Четверг , 10 апреля 2025

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА ӨМІРДІҢ ӨЗІ ҮЙРЕТІП ОТЫР

Баршаға белгілі, былтыр елімізде алапат су тасқыны болды. Биылғы болжамдар да мәз емес. Ресейлік ақпарат құралдары Орынбор облысындағы Иректі қоймасына екінші тоқсанға қарай су нормадан 70 пайыз артық түсетіні болжанылып отырғанын жазып жатыр. Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары да біраз бұрын Ресейдің Орынбор, Омбы, Қорған облыстарында биыл да мол су жиналып жатқанын, ол көп ұзамай бізге жететінін айтып, дабыл қақты. Ал жуырда Батыс Қазақстан облысындағы тиісті мекемелер су тасқынына дайын болмағандығы айтылып, лауазымды басшыларға сөгіс жарияланды.

Қалыптасқан жағдайға байланысты «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау мен оқытудың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының вице-президенті, запастағы полковник Бейбіт ЕҢСЕБАЕВ мырзаға хабарласып, былтырғы зардап, биылғы су тасқынына дайындық шаралары жайында сұхбаттастық.

Бейбіт Көбейсінұлы, азаматтық қорғаныс – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды саласы екені сөзсіз. Құдай бетін аулақ қылсын, жалпы су тасқыны, жер сілкінісі, басқа да табиғи және техногендік апаттардың алдын алу үшін, бұл саланың қызметкерлері қандай жұмыстар атқарады? Ал апат кезінде қалай жұмыс істейді, олардың басқа мекемелермен бірлескен әрекетін кім үйлестіреді?

«Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау мен оқытудың ұлттық орталығы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Ұлттық орталық) екі міндет жүктелген. Біріншісі – өрт қауіпсіздігі мен азаматтық қорғаныс бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу. Бұл бағыт бойынша екі зертханамыз және сынақ полигоны бар. Екіншісі – басшылық құрамды, яғни орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша даярлықтан өткізу. Бұл салада 10 арнайы оқу кабинеттерінен тұратын оқу ғимараты бар. Ұлттық орталық Үкімет қаулысымен осы екі міндетті орындау үшін құрылған.

Ә дегенде айта кетейін, Ұлттық орталық төтенше жағдайдың алдын алуға және оны жоюға араласпайды, ондай міндеттер құзырына кірмейді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан апаттар мен зілзалаларға баға бере алмайтындығымызды ескерте кеткенім де дұрыс болар. Дегенмен, осы салада 20 жылдан аса қызмет атқарған маман ретінде өз пікірімді білдіре аламын. Сіздің сауалдарыңызға берген жауаптарымды оқырман менің жеке пікірім деп қабылдағаны жөн.

– Былтырғы су тасқыны кезінде қаншама тұрғын үй, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар, өндіріс орындары, жолдар, көпірлер қирады. Жеке адамдар, кәсіпкерлер, мекемелер орасан материалдық шығынға батты, абырой болғанда адам шығыны жоқ. Апатқа не себеп болды, залалдың орнын толтыру үшін не істелді?

– Иә, шынында да, 2024 жылдың көктемі төтеншеліктер үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін де үлкен сынақ болды. 80 жылдан бері болмаған су тасқыны елдің біршама өңіріне қауіп төндірді, қаншама адам баспанасынан айырылып, едәуір шығын алып келгені баршаға аян. Сол табиғи апаттан сабақ алған мемлекеттік органдар биылғы көктемгі маусымға жан-жақты дайындықпен келіп отыр.

Бірер күн бұрын Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Парламент депутаттарының алдында есеп бере келе, былтырғы су тасқынының негізгі себебі қыс және көктем мезгіліндегі гидрометеорологиялық жағдайдың күрт өзгеруі екенін айтты.

Күн суыта бастаған сәтте топырақтың жоғары ылғалдылығы оның беткі қабатында ылғалдың көп мөлшерде жиналып, қатуына әкелді. Жердің тоңы да қалың болды. Ал қыс мезгіліндегі жылымық кездер топырақ пен қалың қар жамылғысының бетінде мұз қабықшасының пайда болуына әсер етті. Көктемгі кезеңнің басында ауа температурасы жоғарылап, қар тез еріп, жауын-шашын көп мөлшерде түсті. Қардың қарқынды еруі, топырақтың жоғары ылғалдылығы, қар жамылғысындағы судың едәуір мөлшері аномальды су тасқынының орын алуына ықпал етті. Бұған өңірлердің мұндай ауқымды су тасқынына жеткіліксіз дайындығы және су тасқынына қарсы іс-шараларды уақтылы іске асырмауы да белгілі бір дейгейде әсер етті. Сондықтан да мемлекет басшысы жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылдағанын жақсы білеміз.

Тасқын кезінде Президенттің тапсырмасы бойынша премьер-министр бастаған республикалық штаб дереу құрылып, азаматтарды су тасқынынан қорғау бойынша бірқатар жедел шаралар қабылданды. Ауқымды су тасқынын жою үшін алғашқы күндерден бастап азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылған Министрліктің жедел штабы жұмыс істеді.

Жалпы 120 мыңнан астам адам құтқарылды, олар уақытша пункттерге орналастырылып, барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар осы Министрлік штабтың үйлестіруімен төтенше жағдай орын алған аймақтардағы елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету мәселелері жедел шешілді. Атап айтқанда, азық-түлік, су жеткізу, электрмен жабдықтау және көлік қатынасын қалпына келтіруге баса мән берілді. Ол үшін арнайы инженерлік техника және тіршілікті қамтамасыз ету элементтері броньнан шығарылды. Қысқа мерзімде мың шақырымға жуық уақытша қорғаныш бөгеттері мен біліктері тұрғызылды, 7,5 мың шақырымға жуық арықтар мен каналдар тазартылды, 8 миллионнан астам қаптар төселді.

– Әрине, мұның бәрі үлкен жұмыс, бірақ оның бәрін тек қана төтеншеліктерге артып қою да дұрыс болмас еді. Басқа қандай күштер жұмылдырылды, қандай әдістер қолданылды?

– Алғаш рет құтқару және шұғыл жұмыстар кезінде жаңа әдістер мен тәсілдер енгізілді. Мысалы, понтондық көпірлерді орнату Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында көлік қатынасын реттеу мен азық-түлікті жеткізуге мүмкіндік берді. Су басқан аймақтарда құқықтық тәртіп пен санитарлық-профилактикалық шараларды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.

Жалпы, апаттық-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ еріктілер мен белсенді азаматтар жұмылдырылды. Осы күштер мен құралдар тобы 63 мыңнан астам адамды, шамамен 7 мың бірлік техниканы, 1 мыңнан астам су айдау құрылғысын, 418 жүзу құралын және 38 әуе кемесін құрады. Өткен жылдың соңына дейін зардап шеккен өңірлерде 9 мыңға жуық үй жөнделді, 2 мыңнан астам жаңа үй салынды, қосымша 5 мыңнан астам тұрғын үй сатып алынды.

Зардап шеккен барлық азаматтар қазіргі уақытта тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Заңнамаға сәйкес, оларға сондай-ақ залалды өтеу, біржолғы төлемдер төлеу жүзеге асырылды, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын жоғалту бойынша да өтемақы төленді. Бұл мәліметтердің барлығын біздің министр Парламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде толық келтірген болатын.

– Жақсы. Қазақ «Өткенге – салауат, қалғанға – берекет» дейді. Өткен іс өтті, болар іс болды. Еліміз ауыр сыннан сүрінбей өтті. Ал биылғы су тасқынына дайындық шаралары жөнінде не айтар едіңіз?

– Биылғы дайындық шараларына келер болсақ, ол 2024 жылдың жаз айларынан басталды. Бұрындары көктемгі су тасқынына ақпаннан бастап дайындалып келсек, енді мұндай апаттың алдын алуға жыл бойы дайындалу керек екендігін өмірдің өзі үйретіп отыр. Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттар бойынша іске асырылады. Бұл іс-шаралар су басу қаупін барынша азайтуға және елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Былтырғы су тасқыны аяқталғаннан кейін, өңірлер қауіптің алдын алу шаралары мен инженерлік жұмыстарды бастады. Оларды іске асыру барысын жергілікті жерлерде министрліктің бөлімшелері жүзеге асыруда. Сондай-ақ Үкімет аппараты инспекторларының қатысуымен бірнеше рет тексерулер жүргізілді.

Тағы да ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, қазірге дейін барлық өңірлерде су тасқынына қарсы 1 400 іс-шара іске асырылды. Мысалы, елді мекендерді қорғау үшін 576 километр қорғаныш бөгеттері мен біліктері салынды. 164 километр дренаж жүйесі жөнделді және салынды, 960 автокөлік пен темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде 300 километрден астам тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 километр тазарту жұмыстары жүргізілді. Елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, салынуда. Сондай-ақ елді мекендерден қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Бұл бөлімше табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылауды жүзеге асыратын болады.

2025 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел дайындық мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінен жеке құрамның жалпы саны 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралы бар күштер топтамасы құрылды. Ақпанның 6-7 аралығында «Көктем-2025» атты республикалық командалық оқу-жаттығу өтті. Оның мақсаты – азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының, күштері мен құралдарының су тасқынына дайындығын тексеру, іс-қимыл жоспарларын пысықтау болып анықталды.

– Жеке адам болсын, қоғам болсын, өткен кемшіліктен қорытынды шығарып, келешекте оның қайталанбауы үшін шаралар қабылдайды. Былтырғы апаттың себеп-салдарынан қандай қорытынды шығардық, не істеу қажет еді, не істелді?

– Былтырғы су тасқынынан алған тағы бір сабағымыз – табиғи апатты ғылыми негізде болжап, алдын ала зерттеу керек екендігі. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін «Tasqyn» ақпараттық жүйесі туралы айта кеткен жөн. Бұл жүйе төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдар жасауға мүмкіндік береді. 

Бүгінгі таңда су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленді. Осы жүйе бойынша еліміздің 3,5 мың км суару желілерін цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Жүйе төрт сатыдан тұрады: деректерді жинау, талдау, болжау және модельдеу. Жалпы, бұл жүйе су шығындарының және өзендердің деңгейі жөнінде ұзақ және қысқа мерзімді кезеңге болжам бере алады.

Су тасқынын модельдеу нәтижелерінің дәлдігі мен дұрыстығы «Қазгидромет» болжамына және су қоймаларынан суды ағызу бойынша «Қазсушар» ұсынған деректерге, сондай-ақ жергілікті жер бедерінің цифрлық моделінің өзекті деректері мен батиметрияға байланысты болатынын атап өткен жөн.

Апат айтпай келеді. Дегенмен де алдын ала қамдансақ, оның зардаптары мен залалдарын мейлінше азайтуға болады. Аталған жүйе 24/7 режимінде, яғни күн сайын қар деңгейі, өзендердің жай-күйі және ауа райы жағдайлары туралы деректерді талдайды. Бұл ықтимал қауіпті учаскелерді ерте анықтауға, өзгерістерге жедел ден қоюға және алдын алу шараларын қабылдауға, сондай-ақ халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді. Қанша жерден автоматтандырылған жүйе болғанмен, көп жылғы бақылау да естен шығарылмайды, екеуі қатар жүргізіледі.

– Жалпы алғанда, апат айтып келмейді десек те, өз басым кей жағдайда бұл пікірмен келісе бермеймін. Мысалы, 2011 жылы наурыз айында Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы түгелдей дерлік су тасқынынан қирап қалды. Мен ол кезде республикалық «Айқын» газетінде істейтінмін. Осы апаттан дәл бір апта бұрын газеттің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Болат Абаған «Жетісуда 135 тоспа-тоған бар, дер кезінде назар аударылмаса, апатты жағдай орын алуы мүмкін» деп жазды. Оған құлақ асқан ешкім болмады. Керісінше, судың біраз бөлігін ағызып жіберейік деген ұсынысты ауыл әкімі: су деген ақша ғой, ертең шаруаларға сатып, қарық боламыз деп қабылдамаған. Былтыр да күз жауын-шашынды болды, «Қазгидромет» көктемде су тасқыны болады деп желтоқсан айынан бастап, күн сайын қақсады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегендей, оған да құлақ асқан ешкім болмады. Оның үстіне су қоймаларын жөндеу, арықтар қазу мен тазалауға, басқа да гидротехникалық нысандар салуға бағытталған қомақты қаржы жемқорлардың жемсауына түсті. Сөйтіп еліміз орасан шығынға ұшырады. Сонда бұл айтып-ақ келген апат емес пе?!

– Әрине, әркімнің өз пікірі бар. Егер тиісті мекемелер бөлінген қаржыны мақсатқа сай тиімді жұмсап, алдын ала белгіленген жоспарлы жұмысты уақтылы және толық атқарғанда, мүмкін, су тасқыны болмас па еді. Болса да, зардабы мен залалы айтарлықтай аз болар ма еді. Осы тұрғыдан алғанда, сіздің ойыңыздың да жөні бар. Бұл енді мемлекеттік қызметкерлер мен тиісті мекемелердің жауапкершілігі, білім-білігі мен тәжірибесі, кәсібіне деген адалдық, заңдылық мәселелерін қозғайтын өзекті сұрақ. Сондықтан да болар, мемлекет басшысы әр сөзінде дерлік заң мен тәртіп мәселесін айтады. Өйткені оларды сақтау қарапайым азаматтарға ғана қатысты емес, мейлі басшы, мейлі қосшы, мейлі жеке меншік, мейлі мемлекеттік меншік иесі болсын – барлық қоғам мүшелері үшін ортақ және міндетті талап! Қазақтың аты әлемге танылған әйгілі ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей, заң талаптары мен қоғамдық тәртіп қағидаттары сақталған жерде апат та, қылмыс та, басқа да келеңсіз жағдайлар мейлінше аз болатыны анық.

– Мен соңғы 20 жыл бойы журналист ретінде су шаруашылық нысандары мемлекеттің меншігінде болуы керек деген мәселе көтеріп жүрмін. Осыдан оншақты күн бұрын Алматы облысында 8 су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылғаны жарияланды. Соны естігенде, ойларым жүзеге аса бастағандай сезініп, қатты қуандым. Бұл мәселеге қалай қарайсыз?

Су – тіршілік көзі, баға жетпес байлық. Онсыз адамзаттың өмір сүруі, экономиканың дамуы мүмкін емес. Ғалымдардың зерттеуінше, соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі күшейіп бара жатыр, келешекте бұдан да қиын болуы мүмкін. Ал ағын судың басым бөлігі өзге елдердің аумағынан келетін Қазақстан үшін бұл өте өзекті мәселе. Сөз жоқ, халықты сапалы ауыз сумен, ауыл шаруашылығындағы суармалы егістікті, өндірісті жеткілікті және тұрақты түрде сумен қамту үшін стратегиялық маңызға ие су қоймалары мен басқа да су шаруашылық нысандары мемлекет меншігінде болса, олардың күтімі жақсарып, тиімділігі де жоғары болар еді. Шынын айтсақ, біз суды тым көп жұмсап, шектен тыс ысырап болуына жол беріп отырмыз. Жоғарыда атап өткенімдей, әрине, бұл – менің жеке пікірім.

Сөз соңында айтарым, былтырғы су апаты баршамызға үлкен сабақ болды. Кемшін тұстарымызға терең талдау жасалды, қазір енді оларды қайталамауға бағытталған ғылыми негізделген, орнықты ойластырылған жұмыстар жүргізіліп отыр. Одан тиісті қорытынды шығарған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға бағыт алды. Бұйыртса, алдағы уақытта жақсы нәтижелер болуы тиіс!

– Дәлелді де дәйекті сұхбатыңыз үшін рахмет, қызметіңізде табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ «D»

Республиканский еженедельник онлайн