Четверг , 17 июля 2025

АҒАНЫҢ шапағаты

Мәскеу. 1989 жыл. ВГИК-тің сурет­шілер факуль­тетінің I‑курс сту­ден­ті­мін. Мен ол кез­де үйлен­ген­мін, бір ұлым бар. Және пошта­да істей­мін, таңер­тең ерте тұрам. Пошта­ның жұмысы өте ауыр. Газет өте көп, тара­туы, газет­ті нөмір­ле­уі ұзақ уақыт ала­ды. Пошта тара­тып болып, сағат 9‑да сабаққа үлге­руім керек. Пошта­дан ала­ты­ны­мыз 20 рубль – бір айға, менің сти­пен­ди­ям 40 рубль. 60 рубль тамақта­нуға, киі­ну­ге, өсіп келе жатқан балаға, өзі­міз­ге өмір сүруі­міз­ге жет­пей­ді. Әлі есім­де, сары май­ды тек ұлы­мы­зға ғана нанға жағып беретін­біз. Сон­дай жағ­дай болды.

Мәс­ке­удің бір ГПТУ-ының жатақ­ха­на­сын­да мен сурет­ші болып, үше­уі­міз бір бөл­месін­де тұр­дық. ГПТУ-дың дирек­то­ры Нико­лай Обо­рин деген бір құдай тіле­уін бер­гір алтын адам еді. Сол кісі­ге бар­дым – келін­ше­гі­ме жұмыс сұрап. Ол кісі: «Заве­ду­ю­щий каме­ра хра­не­ния» деген штат бос тұр, соған алай­ын, бірақ сенің келін­ше­гіңнің Мәс­ке­уде тір­ке­уі жоқ, не істей­міз… сон­дай заң бар?» деді. Оты­рып қал­дым, бұған не амал бар?

Біраз­дан кей­ін Обо­рин маған: «Сен былай істе, Қазақ ССР-інің елшілі­гіне бар, жағ­дай­ды айтып, солар біз­ге жұмысқа алы­ңыз деген өтініш қағаз жазып бер­сін, бол­ды, мен жұмысқа алам, айлы­ғы 70 рубль…» – деді.

Содан қуанға­ным­нан сол күні Қаза­қстан­ның Мәс­ке­уде­гі тұрақты өкіл­ді­гіне бар­дым. Ол кез­де елшілік солай ата­ла­тын еді. Бар­сам, Бәлен­бай (атын айтқым кел­мей­ді) деген қыз­мет­кер отыр. Мен жағ­дай­ды айт­тым, көмек­те­суін сұра­дым, бір қағаз жазып беруін өтін­дім. Мені тың­дап алып, әлгі Бәлен­бай: «Бол­майт, Мәс­ке­уде кім-көрін­ген­нің жұмыс істе­уіне қақы­сы жоқ, бол­майт, солай емес пе?» – деп, ыржиып, қасын­да бір­ге оты­рған Түген­бай деген оры­сқа қара­ды. Ол да бір «қарағым» екен, «бол­майт олай, бұл – Москва!» деді ол да Москва­да жұмыс істеп оты­рға­ны­на мәз болып… Қиын бол­ды, әлгі еке­уі маған қағаз жазып бер­мек түгілі, Москва­да жұмыс істей­мін деген дәмесін қара деп, мазақ қылған­дай болды. 

Содан не істей­мін деп, басым қатып, не бол­са да басты­ғы­на кір­мек бол­дым. Оның қабыл­дау бөл­месі екін­ші қабат­та екен. Хат­шы қыздан сұра­сам, бастық өзін­де, кіріңіз деді. Есік­те «Қазақ ССР-нің Мәс­ке­уде­гі тұрақты өкіл­ді­гінің бас­шы­сы Серік­бол­сын Әбділ­дин» деген жазу­ды оқып үлгер­дім. Кір­дім, бөл­месі өте үлкен екен. Аман­да­стым. Серік­бол­сын аға үлкен үстел­дің төрін­де­гі крес­ло­сы­нан тұрып, есік жақтағы тұрған менің жаны­ма өзі келіп, жылы жүз­бен аман­да­сты. Өмірім­де мені таны­май­тын басты­қтың өзі орны­нан тұрып келіп, қолым­ды алып аман­да­сып, жылы сөй­леп, хал-жағ­дай­ым­ды сұраға­нын бірін­ші рет және соңғы рет осы Серік­бол­сын Әбділ­дин аға­мы­здан көрдім. 

Серік­бол­сын аға­мыз менің кел­ген шару­ам­ды сұрап біл­ген­нен кей­ін: «Асты­ңғы қабатқа бар, Бәлен­бай деген қыз­мет­кер отыр, сол жазып береді» – деді күлім­сіреп. Мен астын­да болға­ным­ды, олар ондай қағаз беріл­мей­тінін айт­ты дедім. Қай­ран Серік­бол­сын аға­мыз-ай, қабағын шытып, хат­шы қызға Бәлен­бай­ды шақы­рып келуін сұра­ды. Бәлен­бай жүгіріп кел­ді десем болады. 

– Мына балаға сұраған қаға­зын неге жазып бермейсің? 

Бәлен­бай Москва про­пис­ка­сы тура­лы бір­деңе айтып мің­гір­леді. Серік­бол­сын аға­мыз дауы­сы қатқыл­да­нып: «Қазір бар да, сұраған қаға­зын жазып бер!..» – деді әлгі­ге. Содан кей­ін маған бұры­лып, жылы қоштасты. 

Мен елшілік жазып бер­ген қағаз­ды алып, Обо­рин­ге жүгір­дім. Ол сол жер­де бұй­рық шыға­рып, менің келін­ше­гім­ді 70 сомдық айлы­қ­пен жұмысқа алды. Ой, қуанға­ны­мыз-ай!.. Сол жет­піс сомдық айлық менің кіш­кен­тай отба­сы­ма тамақ болып, киім болып, жеміс-жидек болып кел­ді. Жағ­дай­ы­мыз түзел­ді, сабағым жақ­сар­ды. Менің кіш­кен­тай шаңы­рағы­ма бере­ке кірді. 

Мен Мәс­ке­уден Қаза­қстанға жақ­сы маман болып орал­дым. Кей­ін Алма­ты­да бір асы­ғыс жағ­дай­да Серік­бол­сын Әбділ­дин аға­ны көріп, аман­да­стым. Мәс­ке­уде­гі ол кісінің маған жасаған жақ­сы­лы­ғын айт­тым. Күлім­сіреді де қой­ды. Қан­дай ұстам­ды­лық пен бекзаттық бұл ада­мға біт­кен, ой Алла!.. Серік­бол­сын аға: «Қарағым, бол­май­ды екен» деп, әлгі Бәлен­бай­дың сөзіне иек артып, шыға­рып сал­са да болар еді. 

Менің баян­даға­ным Серік­бол­сын Әбділ­дин­нің жарқын өмірінің бір сәті ғана деп ойлаймын. 

Совет­тік Кон­сти­ту­ци­яда әр адам­ның еңбек ету­ге қақы­сы бар деп көр­сетіл­ген. Бірақ совет­тік бюро­кра­тия Кон­сти­ту­ци­я­ны аттап, Москва­да тек мәс­ке­улік про­пис­ка­сы бар адам ғана еңбек ете ала­ды деп ере­же енгіз­ген. Кон­сти­ту­ци­ядан ведом­ство­лық ере­же күшей­ген заман! Не істейсің?.. 

Міне, мен өмірім­де осы ұлы адам­ның жақ­сы­лы­ғын көр­дім, өмір жолы­мыз екі рет қиы­лы­сты, еке­уін­де де Серік­бол­сын аға маған ұмыт­пай­тын әсер қал­дыр­ды. Мұны жазған себебім – қаза­қтың қан­дай жақ­сы аға­ла­ры дүни­е­ден өтіп жатқа­ны­на өкініш және басқа да әкім-басты­қтарға Серік­бол­сын аға үлгі бол­сын деген ойым ғой…

Топы­рағы­ңыз торқа бол­сын, Серік­бол­сын аға!..

Қаб­ды­рах­ман ОТАРБАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн