
Серғазы МҰХТАРБЕКОВ, журналист
- Ұлы нағашым Смағұл ақсақал сонарға шығар тазысын баптап, ішін айналдырып, тазалап, қоясын түсіруге ерекше мән беретін. Жалпы, тамыздың соңына қарай тазы өзгеріп, елгезек, елеңдегіш мінез таныта бастайды. Сол кезде ауыл сыртындағы қырға алып шығып, жүгіртіп, сіңір тарамысын созатын. Беретін тамақ мөлшерін азайтып, «жаттығатын» уақытын – физикалық ауыртпалықты күнделікті арттыра түсетін. Сөйтіп, алғаш қар түсер күнге әзірлеп, қансонарға дайындап отыратын.
Мынау біздің кезекті кезектен тыс сайлауымыз сол қоясы түспеген, сіңір тарамысы созылып, іші айналмаған – бір сөзбен айтқанда, бабы келіспегендердің ши айнала жүгіргеніндей ғана әсер қалдырды.
Тоқ етерін айтар болсақ, «сайланатынын» өзі де, сіз бен біз де Баян Есентаева түс көрмей тұрып-ақ білген сайлаудағы «жеңісіне» Тоқаев қалай дайындалды? Аппаратындағы негізгі тұлғаларды ауыстырып, министрлер мен әкім-қараларды іріктеп, жаңа қадам жасауға әрекеттенді ме? Әлде желетке киіп желпініп, бір ай бойы үгітшілері болған депутаттар Тоқаевтың тапсырмасымен жасырын жаңа заң жобаларын дайындап, оны әне-міне қарағалы жатыр ма? Әншейінде сайлаудан соң іле-шала отставкаға кететін үкімет неге қыңқ етпеді?
Бұдан шығатын қорытынды – ащы тері алынбай-ақ бәйгеден келген Тоқаев бірден батыл реформалар жасайды дегенге сене алмаймын. Жалпы, өзгеріс жасап, тыңнан тарту үшін, адамға мінез керек. Харизм қажет.
Десек, «ұстазы» құрбандық деп көрсетіп берген Мәсімовты ғана місе тұтып, өзін «сайлаған» жұрт басты ұры деп бағалап отырған кісінің «айтқанына көніп, айдағанына жүрген» адамнан қандай мінез, қандай саяси реформалар күтуге болады? Тұлыпқа мөңірегенді қоятын мезгіл жетті ғой.
Әрине, «дипломат адам бәрін ішіне тығып отыр», «шамалы мүмкіндік беру керек» деген сияқты әңгіме айтып, жақтау сөзді бетке басатындар көп болатынын білемін. Оларға ақыл иесі ретінде алдағы күннен жақсылық күткенмен, жамандыққа да дайын болайық дегім келеді.
Айтпағым – «әрқайсыңды қолдарыңнан жетектеп, түрмеге алып бара аламын» деген адамның қолында Тоқаевқа қатысты компроматтың жоқтығына кім кепілдік бере алады? «Тұңғыш президент туралы» заңға қатысты қабылданған өзгертулер күшіне енбей, кешеуілдеп жатқанының төркінін осы төңіректен қарау керек болар.
Десек, қол-аяғы матаулы Тоқаев кімге тұлға болғандай? Кіммен бірге «Жаңа Қазақстан» құрғандай?

Әңгіменің бәрі айналып келіп, назарбаевтық жүйеге және кадр мәселесіне тіреледі. Сенетін серігі, сүйенетін тірегі жоқ адам – Тоқаевтың дәл бүгінгі жағдайын «Құдай есіркесін» дегеннен өзге сөзбен жеткізу қиын. Жанында ең болмаса шын жаны ашитын бірер тұлға жоқ жан туралы басқа не айтуға болады?
Жалпы, әлем елдерінде қалыптасқан дәстүрлерге жүгінер болсақ, Назарбаев кланынан толық құтылып, мемлекеттік аппаратты олардан толық тазалау үшін, кризистік менеджерлерді қызметке тартып, солар арқылы жаңа кадрлар құрамын жасақтауға ұмтылмақ керек. Жаңа кадрлар келмей, «Жаңа Қазақстан» құрылмайды!
Назарбаевқа ақиқатты айтқандары үшін ғана қуғынға ұшыраған Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Жәкішев сияқты аймаңдайларды шақырса, олар жалғыз-жарым келмейтіні және экономикада сілкініс тудырары, шетелге шығып кеткен қаржыны қайтаруға жұмыстанарлары белгілі ғой. Ал өзгелерін тізбектемей-ақ қояйын, елге танымал Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, Дина Елгезек сынды тәуелсіз тұлғаларға қолқа салар болса, олардың аянып қалмайтындары ақиқат.
Алайда бұған Тоқаевтың айналасында әлі сіресіп отырған Назарбаевтың қаңсықтары мұрша бермейді. Ал оларды қуып шығып, айналасын түгел жаңартуға тағы да тәуекелшіл мінез керек.
Әрине, мінезсіз адам болмайды! Тоқаевтың Петербордағы жиында Путинді жерге тыққанына бәріміз куәміз. Қаңтарда «мен ешқайда кетпеймін» деп кесіп айтқанын да білеміз. Сондықтан да «осы сайлаудан соң…» дегендермен таласпаймыз. Күтпегенде, қайда барамыз?
Дегенмен, шыдамның да шегі бар. Берген уәденің де бітер тұсы болуы керек. Әсіре адалдық ақымақтықпен шендесетінін Тоқаев менен артық біледі деп ойлаймын. Ендеше ұлттық, мемлекеттік мүддені әлі күнге дейін бір адамның аяғының астында таптатып қойғанымыз қалай? Сөздің ашығы – назарбаевтық мұра толық талқандалып, Тоқаевтың қабылдаған шешімдеріне аппараттық бойкот жариялап, жүзеге асуына кедергі жасап отырған биліктегі назарбаевтық клан кетпейінше, ештеңе өзгермейді.
Бүтін бір халықты бір ауылдан ғана шыққан «данышпандардың» басқаруынан құтқарар кез туды. Көшеден жинап әкеліп, басшылыққа қой деп отырған ешкім жоқ. Көзді ашып қараса, кландық һәм рулық, жершілдік принциптерден арылса – болды. Адам табылады. Тақа болмағанда жанына ештеңеден қаймықпай, ақиқатты айта алатын, ұлт пен мемлекеттік мүддені қоя тұрайық, тікелей өзіне шынайы жаны ашитын бірер адамды тартып, солардың ақыл-кеңестеріне құлақ асса – кәнекей?! Ондай тұлғалар жоқ емес қой! Әлихан Смайыловтың орнына Мұхтар Жәкішевті немесе Айман Тұрсынқанды қойып, мүмкіндік берсе, қалған кадрдың өзі-ақ реттелетініне күмәнім жоқ. Бұл бір мысал ғана.
«Халыққа – хан, қара жерге – халық ие» деген тұрғыдан қарасақ, Тоқаев үшін ендігі кезеңде – алдағы 7 жылда – халықтың көңілінен шығу маңызды деп ойлаймын. Ол үшін жүдеген жұрттың жағдайын жасап, ел мүддесіне қызмет қылу керек. Ол үшін Назарбаевтан қалған мұраға ревизия жасау маңызды. Айталық, назарбаевтық кланның қанжығасында кеткен қаржыны толық қайтаруға кірісер болса, жұрт 81% емес, 99% қолдайтынына еш күмән жоқ. Мұнай бағасы төмендеп, шетелдік инвестиция азайған шақта экономикаға сол қайтқан ақша құйылар болса, көрмейтіндей – жұрт соқыр емес. Бағаламайтындай – бишара емес. Қысыр сөзден жалыққан жұртқа ендігі жерде әрекетпен дәлелдеу маңызды.
Десек, әлі де ауыздарынан ақ май ағып, ойқастап жүрген олигархтар ауыздықталып, ұлттық һәм мемлекеттік мүддені мансұқ етіп жасалған жекешелендіру келісімшарттары заңдық негізде қайта қаралып жатса – кәнекей?! Сот жүйесін шын мәнінде тәуелсіз етіп, құқық қорғау органдарындағы парақорлар құрықталса, жұрт әділ бағасын беретіндігіне еш күмән жоқ.
Жалпы, мына фәниде дұшпаныңның да ақылды болғаны тиімді екені ешкімнен жасырын емес. Десек, альтернативті ойлайтын оппозициялық бағыттағы адамдарды «халық жауы» санағаннан қашан тиыламыз? Олар бар болғаны пікірлерін ашық айтып жүрген азаматтық қоғамның белсенді өкілдері ғана ғой! Болмаса, жеке кездесуде билікті, әсіресе биліктегі жекелеген тұлғаларды өкіртіп сынап, ертесіне түк болмағандай, сол билік өкілдеріне «әке-көке» деп жүрген жандарды өз басым тым көп көрдім. Және сол әрекеттеріне ешбір қысылып, беттері қызармайтындарына куәмін. «Мына жұрт бәрін көріп отыр-ау, мен туралы не ойлайды екен?!» демейтіндеріне таң қалатынмын. Және сол ұлы Абай «жалт бергіш, қайта ойланғыш, көті айналғыш» деп баға берген найсаптармен ауыз жаласқан биліктегілерді көргенде жиіркенетінмін.
Жоқ, биліктегілер олардың «…көті айналғыш» найсап екендерін білмеді емес, бек жақсы білді. Сол «жалт бергіштіктерін…» пайдаланып келді. Десек, ендігімізге не жорық?! Олардан – саяси жәләптардан – жиіркенетін, жерінетін, жалығатын уақыт туды ғой! Альтернативті ойлайтын, тосын пікір айтатын, ойыңа ой қосатын адамдармен кездесіп, пікір алмасқаннан Тоқаев ұтпаса, ұтылмайтынына кепілмін.
Ал ондай адамдар қазақ қоғамында жеткілікті. Тек аппаратында арнайы бөлім ашып, көзқарас алуандығын зерттеуге зейін қойса болды. Мәселен, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының ой-пікірлерін сараптап, өміршеңдігін уақыттың өзі дәлелдеп отырған құнды пікірлерін мемлекеттің қажетіне жаратқаннан кім зиян шекпек? Саяси тәжірибесі мығым, оқығаны тәжірибесінен де көп қоғам қайраткері Төлеген Жүкеевтің парасат-пайымына құлақ түргеннен билік жапа шекпейді ғой.
Мәселен, шетте жүріп, мың сан маманмен пікірлесіп, бұрынғысынан да мықты саясаткерге айналған бірбеткей азамат, ұстанымына берік тұлға Төлен Тоқтасыновтың қайта оралғаны мемлекетке тиімді емес пе?
Мәселен, әлем елдерін аралап, дәріс беріп жүрген, халықаралық қауымдастық дүлділ экономист ретінде танитын Ораз Жандосовтың потенциалын неге пайдаланбасқа?
Сырқатыма байланысты соңғы 10 жылда қоғамдық ортадан шеттеп қалған адам ретінде жалпы азаматтық қоғамның, жә оппозицияның да бүгінгі жағдайымен етене таныс емеспін. Әрине, «бір биеден ала да туады, құла да туады». Оппозицияның ішінде де күні үшін жүргендер жетерлік болар. Ана бір жылдардағыдай бастары бірігіп, бір жұдырық болып қимылдамай, мына сайлау алдындағыдай «анау сатқын», «мынау шпион» деп, бас-басына би болып жүрген жұртпен биліктің санаспасы хақ. Дегенмен, сол ортада шынайы ұлтшыл, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоя білетін, жағымпаздануды білмейтін қыңыр мінезді, бірақ ойлары орамды жандар да баршылық екеніне күмәнданбаймын.
Ендеше 7 жылға сайланып, халық сенімін ақтаймын деген Тоқаевқа сол тұлғалармен – қоғамдық пікірдің белгілі бір бөлігінің өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмлеге келіп, ел мүддесі үшін бірге жұмыстануға неге әрекеттенбеске? Олардың парасат-пайымдарын, ұтымды ойларын неге мемлекеттің қажетіне жаратпасқа? Қырықпышақ болып жүрген оппозиция өкілдері де осынау жолда бір мәмлеге келіп, қадау-қадау мәселелерде ортақ бір байламға тоқтап, сол ойлары ел президентіне жететіндей қарекеттер жасауы қажет емес пе? Тоқаев – ішкі қайшылықтарды ортақ мүддеге жеңдіре білген оппозициямен санаспайтындай адам емес деп ойлаймын.
«Барлық адам қателеседі. Сол қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін мойындап, тәубеге келгені» деген әпсанаға тоқтап, қателіктеріміз қасіретке айналмай тұрғанда, ұлттық ортақ мүддеге қызмет жасайтын күн туған жоқ па?!