Ася АСЕТКИНА: ҚАЗАҚТЫҢ өз жерінде ҚАДІРІ ЖОҚ…

Өткен аптада ҚазТАГ Алматы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы жергілікті бюджет есебінен блогерлердің слеті өтетінін растағаны жөніндегі хабарын жариялады. Сол хабарға қарағанда, «басқарма мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жас блогерлер мен вайнерлердің «Үлкен блогерлік шоу» слетін ұйымдастыру және өткізу бойынша қызмет» жобасын қарастырып жатқан көрінеді. «Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында креативті индустрияны (жаңа медиа) дамыту болып табылады», – депті хабарда Алматы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы. Шара жергілікті бюджет есебінен өтетіні де белгілі болды.

Осы орайда әлеуметтік желідегі танымал әрі белсенді блогер, жуықта жұмысы доғарылған «Аңыз адам» журналының бас редакторы Ася АСЕТКИНА ханымды «ДАТ!» айдарында әңгімеге тартып, жергілікті биліктің блогерлер қауымына аңсары неге ауып отырғаны жөнінде ой бөліскен едік.

– Ең алдымен «Фейсбукте» «Ася Асеткина» деген атпен (ник) белсенді желі қолданушы болып жүрген сіздің шынайы аты-жөніңізді оқырманға таныстырайық. Қозғалған тақырыптың әлем-тапырығын шығарып, қазақ тілінде жазатын қыздың «Ася Асеткина» болғаны қалай?

– Лақап атты әдетте көпке танымал әйгілі тұлғалар қолданады ғой. Көпшілік қауым ол әйгілі есімнің артында танымалдығы аз, қарапайым аттың жасырынып тұрғанын біле де бермейді. Мәселен, Лев Троцкийдің шын есімі – Лейба Бронштейн болса, Максим Горький – Алексей Пешков, Мать Терезаның шын есімі – Агнес Бояджиу. Сол сияқты біздегі «Әкім Тарази», «Аша Матай» сияқты лақап аттардың артында да кімдер тұрғанын білеміз.

Менің шын аты-жөнім – Айсұлу Әбдіғаппарқызы Абубакирова. Лақап атпен жазуды, дәл айтсам, осы әлеуметтік желілерге тіркелгеннен бастаппын. Әлеуметтік желі болған соң, өзіңіз де білесіз, әртүрлі адамдар отырады, әртүрлі көзқарас, жаманды-жақсылы, қарама-қайшылы пікірлер болады. Небір фейк-аккаунтпен жасырынып алғандар өздерін «жұмбақ батыр» сезініп, виртуальды шайқасқа шақырып, ащы тілін оңды-солды кезеп жатады. Боқауыз, лас сөздер жазатындар да болады.

Бәлкім, жоғарыда аталған әйгілі тұлғалардың жасырынып тұрған, ел білмейтін есімдері секілді мен де өзімнің осы қастерлі әкемнің есімі – Әбдіғаппар мен өте әдемі өз есімім – Айсұлуды ауыр «негативтен» жасырып, сақтандырған әрекетім болса керек. Кейін өзім редакторы болған «Аңыз адам» журналында жұмыс істеп жүргенімде, журналистік қызмет барысында бүркеншік есім ретінде оның қажеті көп туындады. Сол қажеттіліктен барып Ася Асеткинаны қазір екінші «шынайы» аты-жөнім етіп, Ұлттық патенттен өзіме жекешелендіріп, патенттеп, екінші «туу куәлігімді» тіркетіп алдым.

Ал «Ася Асеткинаның» орыс тіліне жақындау болғаны маған маңызды емес, бастысы – мен екі тілді де еркін меңгерген адаммын. Бірақ әлеуметтік желілердің қазақ тілді контентінде дау-дамай көбірек болғандықтан, қазақша жазу жағым басым.

– «Аңыз адам» демекші, газеттің оқырманы алдын ала білгісі келетін тағы да бір сауал: сіз бұған дейін бас редакторы болған «Аңыз адам – Жұлдыздар Отбасы» журналы өткен жылдың соңында шығуын неге тоқтатты?

– Бұл журналдар өзінің 20 жылға жуық шығу тарихында таралымы 175–200 мыңға дейін жеткен кезеңі болған. Бұл ТМД елдері бойынша шығып жатқан БАҚ өнімдері арасында өте көп, мақтанарлық таралым еді. Ең өкініштісі – бүгінде сол таралым 10 есеге қысқарып қалды. Оның себебі – халықтың әлеуметтік жағдайы мен жастардың газет, кітап оқуының азайғанынан және жаһандану пәрменімен жастарымыздың жаппай ғаламторға байланып кетуінен болар деп шамалаймын. Оның үстіне қалтафондар мен смартфондардың үстемдігі орнағаны тағы бар.

Негізінде, журналдың құрылтайшысы – Жарылқап Қалыбай басылымды жабатынын бізге де ескертпеді, яғни өзіміз де мұндай күрт бетбұрысты күтпедік десек болады. Тіпті ол кісінің өзі де аяқ астынан шешті-ау деймін. Себебі жабатын ойы болса, алдын ала келесі жылға бәйге («20 жылқы, 8 түйе») жариялап, журналға жазылуға жарнама жасамаса керек-ті. Журнал құрылтайшысының өзінің айтуы – «нарық қысымына төтеп бере алмадым» болды. Ал меніңше, журнал өзін-өзі тәп-тәуір (артық пайданы үйіп әкелмесе де, өз шығынын жауып отыр еді) ақтап отырған. Бәлкім, Жарылқап ағаға журналдың қазіргі таралым саны алдыңғы жылдардағы он есе көп санымен салыстырғанда тым төмен болғандығы көңіл көншітпеді…

– Өкінішті-ақ! «Аңыз адам» сияқты танымдылық тұрғысындағы мәдени-көпшілік басылым қазақ қоғамына керек-ақ еді. Бұл жобаны жалғастыру әрекетін өз бетіңізше ойластырып көрмедіңіз бе?

– Дұрыс айтасыз! Тәуелсіз еліміздегі руханият саласындағы шынайылыққа деген тапшылық бүгінгі қазақ қоғамында үлкен бір рухани бос кеңістікті қалыптастырды десек болады. «Аңыз адам» журналы сол бос кеңістіктің орнын толтырып тұрған, халықтың рухани азығы бола білген журнал еді.

Қазіргі мемлекеттік насихат құралдарына, телерадио хабарларына байыппен үңілер болсақ, өкінішке қарай, өтірік пен жасандылықтың, жағымпаздық пен құлдық ұрудың, алдау мен арбаудың, рухани қысым мен қорқытып-үркітудің түр-түрін көруге болады. Бүгінгі уақытта мәдениет пен ақпарат, білім және ғылым саласындағы министрліктеріміз елдің рухани сұранысын қамтамасыз ету орнына, керісінше, өздерінің саяси ұстанымдары мен жеке пайдасын алға оздыра отырып, Назарбаев билігін мадақтап, жарнама жасап, жалғандыққа белшесінен батып, руханият саласын ластай түсетін шараларды өрістетіп отыр.

Дегенмен, бүгінде қоғамның ондаған жылдар бойғы жаппай күнелту мәселесімен, баю мақсатымен елес қуып, арпалысып сарсылуынан соң, ақырындап рухани дамуға деген ұмтылысы айқын байқалады. Әсіресе адамзат деңгейіндегі адамгершілік, ізгілік, имандылық, өнер, ғылым дегендей, шынайы құндылықтарға ізденіс пен сұраныс соңғы 2-3 жылда әжептеуір өрістеуде. Адамның рухани дамуға деген ұмтылысын қамтамасыз етудің бүгінде сантүрлі құралдары мен амал-тәсілдері баршылық. Бірақ та осы алуан түрлі амал-әдістердің ішінде менің қолымнан келері журнал жүргізу екеніне көзім әбден жетті. Бірақ «әттең тонның келтесі-ай..» болып тұр емес пе?

Әрине, қолдаушылар табылса, бұл жолды менің жалғастыру ниетім бар. Мұндай танымдылық тұрғысындағы басылым қазақ қоғамына аса қажет екені даусыз.

– Әлеуметтік желіні белсенді қолдануыңызға байланысты сіз өзіңізді блогер санайсыз ба? Жоқ әлде журналист болып қалуды ойлайсыз ба?

– Менің негізгі мамандығым – қаржыгер. Әлеуметтік желіде егер белсенді түрде өз ойларыммен бөлісіп жатсам, ол – блогер болғым келгенінен емес, мен дәл қазір қайтадан өз мамандығым қаржы саласының майын аударып, төңкеріп ішсем бе деген ойдың жетегінде жүрмін. Ал журналист болу – менің бала кезден мұрат еткен мамандықтарымның бірі болатын. Жалпы, болашақта кім болуым керек деп, мамандық таңдау сәті туған жоғары сыныпқа барғанда, мен алдыма не журналист, не адвокат немесе мықты психолог боламын деп мақсат қойып, нақты осы үш салаға қарай бейімделіп, ниет еткен болатынмын. Бірақ адамның дегені бола бермейді ғой. Мектепті аяқтағанда, марқұм ағамның «журналист ол – жалаң аяқ кедейдің мамандығы, адвокат ол – әйел адамдарға арналмаған мамандық, ал психолог болғың келсе, келешекте қосымша оқырсың, екінші мамандығың бола жатар, әзірге болашақта өзіңді-өзің жақсы асырайтын қаржыгер боласың» деп, менің еркімнен тыс осы мамандыққа құжат тапсыртып, амал жоқ, оқуды аяқтап шықтым.

Расымен де, қазір осы мамандықтың қарныңды аштырмайтынын көріп, ағамның айтқанын еріксіз мойындасам да, бәрібір көңіл қалауы – журналист болып кетті. Жаңа айтып өткенімдей, қатты қалаған мамандықтың бірі адвокат, құқыққорғаушы болу еді дегенімдей, мына әлеуметтік желілерде бірдеңе жазып, не айтып жатсам, сол бала кезден қанға сіңген әділетсүйгіштігімнен болса керек деп ойлаймын.

– Дегенмен, әсіресе қазақтар осы әлемжеліде әлек болып, бір-бірімен қырық пышақ болып жататыны бар ғой…

– Барша қазақтар турасында айта алмаймын. Ал өзім әлеуметтік желі дегенде, «Фейсбуктен» шығып, кейде шаршап кетемін де, көп уақыт өтпей, қайта айналып келіп аламын. Сондағым – «Фейсбуктың» қай атақ, қай лауазымына жармасып жүр дейсіз? Біле білсеңіз, Цукербергтің «Фейсбук» желісі – қазақ қоғамында демократияның жаңаша формасы болып табылатын еркін пікір-алмасу алаңына, халыеқтың үгіт-насихат тарататын даусына, қоғамның үніне айналды. Бұрындары қоғамда орын алып жататын әлеуметтік әділетсіздіктерге пікір білдіру немесе билікті сынау – санаулы адамдардың ғана меншікті шаруасы болып келсе, қазір осы «Фейсбуктың» еркіндік аясы кеңіп, билік пен үкіметтің қызметін қадағалауға, болып жатқан күрмеуі қиын мәселелерге әлеуметтік желілер арқылы әркім де атсалыса алатын бір-бір қоғам белсендісіне айналды. Азаматтық қоғамды оятты. Оны оятушы күш бірден-бір интернет, осы әлеуметтік желілер деп ойлаймын. Әрине, арасында жай отырған, бос сөз жазатындары да жоқ емес. Оларсыз қоғам да болмайды ғой. Қысқасы, бұл жерден әркім өзінің керегін алады, желі халыққа қажетін береді.

– Қалай болғанда да, қоғамдағы кінәраттар мен әлеуметтік әділетсіздіктерді батыл жазуға сізді жетелейтін қандай күш? Елдегі жағдайға енжар адамдар айтпақшы, «тыныш жүруге» болмай ма?

– Мен «қазақ» деп шырылдаған намысы бар әр қазаққа сенемін. Ұлттың болмысы – ұлттық намысы бар, көкірегі ояу, ойы азат осындай адамдардың арқасында өшпейді. «Ұлт болмысын өшірмей, қалай, қайтіп жандандырсақ екен?», «Қазақтың еңсесін қалай көтерсек екен?» деген сұрақтар менің де жанымды жейді. Шамасы, сондықтан болар, «тыныш жүре» алмаймын.

Абай айтады: «Білмеген соқыр, қайғысыз отыр, қарны тойса жатуға…» – деп. Күннен-күнге елімізден, егемендігімізден айырылып бара жатқанымыз қайғысыз жатуға жібермей, ішкен асымды бойыма таратпай тұр. Үш балам бар, солардың болашағын ойлаймын. Ертең олар мына шіріген, жемқор жүйенің құрған әділетсіз қоғамында қалай өмір сүреді деп уайымдаймын. Ертең бұл бүлдіршіндер өскенде: «Сендер бізге қандай Қазақстанды қалдырып кеттіңдер?!..» дегенде, расында да, біз оларға не айта аламыз? Менің «тыныш жүрмейтін» себебім – осы.

– Қазіргі әлеуметтік желідегі басты трендтерге қарап отырып, қазақстандық қоғамның кескінін жасауға бола ма?

– Әлеуметтік желідегі қызу талқыға түскен тақырыптарды сараласақ, жемқор билікке деген халықтың азайып бара жатқан сенімін көреміз. Қазір билікке деген халықтың наразылығы жаппай оянды. Жер көлемі бойынша 9-орында бола тұра, халқының саны жағынан өзі де аз халықты Назарбаев бастаған бұл билік аздырып, тоздырып бітірді. Қаншама байлықтың бел ортасында отырған қаймана қазақты көрінген көк аттыға алақан жайдырып жіберді. Қазақтың өз жерінде қадірі жоқ. Тұмсығы барлар шоқып, тістері өткірлер – шайнап жеп жатыр. Бұрындары аш болсақ та, сыр бермей, тісіміздің ортасына тұрып қалған «сасып кеткен» қалдықты күйсеп жата беретін болсақ, қазір қуанатыным – зор сілкініс бар: Ояумыз. Ызалымыз. Ашынғанбыз. Жақында жастар «Гүл өссе – жердің көркі, шал кетсе – елдің көркі» деген ұранмен алаңға шығыпты. Күлесің бе, жылайсың ба?

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей, қазақстандық қоғамның бүгінгі келбетінің кескіні не дегенде, мен адамдардың бинарлық ойлау синдромына ұшырауы ма дер едім. (Бинарлық ойлау синдромы – кез келген мәселені немесе идеялардың шекарасын шектеп, өзгеше ойлауға мүмкіндік бермейтін, қарама-қарсы позициялардың толық болмауынан тек «қара» немесе «ақ» деп сипатталуы).

Яғни, бізде белгілі бір салмақты сарапталған көзқарасқа ноқталану, белгілі бір ортаны ұстау деген жоқ болып тұрғаны қынжылтады. Өзгені сынасақ, жай айтса – түйе, қатты айтса – есек, отырса – опақ, тұрса – сопақ етеміз. Яғни, жан-жақтылық жоқ, пікір алмасу мәдениеті, біржақты ойламау, өзгенің де пікірімен санасу болмай тұр. Билікті сынасақ, хайуаннан асырамыз, ал мадақтасақ, Құдайға теңегендей табынамыз.

– Алматы қалалық әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы блогерлердің жиынын өткізуді жоспарлап отыр екен. Сіз қалай ойлайсыз, бұл жобаның мақсаты не: әлеуметтік желілерде қалалық әкімдіктің имиджін жақсарту ма, жоқ әлде масс-медианың жаңа коммуникативтік түрімен қоғамдық жұмыс жүргізудің амалы ма?

– Қазіргі ақпараттық заманда бүкіл адамзат бұқаралық ақпараттар арқылы тәрбиеленіп жатқаны жасырын емес. БАҚ құралдары, оның ішінде әсіресе интернет, әртүрлі әлеуметтік желілер саяси процестерде ең ықпалды құрал болып тұрғаны тағы бар.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі болған Бауыржан Байбектің «Біздің елде егер адамның тәні ауырса, ол адам дәрігерге барады. Ал жаны ауырса – «Нұр Отан» партиясына барады…» деген хитқа айналған сөзі бар ғой: сол айтқанындай, бұларда қоғаммен белгілі бір жұмыс істеу, халық игілігіне еңбек ету деген әсте жоқ-ау. Өздерінің «Нұр Отандары» бар емес пе?! Сондықтан да мен ойлаймын: олардың мақсаты – әлеуметтік желілерде өздерінің «Нұр Отанының», қалалық, облыстық әкімдіктерінің имиджін жақсартуға ғана бағытталған іс шара деп.

– Жалпы, қазақстандық биліктің ішкі саясат мамандары мен арнайы органдар әлеуметтік желінің саясатын жасайды деген пікірге қосыласыз ба?

– Жасауға барын салып жұмыс істейді деген дұрыс шығар. Себебі жаңа жоғарыда айтып өттім ғой, қоғамда бинарлық ойлау синдромы орын алып жатыр деп, сондықтан да жаппай қоғам тек ішкі саясатпен бірлесіп отыр деп айта алмаймын. Елу де елу болуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде ішкі саясат мамандары көптеп отырады, олардың да кәдімгідей қауырт жұмыс істеу тәртіптері бар. Бірақ мына сан-саққа тартқан қоғам оларға толық беріліп кетті дей алмаймын.

– Бірнеше мыңдаған оқырманы бар блогерлер әлеуметтік желінің арқасында ақша табады, әлдебір әлеуметтік топтың мүддесін қорғайды немесе жарнамасын жасайды деген сөзге орай қандай пікір айтар едіңіз?

– Өкінішке қарай, ондайлар өте көп. Кәдімгі осы блогер болу арқылы қоғам белсендісіне айналып, жоғары лауазымдарға көтеріліп немесе белгілі бір сомада ақысын алып жазатындар баршылық. Сізге бір-екі мысал ғана айтайын: 2016 жылы Еңлік Сыдықова деген қыз сол кезде мәдениет министрі болып тұрған Арыстанбек Мұхамедиұлын «бөтен оймен қырындады» деп сотқа берді. Қоғам екіге жарылды. Бірі Мұхамедиұлын қорғап, енді біріміз Еңлік жаққа шықтық. Сонда жаңағы министріміз осы «Фейсбукта» отырған жазғыш-сызғыш кілең блогерлерді жинап, ресторанға түскі асқа шақырады.

Тіпті (нақты рас-өтірігін білмеймін) оларға ақшалай сыйлық та үлестіріпті деп естідік. Кейін сол жаңағы Мұхамедиұлының дастарханынан «дәм татқандардың» барлығы дерлік бір мезетте өз парақшаларында Еңлікке қарсы ақпараттық соғыс жариялап, оны жамандау жазбаларын оқша боратты. Араларында бүгін «ұлт патриоты», «қоғам қайраткері», «саясаткер» болып жүргендер бар.

– Мұндай табыс табу әрекеті сіздің тәжірибеңізде болмады ма?

– Ұсынғандар болды: «Бір мәжіліс депутатының үстінен ақпараттық соғыс ашу қажет, материалдарды беріп отырамыз, міндетің – тек парақшаңда жазып, «ұрандап», елдің назарын аудару, оның имиджін түсіру, ақшасын береміз», – деді. Кейін Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың мәселесіне қатысты бір-екі ұсыныстар болды. Мен бірақ ешкіммен келіспедім, төлейтін ақшасына қызығып, арымды дәнеңеге татымайтын дүниеге айырбастамадым. Осыған дейін ешкіммен ешқандай келісімге барып, ештеңе жазған емеспін. Егер әлеуметтік желіні белсенді қолдансам, ондағы жазғандарым қате болсын, оң болсын – тек өз ойларым, өз көзқарасым, өз пікірім ғана…

– Ақиқаттың ауылына жетер жолдағы қаламыңыз ұшқыр бола түссін, Айсұлу! Сұхбатыңызға рахмет!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Желідегі жазбалар

АНА ТІЛІҢДІ қадірлемеу – НАДАНДЫҚ

Бәлкім, елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нәтижесі ме, бәлкім, «Нұр Отанның» 29-жылдық идеологиясының жемісі ме, кім білсін, әйтеуір «Патриотизм деген ол – тек әлеуметтік желілерде ғана, яғни «Фейсбук» пен «инстаграмда» отырып-ақ: «Қазақ, оян!», «Алға, алға!», «Шалдар кетсін» деп жиі-жиі жаза беру» деп шынайы ұғатын жастар бар екен.

***

Софиянорымды мектептен әкеле жатырмын.

– Мама, мама… мам, в моем классе только «кнбшники» учатся, все одни кнбшники! (Өзі сонда бірінші сынып оқушысы).

– Құдай, сақтай гөр! «Кнбшники» оқитыны несі? Қайдағы «кнб» бірінші класта? «Кнб» деген өзі кімдер сонда, оны сен білесің бе?

– Білемін. Олар – Назарбаевты жақсы көретіндер!

– Назарбаевты? Неге олай дейсің? Ал Назарбаев деген кім екен?

– Назарбаев – он президент… первый президент, то есть елбасы. Ал Токаев – он второй президент. Мама-мама, первый президент на казахском будет – елбасы да? А второй президент теперь как переводится с русского на казахский?

– Нұрбасы болады…

– Нұрбасы? А-а, теперь буду знать.

– Софи, жақсы, сен оны қоя тұр да, жаңағы «кнбшниктеріңе» оралайық. Назарбаевты жақсы көргеннің бәрін «кнбшниктер» дегенді сен қайдан шығардың?

– Сендер үйде күнде солай айтасыңдар ғой, «ол Назарбаевтың саясатын қолдайды, ол Назарбаевты ақтайды, жақтайды, олар «кнбшниктер», «үш әріптер», н-н-н…» деп. Сосын сенің «Фейсбугыңде» де солай жазады үнемі. Оны да өзің айтасың – де-е-еп, бетіме қарап тұр.

Ал енді не дерсің?!

***

Қазақстан деген мемлекеттің бүгінгі күйі тағдыр қайығында «қалтылдап» тұр. Оны бәріміз де білеміз. Білсек те, бей-жай, білмегенсіп күн кешудеміз. «Өзге елмен салыстырғанда, бізде әлдеқайда жақсы ғой, шүкір дейік» деп, өзімізді-өзіміз алдаймыз. Өзімізді-өзіміз өтірік жұбатамыз.

Бірақ қашанғы алдаймыз? Неден қорқамыз? Кімнен қорқамыз? Қашанғы төзбекпіз?

Білмеймін!

Қазір қоғам ояу, санасында сілкініс бар, көпшіліктің көзі ашылған. Енді жалтақтай бермей, толқындар ығына қарай өре түрегеліп, ағысқа қарсы ескекпен неге есе жөнелмейміз, а?

***

Видеодағы «шешенсіген» деген қазақтың сөзін боқ ауыз сөз екен деп, жерден жеті қоян тапқандай, даурыққан қатын мен ол видеоны одан әрі «алақайлап» таратып жатқан көп шуылдақ қазақтарымды көріп, қорланғаным-ай! Надандық!

Өз ана тіліңді өзің білмеу, оны өзге емес, дәл өзің келемеждеу – бұл біле білгенге Қытайдың коронавирусынан да ауыр қасірет!

***

«…Адамға жаратылыс сыйламаған жарасымдылықты махаббат сыйлайды. Махаббат ажалдың да сұсынан сескенбейді. Махаббат ерекше құдіретті: жер бетінде оның қаһарынан күшті жаза жоқ, оның ләззәтынсыз бақыт жоқ. Кіршіксіз махаббатқа ешбір қиянат кедергі бола алмайды. Махаббат кез келгенге бұйырмайтын іңкәр бақ. Сүйіспеншілік, іңкәрлік сезім сабырлылығымен сәнді…» – деуін дей береміз-ау, ал енді махаббаттың дұшпаны не деп ойлайсыздар?

Ася АСЕТКИНА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн