- Өткен аптада елге танымал сенатор Ақылбек Күрішбаев Парламенттік тыңдау барысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мырзаға сауал жолдады. Депутат қозғаған тақырып ауыл жастарына білім беру мәселесін ғана емес, сонымен бірге ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына тікелей қатысы барын ескере отырып, Ақылбек мырзаның үкімет басшысына жолдаған сауалын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Қазақстанда азаматтардың табыстары бойынша өте елеулі айырмашылық бар. Пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейшілікке алып келді. Ал қаламен салыстырғанда, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі ауылдық жерлерде 2,5 есе көп. Бірақ мұндай әділетсіз әлеуметтік ахуал еліміздің болашақ ұрпағына әсер етпеуі тиіс. Біздің жастарымыз өз отбасыларының материалдық жағдайына қарамастан лайықты білім алуы керек!
Жыл сайын елімізде 150 мыңнан астам оқушы орта мектепті бітірсе, олардың 74 мыңы, яғни жартысы – ауыл тұрғындары.
«Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтылмайды. Халқымызда «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар.
Еліміздегі ең ірі аграрлық университетті басқарған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, оларды үлкен еңбекқорлық пен ерекше патриотизм сезімі ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ, өкінішке орай, аз қамтылған отбасыларынан шыққан көптеген дарынды балалар жоғары білімнен тыс қалуда.
Мұның себептері ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты.
Ауылдық жерлерде педагог тапшылығын жабу үшін 2100-ден астам мұғалім қажет. Бұл – республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60 пайызы. Ауыл мектебінде бір мұғалім – физика, әдебиет және музыка пәндерін оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді. Өткен жылы біз ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында «интернет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ.
Елімізде 22 ауылдық ауданда тіпті колледждер, яғни кәсіптік білім беру орындары жоқ.
Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, көптеген ауыл балалары мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарына ие бола алмайды. Ал олардың көбісінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ.
Аграрлық университеттерде тіпті қисынсыз жағдай қалыптасуда. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды ең алдымен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдар алуы керек, яғни негізінен – ауылдың жастары.
Осы ретте көптеген жылдар бойы Парламент депутаттары Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан ең болмаса 50%-ға дейін арттыру қажеттілігі туралы мәселені көтеріп келеді. Бірақ бұл мәселе табанды түрде шешілмей отыр! Осыдан «Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмайды?» – деген сұрақ туындайды. Жыл сайын Аграрлық университеттерді бітірушілердің ауылдық жерлерге тек 30%-ы ғана жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады. Осындай себептен ел бюджетінде жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады.
Егер дамыған елдердегі университеттердің тәжірибесін қарастыратын болсақ, онда білім алудың екі түрлі бағасы бар: барлығы үшін шартты құн және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы ақы. Сонымен қатар көптеген университеттерде стипендия тағайындаудың басты критерийі – жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Осындай және басқа да бағдарламалардың негізінде бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік берілген.
Қазақстанда биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранттарына 310 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді, бірақ олар Ұлттық тестілеу нәтижелері бойынша беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына сәйкес квота бар болғаны 0,5-5 пайызды құрайды, бұл – мәселені шешпейді.
Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесіне өзгерістер енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.
Бұл шаралар аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам капиталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.
Уақыт уыты
Елбасымен АҚЫЛДАСУ
Елбасыға кіріп шықтым. Екеуміз раxаттанып отырып, көк шәй іштік. «Қуырдақ жейік» деп еді, диета ұстап жүргенімді айтып, бас тарттым. Соным бекер болды-ау деймін, өкпелеп қалған сияқты. Әйтпесе Бекболат Тілеуxанды Ауғанстанға елші қылып жіберуге көндіріп қойып едім…
Сосын Совбездің кезекті жиыны туралы ақылдастық. Үлкен кісі «81-ден асқан соң еріншек болады екенсің, сол жиынды ертең сен жүргізе салшы» деп еді, түске дейін машина жөндететінімді айтып, көнбедім.
Үкіметті не істейтінімізді біраз талқылап тастадық. Мен қай министр мен қайсы әкімді орнынан алып, олардың орнына кімдерді отырғызу керектігін шегелеп айтып кеттім.
– Байбек премьер болғысы келіп жүр ғой…
– Білемін, – дейді Елбасеке.
– Оны Үкіметбасы қылыңыз.
– Шөкеев ше?
– Шөкеевті Алматыға жіберіңіз.
– Еее де…
– Онда Шөкеевті премьер қылайық.
– Байбекті қайтеміз? Папасы ренжиді ғой.
– Байбек бас қалаға әкім болсын. Ал «Нұр Отанға» Ерлан Карин отырсын…
– Сол Каринің өзін-өзі өте қатты жақсы көретін біреу ғой.
– Тура өзіңіз сияқты…
– Маминді не істейміз?
– Ауғанстанға елші қылып жіберейік.
– Ауғанстаннан басқа әңгімең жоқ па осы? Біресе Бекболат барсын дейсің, біресе Мамин дейсің!
– Ой, Елбасеке, «сақалистер» еліне екеуін қосақтап жіберсеңіз де ұтылмайсыз. Мамин наконец-то намаз оқуды үйренеді, Бекең достарымен тіл табысады. Айтпақшы, Көшербаевтың орнына Айдос Үкібаевты госсекретарь қылып қойыңыз.
– Істей алмайды, ол бала.
– Айдос сізге пресс-секретарь болып та қарық қылып жатқан жоқ, ол болмаса, басқасы табылар. Мысалы, Берік Уәли. Бұдан былай билікке солар сияқты шалабілімді самовлюбленный жастарды көбірек тартыңыз, Елбасеке. Жасы ұлғайған ағашкаларды Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына әкім қылып жіберейік. Ал ондағы кәрі-құртаңды сенатор қыла салыңыз.
– Жарайды, бүгінге осы ақылың да жетіп қалар, – деді үлкен кісі, – Бірақ бұл әңгімені ешкім естімей-ақ қойсын әзірше. Әсіресе Масимов. Ол тағы да премьер болғысы келеді.
– Ок. Ұмытып барамын, Ғабидолла Абдрахимовты Шымкентке әкім қылып тағайындаңыз, Тоқаевқа айтып.
– Үшінші рет пе? Шымкенттіктер күлетін шығар?
– Елбасеке, сіз бен біздің іс-әрекетімізге шымкенттіктер ғана емес, бүкіл әлем күліп жатыр. Причем уже давно…
…Осылай десем, «мә-ә» дейтін шығарсыздар? Ойнап айтамын, сеніп қалмаңыздар.
Серік АБАС-ШАХ
БЫЛШЫЛ ТҮС
Өңімде болса, өңменім үзілсін, сізге өтірік, маған шын, түлкінің кәкәсы болғыр, түнде ешбір тәрбиелік мәні жоқ, әлеуметтік астарсыз, мән-мағынасыз, үлгі-өнегесіз түс көріппін. Тура өңімдегідей, «Хабар» мен Ұлттық арна сияқты тұп-тұнық, түрлі-түсті, тіпті музыкасы бар түс.
Сонымен, түсімде үкіметтің құрамында жүр екенмін. Құрамында болғанда, кәдімгідей бел ортасында отырмын, қайын-жұрттың төріне қонжиғандай. Жан-жағым – өздерің күнде телебізірден көріп жүрген міністір, депутат, сенатор, әкім. Ойбой, солармен қатар шолжиып мен отырмын! Үлкен залға жиналыппыз. Өздеріңе мәлім аса көп езу тарта бермейтін үкіметтің бір мүшесі ыржиып амандасты. Әлгі желкілдек депутат та жүгіріп келіп, қолымды алды. Елім деп еңірегендердің бір-екеуі бас изеп өте шықты. Соған қарағанда, маңызды біреу болғанға ұқсаймын.
Бәрімізді президент жинаған екен. «Неге жинады екен?» – дескен жұрт. Ешкім білмейтін сияқты. Бір-екі сенатор маған ала көзімен қарап отыр. Мені біледі деп күдіктеніп отырған сияқты. «Өлләхи, дым білмеймін!» – дегенді ыммен сездіре алмай отырмын.
Президент мінбеге көтеріліп, сөз бастады:
– Ағайын! – деді кәдімгі түсінікті тілде. – Сіздер мен біздерге ел сенеді, айтқан сөзімізге, істеген ісімізге, басқан қадамымызға дейін зер салып, қадағалап, бізге үмітпен қараған елдің сенімін ақтауымыз керек. Ең бастысы – өтірік айтпайық!
Зал ду қол шапалақтап, әр жерден «дұрыс», «шындық керек», «ақиқат аспандасын» деген жалынды сөздер шығып, біреулер толқып, көздеріне жас алып жатыр. Байқаймын, залға өмірі өтірік айтпағандар жиналған сияқты. Оған шүба бар ма?! Өзім де отырмын ғой!
– Шындық керек! – деп, президент сөзін әрі жалғады. – Сөзімізге айқындық, ісімізге жариялық керек. Шындықпен іске көшейік дегендеріңіз қолдарыңызды көтеріңіздерші?
Түгел көтердік! Қарсы, қалыс болмады.
– Мен сіздерді сол үшін шақырдым бүгін. Шындыққа көшейік. Ол үшін Елбасының «Ақиқат пен әділдік әліппесі» деген кітабын талдайық. Ол кітапты кім оқыды?
Зал түгел қол көтерді! Тіпті кейбіреулері екі қолын көтеріп отыр. Мен де көтеріп, әуелі мені көрсін дегендей жартылай орнымнан тұрып кеттім.
– Өте жақсы! – деді президент. – Керемет! Бәріңіз оқыған екенсіздер!.. Менен басқа. Мен ғана оқығам жоқ. Себебі Елбасының ондай кітабы жоқ! Сондықтан бәріңізді осында жинадым! – деп столды бір қойғанда, әлгі сарайдың барлық есігі сарт-сұрт құлыптанып, жарығы әлсіреп, іші суып, түрмеге айналып кетті!
Шошып ояндым. Балконға шықсам, күн бұлт екен…
Соңғы күндері ауа райы өзгерсе, сынған жерлерім сыздап, түсіме қайдағы бір былшылдар кіретін болып жүр…
Асқар НАЙМАНТАЕВ