Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасы: ІІМ экс-басшысы Мұхамеджанов тергеуде не айтты?

Қазақстанның саяси сахнасындағы ең шулы қылмыстардың бірі – 2006 жылғы 11 ақпанда Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі серігінің қазасы. Бұл оқиға сол кезде қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұл оқиға бойынша сот шешімі шыққанымен, көптеген сұрақтар жауапсыз қалды. Бастапқыда ҚР Сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев «тапсырыс беруші» ретінде 20 жылға сотталды, ал «киллер» Рустам Ибрагимов өлім жазасына кесілді (кейіннен өмір бойына бас бостандығынан айырылды). ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының бірнеше мүшесі де сотталды. Алайда 2012 жылы Ибрагимов Жоғарғы сотқа арыз беріп, Сәрсенбаевтың өліміне тапсырыс берген Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев деп көрсетті.

Ішкі істер экс-министрі Бауыржан Мұхамеджановтың 2012 жылы куәгер ретінде берген тергеу хаттамасының үзіндісін malim.kz жариялады. Мұхамеджанов – бұл істің тергеуіне басынан бастап қатысқан тұлғалардың бірі.

Мұхамеджановтың жауабы

ІІМ экс-басшының айтуынша, Сәрсенбаевтың өлімі туралы хабарды алған кезде ол дереу істі бақылауға алған.

«2006 жылы мен Ішкі істер министрі болдым. 2006 жылы ақпанда көмекшім маған А.Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісін өлтіріп кеткенін хабарлады. Мен қайтыс болған адам шынымен де Сәрсенбаев па, жоқ па деген мәселені анықтай бастадым. Маған мәйіттердің етбетінен жатқанын айтты. Мәйіттердің жеке басын анықтап алмай жатып, Сәрсенбаевты өлтіргені туралы хабарлағаны ашуымды келтірді. Кейін Алматы қалалық ІІБ қызметкері Козлов кісі қолынан қаза тапқан адамның Сәрсенбаев екенін, оны танитынын айтты.

Осыдан кейін бас прокурор Р.Түсіпбеков пен мені Президент әкімшілігіне шақыртты. Ол кезде мемлекет басшысы елде жоқ еді, бізбен М.Тәжин әңгімелесті. ҰҚК басшысының бірінші орынбасары В.Божко да болды. Бізге осы істі тергеу тапсырылды.

ІІМ-ге келген соң тергеуді ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар бердім және істі бақылауға алуды бірінші орынбасарым генерал Қ. Қасымовқа тапсырдым, ол Алматыға ұшып кетті. Мемлекет басшысы келген соң тергеуді маған және Р.Түсіпбековке жүктеді.

Осы тапсырмадан соң Р.Түсіпбеков екеуміз Алматыда болдық. Тергеу тобы құрылды, оған прокуратура қызметкерлері тартылды. ІІМ жүйесі бойынша жетекшілікті Қ. Қасымов атқарды, прокуратура тарапынан Е. Мерзадинов басшылық жасады.

Бір күні маған Сәрсенбаевтың телефондарының бірі қосылғанын хабарлады. Арнайы жедел-тергеу шарасы жүргізіліп, телефонды тыңдау үшін ҰҚК мен ІІМ күштері тартылды. Соның нәтижесінде мейрамханада жұмыс істейтін қыз белгілі болды. Ол қыз арқылы ҰҚК қызметкері анықталып, ұсталды. Ол телефонды «Арыстан» жасағы қызметкері дастархан басында сыйға тартқанын айтты. Одан әрі бұл іске «Арыстан» жасағының бірнеше қызметкерінің қатысы бар екені анықталды. Оларды ұстау туралы мәселе көтерілгенде, мен Р.Түсіпбековке қақтығыс туындамас үшін ҰҚК төрағасы Н. Дүтбаевты шақырту қажет екенін айттым.

Түнгі уақытта мен, Р.Түсіпбеков және Н.Дүтбаев үшеуіміз «Арыстан» қызметінің орналасқан жеріне бардық та, оларды аты-жөнін атап бір-бірлеп шақырып, бірден тұтқындадық.

Ибрагимов пен ҰҚК байланысы

«Арыстандықтар» ұсталғаннан кейін Ибрагимовтің фамилиясы белгілі болды. Ұлты – ұйғыр, мінезі шалт, қылмысқа икемделген. Полицияның бұрынғы қызметкері екен, ішкі істер саласының және ұлттық қауіпсіздік органының жұмыс істеу тәсілін біледі.

Ибрагимовтің қалай ұсталғаны маған белгісіз, ол кезде Түсіпбеков екеуміз Алматы қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Бугаевтың кабинетінде отырдық. Ибрагимовтің ұсталғаны туралы Қасымов пен Мерзадинов баяндады.

Түсіпбеков екеуміз бұл іске бірнеше құқық қорғау органының қатысы барын, әсіресе ҰҚК қызметкерлері шатылғанын айыптадық. Сол себепті де ұсталғандармен жеке кездесуді ұйғардық.

Түсіпбеков екеуміз Ибрагимовты қамаған жертөлеге түстік, мен оны сол жерде бірінші рет көрдім. Ибрагимов біздің кім екенімізді сұрады, куәлігімізді көрсетуді талап етті. Мен оған министрдің куәлігін көрсеттім. Ибрагимов бізбен сөйлескісі келмейтінін айтты және «бұл іске араласпағандарың жөн, мені босатыңдар» деді. Біз оған қандай қылмыс бойынша күдікті екенін ескерттік, ол бізбен тек Дүтбаевтың қатысуымен сөйлесетінін айтты.

Көкейімізде сұрақ болды: Ибрагимов Дүтбаевты қайдан таниды? Кейін анықталғандай, Ибрагимов ІІБ-де Өстеміров сияқты терроризмге қарсы жүйеде жұмыс істеген. Өстеміров те бұрын полицияда қызмет еткен, кейін адвокаттық қызметке ауысқан. «Мұнда нық топ болған екен» деген ой келді. Одан бөлек, Ибрагимовқа қатысты әлдебір іс қозғалып, кейін қысқарып қалған. Осы кезде ол ҰҚК-нің ықпалына түскен. Бірақ мұны тексеру керек.

Біз Ибрагимовтың «Дүтбаевпен таныспын» деген сөзіне сенген жоқпыз. Бірақ Ибрагимов ҰҚК-нің қалай орналасқанын айтып берді. Соңында Ибрагимов «егер маған сенбесеңдер, телефон беріңдер, Дүтбаевқа телефон соғам» деді. Біз оған телефон бергеміз жоқ, ол әлдебір нөмірді айтты, бірақ қандай нөмір айтқаны есімде жоқ. Бұл – біздің Ибрагимовпен алғашқы әңгімеміз. Осыдан кейін Түсіпбеков екеуміз есеп беру үшін Астанаға ұшып кеттік.

Түнде қайтадан Алматыға оралдық. Ертеңінде Түсіпбеков Ибрагимовті прокуратура ғимаратына әкелуді бұйырды. Қасымовқа Ибрагимовтің күзетін күшейтуді тапсырды, өйткені прокуратура кабинетінің терезелерінде темір тор жоқ. Түсіпбеков әңгімені байқатпай жазып алуды тапсырды.

Әңгіме барысында Ибрагимов сыбырлап сөйледі. Мәселен, мен сұрақ қойсам, жауапты менің құлағыма сыбырлап айтады, Түсіпбековке де солай. Түсіпбековке оның не деп сыбырлағанын естімедім. Ибрагимов қылмысқа қатысы бар екенін мойындаған жоқ. Біз Ибрагимовтің Сәрсенбаевты бекерден-бекер өлтірмегенін түсініп, оның артында кімдер тұрғанын сұрадық.

Осы кезде прокуратура ғимаратына оппозиция жетекшілері Әбілов, Тұяқбай, Жандосов келді. Осыған байланысты олармен кездесуге тура келді. Оппозиционерлер Ибрагимовты көрмеуі үшін, оны конвоймен демалыс бөлмесіне апарды. Онда төсек бар екен, төсек жақтауына кісендеп қойды.

Ибрагимовпен әңгімеміз жалғасқанда, ол тапсырысын орындаған адамның суреті көрші бөлмедегі газетте бар екенін айтты. Қандай газет екені есімде жоқ. Онда Президенттің және бірнеше лауазымды тұлғаның фотосы болды. Газетті әкелгенде, Ибрагимов фотодан нақты адамды көрсеткісі келмеді. Түсіпбеков фотодағылардың әрқайсысын жеке көрсетіп шықты, Өтембаевқа келген кезде Ибрагимов «Иә» деді.

Өтембаевты жеке танимын, сондықтан Ибрагимовтің сөзіне бірден сенгем жоқ. Біздің сенбегенімізді түсініп: «Маған телефон беріңдер, мен онымен сөйлесем», – деді. Аз-кем ойланған соң, оған телефон бердік. Ибрагимов Өтембаевтың нөмірін терді. Тұтқаны Өтембаевтың көмекшісі көтеріп, бірден Ибрагимовтен қайда жүргенін сұрап, «шеф» іздеп жатқанын айтты. Өтембаев пен Ибрагимовтің байланысы анықталды. «Өтембаев қайда?» деген сұраққа көмекшісі «ауруханада» деп жауап берді.

Мен өзімнің дереккөздерім арқылы Өтембаевтың ауруханада екенін анықтадым. Бас дәрігер оның қатты мас күйінде түскенін, бетін әрең бері қаратқанын айтты. Өтембаевтың атына тіркелген тапанша бар екен. Суицид жасамасын деп, Өтембаевты ұстауды және уақытша тергеу изоляторына қамауды Астана қалалық ІІД бастығы Досымовқа тапсырдық. Сол күні түнде Өтембаевты ұстады. Мені оның өзін қалай ұстағаны қызықтырды, ұстаған кезде Өтембаев сабырлы болыпты, ал изоляторға барар жолда өзін ұстай алмай қалған.

Түсіпбеков Өтембаевтан жауап алатын болып шешілді, мен оған қатысқан жоқпын. Жауап алу кезінде Өтембаев бәрін мойындап, өз қолымен хат жазып берді. Өтембаев өзінің түсініктемесінде оны Ибрагимовпен ұлты бурят, әлде қалмақ, Ресей азаматы болса да, ҚР Президенті әкімшілігінде бөлім бастығы лауазымын атқарған Алексей Кекшаев таныстырғанын айтады. Кекшаев Ибрагимовті мәселе шешетін «боевик» деп ұсынған.

– Ибрагимов алғаш рет тапсырыс беруші деп Өтембаевтың фотосын көрсеткен газеттің форматын, атауын айта аласыз ба?

– Есімде жоқ. Ол кезде істе жоғары лауазымды адамдардың болуына орай дүрбелең туды.

– Сіздің сөзіңізге қарағанда, Ибрагимовпен әңгіме барысында арнайы жедел-тергеу шарасы жүргізілген. Оның нәтижесі қайда?

– Білмеймін. Ол кассетаны мен алған жоқпын. Мүмкін, тергеушілерге тапсырылып, іске қосылған шығар.

– Прокуратура ғимаратындағы әңгіме барысында Ибрагимов қандай да бір кепілдік сұрады ма?

– Иә, ондай болды. Алдымен қорқытқысы келді. Қорқыта алмаған соң, қауіпсіздігіне кепілдік сұрады. Біз «ойын» ұйымдастырып, кепілдік береміз деп келістік. Құжатты кім дайындағаны, кімдер қол қойғаны есімде жоқ. Осыдан кейін Ибрагимов газеттен Өтембаевтың фотосын көрсетті.

– Тергеу кезінде Өтембаевпен жеке кездестіңіз бе?

– Алғашқыда онымен Түсіпбеков кездесті. Тергеу кезінде Түсіпбеков екеуміз Өтембаевқа бардық. Не үшін екені есімде жоқ.

– Рахат Әлиевпен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Әлиевті білемін, бірақ жақын қарым-қатынасым жоқ. Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаевамен қарым-қатынасым жақсы, ал Әлиевті оның бұрынғы күйеуі ретінде танимын. Мен онымен араласқан жоқпын, бизнесім немесе достық қатынасым жоқ.

 – Істе тапсырыс беруші ретінде Өтембаевтан басқалар аталды ма?

– Сотта Ибрагимов адам өлтіруге қатысы бар деп Дүтбаев пен Әбіқаевты атады.

– Ибрагимов қандай себеппен мұндай мәлімдеме жасады?

– Ибрагимов шені жоғары адамдарға сүйеніп, тергеу кезінде өзін асқақ ұстады.

– Түсініктемеңізде әлдебір Кекшаев туралы айттыңыз. Ол туралы не білесіз?

– Ол Ресей азаматы бола тұра, бас айналдырарлық карьера жасады. Менің ойымша, бұл істегі оның рөлі оңай оспақ емес. Бәлкім, ол әдейі жіберген адам шығар, оған қатысты ҰҚҚ қарауы керек.

– А.Мақашовпен таныссыз ба? Қарым-қатынасыңыз қандай?

– Аман Мақашовпен таныспын. Университетте жұмыс істеп жүрген кезімде оны маған бауыры Камардин ертіп келген. Оқу бітірген соң ол кеденде жұмыс істеді, сол кезде Р.Әлиевтің ықпалына түскен. Соңғы рет Мақашовпен Дубайда кездестім. Ол аяқ астынан пайда бола кетеді. Мүмкін, ақпарат беріп отыратын әлдебір байланыстары бар шығар. Ол маған Әлиевке қарсы түсініктеме бергісі келеді деп әлдебір Дербас Адонис туралы айтты. Кейін Адониспен кездесу болды, ол Әлиевке бәрін үйіп-төкті. Соның нәтижесінде Адонисті ҰҚК-ге бердік.

– А.Мақашовты Е.Өтембаевпен және Р.Түсіпбековпен таныстырдыңыз ба?

– Есімде жоқ.

– Ибрагимов газеттен Өтембаевтың суретін көрсеткенде, сіз және Түсіпбековтен басқа кім болды? Газетті кім әкелді?

– Есімде жоқ».

Тергеу хаттамасы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің өлімі арнайы қызмет өкілдері мен жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен мұқият жоспарланған қастандық болғанын растайды. Алайда қамауға алу мен сот процесіне қарамастан, қылмысқа тапсырыс берушінің нақты кім екені әлі де толық анықталған жоқ.

11 ақпан күні Алтынбек Сәрсенбаевтың «Уақытында айтылған шындық» және «Алаштың Алтынбегі» атты екі томдық кітабы жарық көрді. Кітаптардың тұсаукесерінде қайраткердің ағасы Рысбек Сәрсенбай бұл қылмыстың артында сол кездегі билік өкілдері тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – саяси террор, ал тапсырыс берушілер мен орындаушылар әлі толық анықталған жоқ. Дегенмен, ол шындықтың ашылатын күні алыс емес, уақыт өте келе, олар заң алдында жауап беретініне сенімді.

Еске салсақ, ҰҚК экс-басшысы Нартай Дутбаев Orda.kz-ке берген сұхбатында 2006 жылдың ақпанында Сәрсенбаевтың өліміне «Арыстан» сарбаздарының қатысы бар екені анықталғанда, оған ІІМ басшысы Бауыржан Мұхамеджанов пен бас прокурор Рашид Түсіпбеков келгенін айтты.

Дутбаев сол түні оқиғалардың қалай шұғыл әрі шиеленісті өрбігенін еске алады. Ол әріптестерімен бірге «Арыстан» арнайы бөлімшесіне бағыт алды. Ол жерде бір бөлімше әрдайым тәулік бойы кезекшілікте болатын. Барлық күштер жоғары дайындыққа келтіріліп, жеке құрам штабқа шоғырландырылды.

«Есікті қағып тұрмын, артыма қарасам – ІІМ-нің көліктері келіп жетті. Ішінен қаруланған жауынгерлер секіріп түсіп, бізді қоршап алды. Мұхамеджановқа: «Не істеп жатырсың?» – дедім. Ол: «Атыс басталып кетсе ше?» – деп жауап берді. Қандай атыс? Мен осында тұрмын ғой! Әскеріңді алып кет, сен жағдайды ушықтырасың, олар шабуыл деп ойлап қалуы мүмкін».

Осыдан кейін арнайы жасақ күдіктілерді ұстауға кірісті. Әрқайсысын аты-жөнімен шақырып, ішке кіргізіп, қолдарын кісендеп жатты. Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге қатысы барлардың бірі жасырынып жатқан пәтер анықталды. Сол жерге топ жөнелтілді. Алматылық «Арыстан» бөлімшесінің командирі Строженко күдіктіні сыртқа шығарып, бірден көлікке отырғызды.

«Оларға қарап: «Шоу маскасы? Бұл кім үшін керек?» – деп сұрадым», – деп еске алады Дутбаев.

Ильдар АДИЛЬЧЕНОВ

Республиканский еженедельник онлайн