ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке!
Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Олардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсарту – барлығымыздың да парызымыз.
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында ауылды көркейту – стратегиялық міндет. Мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды. Үкімет пен әкімдер жерді табыс көзіне айналдырып, ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атүсті қарайтындарға тосқауыл қоюға баса назар аударуы қажеттігін атап өтті.
Ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі баршылық, бірақ та ол қордаланған мәселелерді толық шеше алған жоқ. Қазіргі қолға алған іс-шаралар жеткіліксіз. Ауыл мәселесін «Ауыл» партиясы ұдайы назарда ұстайды.
Соңғы 34 жылда көптеген елді мекен «болашағы жоқ» деп жабылды. Алдағы уақытта тағы да 2 мыңға жуық ауылдар жабылады деген қауіп бар. Сондағысы – инженерлік инфрақұрылым мемлекет мойнына үлкен жүк болады-мыс деген ой. Мемлекет ауыл тұрғындарына шағын кәсібін ашуға мүмкіндік берсе, шығарған өнімін сатуға ықпалдасса, халық өз несібесін көреді емес пе? Бұдан проблема шешіле қоймасы анық. Тепе-теңдік заңдылығын ескерсек, қара басының қамын шешпеген ауылдықтар қалаға келіп, әлеуметтік қажеттілікті одан сайын көбейтпей ме? Өкінішке қарай, ауылдарды жабу керек дегендер осындай қарапайым аксиоманы түсінбей келеді!
Ауылды, әсіресе шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалу – тек экономикалық тұрғыдан емес, мемлекет қауіпсіздігінің де басты факторы екенін ұмытпайық!
Бұл ретте ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысында азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жою, ауылдық жерлерде агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын орта бизнес субъектілерінің санын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету бойынша іске асып жатқан пилоттық жоба – басқа өңірлер үшін үлгі боларлық.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, құрметті Олжас Абайұлы, Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай мәселелерді шешу қажет деп санаймыз:
1) Батыс Қазақстан облысының пилоттық бастамасын басқа өнірлерде жалғастыру.
2) Шалғай және шекара маңындағы ауылдарда өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін, оларды дамытуға бағытталған жеке шешім қабылдау.
3) Қоныс аударушылар үшін тұрғын үй құрылысына немесе сатып алуға арналған субсидиялар көлемін ұлғайтып, коммуналдық төлемдер мен инфрақұрылымдық шығындарды жабуға арналған өтемақы қарастыру.
4) Қаладан ауылға көшетін ауыл шаруашылығы саласының мамандарына мақсатты мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген техникалық несие ұсыну.
5) Ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға жер телімдерін рәсімдеуді жеңілдетіп, жас фермерлерге арналған оқыту бағдарламаларын енгізу және «Бір ауыл – бір кооператив» қағидаты бойынша жергілікті агрокооперацияларды дамыту.
6) Әр аудан әкімдігі жанынан арнайы жобалық кеңселер құрып, көші-қон, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелерін бір орталық арқылы шешетін «бір терезе» қағидатын енгізу.
7) Кәсіп ашқысы келетін азаматтарға гранттар мен жеңілдетілген несиелер беру. Елді мекендердің дамуына көмек беріп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге 0%-бен көп жылға несие беруді ұйымдастыру.
Аталған ұсыныстарды іске асыру «Қаладан – ауылға» жобасының пәрменділігін арттырып қана қоймай, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді және жастарды ауылда тұрақтандыруға септігін тигізеді деп есептейміз.
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары атынан Жигули ДАЙРАБАЕВ