АУЫЛҒА АРНАЛҒАН бағдарламалар АЯҚСЫЗ ҚАЛМАСЫН!

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Т. Б. Дүйсеноваға!

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

​Президент Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаев ҚР Парламентінің VIII шақырылымдағы алғашқы сессиясының ашылуында айтқан «Ауыл – Ел бесігі» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары – ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасының негізі болуы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, өнімділікті арттыру және дақылдарды әртараптандыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асыру туралы тапсырма берген.

​Қызылорда облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады, сол себептен халықтың тұрмыс жағдайы сумен тікелей байланысты. Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы Сырдария өзені бассейнінің сумен кепілді түрде қамтамасыз етілуі мен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты.

Осы ретте облыс аумағындағы елді мекендердің аяқ сумен қамтамасыз етілуін және экологиялық жағдайын жақсарту үшін, 2023 жылы «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысы жобасы әзірленіп, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылады. Жобаның жалпы құны – 560 млн теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда Аққыр ауылдық округіндегі аяқ су мәселесі толығымен шешімін тауып, 500 гектар суармалы жерге бау-бақша дақылдарын егуге, мал жайылымдық және шабындық жерлерді суаруға қол жеткізіліп, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы күтілуде. Сондықтан «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысына» 539 млн теңге қаржы қажет.

Екінші мәселе – өңірді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыты аясында.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесін көтеріп, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін мектептер, ауруханалар және суға қол жеткізуге тапсырма берген. «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысын жүргізуге 2024 жылы РБ барлығы – 361 719 мың теңге қаржы бөлген. Бүгінгі күні жобалардың құрылысына қаралған қаржылар толық игерілген және құрылыс салушы мекемелер есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстары 70–90% аралығында орындалған. Жобалардың құрылысын аяқтауға – 1 418 792 мың теңге.

​Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлерді аралап, кәсіпкерлермен кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауыл халқының табысын арттыруға бағытталғанын атап өтіп, жобаның тиімділігін жоғары бағалап, фермерлерге, шағын және орта бизнеске мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуі қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ өзіңіздің басшылығыңызбен «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2024 жылға арналған жоспарларын Үкіметте талқылау барысында қаражатты бөлу кезінде әр ауданның ерекшеліктерін ескеріп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға назар аудару керек дедіңіз.

Құрметті Тамара Босымбекқызы! Президентіміз «Ауылды жан-жақты дамыту – біздің басты міндетіміз, себебі ауылдың дамуы – бүкіл елдің, Қазақстанның дамуы», – деп бірнеше рет мәлімдеді.

Жоғарыдағы айтқандарды ескере отырып, көтеріп отырған мәселелерді жан-жақты зерттеп, қолдауыңызды сұраймын.

​Құрметпен, М. Ергешбаев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» фракциясының депутаты

Республиканский еженедельник онлайн