
- 25 қазан – Республика күні қарсаңында Алматы мен Астанада наразылық митинглерін ұйымдастыруы мүмкін деген желеумен бірқатар қоғам белсенділерін полиция қамауға алып, кейіннен қоғамдық қысымның нәтижесінде босатуға мәжбүр болды. Полиция күштеп ұстағандардың бірі – Алматы қаласы бойынша Тәуелсіз бақылаушылар ұйымының төрайымы Арайлым Назарова бір күн бұрын өзінің «Фейсбук» желісінде төмендегі пікірін жазған еді (қаз-қалпында).
Сайлау туралы заңға президент қол қоймас үшін, не істеуге болады? Хат жазсаң оқымайды! Әлеуметтік желілердегі жазбаларды пысқырмайды! Мыңдап адам жиналмаса, шағын митингті де қыстырмайды!
Не істеуге болады? Сайлау туралы заң әділетті қоғамның бастауы емес пе?
Тоқаев: «Біреулер Қаңтар оқиғасының қайталанғанын қалап жүр», – дейді. Іс-әрекеттеріне қарасаң, Қаңтардың қайталануын сол кісінің өзі қалап жүрген сияқты.
Егер бізде әділ сайлауға негіз бола алатын заң болмаса, қайдағы «Жаңа Қазақстан» туралы айтуға болады?
Karin Erlan (мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин – Ред.), бастығыңызға жеткізіңізші, бақылаушылардан қорықпасын! Осы сайлаудан кейін енді президенттікке түспейді. Өзі үшін емес, халық үшін, болашақ үшін қазір сенатта жатқан Сайлау туралы заңға қол қоймасыншы! Мына заңға енгізілген өзгерістер: «Мен таза сайлауға ешқандай мүмкіндік бермеймін» деп айқайлап тұр ғой!
Мүмкін, сіздер әділ сайлау талап етіп, әр фальсификацияны жариялап жүрген бізді маргиналды топтар деп ойлайтын шығарсыздар… Бірақ халықтың ашуына тиіп, заңды белшесінен басып, шімірікпестен фальсификация жасап, сайлауды у-шуға дейін жеткізетін бақылаушылар емес, сіздердің комиссия мүшелеріңіз екенін ұмытпаңыз? Әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде, сіз не істейсіз? Көніп, қарап тұра бересіз бе?..
Дәл солай, біз де әділетсіздікпен бетпе-бет келгенде, қарап тұра алмаймыз. Қолымызда бар жалғыз қару – камераны алып шығамыз! Соның дәйегімен сотқа барамыз. Ал енді /суретке/ түсіруге рұқсат етпесе, дәлелмен жазылған арызымызға көз жұма қарап отырған соттар ертең мүлдем істі қарамайды. Егер мына заң қабылданса, халық бір күні сайлаудан кейін камераны емес, қолына түскен қаруды алып, сотқа емес, алаңға барады… Мына заң жобасы соған алып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мырза «таза сайлау өткіземіз» деді ғой. Кәне, соның бір дәлелі ретінде мына заңға қол қоюдан бас тартсыншы!
Ермұрат аға («ДАТ» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи – Ред.), менің бұл жазбам президентке де, Ерлан Каринге де жетпейтінін білемін. Бірақ сізге жетеді… Қарындасыңыз ретінде, рухтасыңыз ретінде сөзімді жеткізіңізші, қол қоймасыншы! Тағы бір талқылайық! Сайлауға қиянат жасамасыншы! Онсыз да сайлауға халықта жоқ сенімді одан сайын өшірмесінші! Халық сайлаудың алдындағы жауапкершілікті таза сайлау өткізетін платформа болғанда ғана сезінеді. Егер таза сайлау платформасы болмаса, бәрі алаң арқылы ғана шешіледі…
Күйініп барамын… Осының бәрін білмейтін, қызықпайтын жандар бақытты шығар…
Барлығымыздың көз алдымызда сайлауды одан сайын жабық қылайын деп жатыр. Қазір қабылдап тастаса болды. Келесі президент есті болса немесе төңкерістен кейін бір-ақ ауысады. Динара Цишевскаяның («Фейсбук» қолданушы – Ред.) болжамы дәл келуі мүмкін…
Ауыт Мұқибек:
«QAZAQ ARMANY» партияға айналады
Ардақты Алаш жұрты!
Құрметті Ұлы көшке мүдделі қауым!
Сіздерді қайта жаңғыртылған Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін – менің тарихи Отаным Қазақстан Республикасына оралғаныма 24 жыл! 1998 жылы 24 қазанда жездем Демеухан Бақытнұр мен Оразхан Гүлбаданның шақыруымен қасиетті Қазақстан топырағына тұңғыш рет табаным тиген болатын.
Сол 24 жылдың алғашқы он екі жылы Алматыда, қазақтың аса көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтың жанында өтті.
Ал соңғы он екі жылда Астанада, Ақорданың түбінде Көші-қон саясатымен тынбай айналысып, аталған салаға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттарды уақыт талабына сай жетілдіре түсуге барымды салып келемін.
Көші-қон – Ұлы саясат! Ұлы көштің арқасында 1 миллион 101,2 мың этникалық қазақ Отанымызға оралды. Әлі алты миллион қазақ шекара сыртында қалып отыр.
Соңғы он бес жылдың көлемінде Ұлы көш ішкі және сыртқы күштердің сан мәрте алуан түрлі кедергісіне тап болып, бұрын-соңды болмаған зор тоқырауға ұшырады.
Ол аз болғандай, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көші-қон саясаты жөніндегі берген нұсқаулары мен тапсымалары Үкімет тарапынан мүлде орындалып жатқан жоқ.
Оның дәлелі – 2022 жылы 5 қыркүйекте Үкімет жариялаған «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы».
Қысқасы, Ұлы көш тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұр!
Ардақты Алаш жұрты!
Құрметті Ұлы көшке мүдделі қауым!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ел тізгінін қолға ала сала берген сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деген болатын.
Ендеше Ұлы көштің болашақ тағдырын ескере отырып, қазақтың Ұлы мұратын өз деңгейінде жүзеге асыруын қолдау мақсатында «QAZAQ ARMANY» (Қазақ Арманы) деген жаңа саяси партия құру туралы шешім қабылдадым!
Алты құрлықта жүрген Алты Алаштың баласы, «Шет жұртта қазақ қалмасын!» ұраны астында бір партия болып бірігейік!
Қазақстанда тумағандар «ТОҚАЛДАН ТУДЫ» МА?
Қазан айының 20-ы күні шыққан «ДАТ» газетіне берген сұхбатымда тілші қателесіп, менің «іріп-шіріп жатқан жүйеде мемлекеттің қаржысын талан-таражға түсіруге қатыспадым» деген ойымды «мен мемлекетте қызмет істемедім» деп жазып жіберіпті.
Әрине, мемлекетте қызмет істедік. Кеңес өкіметі кезінде де, кейінгі кезде де. Ол кезде бәрі мемлекеттік кәсіпорындар болатын. Кейін жоғары оқу орнын бітірген соң, 1976 жылы жолдамамен Алматыға «Союзгипросовхозстрой» деген институтқа келіп, кейіннен «Казгорстройпроект» деген институтқа ауысып, жобаның бас сәулетшісі дәрежесіне көтеріліп, қызмет істеп, мемлекетіміздің дамып, көркеюіне үлкен үлесімді қостым.
Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде мен 41 жаста едім. 1992 жылы алдымен еңбек шартымен, кейін Ұлттық банк құрылтайшысы болып ашылған қазақтың ұлттық валютасы – теңге жасаумен айналысатын мекемені басқардым. Сол кезде құпия түрде басталған «Мемлекеттік экономикалық қаржы жобасына» қатысып, жауапкершілігі үлкен істі абыроймен атқарып, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалауға қатыстым.
Мен де, Назарбаев та, Тоқаев та Кеңес өкіметінің азаматтары болдық, сол кезеңде өмір сүріп, білім алып, қызмет істеп, бәріміз бірдей Қазақстанның тәуелсіздігін бірге қарсы алған болатынбыз.
1993 жылы еліміздің алғашқы Конституциясы қабылданып, кейін ол әртүрлі опасыздардың қолымен өзгертіліп, тек бір адамға ғана қызмет ететін құжатқа айналды. Сол Ата заң бойынша, ел президенттігіне үміткер ретінде сайлауға түсетін адам Қазақстанның территориясында туған болуы керек деген талап бар. Олай болса, бүгінгі Конституция бойынша, Қазақстанда туған адамның жасы 32-де ғана болады, ал талап бойынша сайлауға түсетін адамның жасы 40 жастан кем болмауы керек.
Кеше «Халық қаһарманы» атағын алған экс-министр Қайырбек Сүлейменов, әділет министрі болған марқұм Нағашыбай Шәйкенов, бірнеше рет министр және әкім болған Мұхтар Құлмұхамбет, депутат болған Айталы Амангелді, «КНБ»-ні басқарған Владимир Жұмаханов, мемлекеттік қайраткерлер – Ғазиз Алдамжаров, Ғаділбек Шалахметов, Балташ Тұрсымбаев (марқұм), тағы басқалардың құқықтары шектеліп, сайлауға түсе алмайды екен!
Не деген масқара?! Сайлануға құқығың жоқ, бірақ сайлауға баруға міндеттісің? Қалай түсінуге болады? Сондықтан мынау талап – егер сайлауды әділ өткеремін десеңдер, біздерге қатысы болмауы керек!
Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ