Астаналық көп балалы аналар сәуірдің 15-і күні мәжіліс депутаттары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерімен кездесіп, өз мұң-зарларын айтқан еді.
Осы кездесудің басты кейіпкері болған жалғызілікті, төртбалалы ана Алмагүл Құмашеваның жанына батқан жағдайды ашына жеткізген ащы дауысы интернет әлемін шарлап жүр. Оны естіген, видеоны көрген адамның жан-жүрегі езілмеуі мүмкін емес. Біз Алмагүлдің сол дауысы мен «Азаттыққа» берген видео-сұхбатын қаз-қалпында мәтінге түсіріп, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Осы жерге жиналғандардың 18-ге толып кеткен соң, оқуы бар, жағдайы жасалған баласы бар ма (жиналған жұрт бірауыздан «жоқ» деді – Ред.)? Қайда кетті ол балапан? Он сегізге толады да, далаға кетеді. Өйткені оның ата-анасының жағдайы жоқ, өзі сатып алған немесе мемлекет берген бір-екі бөлмеде тығылып отыр. Бесіктен белі шықпай, кетті далаға. Оңтүстік Кореяға, Америкаға, Қытайға кетті. Өз Отанымызда, өз елімізде неге тұрмайды?
Ол үшін не істеу керек екенін айтайық па? Осында отырған аналар 80–100 мың теңгеге жұмыс істесін: 500 мың теңге айлықты бүгін бере алмайсыздар. Тіпті он жылда да бере алмайсыздар.
Аналар не істейді? Болашақтан күдер үзе ме? Жоқ әлде азын-аулақ зейнетақысымен18-ге толған, қайда барарын білмей жүрген баласы мен қызының мойнына отырып ала ма? /Сіздірдің/ күнделікті тамағыңызға, отбасыңызға қанша ақша кетеді? /Сіздер/ өз экономикаңызды жүргізесіз бе?
Ағайындар, төрт баламмен мен қатты қиналамын. Қызым бетімен кетті. Қайда кетті? Ол шетелге қашып кетті, артынан қуып барған жерімнен, сол жердің «ФСБ»-сы менен себебін сұрағанда, жағдайды түсіндіріп айта алмадым. «Мен – анамын, баламды қайтарып алғым келеді», – дедім. «Балаңыз нешеде?» – деп сұрады. «Он тоғызда», – дедім. «Балаңыз осында қала ма?» – деп сұрады. «Балам осында қалғым келеді, Қазақстанда мен бітіретін ештеңе жоқ, анамның жанында қалғым келмейді, оның күнделікті ауыр жағдайын естігім келмейді. Анам туып берген балаларын асырағым келмейді. Оларды асырауға құқым да, қақым да, тіпті ниетім де жоқ», – деді.
Мен /осылай/ баламнан айырылдым. Енді екінші балам бір жылдан кейін 18-ге толады, оның да арманы – кету. Мен күнде ұрсысам, шаршадым. Менің 11 жастағы қызым бүгін таңертең: «Сен қайда бара жатырсың? Ол жерге барып не айтасың?» – деп сұрады. «Мен ол жерде үй мәселесін, ақша мәселесін, өзімнің жағдайымды, сен 18-ге толғанда не болатынын айтамын. Сол жерде отырған ағалар мен тәтелер бізге оңды жауап берер», – дедім.
Қызымның не айтқанын білесіздер ме, Светлана Қабыкеновна (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Жақыпова – Ред.)? «Ол жерге мен де барсам бола ма? Мен де білемін не айту керектігін, өлең жазып жүрмін ғой. Өзімнің қайда тұрып жатқанымды айтсам, бола ма? Ол кісі мені тани ма?» – деп сұрады. Танымайды деп айта алмадым. «Таниды, жағдайлары болмай жатыр», – дедім.
Ал біздің жағдайымыз бәріне жетеді. Тәуелсіздік алып, өз алдымызға бір серпін болып, өзіміздің парламентіміз, мемлекетіміз болып, халықаралық ұйым тани бастаған кезде 12–13 миллион ғана қазақ едік. Қазір 2019 жылы біз көбейген жоқпыз: бес-ақ миллион адам қосылыпты. Оның ішінде 3 миллионға жуығы – оралмандар, қалғаны – екі миллионнан сәл ғана асатын сәби дүниеге келіпті. Дәл осылай «өсетін» болсақ, бес-алты жылда екі есе кеміп кетеді екенбіз. Біз ұлт ретінде жоқ болып кетудің алдында тұрмыз. «Қазақ халқы жойылсын!» деген бұл кімнің саясаты? Қазақтан жақсы халық бар болса, көрсетіңізші?! Қазақ өзі барып, ешкімге шапқыншылық жасамаған, сабырлы халық, үлкенін құрметтеп, кішіге қызмет көрсеткен. Біз дінге жоқ шығармыз, біліміміз аз шығар, бірақ біз адамбыз, біз ең сабырлы, қаны таза мемлекетпіз. Өзге елдер қазақта мутация жоқ деп таң қалып жатыр. Өйткені біздің ниетіміз таза.
Сіздерді, Светлана Қабыкеновнадан басқаларыңыздың кім екендеріңізді білмейді екенмін, осы күнге дейін үйде отырып, жылағаннан басқа түк бітірген жоқпыз. Шынында да, шәйнекті газдың үстіне қойған соң, ол қайнау дәрежесіне жетеді, егер оның барлық шүмек, тесіктерін жауып тастасаңыздар, қайнаудан – атылу дәрежесіне жетеді. Бәлкім, сол дәрежеге жақындап қалған шығармыз.
Өтінішіміз сол, құлақтарыңызды қойыңыздар, анау жақта депутаттар отыр, Светлана Қабыкеновна, жалғыз өзіңіз ештеңе бітіре алмайтын шығарсыз, бірақ біздің құлағымыз бен көзіміз болып, «былай істесек, қалай болады?» – деп, сәл де болса көңіл бөліңіздер.
Балалар кішкентай болды ғой, мүмкін, мен /күйеуіме/ сәл қысым көрсеткен шығармын. Тұра алмадық. Қанша қиындық көрсем де, тағдырдың ауыртпалығына мойымадым. 34 жасымда оқу бітіріп, диплом алдым. 2002 жылы жақындарымның кеңесімен жалғызілікті ана ретінде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданында пәтер кезегіне тұрдым. Кейін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің құрылымында өзгеріс болып, архивтегі бірқатар құжат жоғалып кеткен. Солардың арасында менің де құжатым жоғалып, пәтер кезегінен айырылып қалдым. Кейін құжаттарымды қайта жинап, баспана кезегіне тағы тұрдым.
Үй кезегіне тұрған кезде мен 29 жаста едім. Өзіңіз ойлаңызшы, қазір жасым 47-ден асты. Оңай емес. Мен де өмір сүргім келеді… /жылады/. Менің де армандарым бар еді. Мамандығым бойынша қызметке тұру қиын болды, бала-шағаны асырау үшін ешқандай жұмыстан тартынбадым. Ыдыс та жудым, қап та тасыдым. Далаға шығып, сауда да жасадым. Кондуктор да болдым. Балаларымды тастап кетіп, басқа жаққа барып жұмыс істеуіме тура келген кездер де болды.
Бүгінгі күні Алланың берген бір тиынына береке берсін деп жүрміз, барлық қазақтар сияқты. Өзгелерге қарағанда, хан сарайында өмір сүріп жатқан шығармын: ас ішетін кішкентай ғана үстелім, жататын төсегім бар. Қазір 70 мың айлыққа жұмыс істеп жүрмін, ол тұрақты айлық емес, уақытша күнкөріс көзі. Жыл сайын келісім-шартқа отырамын. Орын болса – барасың, болмаса – бармайсың. Қазір жалпы аумағы 28 шаршы метр бөлмеде тұрып жатырмын. Жарамды аумағы 10 шаршы метрге жетер-жетпес. Аядай бөлме төрт адамға тарлық қылғандықтан, 17 жастағы ұлым – Әділ қаладағы туысының үйінде тұрып оқиды. Өзіммен бірге 11 жастағы Фатима мен он жасар Ясин-Ислам ғана тұрады.
Исламым маған тартқан, сөзге жүйрік. Ойына не келсе, соны айта салады. Ұлым маған: «Өмірде жолым болмаған, өйткені мен әлемдегі ең нашар ата-ана мен мемлекетте тұрамын. Менен біреу осындай жерде тұрғың келе ме деп сұрады ма? Терезе қайда? (видеода шатыр астындағы пәтердің төбеге қараған шағын терезесі ғана көрінеді – Ред.). Әлемді өз көзіммен көргім келеді. Бұл үйде тордағы жолбарыс сияқтымын», – дейді. Жаныма батады. Бірақ амалым жоқ.
Тұрған жеріміз жайсыз, тұрмысымыз ауыр болғандықтан, үлкен қызым Айдана (23 жаста) төрт жыл бұрын Санкт-Петербург қаласына оқуға кетіп, сонда қалып қойды. Аллаға шүкір, қазір жағдайы жақсы. Мен қазір өкінбеймін. Бірақ сол кезде оның кеткеніне ренжідім. Артынан қуып барып, алып кеткім келді. Қызым: «Қаламын, осы жерде оқығым келеді, басқа жерлерді көргім келеді», – деді. Бірақ Қазақстанда менің жағдайым осындай /қиын/ деген жоқ.
Өкініштісі сол – біздің жастар /еліне емес/ шетелге көбірек керек болғаны ма? Екінші ұлым Әділ Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінде 11-сыныпта оқиды. Ол да болашақта шетелде білім алғысы келеді. Мықты программист болуды армандайды. «Кетемін» десе, жолын бөгемеймін.
Балаларымның сапалы білімді шетелден іздемей, өз елінде алатындай жағдайға жеткенін көргім келеді. Мен Қазақстан – Дубай, Франция, Америка сияқты, адамдардың арманына айналса екен деймін. Ал менің балаларым сондай қол жетпес мемлекеттің азаматы болса екен деймін. Балаларым Қазақстанда білім алып, кейін шетелдік компаниялар оларды жұмысқа шақырса деймін.
Мәтінді дайындаған –
Бақытгүл МӘКІМБАЙ