Суббота , 19 апреля 2025

АЛТЫНБЕК ШЫҢҒА АЙНАЛДЫ

  • Бұған дейін «Лабасы» аталған, бұдан былай «Алтынбек шыңы» аталатын тау – осы.
  • «Алтынбек шыңына» ту тіккен сарыжаздық жастар.

Ұлтын сүйген, халқының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтар басқалардан биік тұрады. Өйткені елдің қамын жегендер мен жұрттың нанын жегендердің арасы – әманда алшақ. Алтекең көзі тірісінде де ел тізгінінен айырылғысы келмеген жемір мен оның айналасындағы тобырдан еңселі-тін. Уақыт өткен сайын биіктеп, аспандап бара жатыр. Енді, міне, Алтынбек Сәрсенбайұлының атында шың бар. 

Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылының тұрғындары Лабасы тауының атауын өзгерту туралы ұсыныс-талаптарын көптен бері айтып келеді. Себебі Лабасы атауы жоңғар-ойраттардан қалған. Көптің қалауы – таудың қалмақша атауын қазақшалап, ұлт мүддесі жолындағы күресте қастандықтың құрбаны болған Алтынбектің есімімен атау. Осы мақсатта ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары таудың ең биік нүктесіне (3488 метр) көтеріліп, «Алтынбек шыңы» деген белгі орнатты. Бұл шара Алтекеңнің туған күніне – 12 қыркүйек күніне арнайы орайластырылған еді. 

Жатқан жерің жайлы болсын, Алаштың аймаңдай ұлы! Расында, сен биіксің! Өйткені халқыңа биіктен қарадың! Ал саған қастық қылғандардың деңгейі – ойпаң. Олар ойраттан қалған атаудай тез ұмытылады…

Сансызбай МОЛДАЖАНОВ

Редакциядан: Жергілікті көпшіліктің бастамасын іске асыруға бел буып, Алтынбек шыңына шығуды ұйымдастырған, осы иманды іс-шараға атсалысқан азаматтарға алғыс айтамыз! Олар – Дүйсен Бозбашаев, Айбол Иманбаев, Айбын Қодасбаев, Айдос Қазыбаев, Нәзипа Қалымбетова, Бекдәулет Бексерік, Ернат Тыналиев, Кемеш Иманбаев, Жанболат Сұлтанғазиев және Алматыдан Сарыжазға арнайы барған – Сәуле Фазыл мен Жанна Дінкеева. Өзінің атындағы шыңның басынан Алтынбек туған өлкесіне қарап, өршіл адамдарының рухына риза болды деп білеміз!

Comments

Нұргүл Асылбекова:

  • Ер есімі – ел есінде! Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі әр саналы қазақтың жүрегінде алтын әріппен жазылып қалды!

Бағдат Мүптекеқызы:

  • Керемет жаңалық! Құтты болсын! Алтынбектей аяулы перзентінің Шыңы уақыт өткен сайын биіктей бермек! Зор қуаныш!

Нұрсерік Қасымжомарт:

  • Құтты болсын! Керемет! Анау тақтай жазуды келешекте (мүмкін, боялған, сырланған материал деп ойлаймын) жылдың төрт мезгіліне шыдап беретін материалдан жасалған деген ойдамын. Қазақ тарихында қалған нар тұлғаларға тау шыңдарын көбірек беру керек, тарих пен ұрпақ жадында мәңгі есте қалу үшін.

Ғалия Нәлібекова:

  • Алтыкеннің есімі мәңгілікке ел есінде қалуы керек, ұмытылмауы керек, сол үшін жасалған бұл іске, сарыжаздықтар, бастау болғандарыңыз үшін рахмет!

Берік Балта:

  • Лабасы тауының аты «Лаба» деген қалмақтың қонтайшысы Қорен қалмақтың қызының аты. Ол қызды кезінде Орта жүздің батыры алған екен. Біздің ауданда қалмақтардың атымен аталған жер аттары көп. Осылардың аттарын өзгерту жайлы мен газетке де жазғанмын. Алтыекеңнің атын беруді мен қолдаймын. Бәріміз бір кісідей атсалысайық.

Рая Сәрсенбаева:

  • Халықтың тілегі қабыл болсынІ Алтынбек атқарған игі істерін, халқым деп соққан жүрегін ешкім өшіре алмайды. Атқарылып жатқан шаралар кедергісіз болса екен. Халқыма мың алғыс – қайғымызды бірге бөліскен. Хабарды оқыған, естіген елбасы мен атшабарлары жүрек талмасынан өлетін шығар. Олар Алтекемнің аруағынан қорқады. Жеті ұрпағының мойнына қарыз деп есептеймін! Бауырым, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн