат­кер­лер мен қоғам қай­рат­кер­лері, жазу­шы­лар, актер­дың әріп­те­стері, шәкірт­тері мен қала тұрғын­да­ры қатысты.

– Халық теат­рға сый­май кет­ті. Бұл нені көр­се­те­ді? Бұл – Асанәлі­ге деген, алып тұлғаға деген махаб­ба­тың жүрек­ке сый­май кет­кенін көр­сетіп отыр. Аға­мыз көзінің тірісін­де ғажай­ып бей­не­лер, әсіре­се Беке­жан, Шади­я­ров сияқты батыр­лар­дың бей­несін сомда­ды. Жатқан жері жарық болғай, топы­рағы торқа болғай аға­мы­здың, – деді Халық жазу­шы­сы, кино­дра­ма­тург Смағұл Елубай.

«Қыз Жібек» филь­мін­де Жібек­тің рөлін сомдап, мұқым қаза­ққа таны­лған актри­са, Халық әртісі Меру­ерт Өте­ке­шо­ва да Асанәлі Әші­мо­втің қаза­сын күңірене қабыл алға­нын айтты.

– Теат­рға жүз жыл бол­са да Асанәлі аға бәрібір алда тұра­ды. Асанәлі аға­мы­здың жатқан жері жай­лы бол­сын. Асанәлі аға мен енді мек­теп­тен келіп, өнер жолым­ды бастаған­да мен үшін үлкен ұстаз бол­ды. Ол кез­де атақты актер бола­тын. Қан­ша киноға түсті, қан­ша рөл­дер ойна­ды театр­да, – деді ол.

 Бөліп айта­тын бір жайт, марқұм аға­мыз жас кезі­нен күн­делік жазған екен. Өкініш­ке қарай, сту­дент­тік шағын­да жазған 13 дәп­терін жоғал­тып алып­ты. Оны өзі «салақтық» деп баға­лап­ты. Ал мына 10.06.1992 жылы жазған «Қазақ өлген адам­ды шыға­рып салу­дан мықты. Тірісін­де соның 3 пай­ы­зы бол­са…», 11.01.1994 жылғы «Кино үйі. Депу­тат­ты­ққа ұсы­нған екен. Соған отказ беру­ге бар­дым», 01.09.1999 жылғы «Үйдің бере­кесі әйел­ге бай­ла­ны­сты» деген­ге көзім толық жет­ті», 24.01.2001 жылғы «Қаза­қтың тамақ пен бос әңгі­ме­ге жаны құмар», 06.12.2000 жылғы «Тар­лан» деген сый­лы­қты ойлап тауып, енді, әсіре­се, талант­сыздар­ды жүгір­тіп қой­ды» деген пай­ым­да­ры қазақ үшін әрқа­шан өзек­ті екеніне ешкім дау айта алмас! Бұдан өнер иесінің ішкі жан дүни­есін, өмір­ге, қоға­мға, тағ­ды­рға деген көзқа­ра­сын бай­қа­уға бола­ды. Күн­делік­терін­де актер­дің қуа­ны­шы мен қасіреті, шығар­ма­шы­лық ізденісі, елге деген наза­ры, жеке тра­ге­ди­я­ла­ры мен ауыр тағ­дыр­лы сәт­тері еш боя­ма­сыз, шынайы түр­де көрініс тапқан.

Аңыз адам­ның жүрек соғуы тоқта­ды деген хабар елге жай­ы­лға­лы қан­ша­ма аза­мат, соның ішін­де Тұңғыш­бай Жаманқұ­лов, Марат Тоқаш­ба­ев, Талғат Теме­нев, Светқа­ли Нұр­жан, Сәкен Сыбан­бай, тағы басқа бел­гілі өнер және қалам иелері, әріп­тес іні-қарын­даста­ры, қара­пай­ым аза­мат­тар әле­умет­тік желі­де қаза­ға бай­ла­ны­сты көңіл айтып, өз ойла­рын жет­кізіп жатыр. Соның ішін­де Тұңғыш­бай аға­мыз үлкен ой айтып­ты. Марқұм­ның жер­лесі әрі әріп­тес інісі асқар таудай аға­сы­мен қош айты­сып: «Мен кештім… Өзің де кеш…», – депті.

Биыл өзі ылғи ары­стар кел­ме­стің кемесіне мін­ген жыл болып тұр ғой! Қаңтар­да қос алы­бы­мыз – Мекем­тай ақсақал мен Маға­у­ин аға­мы­здан айы­ры­лып қалып едік. Олар­дың ізі­нен Дулат, Темір­хан, Исра­ил аға­ла­ры­мы­з­бен қош айты­стық. Олар­ды еске алуым­ның мәнісі, Ала­са­пы­ран Маға­у­ин қай­тқан­да тірісін­де оны­мен айты­сып өткен Дулат аға­мыз да, Мұх­тар аға­мыз да кешірім сұрап еді. Енді міне, Тұңғыш­бай аға­мыз да Асанәлі­дей аға­сы­нан кешірім сұрап отыр!

Мен осы­дан дәл бес жыл бұрын «Абы­зда­ры бірін-бірі жау көр­се, ұл-қызда­ры қалай ғана дос бол­мақ?!» деген мақа­ла жари­я­лап едім. Менің­ше, елдің бір­лі­гі артып, ынты­мағы ныға­юы үшін алды­мен оны бастай­тын ерке­лері мен сер­ке­лерінің, абыз ақсақал­да­ры мен таны­мал тұлға­ла­ры­ның ара­сын­да өза­ра сый­ла­стық, құр­мет, ынты­мақ болуы керек. Сон­да ел де дами­ды, ырыс та арта­ды. Ата-баба­дан ама­нат болып қалған ұланғай­ыр жер­ге иелік ететін ұрпақ қалып­та­са­ды. Ұлты­мы­здың алды­на қой­ған Ұлы мұрат­тарға жет­кі­зетін негіз пай­да бола­ды. Осы тұрғы­дан алған­да Асанәлі аға­мы­здың өлі­мі де кей­ін­гі­ге өне­ге іспет­ті. Оның өзінің ғана ойла­ры емес, ауыр қаза тұсын­да заман­даста­ры­ның, әріп­тес інілерінің айтқан пікір-пай­ым­да­ры осын­дай ойға жетелейді.

Менің­ше, пері­ш­те­ден басқа­ның бәрі – пен­де! Ол кем­шіліксіз, жаңы­лу­сыз бол­май­ды. Атам қазақ «біл­генің қай­сы, біл­ме­ген­ді кешір­ме­ген соң» дей­ді. Біз­ге енді тірі кезі­міз­де сый­ла­су, қате-кем­шілі­гі­міз бол­са – өмір­де бір­ге жүр­ген­де кешірім сұрау жет­пей­тін сияқты. «Алды­ңғы арба қай­дан жүр­се, Соңғы арба содан жүрер» деп, бұл кей­ін­гі ұрпақтың ұлт­тық даму тұрғы­сы­нан дұрыс бағыт ұста­нуы­на оң әсер етер еді.

Осы тұста мұны әбден шеге­леу үшін, онсыз да қит еткен нәр­се­ге салып жатыр­мыз ғой, қоғам­дық негіз­де, ресми заң­ды түр­де бол­са – тіп­ті жақ­сы, ұлты­мыз, таны­мал тұлға­лар тура­лы БАҚ-та, әле­умет­тік желі­де, қоғам­дық орта­да теріс пікір айта­тын адам­дарға қомақты айып­пұл салын­са. Бұл – ұлт­тық бол­мысы­мыз бен мінезі­мізді, қоғам­дық мәде­ни­еті­мізді дұры­ста­уға қыз­мет ететіні анық. Әйт­пе­се, қазір­гі айты­лып жүр­ген сөз­дер­ден татулық пен бір­лік әлсіре­ме­се, ныға­я­тын түрі жоқ!

Салт-дәстүрі­міз азып-тозып бара­ды. Мұны Асанәлі аға­мы­здың қаза­сы­на бай­ла­ны­сты алғыр әріп­тес іні­міз Сәкен Сыбан­бай ескер­тіп отыр.

«Е, шырағым-ай, адам­ды өлім ғана өкін­тіп, өлім ғана ойлан­та­ды» деуші еді Дулат көкем. Асанәлі қари­я­ның өлі­мі де бәрі­мізді ойлан­тып жатыр ғой.

Осы­ған орай ойға түс­кені: қазір дауыс салып жылап кіру қалып бара­ды-ау. Жылау – тек әйел­дер­дің жұмысы секіл­ді. Еркек­тер сырт­та темекі шегіп тұра беруі керек пе сон­да? Той емес қой… Кісі өлген­де, жас өлген­де шеріңді тарқа­тып жылаған да жақ­сы-ау. Ол қай­тып орал­май­ды ғой. «Мен еркек­пін, жыла­май­мын» деген – 13 жасар бала­ның тір­лі­гі… Жылау – шер тарқа­ту ғой. Қазір қала­лық жер­де ешкім жыла­май­ды. Үнсіз кіріп, үнсіз шыға­ды. «Көке­май­лап» бақы­рып кір­ген бай­ғұс көр­сеңіз – мен деп біліңіз…», – деп­ті ол ФБ парақшасында.

Біздің ауыл­да көнекөз қари­я­лар: «Қыстың сәні – қырау, өлінің сәні – жылау» дей­тін еді. Бұл – халы­қтық тұжы­рым екені сөз­сіз, ал халық айт­са қалт айтпайды!

Асанәлі аға­мы­здың «Қаза­қтың тамақ пен бос әңгі­ме­ге жаны құмар» дегені де шын­дық. Бір ғасыр бұрын Шәкәрім Құдай­бер­діұ­лы ата­мыз мұны өлең­мен былай өрнек­те­ген екен:

«Жер жүзі жабы­лған­да ғылым жаққа,

Қазақ жүр құмар­ла­нып құр шатаққа.

«Анау – қу, мынау – пысық, мен – батыр, – деп,

Айнал­ды бірін-бірі құрытпаққа!

Демей­ді ғылым біліп жанданайын,

Мақ­са­ты – мақтан іздеп паңданайын.

Қан­ша ұқты­рып айт­саң да – қалыбында,

Ойда жоқ – жігер­леніп, қамданайын!».

Демек, мақта­уды да, мақта­ну­ды да доға­ру керек, онсыз да осы кез­ге дей­ін мақтанға­ны­мыз жетер! Оның орны­на рулық сана­дан асып, ұлт­тық санаға көтерілей­ік. Жоға­ры адам­гер­шілік қаси­ет­ке, білім мен ғылы­мға, жаңа тех­но­ло­гия мен инно­ва­ци­яға, әлем­дік өрке­ни­ет­тің көші­нен қал­мауға ұмты­лай­ық! Өске­лең ұрпағы­мы­зды осы­ған тәрбиелейік!

Сенің қазаң тұсын­да бар­ша қаза­ққа бел­гілі аға-апа­ла­ры­мы­здың айтқан сөз­дері бізді осын­дай ойларға жете­леді. Бағ­дат жеңе­ше­міз­ге, кіш­кен­тай Асанәлі Әші­міов іні­міз­ге, бүкіл қазақ қауы­мы­на қай­ғы­ға ортақ­та­сып, терең қай­ғы­ру­мен көңіл айта­мыз. Бақұл бол! Алла алды­ң­нан жары­лқа­сын, аңыз аға!

Құт­мағам­бет ТАЛАПБАЙҰЛЫ

Республиканский еженедельник онлайн