Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің назарына!
Білікті маман, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманжол Аманбаев ақсақалдың жанайқайына құлақ түріп, істің ақ-қарасын ашып, жемқорлардың жемтігіне айналған мемлекет қаржысының қайтарылуына ықпал жасауға тиіс құзіретті органдар Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан берілген жалтарма жауаптарға Құдайдай сеніп, ешқандай әрекетсіз отыр.
Осыған назаланған ардагер «Шындықтың судың бетіне шығуына ықпал бір болса, осыдан болар-ау!» деген үмітпен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзіне хат жолдаған. Одан да оңды нәтиже жоқ.
Аманжол Аманбаев қайда шағымданса да, ол хаты айналып келіп, өзі үстінен шағым жазып отырған Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына түседі. Басқарма баяғы жаттанды жауабын қайта жолдайды. Бір сөзбен айтсақ, баяғы жартас – сол жартас!
Сонда ардагердің шырылдап іздеп жүргені қандай шындық? Алдымен тәжірибелі ғалым-агроном, білікті маманның облыс басшысына жазған шағымын келтірейік, бар мәселе осында баяндалған.
«Құрметті Ербол Шырақпайұлы!
Мен кәсіби маман ретінде Сізге облыстың тұқым шаруашылығында орын алған келеңсіз жағдайларды жеткізуді өзімнің азаматтық парызым деп санаймын және Сізден осы сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерді тексертіп, мәселенің ақ-қарасын анықтап, жауаптылардың лайықты жазасын алуына ықпал жасауыңызды сұраймын.
Бұл жердегі негізгі әңгіме – Т.Рысқұлов ауданындағы «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі агротехникалық талаптарға сай келмейтін, заңға қайшы әрекеттерге тыйым салынбай отырғаны, соның салдарынан мемлекет қаржысы желге ұшқаны жайында.
2023 жылдың 9 наурызында сол кездегі облыс әкімі Н.Нұржігітов «Жамбыл облысы аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу туралы» № 38 қаулы шығарған. Осы қаулыға сәйкес егістік алқабын элита тұқымды шаруашылыққа сай келмейтін карантиндік арамшөптер (у кекіре) мен қара бидай басып кеткен шаруашылықтардың аттестаттау куәліктерінің қолданылуына тыйым салынуы керек болатын. Ондай шаруашылықтар қатарында «ҚайнарАгро» ЖШС да бар, аудандағы «Шалқар» шаруа қожалығы да осы тізімде. Ал Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы «Шалқар» шаруа қожалығына элиталық тұқым өндіру мен өткізуге тыйым салған-дағы, сондай санаттағы «ҚайнарАгро» ЖШС ондай жазадан тыс қалған. Соның салдарынан «ҚайнарАгро» ЖШС заңға қайшы әрекеттерін әрі қарай жалғастырып, 6 шаруашылыққа сапасыз тұқым сатқан және сол сапасыз тұқым сатып алған шаруашылықтар мемлекеттен субсидия алған. Бұл – заңға қайшы! Оны зерттеп-зерделеу, заңдылығын анықтау керек. Ол мәселе біздің құзырымызға жатпайтындықта,н анық-қанығын біле алмадық.
Мен Сізге өзіме мәлім деректерді ұсынамын. Облыс әкімінің 2023 жылғы 9 наурыздағы № 38 қаулысынан кейін тұқым сатуына тыйым салынғанына және 2023 жылдың 5 шілдесінде аттестаттау куәлігінің мерзімі біткеніне қарамастан, «ҚайнарАгро» ЖШС 2023 жылдың 13 маусымында жеке кәсіпкер Ә.Әбдіхалықовқа, 6 және 19 шілдеде «Жасмин» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне, 19 шілде күні екі рет «НұрТау Әулие-Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 27 шілдеде жеке кәсіпкер Е.Сейітжанға тапсырыстар бойынша тұқым сатқан. Нәтижесінде мемлекеттен Ә.Әбдіхалықов – 153010, «Жасмин» АӨК – 8987999+8318376, «НұрТау Әулие-Ата» ЖШС 12465489+12375491, Е.Сейітжан 339881 теңге (барлығы: 42 миллион 640 мың 246 теңге) субсидия алған.
Осы жерде «ҚайнарАгро» ЖШС-нің мемлекеттен 2021 жылы сатқан 476,8 тонна бірінші репродукциялы тұқым үшін 25 миллион 508 мың 800 теңге, 2022 жылы 401 тонна тұқым сатқаны үшін 21 миллион 453 мың 500 теңге субсидия алғанының да заңдылығын анықтаудың артықтығы жоқ.
Маған Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 2024 жылдың 15 қазанында № ЖТ-05419109 шығыс хатымен берген жауабында «ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы тарапынан «Шалқар» шаруа қожалығының қоймасына жүргізілген 2023 жылғы 22 мамырдағы № 01–177 карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысының негізінде, «Шалқар» ШҚ-на 09.10.2020 ж.–07.10.2023 ж. аралығында элиталық тұқымдарды өндіру және өткізу қызметін жүзеге асыруға берілген № КZ71VDC00082213 аттестаттау куәлігінің қолданысын 2023 жылдың 6 маусымында басқарма басшысының № 68 бұйрығымен мерзімінен бұрын тоқтатылды» делінген. Ал егістік алқабынан у кекіре табылған «ҚайнарАгро» ЖШС-нің аттестаттау куәлігінің мерзімінен бұрын тоқтатылмауы – әділетсіздік! Мен осы хатқа «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» мемлекеттік мекемесінің № 01–177 карантиндік фитосанитариялық сараптама қорытындысын қоса тіркеп отырмын.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының осы жауабында: «ҚайнарАгро» ЖШС өкілінің бастауымен жолдың бойында орналасқан егіс алқабынан (тұқымдық алқабы екені анықталмаған) ішінара карантиндік нысан – у кекіре жұлынып алынды» дей келе, «…ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері сатып алған шығынын субсидиялау заңнама талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқандығын назарыңызға саламыз» – деп өздеріне-өздері қарсы пікір туғызып отыр. Жауаптағы «…ішінара карантиндік нысан – у кекіре жұлынып алынды» деген сөздер соған дәлел. Бұл у кекірені мен өз қолыммен жұлып алғанмын. Мен арнайы тексеріп барған комиссия құрамында едім. Өкілетті орган жалған жауап беріп отыр.
Біріншіден, бізді бастап жүрген «ҚайнарАгро» ЖШС өкілі емес, басшысының өзі болатын. Екіншіден, бұл алқап нағыз тұқымдық алқап еді. Жауапта тиісті органдарды жаңылыстыру мақсатында олай деп көрсетпеген.
Облыстың тұқым шаруашылығы саласындағы осындай олқылықтар туралы менің берген сұхбатым бойынша облыстық «Ақ жол» газетінде (2024 жыл 23 шілде, № 83) «Өзекті мәселе» айдарымен тілші Қамар Қарасаеваның «Субсидия алып, арамшөп еккен» атты мақаласы жарияланған. Осы мақалаға жауап сипатында сол «Ақ жол» газетінде (2024 жыл 8 тамыз, № 90) «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарымен «Тұқым шығынын субсидиялау талапқа сай» атты редакциялық мақала жарияланған. Мақала Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған анықтама бойынша дайындалғаны айтпаса да түсінікті. Әрине, онда барлық мәліметтер бұрмаланып көрсетілген. Мен қарсы мақаладағы осы мәліметтерге қанағаттанбағандықтан, тағы да сол «Ақ жол» газетінде (2024 жыл 10 қыркүйек, № 103) «Жазылған жайдың жаңғырығы» айдарымен «Жауырды жаба тоқығаннан жағдай жақсармайды» атты мақала жариялағанмын. Бірақ тиісті орындар жым-жырт.
Қазақта «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген мақал бар. Маған Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы тиісті бөлім мен ондағы мамандар сондай ұстанымда сияқты көрінеді. Өйткені білікті мамандардың қатысуымен зерттеп-зерделеу, тиянақты тексеру жүргізілер болса, өздерінің кемшіліктері ашылып қалуынан қорқады-ау тиісті орындар. Әйтпесе менің берген мәліметтерім негізінде жарияланған мақалаға сәйкес терістеме мақала (опровержение) жазып, онда да бәрі толық қамтылмаған, одан кейін менің жазған қарсы мақаламды жауапсыз қалдырмас еді ғой.
Құрметті Ербол Шырақпайұлы!
Мен осыдан кейін «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Е.Мақажанов мырзаға шағымданған болатынмын. Ол құзырлы мекеме менің өтінішімді тәртіп бойынша «Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ басшысы Р.М.Ділдаевқа ысырыпты. Мен 2024 жылдың 8 қазанында Р.М.Ділдаевтың орынбасары Әмірхан Баймағамбетов қол қойған № ЖТ-2024–05419109/1 жауап хат алдым.
Онда департаменттің заң шеңберіндегі өкілетті қызметі туралы түсініктеме бере келіп: «Департамент тарапынан мемлекеттен субсидия берілудің дұрыстығына қатысты 27.09.2024 жылы № ІМАД‑3–16/5827‑И хатымен «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» КММ-не жолданды. Сонымен қатар «ҚайнарАгро» ЖШС жекеменшік нысаны болып табылуына байланысты аудиторлық іс-шара тағайындау мүмкін емес» делінген. Мен бұл жауапқа қанағаттанбағандықтан, Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне қайтадан қайырылғанмын.
Біріншіден, менің хатымның өзім үстінен шағымданып отырған «Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы» КММ-не жіберілгені еш қисынға келмейді.
Екіншіден, мен жалғыз «ҚайнарАгро» ЖШС емес, серіктестіктің аттестациялық куәлігінің мерзімі біткеніне қарамастан, одан тұқым сатып алған шаруашылықтардың барлығының мемлекеттен субсидия алғанының заңдылығын тексеруді сұрап отырмын. Өйткені олар мемлекеттен 42640246 (қырық екі миллион алты жүз қырық мың екі жүз қырық алты) теңге субсидия алып отыр. Бұл – заңсыз! Оларға тұқым сатқан «ҚайнарАгро» ЖШС-нің аттестациялық куәлігінің мерзімі 2023 жылдың 5 шілдесінде біткен. Ал тұқым одан кейін сатылған.
Осы жерде 2021, 2022 жылдары мемлекеттен субсидия алған «ҚайнарАгро» ЖШС-нің 2023 жылы субсидия алмауында бір қитұрқы әрекет бар сияқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өткен жылғы дәстүрлі Жолдауында: «Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыйбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», – деп ерекше атап көрсеткен.
Құрметті Ербол Шырақпайұлы!
Жоғарыда Президент Жолдауындағы мен бөліп көрсеткен сілтемедегі (цитата) дәйектердің көрінісі менің Сізге жолдап отырған мақаламдағы шаруашылық нысандарының әрекеттерінде айқын аңғарылып отыр. Оны тек біліктілікпен, кешенді зерттеу, зерделеу арқылы анықтауға болады. Оған құзырлы мекемелерге жолдаған хаттарыма жаттанды, жалтарма жауаптар алғандықтан, Сізге өтінішпен қайырылуға мәжбүр болып отырмын. Сіздің ықпал етуіңізді сұраймын. Егер Сізден де оңды нәтиже болмаса, онда әділеттіліктің әкесі өлгені шығар!».
Хош делік. Хат иесінің шырылдап отырған мәселелері шындық болса, сұмдық қой! Басқарманың «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қызғыштай қоруында не сыр бар?
– Ешқандай сыр жоқ, – дейді өтініш беруші Аманжол Дүйсенбекұлы. – Тек басқармадағылар өздерінің әрекетсіздігін көрсетіп, арттарын ашқысы келмейді. Оларға орынтақ қымбат, ал мемлекеттің желге ұшқан қыруар қаржысы (42 миллион 640 мың 246 теңге) орынтақтан садаға! Басқармадан берілген жауапта өз айтқандарына өздері қайшы келетін тұстар менің облыс әкіміне жазған өтінішімде нақпа-нақ айтылған. Оны қайталамай-ақ қояйын. Олар серіктестіктің көзге ұрып тұрған қитұрқы әрекеттерін көрмегендей кейіп танытып отыр. Мен сізге соларды көрсетіп берейін.
Сөйтті де, Аманжол Дүйсенбекұлы саусағын бүгіп санай жөнелді. Қарап отырсақ, «ҚайнарАгро» ЖШС тәртіп бұзушылықты, яғни қитұрқы әрекеттерді әу бастан-ақ бастаған екен.
Әлқисса, ол 2020 жылдың 20 шілдесінде тұқым шаруашылығы категориясына өткен кезден-ақ заңсыздыққа жол берілген. Ереже бойынша тұқым шаруашылығы санатына өтіп, аттестаттау куәлігін алатын шаруашылықтың міндетті түрде ауыспалы егіс картасы болуы керек еді. Ал «ҚайнарАгрода» ондай карта болмаған. Бұл туралы сенімді дереккөз, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы, Тараз қалалық № 2 тіркеу және жер кадастры бөлімінен алынған мәліметте Жамбыл облысы, Меркі ауданы «Сыпатай батыр» ЖШС, Т.Рысқұлов ауданы «Шалқар» ШҚ, «Луговой жылқы зауыты» және «ҚайнарАгро» ЖШС ауыл шаруашылығы құрылымдарында ауыспалы егіс картасы (севооборотная карта) дайындалмағандығы және мұрағатта жер кадастрлық істің жоқтығы көрсетілген.
«Бұл қалай болғаны?!» – деп таңқалып, таңдай қағатын түгі де жоқ. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазар» дегендей, бұл жерде «балық басынан шіриді» тірлігі бар. «ҚайнарАгроны» тұқым шаруашылығы санатына өткізетін, яғни рұхсат беретін, 5 лауазымды тұлғадан тұратын аттестаттау комиссиясы құрылған. Осы мәртебелі комиссияның 3 мүшесі аттестаттауды қолдап қол қойған-дағы, екеуі қол қоймаған. Сонда қол қоймағандар кімдер? Олар – Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік астық, тұқым және техникалық бөлімінің басшысы Баймахан Пірімбаев пен осы басқарманың егіс және су шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов. «Комиссия мүшелерінің басым көпшілігі қол қойыпты ғой» дей салатындай емес, қол қоймаған екеу – тұқым шаруашылығына тікелей қатысы бар бөлімдердің басшылары, мүйіздері қарағайдай білікті мамандар. Оларды көзге ілмеудің өзі көзбояушылықтың көкесі емес пе?!
Қитұрқы тірлік бір басталса, әрі қарай жалғасып кете береді екен ғой өзі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2025 жылдың 14 ақпанында № 394 қатынас хатпен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облыстық филиалының Т.Рысқұлов аудандық бөлімінен субсидия берілген егіс алқаптарын зерделеу мақсатында кадастрлық нөмірлер (код) бойынша меншік иесі туралы шұғыл ақпарат сұраған. Осы қатынас хатта көрсетілген кадастрлық нөмірлер тізімінен біз мақалаға арқау етіп отырған «ҚайнарАгро» ЖШС-ның 06−091−068−288 кадастрлық нөмірін көре алмадық. Содан барып «осы жерде де бір шикілік жатқан жоқ па екен» деген күмәнді ой туғанын несіне жасырайық. Ал оның ақ-қарасын тиісті орындар анықтай жатар. Әрине, бұл әділдік үшін тиянақты зерделеу жұмысын жүргізгенде ғана анықталатын дерек. Әйтпесе жабулы қазан жабулы күйінде қалып қоюы да мүмкін.
Маманның айтуынша, «ҚайнарАгро» ЖШС 2022 жылы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының № 9 үлгісі бойынша алқапқа себуге 60 тонна элита сұрыпты ұрық сатып алған. Бұл агротехникалық талаптарға сай есептегенде 333 гектар алқапқа ғана жетеді. Әр гектарға 180 килограмнан есептегеннің өзінде. Ал серіктестік 625 гектарға «Вакула» сұрыпты, 312 гектарға «Прерия» сұрыпты арпа сепкен. Барлығы – 937 гектар. Шамамен 3 есе артық жерге. Сонда агротехникалық талаптарға сай 60 тонна элита сұрыпты арпа себілген алқап шамамен 333 гектар ғана болса, қалғанына қандай ұрық себілгені бір Аллаға аян. Сонда «ҚайнарАгро» ЖШС жетекшілері кімді ақымақ санап отыр? Әрине, мемлекетті! Өйткені оның өндірген өнімін сатып алған шаруашылықтар мемлекеттен субсидия алады ғой. Міне, нағыз көзбояушылық!
Тағы бір қитұрқы әрекетті талдап көрейік. 2017 жылдың 29 желтоқсанында Жамбыл облысының әкімдігі «Жамбыл облысы аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу туралы» № 284 қаулысында «ҚайнарАгро» ЖШС-нің 1800 гектар алқабында у кекіре бар екені көрсетілген. Ол қаулы облыстық Әділет департаментінде 2018 жылы 16 қаңтарда 368 нөмірімен тіркелген.
Енді араға бір жылдан сәл астам уақыт салып, 2019 жылдың 25 қаңтарында Т.Рысқұлов аудандық әкімдігінің № 15 қаулысымен «Жасмин» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 3750 гектар алқап, оның ішінде егістік – 360, жайылым – 3390 гектар, жалдау құқығымен 49 жылға берілген.
Ал 2019 жылдың 4 ақпанында осы № 15 қаулыға сәйкес «Жасмин» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 116 нөмірлі уақытша өтеулі пайдалану құқығына табыстау шарты бойынша «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 2360 гектар егістік алқабын жалдау құқығымен сатып алады.
Өз кезегінде «ҚайнарАгро» ЖШС 2019 жылдың 4 сәуірінде 2360 гектарға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалымен жасалған уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға беру) құқығын беру актісін алған. Акт нөмірі – 988068, кадастр нөмірі – 06−091−068−288. Сонда «ҚайнарАгродан» «Жасминге» берілген жер 2019 жылдың 2 ақпанында ресімделген-дағы, «ҚайнарАгро» 2019 жылдың 4 сәуірінде жерге акт алған.
Осылайша «ҚайнарАгроның» иелігіндегі 2360 гектар егістік алқап «Жасминге» оның өзіне ресімделгеннен 2 айдай бұрын берілген болып шықпай ма? Жаңылтпаш сияқты. Біздіңше, бұл – көзбояушылық. Әлгі жалтарма жауап бергіштер осыны терең зерделеп тексергенде, шындық судың бетіне шыға келер еді. Олар олай жасамаған. Өйткені өздерінің салғырттығын көрсеткісі келмеген. Ал олар бұл жайды білмейді деуге аузымыз бармайды. Білгенде қандай! Бірақ білгісі келмейді! Ал қайтесің?!
Бұл жерде «ҚайнарАгроның» өзі де әлі акт алмаған жерінің 2 айдай бұрын «Жасминге» шартпен ресімделуі заңсыз. Керек десеңіз, бұл – қылмыс!
Арызданушы А.Аманбаев облыс әкіміне өтінішпен қайырылардан бұрын «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаменті» РММ басшысы Е.Мақажанов мырзаға шағымданған екен. Ол «Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ басшысы Р.М.Ділдаевқа ысырған. Мүмкін, тәртіп бойынша солай шығар? Кім білген?! Ал бұл мекеме басшысының орынбасары Әмірхан Баймағамбетов ЖТ-2024–05419109/1 нөмірлі жауап хатында: «Департамент тарапынан мемлекеттік субсидия берілудің дұрыстығына қатысты 27.09.2024 жылы ІМАД‑3–16/5827‑И нөмірлі хатпен «Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы» КММ-не жолданды. Сонымен қатар «ҚайнарАгро» ЖШС жекеменшік нысаны болып табылуына байланысты аудиторлық іс-шара тағайындау мүмкін емес», – депті. Сонда немене, «ҚайнарАгро» ЖШС жекеменшік нысаны болғандықтан, ойына келгенін істей беруі керек пе? Ал Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мәселені осылай жылы жауып қойып, қол қусырып, қарап отыра бере ме?
Білеміз, шағын және орта бизнестің жұмысына кедергі келтірмес үшін жөн-жосықсыз тексере беруге жол жоқ. Ол үшін жоғарыда тұрған тиісті органның рұқсаты керек. Рұқсат деп түсінеміз бе, әлде ұсыныс па – антикор (сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) бұл азаматтың арызын осы құзырлы мекемеге арнайы жіберіп отыр ғой. Ал ол мекеме А.Аманбаев үстінен шағымданып отырған Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдаумен шектеліп, жайбарақат отыр. Нағыз сиқырланған шеңбер! Мұндайда қазақ «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген.
Бұл жерде қиналып жүрген кім? Әрине, шындық іздеп, шырылдап жүрген ардагер Аманжол Аманбаев. Ол неге қиналады? Ол желге ұшқан мемлекет қаржысы үшін қиналады. Қара бастың қамын ойлап жүрген жоқ, мемлекет қаржысы – халық байлығы. Ол сол халық байлығы ел игілігіне жұмсалудың орнына жемқорлардың жемсауына түскеніне наразы. Бірақ мемлекет мүддесін ойлаған халықшыл адамның жанайқайына ешкім құлақ асатын емес!
Біз ауыл шаруашылығының маманы болмасақ та, білікті маманның дәлелді, дәйекті уәждерінен кейін қолға қалам алдық. Мүмкін, шойынқұлақ шенеуніктер ардагердің жанайқайы баяндалған осы мақала газетте жарияланғаннан кейін селт етіп, мәселенің мәнісін зерделеп, істің ақ-қарасын ашуға әрекеттенер?! Қоғамда «төртінші билік» деген мәртебеге ие БАҚ мінберінен айтылған сөзді аяқсыз қалдырмайтын шығар деген үміттеміз!
Болат ЖАППАРҰЛЫ ардагер журналис Жамбыл облысы