АҚСАРБАС!

Соңғы екі-үш күнде әлеуметтік желілердің қазақстандық контентінде Назарбаев Гамбургтегі (Германия) клиникаға түсіпті деген хабар тарады. Неге? Қандай жағдайда? Профилактика ма, жоқ әлде «басқа» хабар ма? Анық-қанығы беймағлұм. Биліктің көдедей көп ақпарат «ауыздары» ләм-мим демейді.

Ендеше ақпараттың анық-қанығы айтылмаған жерден қаңқу сөз шығады. «Жел тұрмаса…» дегенді қазақ сондайда айтқан. Ертеңгі күні бұл ақпараттың арты «груз 200» күтіп отырмыз деген дүдәмәл долбарға айналып кетуі де мүмкін.

Бірақ сол ақпарды айналдыра қуған адам долбарға дәйек дерекке дес берері тағы нақ. Мәселен, осы хабар тараған күні президент Тоқаев кенеттен премьер Мамин мен сенат спикері Дариға-ханымды қабылдады. Екеуімен екі бөлек кездесуге жеке-жеке уақыт тапшы болғандай, қосақтап қабылдапты. Тағы да «неге»? Қандай жағдай қауырт сөзге тақырып бола қалды? Ол жағы тағы да күңгірт. Тағы да еріксіз долбарға дес бересің: Гамбургте бір «гәп» бар-ау деген.

Ол аз десеңіз, кеше Нұр-Сұлтандағы бас мешіт құрылысын ерекше реттеу режимі арқылы жылдамдату қажет деген тағы бір ақпарат атып шықты (ҚазТАГ). Елдегі баспанасыздар мен көп балалы аналар аңырап, үкіметтен әлеуметтік көмек күтіп жүргенде, меңірейген мешіттің құрылысын жеделдету қаншалықты қажет еді? Ғаламды жаратқаннан бері «жау алмаған» Құдай Нұр-Сұлтаннан қашып кетер деймісің: үкімет үдере тұрып, оның үйін апыл-ғұпыл тұрғызуға қандай зорлықтың зобалаңы келді? Әлде сол Құдайдан бір «хабар» келіп қалды ма?

Айтпақшы, мешіт пен Гамбургтегі «гәптің» арасында қандай байланыс бар деген қазақты құлағдар етейік: Назарбаев биылғы 14-15 наурызда Араб Әмірлігіндегі клиникада қаралып келген соң, арада екі күн өткенде, кенет астанаға 60 мың адамдық мешіт салу керек деген шешім шығарды. Бірақ соңғы хабарға қарағанда, оның сыйымдылығы бір мезетте сәждеге жығылатын 30 мың адамға азайыпты. Шамасы, жұртшылық жалыға күткен жаназаға жиналар жамағат жарытпайды деген болулары керек… Ақыр аяғы кеткен-кетпегенін көзбен көрейік дегені болмаса, 30 мыңның өзі де аз «аңыраған» адам болмаса керек. Дегенмен бас мешіттің өзгеріссіз қалған басқа габариты «гәпқа» сай: жалпы ауданы 57 мың шаршы метр, мұнарасының биіктігі 130 метр, күмбезінің диаметрі – 63 метр.

Ал енді бұны да қораш көрсеңіз, тағы да кеше Тараздағы орталық алаңның атауын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев атына ауыстыру жөнінде шешім шықты. Бәлкім, бұл да Гамбургтен келетін хабардың «құрметіне арналған» өзгеріс болуы ықтимал…

Иә, «ықтималға» ыңғайлы хабар көп. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауынан шыққан Дариға Нұрсұлтанқызы тағы да аяқ астынан «сенаторлар кеңесі» деген атауы бар жиын өткізді. Онда болған әңгімеде ала-құла оғаштық болмаса да, шақырылғандар арасында бүгінгісі бар, бұған дейін ұмыт қалған экс-сенаторлары бар, алқалы отырыстың оқыс жиналуы да «Гамбург гәбіне» тұспа-тұс келе қалды.

Айтпақшы, басқа күн құрып қалғандай, «Томиристің» тұсаукесері де «клиникалық қауесетке» дөп келді. Бергі Домалақ-Ананы әдірам қалдырып, арғы Тұмар-патшайымның тарихын мемлекеттік қалың қаржыға қопарған фильмнің тұсауын Гамбург қонағы аман-есен қайтар кезде кескен жөн бе еді? Ежелгі түрік түгілі, бүгінгі қазақтың тілін толық түсінбейтін Дариға-спикер киноға «жақсы екен» деп баға беріпті. Жақсысы – киноның өзі ме, жоқ әлде актрисаның түр-түсі ендігі тақмінерге тақаулатып таңдалып алынған бас кейіпкер ме – ол жағын Дариға-патшайым ашып айтпаған екен…

Осыншама «кездейсоқтықтың» барлығы бірер күннің төңірегінде топ ете қалғаны қалай? Бұлардың барлығы Назарбаевтың Гамбург клиникасына қаралуына қарап қалған ба? Түп-төркіні жалғыз ғана ойды меңзейтін апыл-ғұпыл ақпараттар ауру адамның тамырын бір мезетте басқандай бола қалғаны қалай?

Міне, анық-қанығы аз хабар тараған жерде осындай оғаш сұрақтар қаптайды. Әлбетте, біздің бұған анау-мынау деп, алабөтен айтарымыз жоқ: бір сәтке тоғыса қалған ұқсастықтар бола береді… Қалай болғанда да, сансыраған сұрақтарға сай жауаптың соңын жақсылыққа жориық.

Ендеше, е, Тәңірім, ақсарбас! Тілеуімізді бере гөр!

Айтпақшы, «ақсарбас» – жақсылықтың сөзі. Оң тілеу тілеп, ақ ниетпен Құдайға сойылатын малды ертедегі ел осылай атаған. Егер «Уйкипедияның» сөзіне сенсек, «ерекше қуанғанда, қатты шошығанда немесе әлденеден тосын қатерге тап болғанда, жаратқанның жебеуі үшін арнайы атап шалынатын» малды ежелгі қазақ «ақсарбас» атаған дейді. Ақсарбасқа түсі бірыңғай ақ не боз, басы сарғыш не қасқа мал аталады екен.

…Тәйірі, «атап шаларға» аянып қалар жоқ: ағы не, бозы не – жақсы хабар үшін қазақ қолындағысын сойып салуға даяр. Отыз жылда көрген бір құрбандық. Ақсарбас!

Ермұрат БАПИ

Республиканский еженедельник онлайн