Четверг , 10 апреля 2025

Арман Шораев: БИЛІК менің жеңісімді ҰРЛАДЫ

  • Құрметті ағайын, құрметті достар! Мына келген әз-Наурыз мейрамы құтты болсын! Әрқайсыңызға жақсылық, денсаулық тілеймін! Жаңа жыл бәрімізге жақсылық әкелсін!

Осы мүмкіндікті пайдаланып, маған тілекші болған, мен үшін дауыстарын берген мыңдаған бауырларыма, менің жерлестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Ризамын!

Шынын айтқанда, халық арасында қолдаушыларым барын білдім, бірақ соншама қолдауға қол жеткіземін деп ойлаған жоқпын, ризамын, халқым! Өткенде бір интервьюімде қайта-қайта айтқанмын, маған маңыздысы – сол мәжілістегі кресло емес, маған маңыздысы – өзімнің пікірімді білдірсем, үзеңгілестерімді, сырластарымды біріктірсем, сондай мені қолдайтын кісілер бар ма, жоқ па – соны зерттеп, анықтау еді.

Шынымен тест-драйв жасадық, «Жаңа Қазақстан» деген не екенін және менің идеяларымды, ұстанымымды қолдайтын азаматтардың саны өте зор екеніне әбден көзім жетті, оны сіздер де байқаған шығарсыздар. Сол үшін рахмет, халқым, сенімдеріңізді ақтаймын, мына күресімді әрі қарай жалғастырамын!

Өзіңіз білетіндей, мен таза жеңдім, билік менің жеңісімді ұрлады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дейді ғой, сол сияқты оларға нешетүрлі заң бұзушылыққа баруға тура келді. Сондықтан біліп жүріңіздер – мен енді халық сайлаған депутатпын! Жарайды, оны Орталық сайлау комиссиясы мойындамай-ақ қойсын.

Мен жеңілісімді мойындаған жоқпын, ешқашан мойындамаймын да. Менің заңгерлерім қазір сол Орталық сайлау комиссиясына 180 учаскеден протоколдың көшірмесін берсін деп, арыз-талап түсіріп жатыр. Өзіміздің қолымыздағы протоколдармен салыстырамыз, тағы басқа заң бұзушылықтарды анықтаймыз, кімнің – кім екенін дәлелдейміз, көп дәлелдеріміз бар.

Маңыздысы ол емес, маңыздысы – біздің халық баяғы момын халық емес. Халық өзінің пікірін айтып жатыр, мыңдаған кісілер маған хабарласып, сайлау шешімімен келіспейтіндігін, менімен бірге екенін білдіріп жатыр. Айналайындар, далаға шығайық дейді.

Енді Наурыз кезінде /халықты/ көшеге шығарғаным дұрыс болмас… Бірақ та менің штабымда істейтін заңгерлердің талаптары орындалмаса, егер біздің жүгінген сот жүйесіне арыздарымыз қабылданбаса немесе қанағаттандырылмаса, онда, әрине, біз митингіге шығамыз, әділдікті талап етеміз. Ол тек Шораев Арманның ғана талабы емес, бүкіл халықтың талабы болып есептеледі деп білемін.

Сондықтан, ағайындар, мен мұңаймаймын, сіздер де мұңаймаңыздар! Жылы сөздеріңіз бен ақ баталарыңызға рахмет, қазақ болып туғаныма ризамын! Біреуіңізге – аға, біреуіңізге – іні-бауыр болып жүргеніме ризамын!

Енді тек мен ғана емес, сайлауда биліктің жасаған кесірінен талай «мен» дейтін қазақтың батыр ұл-қыздары өте алмады. Бір қуаныштысы – су жаңа мәжіліске, қайтадан «бір отар қойға» айналғандарға бір бақташы пайда болды. Бұл жерде мен Ермұрат Бапи ағамды меңзеп отырмын.

Ермұрат Бапи – шынымен, осы соңғы 30 жыл көлемінде ұстанымын өзгертпей келе жатқан қайсар қазақтардың бірі. «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой, мен білетін Ермұрат Бапи сынбайды, билік оның адал, батыр азамат екенін мойындады. Билік сол кісі өтпесе, халық көтерілетінін сезді ме, әйтеуір Ермұрат ағам, менің әріптесім, журналист, кезінде жас журналистер үлгі алғанбыз, қазір өзімнің сырласым, үзеңгілесім, оның өткені бүкіл қазақ үшін абырой, ағайындар, сол кісіні қолдап жүрейік!

«Болар елдің баласы бір-бірін батыр дейді», мен үшін Ермұрат Бапи – нағыз қазақ батырларының бірі. Сол кісінің тілеуін тілеп, айтқан сөздерін қолдап жүрейік, ағайындар!

Наурыз құтты болсын! Біз біргеміз, берік іргеміз, біз жеңеміз!

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн