- Жеті жыл арқалап кеткен, түрмеде жатса да, күресін тоқтатпаған журналист Думан Мұхаметкәрімнің әкесі Алмас Тлепов және қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов журналисттің денсаулығы мен өміріне алаңдаушылықтарын білдірді. Бұл жөнінде 24 қыркүйек күні «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» қабырғасында өткен баспасөз-мәслихаты барысында айтылып, журналисттің түрмеден жазған хаты жария етілді.
ҚР Президенті әкімшілігіне,
ҚР Бас прокуратурасына,
ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік бөліміне,
ҚРІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне,
ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісіне
(құдайға қарағандары танысу үшін),
қорғаушыларым: Ғалым Нұрпейісов және
«Ар.Рух. Хақ» ҚҚ басшысы Бақытжан Төреғожина
назарына заңсыз сотталған саяси тұтқын
Мұхамедкәрім Думан Алмасұлынан
ЖСН780709302011
Қауіпсіздік талап ету
Арызы
Әуелі талаптарымды тізіп өтейін:
1. Менің, Мұхамедкәрім Д.А.-ның өміріме қауіп төнгендіктен, өзіме қауіпсіздік талап етемін. Мені шұғыл түрде заңға сәйкес Алматы маңына ауыстыруды талап етемін. Өйткені Қызылордада № 60 мекеме тарапынан ғана емес, облыстық прокуратура, облыстық ҚАЖД, облыстық полиция департаменті тарапынан маған қарсы ұйымдасқан жүйелі қысым байқалады.
2. Президент әкімшілігі, Бас прокуратура және қос палаталы Парламент депутаттарынан құралған топ менімен жеке кездесуді талап етемін.
3. Бес ай сәл-пәл басылып, 20.08.2025 ж. күні қайта жанданған, тіпті бұрынғысынан жаман күшейген қысымдарға қатысты, Заң мен жақта деп оңды-солды желімдемей жапсыра беретін әкімшілік жазалар мен тамыздың алтысы күні түрмеде атылған оққа қатысты Астанадан арнайы тергеу тобы жіберілуін талап етемін. Ол топ тексерісті № 60 мемкемеде ғана емес, облыстық прокуратурада, облыстық ҚАЖД мен облыстық ПД-де жүргізсін.
4. 06.08.2025 ж. күні «Түрмеде атылған оқ» мені балағаттаған (боқтаған және шығу тегіме тіл тигізген) Фархад Сейтімов сияқты қызметкерлерге қатысты және жазған шағымдарымның мекемеден жіберілмеуі бойынша № 2 қапас ішіндегі бейне жетондардағы және дәліздегі видеолар мұқият зерттелсін.
5. Менің түрме үлгісіндегі робо киімді кимеуден басқа бүкіл әкімшілік жазалар мен ескертулер күшін жойсын.
Енді арыздың өзіне келсек. Шынымен айтсам, осы күнде менің хат жазу түгілі, кітап оқуға күйім жоқ. 29.08.2025 ж. күні Тоталитарлы конституцияның 30 жылдығына арналған аштығым әлі тоқтаған жоқ. Содан бері он келі салмақ тастаппын. Тәуелсіздіктің отыз төрт жылдығына дейін шыдасам, салмағым, бәлкім, сол отыз төртке дейін түсіп те қалар…
Негізі, бұл шағымды жазуыма мені әбден қажытқан қызылордалық ҚАЖД-ның орынбасары, аса дарынды әділет палкобнигі Ж.Зиябеков түрткі болды. Ол кісі 05.03.2025 ж. күні кіріс № 655 Д жауабына: «60 мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері өз дәлелін таппады» деп жазыпты да, артынан «сен өзің кәкәй дегендей жаза өтеу тәртібі мен міндеттерін бұзғаныңыз анықталды», – депті. Онымен қоймай, ҚР ҚК 419-бабымен (көрінеу жалған сөз жеткізу) қорқытады.
Шындығына келгенде, ҚАЖД-ден бірде-біреуі келіп, менімен сөйлескен емес. Ешқандай қызметтік тергеу жүрген жоқ. Ал 06.08.2025 ж. күні қапас ішінде жарылған белгісіз затқа қатысты араға жарты ай салып, 20.08.2025 ж. күні участкелік инспектор 19:20 сағатта келіп, ат үсті, нем кетті деген тергеу жүргізген болды. Оның өзінде «Бұған дейін 2012, 2020 деген басқа жылдары шағым түсіріп пе едіңіз?» деген бір түрлі сұрақтар қойып, өзімді мазақ қылып кетті. Сұрақ жауабымыз сол полицейдің бейне жетонына түсті.
Ал 06.08.2025 ж. күнгі сағат 16:20, 17:00 аралығындағы № 2 қапас ішіндегі дәліздегі және айғақ заттарды (ұсақ шеге сияқты 3–4 темір затты) жойып жіберген кезекші Бағлан Қалиевтің бейне жетонындағы видеолар сол беті зерттелмеді. № 2 қапас ішіндегі жарылған заттан қалған қара дақтар да зерттеуге алынбады.
Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Махмут Алмас та бұл жәйтқа немқұрайлық танытып отыр. 11.08.2025 ж. күні жеке қабылдаумен ғана шектелді.
Неге енді ғана қауіпсіздік талап етіп отырмын? Өйткені менде әділ тергеу өтеді деген (06.08.2025 ж. күні жарылған затқа байланысты) үміт болған еді. Бір ай өтті. Жарылғыш затты қапасқа кіргізген адамның артын кезекші Бағлан Қалиев жапты. Ал оның артын № 60 мекеме басшылары, олардың артын облыстағы басқа құзырлы органдар жаба бастады. Яғни, менің өміріме қауіп төндірген № 60 мекеме емес, бүкіл органдар деген күдігім бар. Сондықтан Қызылорда облысында және оған көршілес басқа аймақтарда маған тыныштық жоқ. Мен, әрине, өлім жазасына кесілген адам екенімді түсіндім. Алматыда болсам да, ажал қуып жетеді. Дегенмен, үйіме жақын өлуге мұрсат беріңіздер.
Билікте отырған маған жанашырлар назарына: егер мені Алматы маңына ауыстырмай жатып, аяқ асты Қызылорда түрмесінде өліп кетсем, «Асылып өлді» немесе «тілініп өлді» дегендерге сенбеңіздер. Мен Әділдік жолындағы күресімді жалғастыру үшін өмір сүргім келеді.
«Піс қазаным бес ай» дегенге «Отырайын он ай» деген Қожекеңнің сөзі еріксіз ойыма оралды. Менің де № 60 мекемеде отырғаныма он ай болды. Шық бермес Шығайбайдың қазаны екі рет пісетін уақыт болды. Ішіне тас түсіп кеткен бе, әйтеуір қазандағы ет піспек түгілі, суы да ысымады. Старо-новый Казахстандағы сияқты қазанда да отыз төрт жылдық тұрақтылық бар сияқты. Он айдың ішінде үнсіздік сақтап, тым-тырыс отырып та көрдім. Алайда менің тыныштығымды мұндағы кейбір қызметкерлер әлсіздікке балаған сияқты. Дөрекі сөйледі, балағаттады, шығу тегіме тіл тигізді. Енді, міне, тағы – арыз-шағымдарымды жібермейтін ескі әдеттеріне басты. Үстіміздегі жылдың 20, 26, 28 және 29 тамыз күндергі шағымдарым шықпады. Еріксіз камера бетін жауып, улап-шулап, 28‑і мен 29 тамыз күнгі арыздарымды әйтеуір жіберттім. Ал 20 мен 26 тамыз күнгі шағымдарым сол беті жоқ. Осы шағымды тағы жоқ қылып жібермесе көрім. Айтпақшы, 20.06.2025 ж. күнгі «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожинға жазған тоғыз беттік хатымды 16:25-те қапас ішіндегі бейне бақылау камерасына бір-бірден көрсетіп, жасақ бастығы Әли Жұбатыровтың қолына ұстатып жібергенмін. Ал 26.08.2025 ж. күнгі Еске алу шағымын таңғы тексеріс кезінде (09:15) кезекшісі Құттыбектің қолына ұстаттым. Мұның алдында 11.03.2025, 13.03.2025 ж. және 26.03.2025 ж. арыз шағымдарым жасалған еді. Бұларды да сол күнгі видеодан көре аласыздар. ҚАЖК видео мұрағаты тоғыз айға дейін сақталатынын ескерсек, тергеу жүргізуге әлі уақыт жетеді.
Сол сияқты 06.08.2025 ж. күнгі мен отырған № 2 қапаста жарылған зат бойынша да видеоматериалдарды алдырсаңыздар екен. Әсіресе айғақ заттарды жойып, қылмыскердің ізін жасырған Бағлан Қалиевтің бейне жетонын тергеу керек.
Енді менің түрме үлгісіндегі киімді (робо) кимеуден басқа әкімшілік жазалар мен ескертулер күшін жоюға қатысты айтарым.
Арыз шағымдарым шықпаса, қызметкерлер мазақ қылып балағаттаса, тегіме тіл тигізсе, мен бейне бақылау камерасын жаппай қайтемін? Оның өзінде Астанадағы ҚАЖК назарын аударса екен деп жабамын. Негізі, камера жабылмас бұрын кемінде үш сағат бұрын қызметкерлерді, басшылықты ескертемін. Ымдап, қағазға жазып, камераға көрсетемін. Алдын алу әрекеті болмағандықтан, барып жабамын. Сосын мені боқтаған қызметкерлер неге жауапқа тартылмайды да, мен неге әкімшілік жазаға тартыла береді екенмін.
Қысқасы, менімен жеке сөйлесу үшін Астанадан адам жіберіңдерші.
Айтарым көп.
10.09.2025 ж. күні де камера жабық тұрды. Өйткені басшылық 5 күн бойы мені қабылдамай жүр.
Құрметпен ұры жүйенің қас жауы Мұхамедкәрім Д.А. 11.09.2025 ж.