Суббота , 19 апреля 2025

АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫ Қазақстаннан КӨМЕК СҰРАЙДЫ

  • Тәліптер армиясы Ауғанстанды толықтай бақылауына алды. Президент Ашраф Ғани елден қашып кетуге мәжбүр болды.

Бұл екі арада АҚШ президенті Джо Байден журналистерге Ауғанстаннан Америка әскерін әкету туралы шешім қабылдағанына өкінбейтінін айтты. «20 жылда АҚШ әскерін шығарып әкететіндей басқа ыңғайлы сәт болған жоқ. Ауғанстанда соғысуға мәжбүр болған АҚШ-тың төртінші президентімін. Мен осыны бесінші президенттің мойнына іліп кеткім келмейді», – деді ол.

Джо Байден «Талибан» қозғалысының шабуылы АҚШ президенті әкімшілігі болжағаннан әлдеқайда жылдам болғанын мойындады. Оның сөзінше, «АҚШ тәліптерге қарсы тұру үшін ауған үкіметінің қарулы күштеріне қолынан келгенше көмектесті. АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери миссиясының құны 1 триллион долларға түсті. Ауған солдаттары техника мен қару-жарақ алды, киінді, дер кезінде жалақы алып тұрды».

Президенттің телеүндеуін талқылаған журналистер Байденнің «Ауғандар өздері үшін өздері қару алғысы келмесе, ондай жерде Америка әскері соғыспайды, соғысуға міндетті емес» деп, «мүмкіндікті пайдалана алмағандарға» қарата айтқан сөзін атап өтті.

Дегенмен осыдан бір ай бұрын Кабул үкіметі әлі де бірнеше ай билікте тұра алады деп есептеген АҚШ президенті Джо Байден мен оның әкімшілігін Ауғанстан қарулы күштерінің ойсырай жеңіліп, ауған өкіметінің жылдам құлағаны айран-асыр етті.

Ақ үй бұрынғы есептерінің қате болғанын мойындады. «Ауғанстан қауіпсіздік күштері өз елін қорғауға жарамады» деді АҚШ мемлекет хатшысы Энтони Блинкен. Оның сөзінше, жағдай Вашингтон болжағаннан әлдеқайда тез өзгерген деп хабарлады Azattyq.org

Ауғанстанның тәліптерден сескенген халқы елден кетудің барлық жолын іздеуде. Интернетте тараған видеоларда Кабул әуежайына ағылған жұртты, ұшақтарға жанталаса кіруге тырысып жатқан адамдарды байқауға болады.

Азаттық тілшісі сөйлескен Ауғанстандағы қазақтар да елді үрей билегенін, қорқынышта өмір сүріп жатқандарын айтады.

«Талибан» бақылау орнатқан Құндыз қаласының тұрғыны 32 жастағы Қ. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні көрсетілмеді – ред.) «күндіз үйден шыға алмаймыз, тығылып жатамыз» дейді. Мектеп жасындағы екі қыз, бір ұлы барын айтқан қала тұрғыны енді сабақ болмайды деп күрсінеді. «Қазір көшеде тыныш. Ешқандай атыс-шабыс жоқ. Бірақ мектеп, банк, дүкендердің бәрі жанып кетті. Енді мектепте сабақ болмайды. Кешке қаланы тәліптер аралап жүреді. Олар ұрып-соғады», – дейді ол.

Құндызда тұратын қазақ «Талибан» содырлары өзге ұлт өкілдеріне де қысым жасайтынын айтады. «Ауғанстанда тәліптердің қолында қалдық. Құндызда он бестей ғана қазақ отбасы бар. Бәріміз үрейленіп отырмыз. Өзбекше сөйлейміз, қазақ тілін ұмыттық. Тәліптер ұрады, соғады. «Қазақ болсаң Ауғанстаннан кет, бұл жерде не шаруаң бар?!» дейді. Ауғанстанда қымбатшылық. Күнімізді әрең көріп отырмыз. Ал тәліптер «нан бер» деп келеді. Бізге тыныштық берер емес, – деген ол Қазақстаннан жәрдем сұрады.

Ауғанстан қазағы қолында құжаты, я азаматтығы жоғын, құжат жасату үшін «Талибан» бақылауындағы Кабулға бару керегін айтады. «Қазір адамдар Өзбекстанға, Тәжікстанға, Иранға қашып жатыр. Ал қазақтар ешқайда кете алмай отыр. Ешкім бізден хабар алмады. Қолымызда жеке куәлік жоқ. Бізге азаматтық та бермеді. Алыстағы Кабулға жете алмаймыз. Қолға түссек, соғысқа әкетеді», – дейді ол.

Құндыз қаласында тұратын тағы бір қазақ 45 жастағы Х. (қауіпсіздігі үшін аты-жөні көрсетілмеді – ред.) екі баласы және кәрі анасымен тәліптерден қашып, жасырынып жүр. Тәліптер Құндызға шабуыл жасағанда, кәсіп қылып отырған дүкені өртеніп кеткенін айтады.

«Әкем де, шешем де қазақ. Тәліптер бізді қуғындап жатыр. Жасырынып жүрміз. Біз секілді қашып жүргендер өте көп. Кабулдағы Қазақстан елшілігінен көмек сұрайық десек, ол жер алыс. Жолда тәліптердің қолына түсіп қаламыз ба деп қорқамын. Көмектесіңіздерші!» – деді ол WhatsApp арқылы Азаттыққа жолдаған аудиосында.

Бұдан бөлек Қазақстандағы кейбір қазақтар да Ауғанстанда қалған туыстарының өміріне алаңдап отыр. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Ибадулла Тұраптың (фото) екі ағасы мен үш қарындасы Кабулда қалып қойған.

«Бір әкеден тараған тоғыз баланың бесеуі Ауғанстанда. Ауғанстандағы жағдайды естіген боларсыз. Жағдай қиын. Бізді алып кетіңдер деп жатыр. Оларды қалай алып кетеміз? Өзіміздің де келгенімізге алты жыл болса да, әлі күнге Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрміз», – дейді Ибадулла. Оның Ауғанстанда әкесімен бірге туысатын басқа да туыстары бар. Соның бірі осыдан бірнеше апта бұрын базарға барғанда оқ тиіп, қайтыс болған.

Ауған жұрты тәліптер шариғат заңын орнатып, құқығымызды шектейді деп қорқады. Тәліптер ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды ешқандай сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді пәренжі киюге мәжбүрлейді.

«Талибан» теледидар көру, музыка тыңдау, кинотеатрға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары «Талибанды» адам құқығын өрескел бұзады деп жиі айыптайды.

Ал 20 жылдан кейін Ауғанстанға қайта бақылау орнатқан «Талибан» Ауғанстан халқының құқығын шектемейтінін мәлімдеді. Бірақ ауғанстандықтар олардың сөзіне сенбейді.

Сарапшы

«Талибан» қалай ПАЙДА БОЛДЫ?

  • «Талибан» ұйымы қайда және қалай пайда болды? Олар мұсылман ба? Мұсылман болса қай мәзһабты ұстанады? Олардың шығу тарихы туралы не айтасыз деп, Qalam.kz интернет-сайты қойған сұрақтарға елге белгілі дінтанушы-ғалым Мұқан Исахан жауап берді.

«Талибан» араб тілінде «талиб» – ізденуші, шәкірт мағынасын білдіреді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Кеңес үкіметі коммунистік идеологияның аясын кеңейту мақсатымен Ауғанстанға басып кірді. Кеңес әскері коммунистік идеологияны қолдамаған дін адамдарын аяусыз қырып-жойды. Осы кезде босқын болып, Пәкістан жеріне қашқан Ауған жеткіншектері Пешевардағы Диобенттік бағыттағы Хаккани медресесінде білім алады.

Диобенттік мектеп – фиқһта ханафи мәзһабы, ақидада матруди мектебін ұстанады. Үндістанның Деобанд қалашығында 1866 жылы Рашид Ахмед Гангуһи және Мұхаммед Қасым Нанутеби құрған бұл мектеп ағылшын империализміне қарсы құрылған. Алайда, қозғалыс мүшелері ислам шариғатын қатқыл ұстануымен ерекшеленеді. Осы Деобенттік бағыттағы Хаккани медресесінде білім алған пуштун жастары (тәліптер) 1989 жылы Кеңес Үкіметінің әскері кері шегінгенде, Ауғанстанның ішкі саясатына араласа бастады.

Тәліптер өздерін: «Алланың шәкірттеріміз» деп атайды. Олар таза шариғатты ұстану арқылы Ауғанстанда ислам мемлекетін құруды көздейді. Әйткенмен, халықаралық сарапшылардың көпшілігі Хаккани медресесінің артында АҚШ саяси технологтары тұр деп біледі. Кеңес Үкіметі Ауғанстанды қанға бояп жатқанда, АҚШ қашқын жастардың басын біріктіріп, оларды діни идеологиялық тұрғыдан коммунистік билікке қарсы тәрбиелеу үшін Пәкістандағы Хаккани медресесін қаржыландырған. Тәліптер өсіп жетіле бастағанда, оларды қару-жарақпен һәм қаржымен қамтамасыз етіп, Ауғанстан саясатына араласуға үндеген. Кеңес Үкіметінің әскері 1989 жылы Ауған жерін тастап шыққаннан кейін, билік басына келген моджахедтер мен тәліптердің арақатынасына жік түсіп, екі тарап бір-бірімен соғысуға мәжбүр болды. 

Пуштун тәліптері 1995 жылы Ауғанстанның басым көпшілігін жаулап алды. Оларға Деобенттік мектептің өкілі Мохаммад Омар жетекшілік жасады. Әу баста Мохаммад Омар Қандағар қаласын тәліп қозғаласының орталығы етті. Кейін 1996 жылы Кабул қаласын басып алып, тәліптер Ауғанстан билігін қолына алды. Мохаммад Омар Ауғанстандағы мемлекет жүйесін ислам шариғатына сай құрғысы келді. Мемлекеттің ең жоғарғы билік институты – «Ислам Шурасы» болды.

Ал, мемлекет әмірі болып Мохаммад Омардің өзі сайланды. Тәліптер билікке келе салып, қоғамдық қатынастарды ислам шариғатын сай реттейтін саяси жүйені енгізді. Ислам өмір салтынан өзге үлгілерді немесе зайырлы құндылықтарды тұтыну қылмыс болып есептелді. Қыздар мен әйелдер ниқаб киюге міндеттелді. Оладың қоғамда жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Теле-радио жұмысына, музыка тыңдауға үзілді-кесілді тиым салынды.

Жалпы, ислам мәдениетіне жат саналған барлық құндылықтар харам деп есептеліп, оны тұтынған немесе жасаған адамдар қатаң жазаланды. Тәліп үкіметі Бамиан аңғарындағы II-V ғасырларда жасалған алып Будда ескерткіштерін қиратумен күллі әлемді үрейлендірді.

2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Әл-Кайда жетекшісі Усама бен Ладен Ауғанстанға келіп паналады. АҚШ үкіметі Ауғанстан басшысы Мохаммад Омардан Усама бен Ладенді ұстап беруді сұрағанмен, ол бұл ұсынысты қанағаттандырған жоқ. Нәтижесінде АҚШ және «Солтүстік Альянс» әскери күштері 2003 жылы Ауғанстан жеріне басып кіріп, тәліптерді биліктен тайдырды. Әйткенмен, тәліптер Ауғанстанның Визаристан аймағында әлі де ықпалды күшке ие. 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн