- Астана ЛРТ ісі бойынша айыпталған, қазір Нью-Йоркте тұратын Қанат Сұлтанбеков Nege.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, қылмысты шырғалаңға байланысты біраз мәселенің бетін ашқан екен. Оның сөз әлпетінде Иманғали Тасмағамбетов пен «КНБ»-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты жағдаяттар айтылғанын ескеріп, Сұлтанбековтың сұхбатын ықшамдап жариялап отырмыз.
«ДАТ»

– Astana LRT төңірегіндегі былыққа қатысты не айтасыз? Сіз бұл жолы да «қаржыны жымқырды» деген күдікке ілініп, Талғат Ардан екеуіңіз елден қаштыңыздар. Қазір Арданмен байланысып тұрасыз ба? Оның қайда екені сізге мәлім бе?
– Мен ешқайда қашқан жоқпын, мемлекеттің қаржысын ұрлаған емеспін. Мен LRT ісінен екі жыл бұрын еркін азамат ретінде, өзімнің жобаларым бойынша жұмыс істеуге және біліктілігімді арттыру үшін шетелге кеткен болатынмын. Мен тіркелген мекенжайда әке-шешем тұрады, ол тергеуге белгілі. Алайда мені күдікті деп жариялағанға дейін тергеу органдары жауап алуға шақырған жоқ.
2014 жылы мен әкімдіктен кеткеннен кейін де, Талғат Ардан біраз уақыт Астана LRT-да жұмыс істеп, сол кездегі әкім Әділбек Жақсыбековтің BRT автобус жобасын LRT-ға ауыстыру бойынша тапсырмаларын орындап жүрді. Қазір бұл жоба уақытша тоқтатылған. Менің Талған Арданмен тек қызмет бабымен ғана қарым-қатынасым болды. Оның қазір қайда екенінде хабарым жоқ.
Бір нәрсені айта кетейін: Ардан мен келгенге дейін де әкімдікте жұмыс істеді. 1997–2003 жылдар аралығында Жақсыбеков Астананың әкімі болған кезеңде де, 2014–2016 жылдары Жақсыбеков екінші рет әкімдікке келген кезде де, ол соның қарамағында жұмыс істеді.
– Таяуда Facebook желісінде Кәрім Мәсімов туралы жазып, «Сенің қолың – қанда, орның – тозақта!» дедіңіз. «Қолың қан» дегенде нені меңзедіңіз? Мәсімовтің бұл іске қатысы бар ма?
– BRT жобасын LRT-ға кім өзгерткенін, осы жемқорлық іске кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, Мәсімовке бірнеше мәрте ақпарат жолдағанмын. Мен қызмет атқарған кезде жүзеге асырылып жатқан BRT жобасының кейін тоқтап қалған LRT жобасынан үлкен айырмашылығы бар. BRT жобасын тоқтатып, эстакададағы LRT құрылысын салу – Әділбек Жақсыбековтың тікелей бастамасы, ал осы жобаны жүзеге асырушы – оның орынбасары Нұрәлі Әлиев.
Бұл құрылыстың тоқтап қалу себебі – 2016 жылдың желтоқсан айында Қытайдан қарызға алынған 257 миллион доллардың «Астана Банкке» заңсыз аударылып, сол жақтан із-түзсіз жоғалып кетуі.
Бұл несиелік заемды алуға Кәрім Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде Қытайда қол қойған. Мүмкін, осы ақшаға қатысты тергеудің жүргізілмеген себебі де осында шығар? Мен ұсынған материалдарды қарастырмай, жылы жауып қойды да, істі қозғауға жол бермеуде.
Бірақ бұл іске Иманғали Тасмағамбетовтің де қатысы бар. Сол себепті де мен қаңтар айындағы қайғылы оқиғаларға дейін тұңғыш президентке және қазіргі президентке, бас прокуратураға өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеуге тырысып, негізгі кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек екенін жазып жібердім.
Кәрім Мәсімовтің өзіне келсек, оған «билікті күшпен басып алу» және «мемлекетке опасыздық жасау» бойынша айыптар тағылды. Бұл – өте ауыр айыптар. Қаңтарда қаза тапқандардың орнын ештеңемен толтыра алмаймыз. Қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын.