Суббота , 19 апреля 2025

АРАЛАС МЕКТЕП қазақтар тұратын қалаға қажет пе?

  • Осындай сұрақпен газет редакциясына хат келді. Анығы – бұл Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына жазылған Ашық хаттың көшірмесі екен. Біз Талғар қаласында туындаған проблемаға ден қойып, бұл хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз.

Біз, төменде қол қоюшылар, Алматы облысының Талғар қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы № 9 жалпы білім беретін орта мектептің болашағына алаңдап отырмыз. 

Талғар ауданының жоғары тау баурайына орналасқан, жергілікті жерде «Пинкубатор» деп аталатын ауданға салынған жаңа мектеп ғимаратына кіресіз деп, Т.Рысқұлов мектебі асыға күтіп отыр едік. Мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болғаны қуантса да, бұл «аралас мектеп болады» деген «жаңалық» қуанышымызды су сепкендей басып тастады. 

Білмейтін жұртшылық пен ел билігінің есіне салайық, Талғар қаласында № 1, № 5, № 6 және № 8 аралас мектеп бар, № 3 және № 4 – таза орыс мектептері.

Аудан халқының саны 2019 ж. дерек бойынша – 196 567 адам, ұлттық құрамы: қазақтар – 63,77 пайыз, орыстар – 18,25%, ұйғырлар – 9,69%, түріктер – 2,57%, әзірбайжандар – 1,60%, күрдтер – 0,77%, татарлар – 0,56%, корейлер – 0,44%, немістер – 0,42%, өзбектер – 0,36%, гректер – 0,30%, украиндар – 0,20%, қырғыздар – 0,18%, поляктар – 0,12%, шешендер – 0,13%, дүңгендер – 0,02%), беларустар – 0,03%, басқалары – 0,59%. Мұндағы барлық диаспора өкілдерін қосқанда, қазақтың жартысына жетпейді.

Осыған орай біздің ел билігіне қояр бірнеше сауалымыз бар:

  1. Халқының 63 пайызы қазақтар тұратын қалада қанша аралас мектеп болуы керек?
  2. Ұлттардың мұндай үлес салмағы арасындағы айырмашылық үлкен жағдайда аралас мектепке қажеттілік бар ма? Жаңа мектепті аралас мектеп ретінде қандай себеппен ашқалы отыр? Халықпен неге санаспайды?
  3. Құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін мектеп туралы деректер қала әкімдігінің ресми сайтында неге жарияланбаған? Әлде бұл кезекті өтіріктің бір ұшы ғана ма?
  4. Мемлекеттің ақшасына салынған мектеп неге мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың балаларына таза қазақ мектебі ретінде білім алуға берілмейді? 
  5. Аралас мектепте ашылған орыс сыныптарында түгелге жуық қазақ балалары оқып отыр, № 2, № 49, № 9 қазақ мектерінің ғимараттары ескі. Оның ішінде № 9 мектеп ең сорақы жағдайда отыр. Жергілікті билік бұл әлеуметтік теңсіздікті неге ескермейді?

Қолданысқа бергелі тұрған жаңа мектепке ақша сұраған кезде № 8, № 1 аралас мектептерді үш ауысымда оқитын мектеп деп, жергілікті әкімдік жалған мәлімдеме берген.

Ал неше жылдан бері жағдайы жоқ № 9 мектепте оқып жүрген қазақ балалары жергілікті басшыларды ойландырған жоқ. Олар Талғар қаласы бойынша аралас мектептер күрделі жөндеуден өткен кезде қазақ мектебіне жаңа ғимарат салып береміз деген сөздерінде тұрған жоқ. 

 Неге жоғарыға жалған мәлімдеме беріп, жаңа мектеп ғимаратын салуға түрткі болған ендігі кезекте ұлттық мектепті шетқақпай қалдырды? Сонымен бірге біз түсінбейтін жәйт, аралас мектептің саны көбейіп жатқаны – қандай түсініксіз саясаттың салдары? Талғар ауданы халқының 63 пайызы қазақтар бола тұрса да, жаңадан пайдалануға берілгелі отырған мектепті «аралас мектеп» ретінде ашудың астарында қандай қитұрқылық бар? Ауданда онсыз да 5 аралас, 2 таза орыс мектебі бар. 

Сондықтан біз жаңа мектептің ғимараты қазақ мектебіне, қазақ балаларына берілсін деп талап етеміз! Егер бұлай болмаған жағдайда аудандағы ұлттар арасында әлеуметтік теңсіздік орын алатынын мәлімдейміз.

Еске салсақ, Тұрар Рысқұлов атындағы № 9 жалпы білім беретін орта мектеп 1992 жылы ашылған еді. Аталған мектеп қазақ тілінде оқытатын, білім мен тәрбиені егіз қойған практикасы мол білім ордасы. Бұл мектептің түлектері аудан мен қаланың білім ордаларында басшылық қызметтер атқаруда. Оған дәлел мынау: аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Сәдуақамова осы мектептен шыққан; №10, 14, 44 және 45 мектептің директорлары осы мектептен шыққан. Аудандық білім бөлімінің әдіскерлері де осы мектептің түлектері. Бұл мектептен шыққан мұғалімдердің санында есеп жоқ.

Солай бола тұрса да, ұлттық мектеп бүгінде жетімнің күйін кешіп отыр. Қасиетті білім ордасы жабылып қала ма деген қауіп те жоқ емес. Оған себеп – мектептің оқу-материалдық базасы сын көтермейді, спортзал жоқ, мәдени-көпшілік залы және жоқ, асханасы тағы жоқ. Мектептің алдында алаңқай салатын орын тапшы. Мектептің іргесінде 30 жылдан бері иесі табылмаған ескі ғимарат тұр. 

Тағы бір ескере кететін маңызды жағдай – бұл мектепте әлеументтік жағдайы төмен, қара халықтың балалары оқиды. Олардың ата-анасы өз балаларын ақылы негізде қосымша үйірмелер мен курстарда оқыта алмайды. Ал егер жаңа мектептің ғимараты Тұрар Рысқұлов мектебіне берілген жағдайда ол мектептің ішінде барлық қажетті қосымша үйірмелер мен дайындық курстарын ашуға әбден болар еді.

Осы аталған жағдайларды ескеріп, жаңа мектептің ғимаратын қазақ балаларының оқуына беруді талап етеміз!

  • Талғар қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы 9 мектептің мұғалімдер ұжымы мен ата-аналары атынан – Сания НҮСІПӘЛІ

Жазылған жайдың жаңғырығы

ӘДІЛЕТ ЖЕҢДІ!

Газеттің 28 қазан күнгі санында біз «Әділетшіл мұғалім неге қудаланды!» деген тақырыппен сұхбат жариялаған едік. Оқырманның есінде болса, ол сұхбатта БҚО Теректі ауданына қарасты № 1 Подстепное жалпы орта білім мектебінің мұғалімі Тілекқабыл Нұрышевтің мектеп басшылығы мен аудандық оқу бөлімі тарапынан қудалауға түскені жазылған еді. Бұл қудалаудың кульминациясы – әділетшіл мұғалімді аудандық білім басқармасының бастығы сотқа берген болатын.

Міне, Тілекқабыл мырзаны жазалауды сұраған сол сот кілт тоқтады. Оның мән-жайын елге етене танымал ұзынағаштық мұғалім, энтузиаст-ұстаз Айман Сағидолла өзінің «Фейсбук» парақшасында жазған екен (төменде – қаз-қалпында).

Ұстаздар! Жеңістеріңіз құтты болсын! 

БҚО-да басына сауға сұраған мұғалімді қосылып қорлады. Жаны ашып, құлақ түрген бір шенді болмады. 

Бүгін біз онлайн сотқа қатыстық. 

Білім бөлімінің басшысы сотқа берген арызын қайтарып алды. Бұл жәйт Тілекқабылдың кінәсіз екенін айғақтайды.

«Тілекқабыл «Фейсбуктегі» жазбасын алып тастапты» – деген желеумен арызын қайтарып алған. Ал анығында, Тілекқабыл Нұрышевтың парақшасында ол жазба әлі тұр. Бұл Тілекқабылдың іс-әрекетінің заңға қайшы еместігін көрсетеді. 

Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс! 

Алда әлі директормен сот бар. Өздеріңіз білесіздер, Тілек ағайды бұлар жан-жақтан қыспаққа алды. Тілекқабылдың жұмысын сақтап қалуы үшін, директордың берген заңсыз қағаздарының күшін жою керек. Сол үшін ағай сотқа арызданып отыр. 

Бүгін Тілек ағайдың сотына қатысқан әріптестер: заңгер Маржан Аспандиярова және Гүлнара Абишева! 

Ағайды қолдаған барша әріптестер – Өмір ағай, Мейіржан, Айнұр, бәріңізге рақмет! 

Біз Айман бикенің ФБ-парақшасындағы осы посттың астындағы комментарийге «ӘДІЛЕТ ЖЕҢДІ!» деген екі ауыз пікір жазып, республика мұғалімдері қауымына арналған төмендегі өтінішті қоса жариялап отырмыз.

Әділет іздесең, мұғалім, «ДАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛ!

Алда келе жатқан 2022 жылдың газет-журналдарына жазылу басталды. Елдегі дағдарыс пен пандемиялық кризис діңкелеткен «ДАТ» газеті бұл науқанда кемінде 20–30 мың оқырман жинай алмаса, келесі жылғы жағдай жаман болайын деп тұр. Тіпті газеттің жабылып қалу қаупі де жоқ емес.

СОНДЫҚТАН, АРДАҚТЫ ҰСТАЗДАР, ЕГЕР СІЗ:

  • билікке бүгежектемейтін тәуелсіз сөз қоғам мен халыққа қажет десеңіз;
  • мектептерде білім беру саласының саясатын ашық және батыл жазатын газетке көмек жасағыңыз келсе;
  • билік пен қоғамдағы оқиғалар мен жағдаяттарға байланысты балама ақпарат қажет болса;
  • елдегі азаматтық қоғамның жай-күйіне жанашыр болсаңыз;
  • сот пен оттан таппаған ақиқат пен әділетке жүгінудің қажеттілігі туса,

«ДАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!

Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді. Жазылу каталогында «ДАТ»-тың ресми мемлекеттік тіркеудегі атауы «Общественная позиция» газеті деп көрсетілгенін ескертеміз.

Каталогта көрсетілген жазылу индексі – 64258

Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.

ОЛ ҮШІН:

  1. Газет тарату бөлімінің атына тіркелген (Дінмұхаммед Сейтқазы) +7-707-615-81-20 Каспи-голд номеріне тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз;
  2. Бұдан соң осы уатсап-номерге:
  3. толық аты-жөніңізді;
  4. жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз;
  5. жазылу бағасы төменгі таблицада көрсетілген.

Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, ары кеткенде бір айдың ішінде жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсап-СМС хабарлама арқылы жолдайды.

«DAT» медиа-жобасының редакциясы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн