АРАША ТҮСІҢІЗ, ТОҚАЕВ МЫРЗА!

Сіз 2019 жылдың наурыз айында Қазақстанның президенті болып отырған кезден бастап, «елімізде ешбір бүкпесіз, әділ сайлаулар өтетін болады»; «әртүрлі тұрғыда құрылатын партияларға шек келтірмейміз» деп уәде еткеніңіз ел-жұрттың есінде. Бұл мәлімдемеңізді оқыған халық «нағыз демократияшыл президент келді» деп, күні бұрын-ақ сізге ризашылығын білдірген еді.

Бұл уәдеңізге қоса «мемлекетіміздегі жастардың жағдайын жақсартуға көңіл аударуымыз керек»; «оларды жұмыспен қамтамасыз етеміз»; «олардың ынта-жігеріне қарсылық білдірмей, жоғары дәрежеде қолдау көрсетеміз» дегеніңіз тағы бар. Тіпті жастарды арнайы жинап, олармен жиналыс та өткіздіңіз.

Бірақ сіздің сол уәдеңіз бос сөзге айналып бара жатқан сыңайы бар. Мәселен, сізге бағынуы тиіс әкімдіктер, полиция, прокуратура қызметкерлері Демократиялық партия құрамыз деген жас саясаткер Жанболат Мамайдың бастамасына қарсы шығуда. Ол қарсылықтың мәні – аталған органдар өкілдері партияның бастамашыл тобына кірген адамдардың әрқайсысының үйіне жеке-жеке кіріп, оларға «бұл партияға кірмеңдер, одан пайда жоқ» деп, теріс үгіт жүргізіп, тіпті кей жерлерде қысым көрсетіп жүр. Есіңізге салайық: елде Демократиялық партия құрамыз деген бастамашыл топ және оның жетекшісі Жанболат Мамай сіздің жоғарыда айтылған уәделеріңізге және Қазақстан Конституциясы мен тиісті заңдарына сүйеніп, заңнамалар аясында жұмыс жүргізіп жатыр.

Сіздің де қаперіңізде болар, бүгінгі күні 1122 азаматтан тұратын бастамашыл топтың тізімі Әділет министрлігіне тапсырылып, құжаттар мемлекеттік тіркеуге алынды. Сонда, дейміз-ау, сіздің құзырыңызға бағынатын органдардың қызметкерлері 1122 адамның үйлеріне күндіз демей, түн демей кіріп, барып мазасын алып, тыныштық бермегені қалай? Оның үстіне елде тұмау ауруы ұшқындап тұр, Қытай жақтан келіп қалар қатерлі вирустың қаупі және бар. Сіздің «шақырылмаған қонақтарыңыз» қандай мақсатпен ел арасына лаң салып жүр?!

Әркімнің үйіне барып, теріс үгіт жүргізіп жүргендер жайшылықпен кетпей, «егер жаңа партияға кірсеңдер, бізден жақсылық күтпеңдер» деп, қорқытып кететіндері де бар екен. Ойпырмай, сонда олардың қызмет тұрғысында жұмыстары болмағаны ғой?! Олардың түкке тұрмайтын іспен айланысуы, не өзіне, не өкіметке пайдасы жоқ. Бірақ оларға бәрібір: халықтың қалтасынан алынған бюджеттен төленетін жалақысына риза.

Жалпы, халық біліп айтып жүр: мемлекет қызметкерлерінің тең жартысын қысқарту керек! Көдедей көп мемқызметкерлер халықтың есебінен жалақы алып, халықтың өзіне, олардың қоғамдық ерік-жігеріне қарсы шығуда. Демократиялық партия құруға қарсы жасалып жатқан арнайы және жоғарғы жақтың тапсырмасымен жүргізіліп жатқан зиянкестік осы. Тағы да есіңізге салайық: саяси партия құрушы бастамашыл топтың жұмысы барлық тиісті заңдылық аясында жүргізілуде.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Жаңадан құрыламыз ба деп, үлкен үмітпен республикамыздың облыстарын жаяу-жалпы аралап жүрген Демократиялық партияның бастамашыл тобының жұмысына тікелей көңіл бөліп, оған қарсылық жасаушыларға тыйым салуыңызды, араша түсуіңізді өтінеміз. Егер бұл заңсыз әрекет одан ары жалғасып, бастамашыларға қысым жасауға тыйым салынбайтын болса, біз қоғамды азаматтық наразылық акциясына шақыруға мәжбүр боламыз!

  • Сізге деген құрметпен және үлкен сеніммен араша сұрағандар: Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары, Алматы қаласының тұрғындары – Р. Сәкебаев, Қ. Бекнұр, М. Қырғызбаев, Р. Үркенов, З. Васильев, К. Зиябек, Б. Көкенов, Ж. Оразбек, М. Қабденов, З. Мәуленов, Р. Махамбет, М. Рахатов, Д. Дәуренов, Г. Габиденов, С. Токарьев, Ж. Сағыбеков, М. Жақанов, С. Майлыбаев, Р. Тергеубаев, В. Черненко, Ж. Орынбеков… Барлығы – 182 адам атынан қол қойдық.

23.01.2020 ж.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн