«Әділетсіз сот шешімдері мен үкімдерге» наразы бір топ адам Жоғарғы сот ғимараты алдында түнеп шықты. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 25 адам өздері мен жақындарына шыққан сот шешімдерін қайта қарауды және Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен кездесуді талап етті.
«Асановпен кездеспейінше, бұл жерден кетпейміз», – деді наразы топ 16 маусым күні таңертең «Азаттық» тілшісіне. «Кеше күндізгі сағат 11-ден бастап осы жерде тұрмыз. Бізді Асанов қабылдасын. Түнде осында креслода ұйықтадық. Ешкім қуған жоқ. Бір әйелдің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырып едік, келмей қойды», – деді наразылардың бірі Мадина Көкетаева.
Оның сөзіне қарағанда, жиналғандар арасында Алматы, Қарағанды, Өскемен, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Оралдан келгендер бар. «Кеше Асановтың кеңесшілері, судьялар мен кеңсе қызметкерлері шықты. Бізді судьялармен кездестіреміз деді. Бірақ біз бұл инстанциялардан өтіп кеткенбіз. Президент әкімшілігі жанындағы комиссиядан да өткенбіз. Нәтиже болмайтынын түсінгенбіз. Асановпен кездестірмейінше, бұл жерден кетпейміз», – деді Мадина Көкетаева.
Наразылар кеше ғимарат қоршауына плакат іліп, жалғыз адамдық пикеттер өткізе бастады. Өзінің «алаяқтықтан зардап шеккенін» айтқан алматылық белсенді Ильшат Кензин он жылға жуық уақыттан бері кінәлі адамның жазалануын талап етіп келеді. Белсенді жөнінде жергілікті сайттар көп жазған. Оның айтуынша, осыған дейін Алматы қалалық соты айыпталушыны ақтап шыққан. Ол сот шешіміне наразы азаматтардың басын қосқан «Әділет» бастамасының авторы.
Жоғарғы сот ғимараты алдына жиналғандардың әрқайсысының шағымы әртүрлі. Бірақ олар өз істері бойынша тергеу қайта жүргізіліп, қайта қаралуын талап етеді.
Azattyq.org