Ауған қазақтарын ЕЛГЕ ӘКЕЛУ – ұлттық парызымыз

Ауыт Мұқибек:

– Ауыт мырза, Тоқаев ауған қазақтарына көмектесуді тапсырды. Бірақ «…қажет болған жағдайда» деді. Сіз қалай пайымдар едіңіз: ол қажеттілікті кім анықтайды: қазақстандық билік пе, жоқ әлде тәліптердің құрсауында қалған ауған қазақтары ма?

Бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген, Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізіміне енген, АҚШ-тың өзі тізгіндей алмаған «Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке келіп жатса, ондағы қандастарымызды елге оралту үшін енді одан артық қандай «қажет болған жағдай…» керек!?

– Сұрағыма – сұрақпен жауап бердіңіз-ау… Мен осының жөнін қандастар мәселесімен етене араласып жүрген сізден білгім келеді…

Өзіңіз білесіз, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» – деді. «Парыз» – қазақ үшін өте қасиетті ұғым. Ұлды үйлеу, қызды құтты орнына қондыру – ата-ананың басты парызы. Ислам діні үшін, парыз – Алла Тағаланың тіке бұйрығы ретінде қаралады. Демек, президент шеттегі қазақты Отанға оралту туралы осындай қасиетті сөз айтты.

Өкінішке орай, нақты жұмыс сол Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «қасиетті парыздың» деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Керісінше, кедергілер көп. Соның бір көрінісі – қазақ көші мен қандастарымызға қатысты заңдарға, біле тұрып, қасақана кедергілер енгізіліп, қабылдануы. Мысалы, әдейі қисық жасалған заң арқылы екі мыңға жуық қандасымыз баспана кезегінен шығарылып тасталуы. Бұл – бір ғана мысал.

– Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев заманын еске түсірейікші: қазақтың көші-қон мәселесін ол қарық қылып па еді? Мәселен, соңғы 30 жылда отанына қайтам деген өз немістерін Германия әлдеқашан еліне қайтарып алды. Ал дүние жүзіне тарыдай тарап кеткен 5 миллион (кейбір деректер бойынша – 7 млн.) қазақтың Назарбаевтың тұсындағы тәуелсіздік жылдарында бір миллионы ғана Атажұртына оралды. Салыстырып көріңізші, қандастардың елге оралу мәселесіне кімнің қарсы болғаны тайға таңба басқандай белгілі болады…

– Бұған дейін «оралман» деп аталған қандастардың мәселесімен тікелей айналысып жүрген азамат ретінде сіздің бұл уәжіңізге менің біраз дауым бар. Тұңғыш президент Тәулсіздікті жарияламай тұрып, шеттегі қазақтарды Атажұртқа шақыру туралы арнайы қаулы қабылдатты. Тәуелсіздікті жариялай салып, «Шалқар радиосының» эфирінен өзі сөз алып, алыстағы ағайынды Тәуелсіздіктің бірінші Жаңа жылымен құттықтап, «Ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» – деп, ақ батасын берді. Алғашқы адымда 1500 «Камаз» жібертіп, Маңғолиядағы қазақтарды Қазақстанға көшіріп алды. 1992 жылы бес құрлықтың қазағын Алматыға жиып алып, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізді. 1993 жылдан бастап, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиядағы қазақтарды самолетпен тасытты, Әзербайжан мен Түрікменстан арқылы пароходпен Каспи теңізінен ендей алып өтті. Мұның бәрі тарихи шындық.

– Дегенмен, кейіннен оның «оралмандар Қазақстанға үлес қосқан жоқ» деген сөзін қайда қалдырамыз? Ал Талибаннан қорлық көрген ауған қазағына қатысты «қажет болған жағдайда…» деген тіркес әлі де билікті бекем ұстап отырған Назарбаевтың ишарасы емес деп айта аласыз ба?

– Есіңізде болсын, ол кезде де осы «Талибан» қозғалысы ұйымының қаруынан ажал оғы ысқырып тұрған заман еді ғой. Әділеттілік үшін айтайын, қандастар мәселесіне келгенде, елбасы «қажет болған жағдайда…» деп, ешқашан күмілжіген емес! Есесіне, үнемі жігітше шешім қабылдап, еркекше бұйрық беріп отырды! Біз Елбасының бұл қамқорлығын екі дүниеде ұмытпаймыз!

Иә, шеттен келетін қандастарымызға деген қарсылықтың басы 2007 жылдан басталады. 2011 жылы «Жаңаөзен оқиғасы» қарсаңында ол қарсылық ашыққа шықты. 2013 жылы төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылданды – білесіз. Елбасы ол заңды түзеткізді. Бірақ, сол заңның өн-бойында әлі де жасырынған қырсықтар бар. Соның ең бастысы – келген елінен тіркеуден шыққаны және қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы туралы анықтама талап ету. Үкімет мұны экстремизм мен терроризмнен сақтану үшін жасалған деп түсіндіреді.

Менше, қандастарымыздың келген елінен тіркеуден шығып келуі соншалық маңызды емес. Бұл ескі сәбеттік жүйеден қалған қағида.

2018 жылдың 1-қаңтарынан бері Қытайдан келген қазақтардан сотталғаны туралы анықтама талап ету тоқтады. «Экстремизм мен терроризмнен сақтанып», бүкіл мұсылмандық ұлт өкілдерін жаныштап жатқан ел – Қытай. Міне, үш жарым жыл болды, сол елден келген қазақтардан ешқандай оғаш оқиға туындаған жоқ қой. Тіпті, «діни радикализмнің Отаны» атанған Ауғаныстаннан оралған қазақтардан да ондай жаман әрекет кездескен емес. Қысқасы, осы шеттен келетін көш басталғалы біздің қандастарымыз жағынан осындай қатерлі оқиға тіркелген жоқ. Керісінше, Діни радикализмнің торына түскендердің басым бөлігі орыс тілді жергілікті қазақтар екені анықталған жоқ па?!

Өзімізбен туысқан ел Қырғыз Республикасы өздерінің Конституциясына (51-бабына) «Кыргыз Республикасынын чегинен тышкары жашаган кыргыздар башка мамлекеттин жараны болгондугуна карабастан жөнөкөйлөштүрүлгөн тартипте Кыргыз Республикасынын жарандыгын алууга укуктуу» деп, қатардағы депутат Өмүрбек Текебаев баяғыда кіргізіп қойған.

Қырғыздар шеттен оралған қырғыздардан біздікі секілді басы артық анықтама талап етпейді. Тіпті, қандастарын өз отанына шақырып алу жағынан бүкіл әлемде алдына жан салмайтын Германия мен Израиль да ондай анықтаманы керек қылмайды. Қазақстан Қытайдан өзге елдерден келген қандастарымыздан әлі сол екі анықтаманы талап етеді. Бұл – олардың құжаттануына қиындық тудыруда…

– Дегенмен, соңғы 10 жылда сыртқы көші-қонға бөлінетін квотаның күрт қысқарып кеткенін қалай түсіндірер едіңіз? Бұл да Назарбаевтың заманында болған жағдай ғой!

– Назарбаев заманында 20 мыңдап квота бөлінетін. 2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасының саны 1 426 адам… Демек, Президент әкімшілігі жоғарыдағы екі норманы заңға мемлекеттің қауіпсіздігі үшін емес, қазақ көшінің қарқынын баяулату, қандастарымызды сарсаңға салып торықтыру үшін әдейі кіргізген деп есептеймін мен! Себебі, олардың артында, сөз жоқ, өзіміздің «талибан» Тимур Құлыбаев сияқты кландардың қожайыны тұр.

– Қазақстанда кландық мүдделердің үстемдік құрып тұрғанына дау жоқ. Сіз айтқан Тимур Құлыбаев «Жаңаөзен қырғынынан» кейін, «ереуілге шыққан мұнайшылардың көпшілігі – оралмандар» дегені есте…

– Иә, Тимур Құлыбаев – қазақтан шыққан әлемдік деңгейдегі ауқатты жігіт. Байлығы 2,8 миллиард доллар деп бағалануда. «Әттең, осыншама байлықты қазақ тілінен мақұрым, ұлттық санадан жұрдай, қайырымы жоқ бір байғұсқа үйіп-төгіп бергені-ай!» – деп те кейде налиды екенсің. Егер, мұндай байлық Құлыбаевтан өзге ұлтшыл біреуге бітсе, «Талибан» қозғалысы ұйымына, қанша миллон доллар десе де беріп, анау қазақтардың біреуін қалдырмай сатып алар ма еді деп те армандайсың… Өкінішке орай, біздің әлем таныған ауқатты азаматтарда ондай жігіттік пен мәрттік болмай тұр ғой!

Ауғаныстандағы қазақтар Қазақстанға кезінде неге көшіп келіп алмаған?!

Иә, дұрыс айтасыз! Ауған қазағы ғана емес, әлемдегі қазақтың бәрі Атажұртына әлдеқашан келіп алғанда, дұрыс болар еді. Әсіресе, Қытайдағы қазақтар.

Бірақ, оның да себебі көп. Соңғы жылдары Ауғаныстаннан келгендердің Қазақстан азаматтығын алуы қиындап кетті. Алдымен ұлтының қазақ екенін анықтау керек. Келіп алып, әлі күнге құжаттана алмай жүргендер көп. Қайта кетіп қалғандар да аз емес. Соны шешу үшін берген ұсынысымды Құлыбаев сияқты кландар сырттан басқарған Президент әкімшілігі сызып тастады. Мәжіліс те өткізбеді.

Ауыт мырза, қалай десек те, ел президенті Ауғанстандағы ұлты қазақ азаматтарына көмек көрсетуді тапсырды. Сіз қазақ үкіметі президент тапсырмасын орындап, Ауғанстандағы қазақтарды Қазақстанға алып келеді деп сенесіз бе?!

Үмітім аз. Сыртқы істер министрлігі өкілінің «қазақ тілінде сөйлей алмайды, ата-бабасының қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды…» – дегені не сандырақ?! Премьер-министр Асқар Маминнің өзі қазақ тілінде сайрап тұр ма?! Өмір бойы ажал оғының астында азып-тозып жүрген қазақтарға ата-бабасының қоныс аудару тарихын қай мектеп сабақ қып оқытыпты?!

Оның үстіне, президенттің «қажет болған жағдайда…» деген сөзі күдік тудырып тұр. Менше, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұндай сөз айтпаған шығар деп ойлаймын. Бұл – көпе-көрнеу орта жолдан қыстырылған сөз деп ойлаймын.

– Ал дәл осы жағдайда қазақ билігінің өз іші де оңып тұрған жоқ: қазақ тілі мен қазақ тіліне жанашыр, ұлтжанды азаматтарды қудалау, соттау науқаны жаңа қарқынмен жүргізіле бастады. Бұған не дейсіз?

– Иә, мұндай кереғарлық жанға батады… Бір орысқа «мемлекттік тілде сөйлеңіз!» десең болды, бүкіл Ресей шу ете түседі. Қазақ билігі өз ұлтын қорғаудың орнына, сол Ресейдің ығына жығылып, қазақты одан ары текпілейді. Шыңжаңдағы геноцидке ұшырап жатқан қазақтарға болыса алған жоқ…

Егер, Ауғаныстандағы туыстарымызға дәл осындай сын сағатта қол ұшын беруге жарамасақ, онда Асқар Мамин басқарып отырған бүгінгі үкіметтің құны – бес тиын! «Талибан» қозғалысы қаншалық қатыгез, жауыз болса, қазақ үкіметі өзінің одан екі-үш есе мейірімді, қайырымды екенін танытып, қуаттылығын көрсетіп, ондағы қандастарымызды екіленбей, ажалдың апанынан құтқаруға міндетті! Ауған қазақтарын елге әкелу – қазақ үкіметінің де, барша қазақтың да ұлттық парызы деп білем!

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Қайрат ҚАЙЫРГЕЛДІ, «DAT».

26.08.2021.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн